Өлеңдер ✍️

  11.10.2021
  136


Автор: Исраил Сапарбай

Бүгінгі би

Илейсiң-ау, илейсiң
Қара жердi балшықтай.
Күйлейсiң-ау, күйлейсiң
Қарға аунаған қаншықтай.
Терлеп-тепшiп тақымың,
Шашылуға шақ қалды.
Басыңдағы ақылың
Табаныңда тапталды.
Көлiк жайлы, көш аман,
Бабында əлi баукесер.
Жұрттың бəрi – есалаң!
Жұрттың бəрi – əумесер!
Аспан төрi алтықат
Адым сайын тұр аңдап:
Ақ төсiңдi жарқырат!
Аш белiңдi бұраңдат!
Өмiр – қара,
Өмiр – ақ...
Азан-қазан жер мен көк.
Шаштарыңды қобырат!
Қолдарыңды ербеңдет!
Көкейтестiң көксеген –
Көбелек пен көкшыбық,
Ашық-шашық бөксе, бел...
Арманыңа жет, жiгiт!
Делiқұлы дененiң
Елшiсiндей қас-қабақ.
Дегбiрсiздеу неменiң
Есi-дертi басқа жақ...
Сүю, күю, мұңаймақ –
Өткен күннен бiр айғақ...
Бүгiнгi өмiр – Жынойнақ!
Бүгiнгi өмiр – тым əйбат!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу