Өлеңдер ✍️

  10.10.2021
  91


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Жұлдызым

(«Жұлдызым» әнінің ырғағымен айтылады)

Жұлдызым келе қапты сәлем беріп,
Барады көрген сайын жүрек еріп,
Төбеміз көкке аз ғана жетпей қалар,
Біз сені әлсін-әлсін тұрсақ көріп.
Жұлдызым.
Қалқиған құлағыңнан,
Битімдей тырнағыңнан,
Аташың айналғанда,
Көмейде тұрады ән.
Ыстықсың бәрімізге сонша неге,
Тәмпиген таңқы мұрын «жаман неме»,
Сен келсең базар-думан бола қалады,
Келгендей ұзақ жолдан құтты кеме.
Қайырмасы:
Көзіңнен жылтыраған,
Иісіңнен бұрқыраған,
Аташың айналғанда,
Кеудеде жыр тулаған.
Күлсең сен езу тартып мәз боламыз,
Шаттанып, жайма-шуақ жаз боламыз,
Шиқылдап жыласаң да шырқ үйіріліп,
Шаттыққа, жанға қуат кез боламыз.
Қайырмасы:
Дулат пен Найман сенің арғы тегің,
Деп жүрміз тірі тұрсаң, болмас тегін,
Жарылып жүрегіміз сен туғанда,
Бақыттың кілті ғана болсын дедім.
Қайырмасы:




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу