Өлеңдер ✍️

  12.10.2021
  186


Автор: Омарғазы Айтанұлы

Қызыл бояу


  • Табиғат бір суретші епті шебер,
    Жер-топырақ бетіне нұрын төгер,
    Күннің қызыл бояуы қандай жақсы,
    Күн бір ерке сұлу сал бақыт берер.

    Түн ұйқыдан тұр оян біздің адам!
    Шығыс-шапақ тұтулы алтын ғалам.
    Күн жүрегі қып-қызыл сыя сауыт,
    Жер дөңгелек үстелдей қызыл алаң.

    Кел уақыт, кел мұнда, батыр, батыл!
    Аспан күмбез –тігулі алтын шатыр.
    Күмбірлетіп бар осы дүниені
    Күн арбасын жетектеп бара жатыр.

    Бұлт боялып,тау өтер, жер қызарып,
    Жер бетіне қойылған біз бір әріп;
    Қайда сәуле,қызыл ту-қызыл бояу?
    Қызыл адам келеді бақыт алып.

    Мен өтемін экватор жолың қысқа,
    Мен келемін ертемен глобусқа;
    Қызыл бояу өтеді кірпігімнен,
    Қызыл сәуле төгейін қай қуысқа?!

    Күн бір ерке, күн сұлу, күн бір батыр,
    Күн үстінде тігулі алтын шатыр.
    Күмбірлетіп бар осы дүниені
    Күн арбасын жетектеп бара жатыр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу