Өлеңдер ✍️

  10.10.2021
  91


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Сүйкім

Сүйкім келмес, шенменен, шекпенменен,
Сүйкім шықпас, баппенен, еккенменен.
Сүйкім деген құбылыс сыры терең,
Нұр секілді келетін көктемменен.
Сүйкімділік сатылмайды базарда,
Сүйкімділік бітпейді бар ажарға.
Сүйкімділік сұлу мінез қашаннан,
Лаулап тұрар, баурап тұрар әманда.
Басқа теппе тағдырдың бұл сыйлығын,
Ізде әмсе шуақ болар сыйлы күн.
Сұлулықты, сүйкімдікті жұп беріп,
Өр мінезді, ер мінезді қиды кім?!
Сүйкім деген — сүйіктісің деген сөз,
Сүйкім деген — биік кісің деген сөз.
Сүйкімді адам — көңілдің де ажары,
Сүйкімді адам — өмірдің де ажары.
Сүйкімді адам — еліңнің де ажары.
Сол сүйкімді ғұмыр бойы серік қыл,
Сол сүйкімді жан-дүниеңе көрік қыл.
Өмір — тоғай, оның жолы мың бұраң,
Сұлулыққа оралады мың жылан.
Түсірме еңсе, рухыңды шыңдай бер,
Шалар көзі, табар іздеп бір қыран.
Өлең, қон басыма көшер тегі,
Жансыздың жасытқаны жетер енді,
Ордалы жылан болып оралса да,
Биігіне көздеген кетем енді.
Қолдашы, қолыңды бер қоздыршы енді,
Мынау бір тұмша ойды тоздыршы енді.
Өртенген өзегімді от боп кеулеп,
Тұқыртпай өр күшіңмен оздыршы енді.
Жоқ жерде тұншықтырды-ау сасық демдер,
О жауым, бұқпаламай ашық көңдер,
Көп дүние кейде кетсе төңкеріліп,
Кінәлі оған мына сендер.
Сендерсіңдер қарғайтын заманды да,
Сендерсіңдер қарғайтын адамды да.
Сендерсіңдер өңмендеп шылп етпестен,
Жұмсайтын табанды да, жаланды да.
Ойында орнықса бір зіл қара тас,
Құр арман сені алысқа апара алмас,
Ілгері басқан аяқ кері кетіп,
Жаншылып
Жан да тыныш жата да алмас.
Қанша бір талпынсам да, кедергі көп.
Айналам қаптап өскен өлең бір шөп,
Көңілдің алуан кірін ақтарайын,
Сазына қайран «Зәуреш» келдің-ау деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу