Өлеңдер ✍️

  12.10.2021
  278


Автор: Омарғазы Айтанұлы

УАҚЫТ

Уақыт жақсы жолаушы тау айналып,
Күн қызуын күтеді жер табаны.
Таулар ауыр ұйқыдан ерте оянып,
Аспан-теңіз бетіне нұр толады.

Өмір-тамшы, ғасыр бір қызық елес.
Кім мезгілді ұйықтап ойлайтұғын?
Жыл ешкімнің балдызы, жездесі емес,
Етегінен тартып қап ойнайтұғын!

Бір-ақ секунд не бары: Өлсең егер,
Төгіледі несібең ырыс толы.
Тірлігіңде қадамың күнде өлшенер,
Ертең қайта тігілер уақыт тоны.

Тастап артқа ғасырды тау тұлғалы,
Жыл зуылдап барады болашаққа.
Мезгіл-жүйрік арғымақ астыңдағы,
Талып белі көрмейді, тасырқап та.

Тоқтата алмас бүйірден жанай шапқан,
Соғып өтер жылдардың никел төсі!
Қозғалыстың заңы бұл-су боп аққан;
Уақыт-тентек мезгілдің бір еркесі.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу