Өлеңдер ✍️

  10.10.2021
  251


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Сапар Байжановқа

(«Әдемі-ау» әнімен айтылады)

Сапеке-ау, елу жасқа сен де келдің,
Өмірде жауапты бір өрге келдің.
Жүруші ең мен жаспын деп қартаймастай,
Есейіп, енді міне жөнге келдің.
Жастықтан сен өттің,
Шалдыққа сен жеттің.
Мойындашы, Сапеке-ау.
Ортамызда шалқы,
Болма ешқашан жалқы,
Бақыт сонда, Сапеке-ау.
Ішінен тең құрбыңның жырақ шықтың
Өмірден інжу-маржан сыр ап шықтың.
Жүргенде жер тепкілеп, тойтаң қағып,
Шалдардың ортасынан бір-ақ шықтың.
Бұл да қызық шағың,
Арта берсін бағың.
Қамықпа сен, Сапеке-ау,
Гүл-гүл жайнап ойна,
Қызығына тойма,
Бақыт сонда, Сапеке-ау.
Күлекең өне бойы баптап келді,
Қымызды күні-түні сақтап берді.
«Басы артық» әлде қалай іздей қалсаң,
Оны да жөн екен деп жақтап көрді.
Шалқыдың-ау сен де,
Күлеке, енді көнбе,
Тоқтат енді, Сапеке-ау!
Жөніңе жүр тура.
«Басы артықты» қума.
Жетер енді, Сапеке-ау!
Тойыңа шашу еттім бұл жырымды,
Әлі-ақ сен сағынасың бұл күніңді.
Достарың құшақ жайып ортаға алған,
Ұмытпа осынау бір нұр күніңді.
Бұл бір саған тілек,
Ұмтыла бер үдеп,
Мойымайтын, Сапеке-ау,
Гүл-гүл жайнап ойна,
Қызығына тойма,
Бақыт сонда, Сапеке-ау!

19.11.1980.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу