Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  125


Автор: Сұраған Рахметұлы

Теңізде Монцартпен Ай қаңғыр

Теңізде Моцартпен Ай қаңғыр...
Толқында әуені, шуағы.
Үнсіздік...
Делбесін жайған гүл
қуанып!
Шексіздік шетінде мұң сүзгі, таусылмас ықылым.
Ауада түтіні (шағала жылады),
шылымның тұқылы.
Кеше ол хат жазған көзінің жасынан жыртып ап,
Жағалау күрсінген сендегі.
Тағы да Моцарттың алаңы шырқырап,
Ойларың сенделіп.
Бір шырақ алыста жанады, жақында мың сұрақ,
Пенделік.
Теңіздің бетінде жазулар бірі анық, бірі өшкін,
Басыңнан сыз өтіп.
Өткен шақ күндізгі, түнменен үндемей тіресті,
Үміттен келетін үмітін күзетіп.
Уақыт арбаға жегілген арғымақ аралға қамалған,
Ескірген тағадай Ай қаңғыр!
Кескіндер билейді, ығысқан дыбыстар әр алуан,
Ескі хат! Білмеймін...
Сен жазған...
Қайдан жүр!?
Тіреу жоқ кеңісте сағаттар сандалып ағады,
Қай заман, қай күні, қай айдың?
Біреулер шемішке шағады,
Ал, менде Абай мұң...
... Басы жоқ көздерді аяймын,
жағада...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу