Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  204


Автор: Ықылас Ожайұлы

Өлім

(Дүниеге келмей бақ,
Келсең бірақ өлмей бақ.
(Қорқыт)

Менімен менікінің айырылғанын,
Өлді деп ат қойыпты өңшең білмес.
(Абай)

Жан менен тән өзгергенмен әр күйге,
Өмір-өлім тұтас ұғым, әрине.
ТІРІ БОЛУ ТІРЛІК КЕШУ ЕМЕС ОЛ,
«ӨЛГЕНДЕР КӨП» ӨМІР СҮРГЕН ПӘНИДЕ.

Келуің мен кетуіңнің тынысы
ІШІҢДЕ екен, сезсең соны дұрысы.
ӨМІР ДЕГЕН — ӨЗ АҚЫЛЫҢ, ӨЗ ОЙЫҢ,
ӨЛІМ СОНЫҢ АЗАБЫ МЕН ЖЕМІСІ.

Қабірменен қорқытады көр молла,
КӨРДІҢ ҚАШАН КӨЗ БІТЕДІ ОРНЫНА.
БАХИ МЕКЕН
ЖАН ЖАРАЛҒАН ЖЕРҰЙЫҚ,
Жерұйығын аңсамайтын ЕР бар ма.

Ғақыл түсіп ғарыштағы бір ХАҺТАН
Өз бетіңмен өмір сүр деп тіл қатқан…
СОЛ ЖҰМБАҚТЫҢ КІЛТІН САЛДЫ КЕУДЕГЕ,
ҚҰДАЙ БІЗДІ ҚУҒАН КҮНІ ЖҰМАҚТАН.

Кеудеңдегі хикметпен ойлан шын
КІСІЛІКТІҢ КІЛТІН ТЫҒЫП
ҚОЙҒАН КІМ?
АДАМДАҒЫ АҚИҚАТТЫҢ ЖАУАБЫН…
Көрден іздеп
көрге айналған қайран «дін».

Жалқы өмірге жалғыз рет келгесін,
Жанның нұры
Жарқырасын сөнбесін…
Ажал мені алдап соқпақ
Тәйір-ай.....
Тапқан екен «өлтіретін» пендесін.

Ғазауаттың күресінде, ардағым,
Ойнайды ажал ішке бүгіп бармағын.
СОЛ ӨЛІМДІ ЖЕҢГЕНІМДЕ ЖАЗҒАН-АЙ
ДҮНИЯДА ЕШ…
БОЛМАС ЕДІ АРМАНЫМ.....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу