Өлеңдер ✍️

  11.10.2021
  116


Автор: Исраил Сапарбай

Көкең бе?

Көкең бе?
Көкең сенің,
Көкең сенің
Сорып жүр Жезтырнақтың жеті емшегін.
Ол ма, Ол..,
Кем дегенде жүз жасайды,
Ғайыптан келмесе егер төтенше өлім.

Жеті емшек суалмаса...
Ол дінаман:
Күй сауып отырады домбырадан.
Таң алды кеуіп қалған таңдайына
Тәтті шер тамызады таңғы рауан...

Арылмай бір басынан мұң тұманы,
Жарыққа жандалбаса ұмтылады.
Шындығы шыңыраудан шыңғырғанда,
Көбесі көкжиектің жыртылады!

Жадыгөй жалғандықтан жаны күйген
Сен оның табиғатын танып үйрен.
Дұшпан да айбынады түн жамылып,
Мыстан да қаймығады жарық үйден!

Іші ала,
Сырты құла «сұңғыланы»
Аямай арамшөптей кім жұлады?
Күніне мың құбылған дүниенің
Құдайға жетпей жатыр құлдығы әлі.

...Көкең бе?
Көкең сенің,
Көкең сенің
Өлшеп жүр өмірінің мекен, шегін...
Ол ма, Ол...
Кем дегенде жүз жасайды,
Ғайыптан келмесе егер төтенше өлім!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу