Өлеңдер ✍️

  10.10.2021
  377


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Рахаңа

(1945 жылы апрельде Рахымжан Қошқарбаев рейхстагқа Жеңіс туын тікті)

Сезім шіркін бой бермеді-ау жисам да,
Көз жасымды тәубә ғылып тыйсам да.
Рахаңның пәк бейнесін аңсайды,
Пәк сезімді матаймын ба, ұрсам ба!
Ұрлап, ұрлап жас та келеді көзіме,
Кернеп тұрған сағыныштың өзі ме.
Ортамызда жайнаң қағып жүруші еді,
Алпыс төрт жас сөнетұғын кезі ме.
Жұрт қызыққан сымбатыңды сағындым,
Елден бөлек қымбатымды сағындым.
Ойда жоқта сынатындай асылым,
Ерте тастап, сен кетердей неғылдым.
Астары бар, асылы бар сөзіңді де сағындым,
От ойнаған, қулығы жоқ көзіңді де сағындым.
Тұлғаң бөлек, тумысыңнан мөлдір ең,
Мереке-думан, мейірі мол өзіңді де сағындым.
Ешкімде жоқ қалжыныңды сағындым,
Бірге өткізген жаз күнімді сағындым,
Ел батасын ерте алған ер едің,
Жоғалтардай сені оқыс неғылдым.
Бейнесіндей сом жаралған халқыңның,
Тот баспайтын сынығы едің алтынның.
Сен жүргендей, сен күлгендей болар ма,
Сен бардағы шуағы мол жарқын күн.
Кешір, жұртым, мүмкін емес асылымды атамау,
Бір жыл болды, қазасы оның қатты жанға батады-ау,
Сағынышпен салып ұрып, тілдесердей барғанда,
Төмпешік боп төбе үстінде қайран Рахаң жатады-ау.
Ерлігі де, өрлігі де бар еді,
Жігерлі еді, жігіт еді нар еді.
Жалғандыққа, пасықтыққа төзбейтін,
Өз үні бар, өз нұры бар жан еді.
Сұлулыққа тегі жаны ғашықты,
Асылдықта Рахаңнан кім асыпты.
Мұндай ұлдар дефицит қой халқына,
Бұл дүниеден сонша неге, сонша неге асықты?
Қазасы оның ішті удай ашытты,
Кеудемізде мұң толқынын тасытты,
Тазалықтың шын қадірін білсін деп,
Әлде әдейі ол сол дүниеге асықты?!
Елің үшін еңбегі зор бауырым,
Таңдандырған, табындырған дауылым.
Кәкімжаның бұл жолдарды түсірген,
Көл-көсір ғып көңілдің ақ жауынын.

12.08.09




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу