Өлеңдер ✍️

  11.10.2021
  114


Автор: Исраил Сапарбай

Көзiмнен сырғып лағыл жас

Көзiмнен сырғып лағыл жас,
Көкiрегiм сыздар, күрсiнсең.
Қарақат көздi қарындас,
Жайыңды айтшы, кiмсiң Сен?
Алдыңа салып уақытты,
Алданып жүрген жанбысың?
Азғантай ғана бақытты
Малданып жүрген жанбысың?
Жалғанға нəзiк үмiттей
Жалғанып жүрген жанбысың?
Береке, құты бiрiкпей
Жан бағып жүрген жанбысың?
Тиянақ, тағат таба алмай,
Толғанып жүрген жанбысың?
Қияға қанат қаға алмай,
Қомданып жүрген жанбысың?
Көзiмнен сырғып лағыл жас,
Көкiрегiм сыздар, күрсiнсең.
Қарақат көздi қарындас,
Хабарыңды айтшы, кiмсiң Сен?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу