Өлеңдер ✍️

  12.10.2021
  147


Автор: Омарғазы Айтанұлы

ТАС ІЛГЕК

Ақ тамақ сол қарғамның асыл жері,
Тезірек бейітім бол, жасыр мені!
Сол менің құлыптасым хат жазулы
Көк мәрмәр алтын балдақ тас ілгегі.

Кім көріп қызықпасын көзі түсіп,
Тұрса бір сұлу сурет-сезім пісіп.
Қоздырып елітеді әсем камзол,
Көрсетіп қуыршақтай белін қысып.

Не деген тап-таза тән келісті еді
Топ-толық көкірегіңнің еңіс жері?!
Сол жер ғой бекітілген тас ілгекпен,
Нәпсідей бекітілген бейістегі.

Көк мәрмәр тас орнатқан есіміме
Әлде сол зиратымның есігі ме?
Құшақтап жылайыншы босағасын
Бір бақыт болар ма екен несібеме?

Құдай-ай, ете көрші өзің нәсіп,
Ағытып ақ ихрам төсін ашып,
Бас қойып ақ тамағы сәждесіне
Азырақ жатар ма едім бетім басып!

Емес пе көр топырағым бір төмпешік,
Әлде осы жас кеуде де толған өсіп.
Аймалап қиналам сол әппақ тәнді,
Махаббат мехрабы- қайда есік?

А, құдай, ашыла гөр тас ілгегі,
Тезірек мәйітімді жасыр енді.
Келгендей бейіс лебі тұрсын келіп,
Сол жерге көкірегіңнің асыл лебі!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу