Өлеңдер ✍️

  11.10.2021
  190


Автор: Исраил Сапарбай

Гаухарға

Гаухарға
Ауырма,
Ешқашанда ауырмашы!
Санаңды сауықтырсын Сəуiр басы.
Адамдар бiр-бiрiнiң тiлеуқоры,
Адамдар бiр-бiрiнiң бауырласы.
Айтпайық сен де, мен де ауырдым деп,
Алда əлi бiз көретiн тəуiр күн көп...
Жұмағы тiршiлiктiң тəрiзденiп
Шығады бүгiн-ертең сəуiр гүлдеп!
Аңқылдап əлдеқайдан самал есер,
Мың-сан гүл баһар ашып далада өсер!..
Жалт ойнап Жаратқанның жанарында,
Жарылқар жер-жаһанды қара нөсер!
Сəрiнiң сауырынан саулап арай,
Шашырар Күн шапағы тауға қарай.
Көзмоншақ көлшiк тұнып көшелерде,
Қалмай ма бiр тазарып аула, маңай?!
Ұласар сəуiр соңы маусым айға,
Апырай, тырналардың даусы қайда?
Көк тасы Самарқанның ерiгенде,
Орнынан бiр қозғалмай тау шыдай ма?!
Мезгiлдiң айта берем қай мiнезiн? –
Ол сенiң мұңлы мекен – ойлы көзiң.
Мүбада маған, жаным, кезiксе еттi
Арбайтын Айдың өзiн Лəйлi кезiң...
Ауырма,
Аман болсын бауыр, бүйрек.
Айтпайық сен де, мен де ауырдым деп.
Жалғаны Жаратқанның жалт бермесе,
Алда əлi бiз көретiн тəуiр күн көп...
Ауырма, айналайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу