Өлеңдер ✍️

  10.10.2021
  140


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Шерияздан Елеукеновке

(«Ақбұлақ» әнінің ырғағымен айтылады)

Күндіз-түні бұрқырап,
Шығып жатқан көп кітап.
Кейбіреуі олардың,
Бұл әлемде жоқ кітап.
Нұрға бөлеп жаныңды,
Ұмытылмас мәңгілік.
Жүреміз ғой бәріміз,
Рухани нан ғылып.
Айналайын Шекенжан,
Сен басқарған баспадан,
Жазушылар ақша алған.
Сенен шыққан кітапты,
Бүкіл қауым бас салған.
Айналайын Шекенжан,
Жаны шуақ адамға.
Сендей сірә бастықты
Бұл әлемнен табам ба!
Ұйқың қашып кей күндер,
Жүдеп-жадап жүресің.
Қате кетсе кітаптан,
Сөгіс алу — үлесің.
Мойымайсың сонда да,
Жігер тауып бойыңнан.
Қанша жаза болса да,
Кітап кетпейді ойыңнан.
Айналайын Шекенжан,
Қазынасы Жәкеңнің.
Сыншы да боп, ғалым боп,
Жәкеңе даңқ әкелдің!
Айналайын Шекенжан,
Жәкең отыр тарана.
Сендей сірә күйеуді,
Бұл әлемнен табам ба!
Еңбегіңнің жемісі,
Мәскеудегі көрмеде.
Тынбай қылған шаруаң,
Абырой болды елге де.
Бүкіл қауым мақтады,
Сен шығарған өнімді.
Іліктік жақсы атқа бір,
Биіктен халқың көрінді.
Айналайын Шекенжан,
Өсе берсін мәртебең.
Бұдан артық сый болмас,
Тойыңа өзің әкелген.
Айналайын Шекенжан,
Шын берілген жұмысқа.
Тап осындай жігітті,
Мақтамауым дұрыс па!
Ақындығың және бар,
Ауық-ауық соғатын.
Ұйқастары әрқалай,
Шабытың бар қозатын.
Ондай кезде табасың,
Небір жаңа сөздерді.
Сенің жазған жырыңмен,
Поэзия өзгерді.
Айналайын Шекенжан,
Қадамыңа нұр бітсін.
Тап осылай сілтей бер,
Халқың сенен жыр күтсін.
Айналайын Шекенжан,
Атың шықсын ғаламға.
Сендей, сірә, ақынды,
Бұл әлемнен табам ба!
Сен отырсаң ортада,
Кештеріміз көңілді.
Достық қымбат адаммен,
Тап осындай өмірлі.
Көңілденсең шынымен,
Шалқып, тасып кетесің.
Өнерді де көрсетіп,
Дән риза етесің.
Жігіт болдың бірегей,
Сегіз қырлы, бір сырлы.
Соны біліп Жәкең де,
Ту баста саған ұмтылды.
Айналайын Шекенжан,
Нақ сүйері Жаңылдың.
Көктен іздеп жүргенде,
Жәкеңе жерден табылдың!
Мақтап кетсем көбірек,
Той желігі емес-ті.
Шалқып тұрған бұл Кәкең,
Орыншамен кеңесті.
Азаматқа ақжарқын,
Достарына қадірлі.
Шын жүректен арнап сөз,
Айтар ақын дарынды.
Айналайын Шекенжан,
Ортасына сүйкімді.
Көк ішек болды бұл қауым,
Күте-күте бұл күнді.
Құттықтайық алдымен,
Ашық қолды Жаңылды.
Аянба, Жәке, бұл күннен,
Төккін, кәне, барыңды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу