Өлеңдер ✍️

  11.10.2021
  174


Автор: Исраил Сапарбай

Көздерiңе бiр мұңды құйып алып

Көздерiңе бiр мұңды құйып алып
Маған қарай бересiң жиi нағып?
Сенесiң бе,
Соңымнан ересiң бе,
Кетер болсам көз көрмес қиырға алып?
Қалқам, маған, өтiнем, қиылмағын,
Қиылмағын, онсыз да қиын халiм.
Жетегiнде жүрсiң ғой Жиырманың,
Көп күтпей-ақ көрерсiң бұйырғанын.
Менi сүйген сезiмiң сəттiк қана,
Ақылға кел,
Асықпа,
Аптықпа да.
Көзiңдегi мұң көлiн шайқап төгiп,
Қолың жетер бiр күнi шаттыққа да.
Шаттық, шiркiн, шарап қой!
Мас боларсың,
Қуаныштан кiрпiкке жас тағарсың.
Жанарыңды аспанға жаудыратып,
Жас жiгiттiң бiлегiн жастанарсың.
Сонда, қалқам, болмай ма бəрi де ұмыт?
Жуып-шаяр жаныңды жарық үмiт.
Көздерiңдi мен сенiң қайтсем екен
Əрi жылап,
Қараған, əрi күлiп?..
Аспаны мен жас жаны алағатсыз
Саған əр кез тiлеймiн саламат, қыз.
...Қашан көрсең жақсыны жатқа қимас
Қайтсем екен жүректi қанағатсыз?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу