Өлеңдер ✍️

  12.10.2021
  120


Автор: Омарғазы Айтанұлы

Сындырып алма

Махаббат тұнық әйнек,
Сенесің бе?
Ұқсайды ол ұйқыдағы елесіңе.
Ашық аспанда ғана ма
Тұнықтық — су бетінің де.
Ұлылығы
Махаббаттың құдіретінде.
Пай-пай,
Мөлдір-ай өзінің!
Десеңші жадырай қалатыны
Екі көзінің.
Көрініп тұрады сонда
Жүрегі дәл тұсынан.
Көрінгендей көкірегінің
Әйнек ыдысынан.
Екі жұп — бір,
Екіні қосып бір етіп.
Ентелейді екі дидар
Сен оған, ол саған өтіп.
Жұп-жұқа тас шыны — әйнек,
Ол соның ішінде.
Сындырып алма, кірлетпе,
Ұстатпа және басқа кісіге!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу