Өлеңдер ✍️

  13.10.2021
  256


Автор: Ықылас Ожайұлы

Мен

Бидайықтың көл шайқаған жалғызы...
(Сүйінішұлы Қазтуған)

Мен, мен едім, мен едім,
Мен дегенім кім еді...
Жаным бір жарық нұр еді,
Жаратқан әмір еткесін
Жарқ етіп олда бір күні
Жатырға келіп түнеді.
Мен ақын деген АҚИҚАТ
Аспаннан түскен қаламмын.
Қағазға тұнған сырымын
Он сегіз мың ғаламның.
Самалымын Құдайдың,
Сиясымын Құранның,
Тамшыдан тәнім дүреген
Топырағымын Тұранның.

Кеудемнің іші КҮН еді
Күмістен еді шүмегі....
Анау бір алас жылдары
Аруана жұрттан алыстап
Көгіме қайғы түнеді.
Ай, аруана жұрт
мен сенің
Қайырылған құстай құтыңның,
Қаңқылдап жеткен үнімін,
Қобыздан қою тілімін...
Күркіреп ағар қаныңның
Күп- күрең түйіршігімін.
Алтайым асқақ ақылым,
Сабырым еді Сарыарқа,
Абайға ғана інімін.
Ханзада қанның тұнығы,
«...Көл шайқаған жалғыздың»...
Көзге бір басар сынығы,
Қазақтың ҚАРАКӨГІМІН.

Мен қазақтың сойы Ықылас
Заманда заман өткенде
Қаныңда туар КҮН едім.
Қара жердің астына
Қайырылмас сапар шекенмен
Қаламның серті біткенмен
Халықпен болар тілегім...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу