13.10.2021
  225


Автор: Сәбит Мұқанов

Көлік тұрманы

Қазақтың материалдық мәдениетінде киіз үйден кейін, ерекше көңіл бөлетіні аттың «ер-тұрман» аталатын әбзел-саймандары. Сондықтан көшпелілер «ер-тұрманды» жасауға бар өнерін салған. Бұл тұрманды «ер-тоқым» деп атаған. Ерді ағаштан, тоқымды киізден жасайды. Қазақ ері – «құранды» және «қалмақы» ер болып екі түрге бөлінеді. Құранды ер – ұсақ бөлшектерден құрастырылады да, тыныштық жағдайда, сәнге жасалады. Қыздардың өлеңінде:

Дәйім менің мінгенім құранды ерім,
Құранды ерге жарасар бұраң белім, - деуі сондықтан. Ал, қалмақы ердің алды-арты тұтас, жалпақ болады да, отыруға орнықты, қозғалысқа шыдамды келеді. Мұндай ер алыс жолға жорыққа және жаугершілік жағдайларға арналады.

Ер-тоқымды ат арқасына бекітетін тұрмандар: салт атты жолаушы өрге шыққанда, өрден төмен түскенде, желгенде, шапқанда, ер-тоқым ат арқасынан ілгері не кейін кетпеу немес ауып түсіп қалмас үшін қызмет етеді. Аттың омырауынан өткізетін қайыстан жасалған бұйымды өмілдірік: ылдиға жүретін аттың ер-тоқымы шоқтығына кетпеу үшін, ердің артын құйрық түбімен жалғастырып тартып тұратын «құйысқан», арқадағы ер-тоқым оңға немесе солға аумау үшін аттың бауырын ала көлденең келтіріп, тартып байлайтынды тартпа төс айыл және шап айыл дейді. Ердің артқы жағына қоржын немесе аң, құс сияқты шағын жүкті байлайтын бөктергі, қанжыға деп аталатын қайыс тағылады. Сондай-ақ тебінгенде өкше мен үзеңгі ат қабырғасына қатты соқпас үшін тоқымның үзеңгімен таралғы тұсына қайыс тігеді. Оны «тебінгі» деп атайды. Ер аттың арқасына батпас үшін оның астына «терлік» және «жона» қалың киізден жасалып, былғары немесе терімен қапталатын «тоқым» салынады. Ерге отырғанда аяқты тірейтінді «үзеңгі», үзеңгіні ерге жалғастыратын қайысты «таралғы» деп атайды.
Жылдам жүріске ердің алдыңғы қасынан (таянышынан) артқы қасы қажеттірек сияқты. Оған қазақтың «Айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды» деген мақалы дәлел болса керек. Екі айылдан (тартпадан) атқа көбірек бататыны – қарыннан тартылатын шап-айылды қазақ бос ұстайды. Төс айыл үнемі қатты тартылады, өйткені ол қаусыратын тұста тынысты қорғайтын төс сүйек бар.
Мінген атты еркіне көндіру, оның басын қалаған жаққа бұру үшін қолданатын тұрман – жүген. Оның темірден жасалған шығыршық, ілгек, ауыздық тәрізді бөлшектері болады. Оларды тек жол жүргенде ғана пайдалнады. Онымен ат жем жеп, су іше алмайды. Сондықтан да «ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер» дейді қазақ мақалы. Расында да, жайшылықта ауыздық су ішуге бөгет жасайды… Ауыздықпен ат айдаушының қолын жалғастыратын бау – «тізгін» деп аталды. «Жүгенсіздік» деген сөз адамға қатысты айтылған да бетімен кетушілік, тәртіп бұзушылық, дөрекі мінезді мағынасында қолданылады.
Ауыздық пен тізгінді жалғастыратын темірді «шығыршық, яғни шаужай» дейді. Біржан мен Сара айтысқанда: «Біреуі – аттың ұстап шаужайынан» дегендегі «шаужай» осы.
Ат басына ауыздықсыз кигізілетін тұрман – ноқта. Оған «шылбыр» бау ғана (ноқта болмаса, жүгенге де) тағылады да, тоқтағанда атты сонымен байлайды. Қазақта «ноқта ағасы» — үлкен, басшы мағынасында қолданылады. Олай дейтіні, көне заманда әке балаларына енші бергенде көш алдына жүретін ноқталы түйені үлкен ұл жетектеген. Сонда «ноқта ағасы» атанған.


 




Атты мінуден босатқанда оттамасын десе, тізгінін шоқтығына қаңтарып (байлап) жібереді, бос оттағанда ұзап кетпес үшіс алдыңғы және артқы бір-бір аяғына өре салады, тіпті жақында оттасын десе үш аяғына шідер, секіріп оттасын десе алдыңғы екі аяғына ғана тұсау салады; ашықпай айнала оттасын десе қаққан қазыққа арқандайды. «Ат айналып, қазығын табар» деу содан шықса керек.
Қазақ халқы аттың тұрмандарын әшекейлеуге көп көңіл бөлген. Ол үшін алтын, күміс сияқты қымбатты металдарды пайдаланған. Мысалы, ердің қастарына тоқым-тебінгілерінің бетіне, үзеңгілеріне басқа тұрмандардың өн-бойына нелер көркем өрнектер салып қымбат тастармен әдемілей түскен; ондай тұрмандардың түгел бір комплексін жасағаны үшін шеберге – жылқы, түйе сияқты ірі қаралардың бірін ақыға төлеген. Әлділерге жағынғысы келген кей шеберлер олардың ұл-қызына әдемі ер-тоқым жасап апарып, сыйына үйірлеп мал айдап қайтатын кездері де болған.
Ел ағасы атанған сыйлы адамдарды ақындар:
Бір тайпа елдің басы еді,
Алтын ердің қасы еді –
деп мақтаған. Кейбіреулері музейде сақталған ондай тұрмандар нәзік шеберліктің куәсі іспетті. Алайда халықтың қастерлейтіні сәнді алтын тұрманы емес, аты болған. Сондықтан: «алтын ерің атқа батса, алтынын алда отқа жақ» деген мақал қалған.
Әдемі тұман әдетте жақсы атқа салынады. Қазақ жылқы түсінің бәрінен де әдемілік табады. Солардың ішінде ең сәнді көретіні дақсыз, шымқай қара түсті. Өте жарасымды дүние жайында айтқанда: «қара атқа күміс тұрман салғандай екен» деу сол жарасымдылықтың белгісін көрсетеді. Сондай-ақ өлеңде: «Салғаным сал қара атқа күміс тұрман» деу де осыдан. Мен білетін шымқай қара түсті бір атақты жүйрікті жұрт кейде «қара торғай» немесе «қара сүлік» деп те атайтын еді.
Ер-тұрман бөлшектерінің көпшілігі қайыстан жасалады. Қайысты түйенің, жылқының, сиырдың жүнін жидіткен қалың теріден істейді. Жүнді күбіде астық дәнінен ашытқан «малма» атты көже салу арқылы жидітеді. Оны күбі ішінде аударыстырып тұруды «сапсу» дейді.

Жүні жидіген теріні жайып кептіреді де, оның құрыстырысын жазу үшін «талқы» аталатын тістері кедір-бұдыр сайманмен созғылайды. Міне, осы иленген, талқыланған терінің аты – қайыс. Тұрман, көбінесе осындай қайыстан тілініп жаслады. Тілінген қайыстың аты – таспа. Ол өзінің қолданылуына қарай жалпақтау да, жіңішке де тілінеді. Жалпағы – түйін үшін, жіңішкесі – өрім үшін пайдаланылады. Жүген, ноқта, қамшы сияқты тұрманды түйіп те, өріп те жасайды. Ондай шеберді «өрімші» деп атайды. Өрімшілердің айтуынша, өрімнің шыдамдылығы өруге байланысты емес, түюге байланысты. Тұрман түйіннен тозады дейді. Атағы шыққан кейбір өрімшілердің түйіні сол тұрманның тозығы жеткенше ыдырамайды.
Сондай атағы шыққан өрімшінің біреуі мен туған ауылдағы Дүйсеннің Қасені деген еді. Оның асқан шеберлігіне сол маңайдағылардың бәрі таңданатын-ды. Қызылжар, Қорған сияқты жердің байлары, саудагерлері, әсіресе ылаушылары іздеп келіп, жегін көліктерінің саймандарын жөндетіп, жаңадан тұрман жасатқанын көрдік.
Таспадан өретін қамшы екі түрлі: атты қатты ұрмай демеп қана отыратын үш төрт таспадан өретін төрт өрім қамшыны «шыбыртқы», әлденеше таспадан өретін қамшыны «дойыр» дейді. Таспа саны жиырма төртке дейін баратын дойырдың ішіне қорғасыннан өзек салады. Балуан Шолақта сондай бір дойыр қамшы болған екен, — деседі жұрт. Ол қашқан қасқырды қуып жетіп, онымен жоннан тартқанда, қабырғаларының көбесі, омыртқалары сөгіліп кетеді екен. Қашаған жылқылардың қандайы болса да, қабырғаларын қуалай тартып өткенде, етпетінен түсетін көрінеді. Мұндай қамшыны қару ретінде ұрыс-жанжалдарда да пайдаланған.

Сәбит Мұқанов, «Халық мұрасы» кітабынан




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу