09.10.2021
  709


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Ызғар

Роман



Жүздеген жылдар бойы бұл соғыс өнердің барлық түрлері үшін — эпопея мен трагедиядан бастап, лирикалық шумақтарға дейін өзекті тақырып болып қала береді.


Алексей ТОЛСТОЙ.



ПРОЛОГ


Иә, Нәшекеңнің көзі жаңа ғана ілінді. Қартайып-ақ қалыпты жарықтық. Өзі де шүйкедей шал еді, одан әрі шөге түскен бе деймін. Бір кездегі бурыл қара сақалы аппақ болыпты. Басы да аппақ. Енді ғана байқап отырмын, бетінің сөлі таусылып, күлдіреп, жұқара түсіпті. Сүйінбай ақынның кәрілік жөніндегі өлеңінің соңғы жолдары ойыма орала кетті:


Сексеннен тоқсан асып келгенімде,


Күнге қурап күйген көндей болдым.


Бірақ «көн» деген сөзді Нәшен қартқа жуытқым келмейді.


Ол маған сол баяғы Нәшекең сияқтанады да тұрады. Соғыс кезіндегі бір ауылды бір өзі сүйреген кәдімгі Нәшекең. Менің ол кездегі түсінігім бойынша қай жер қиын болса, колхоз сол жерге Нәшекеңді салатын. Ол бригадир де, завхоз да болды, қойма да ұстады, қырман да күзетті, теміржол станциясына дән де тартты. Ол кезде қазіргідей машина жоқ. Астық — жазда арбамен, қыста шанамен тартылады. Жаз өйтіп-бүйтіп өтуші еді, ең қиыны қыс болатын.


Жүз елу шақырым жердегі Лепсі станциясына бірнеше шана лаумен жөнелтіледі. Оған жегілетін жекеменшікті буаз биелер. Өйткені, жаз бойы тыным кермеген колхоз аттары қысқа бұрлығып жетеді, алыс жолға жарамайды. Содан барып ауыз жекеменшік биелерге салынады. Әдетте олар күйлі, тың болады. Бірақ сұрап алу оңайға түспейтін еді. Бригадирлер мен есепшілер өлердегі сөзін айтып жүретін. Бала-шаға қарап отырған жалғыз биені кім бере қойғысы келеді. Жол ұзақ, жүк ауыр, ыстықтай отқа қойылса болды, құлын тастады дей бер.


Ал майдан талабы — қалайда астықты станцияға жеткізу. Не істеу керек? Бригадирлер мен есепшілер екі түрлі әдіс қолданатын. Бірі — әлдекім биесін бермеуге айналғанда, «көз жасыңды көл қылып күтіп отырған балаң әскерден аман келсін» деген сөз. Қандай қатты адам болса да, осы сөзбен жібітетін оларды. Екіншісі — «Бұл жолды бастап баратын Нәшекең» деген сөз. Нәшекең барса, биелердің аман-есен, күйі қашпай қайтатынына жұрттың бәрі сенетін. Ол кісі жол бойы әр малдың қас-қабағына қарап, артық қамшы салдырмайды. Жем-шөп жеткілікті болады. Өзі төсенбесе де, далада жылқы баласын жабусыз қалдырмайды. Нәшекең өзі шыққан сапарға екі биесін бірдей ала жүреді. Басқалардың да тартынбауына түрткі бұл. Станцияға дейінгі жол бойы, ел-жұрт ол кісіге таныс. Нәшекеңді бәрі біледі. Сол себепті де «ол кісімен сапарда болу — жеңіл» дейтін жұрт.


Бір сапар қысқы лауда Нәшекеңнің қасына ергенім бар. Ұмытпасам, февраль айының іші. Бес шана жолға шықтық. Сол жылы қар да келістіріп жауған-ды. Әр шанаға екі биеден жегіледі. Бес шананы үш адам айдап бармақпыз. Нәшекең, мен және Теңге деген салт әйел — үшеуміз. Ол кезде менің 13-14 жасар кезім. Әкем жарықтық малжанды кісі еді. Шананың бір жағына біздің торы бие жегілетін болғандықтан, бас-көз боласың деп қосып жіберді. Бригадир «қапты тиеп, түсіргенде қайрат көрсететін ең болмаса келініңіз барсын» деп қолқалаған-ды, оған әкем болмады.


— Әйелдің аты — әйел. Одан малға үйірсек болып өскен баланың өзі артық.


Қойшы, сонымен жолға шықтық. Астық тиеген жерде менен еш септік болмады. Жиырма бес центнер дәнді Нәшекең Теңге екеуі ғана тиеді. Онда да:


— Қарағым, сенің затың — әйел, ауыр жүк көтерме. Менің арқама салып тұрсаң болғаны, — деп Теңгеге де көп ауырлық түсірмеді. Кішкентай ғана шалдың киіктің асығындай шымыр екенін сонда көргенім бар.


Мынау көз алдымда ұйықтап кеткен сол Нәшекең. Суалған ұрты анда-санда томпайып, ернінің арасынан тырс-тырс дем шығады. Менің ұйқым шайдай ашылып кеткен. Уақыт біраз болып қалса да жатқым жоқ. Япыр-ау, байқамаппын ғой. Сол бір күндердің өзі ел басынан өткен үлкен қиындықтың куәсі екен-ау, ә. Нәшекең көптен қарамай кеткен қымбатты кітапты қайта ақтартқандай болды.


Иә, Нәшекеңмен бірге болған жаңағы сапар немен тынды дейсіз ғой.


Антоновқа дайындау пунктінен 5-6 шақырым жердегі «Ағарту» деген колхозға келдік. Осы колхоздың батысқа шыға берісте «Қалмақ қорған» деген қорғаны бар. Сол қорғанның үстінен жол табанға тіп-тіке түседі. Бес центнер жүгі бар шананы мұндай құламадан аттардың алып түсуі қиын. Нәшекең әр шананы біртіндеп түсірмек болды. Алдыңғы екі шана — өзінікі, ортадағы бір шана — менікі, артқы екі шанаға — Теңге ие.


Жолдың осы қиындығын күні бұрын ескерсе керек, Нәшекең үлкен кеспелтек ағаш ала шығыпты. Алғашқы шанадағы екі биені шаужайдан ұстап Теңге жаяу жетектеп түспек болды. Нәшекең шананың қайқы басының алдына әлсін-әлсін әлгі кеспелтек ағашты қойып, оның екпінін тежеп келеді. Ақыры, қойшы, әлгі шана табанға аман-есен түсті. Екінші шананы да сөйтіп түсірді. Үшінші шана — менікі. Теңге арттағы екі шананы ұстауға қалды, Нәшекең өзің-ақ түс деген ишарат білдірді. «Бірақ делбеңді шірене тартып ұста», — деді. Өзі қатарлас қарды омбылап, әлгі кеспелтегімен шананы әлсін-әлсін тежеп келеді. Ылдидың ортан белінен аудық-ау дегенде қандай шайтан түрткенін білмеймін, әлде балалығым ұстап кетті ме, делбені қоя бергім келді. Сол кезде қарсы алдымнан бір жел де соғып, делебемді қоздырмасы бар ма! Оның үстіне, біздің үйдің торы биесі желікпесі бар жануар еді, ылдиға қарай төмен жұлып тартып, жұлып тартып болмады. Қауқары жоқ қолымның қары талып қалды. Не болса, ол болсын, делбені қоя бердім. Екі бие ала жөнелді. Тұяқтарынан ұшқан қар бетіме былш-былш тиеді. Көзімді жеңіммен басып алдым. Алғаш ала жөнелгенде-ақ Нәшекең далада қалып қойыпты. Бес центнер жүгі бар шана тік құлама еңістен қойсын ба, бар шабысымен келе жатқан екі биені тірсектен қағып-қағып жіберді. Опай-топайымыз шығып, оңқа-шоңқа болдық. Қалың қарға бетіммен құлағанымды білем. Үстіме шанадағы бір қап құласа, шаруам бітіп еді. Жеңілдігімнен сонадайға ұшып түсіппін. Шананың оқтығы ортасынан қақ бөлінген. Торы биенің артқы аяғы шананың астында қалыпты. Тұра алмай тыпырлап, пыр-пыр етеді. Танауының демінен ұшқан қар бұрқ-бұрқ. Жанындағы бие қалай екені белгісіз, шананың арт жағына шығып кетіпті. Екі құлағы елеңдеп, қалш-қалш етеді.


Жүгіріп Нәшекең де жетті. Өңі құп-қу. Бәріне айыпты өзім екенімді біліп, сүмірейіп мен тұрмын. Мойнымнан кірген қар тамшыға айналып, қойны-қоншыма сұп-суық боп кетіп барады. Біразға дейін оны сезгем де жоқ. Нәшекең шананы қанатынан иығымен көтеріп аударып тастады да, «шу, шу, жануар», — деді. Жаңағы ауыздықпен алысып құтырынып тұрған бием бүйірін қағып қозғалмай жатыр. Зәрем ұшты, мертіккен екен дедім. Біздің үйдің де қарап отырғаны осы бие. Әкем жаз бойы колхоздың егінін қорғап, осы биенің үстінде. Малға — шөп, үйге отын-су жинағанда да ауыртпалықты көтеретін — әкем мен торы бие. Диірменге үн тартқызсақ та жегіп баратынымыз осы. Ол мертіксе не болдық? Осы ой келгенде біреу жүрегіме мұз тастап жібергендей сел к еттім. Көзімнен жас та ыршып кетіпті. Нәшекеңнің қасына жетіп бардым.


— Нәшеке-ай, енді қайттік?


Осыны айтуым мұң екен, ойыма «обалы саған, не жын қуды енді» деген сөздер сап ете қалды. Біреу жағымнан салып бергендей екі бетім ду ете түсті. Бала жүрегім осы сөздерді Нәшекең айтады деп күтіп тұр.


Бірақ Нәшекең үндеген жоқ. Торы биенің шаужайынан алды да, «шу-шу, тұр, жануар, тұр», — деді. Торы бие оқыранып орнынан атып тұрды. Артқы аяғын сәл ғана ауырсынды да, жануар жүріп кетті. Сілкініп-сілкініп жіберді.


— Тәубе де, қарағым, тәубе де! Зәр иманым зәр түбіне кетіп еді. Аяғы емес, белі үзілген шығар деп ем. Енді құлын тастамаса, уақасы жоқ. Өзіңді де құдай мықтап сақтады.


Ол күні «Ағарту» колхозына еру болдық. Нәшекеңнің бір келінінің үйіне қондық. Өзіміздің ауыл небәрі он сегіз шақырым жерде ғана. Таңертең тұрсам, күн шыңылтыр аяз екен. Қораға барсам, түндегі шөп салған жерінде торы бием жоқ. Нәшекең де көрінбейді. Қасындағы малды теуіп, тістеп тұратын мінезі бар еді, сосын бөлек байлады ма екен деп қораның екінші бөлмесіне кірдім. Онда да жоқ. Аң-таңмын. Басқа жылқының бәрі тұр. Малдан торы бие, адамнан Нәшекең жоқ. Әлден уақытта ауылдың жанындағы қоңыр төбенің айналма бұрышынан бір атты көрінді. Күн құрық бойы көтерілген. Даланы басқан аппақ қар күміс түсті дария секілді. Сол дарияның кез-келген тамшысы жылт-жылт етіп күнмен шағылысып тұрғандай. Қысты күнгі осы бір көрініс бір сәт бала көңілімді елітіп жіберіпті. Әлгі аттыны тани кеттім, Нәшекең. Астындағысы — ауылдағы қалған өз биесі. Сонда торы бие қайда? Жер жұтты ма? Нәшекең менің сасқалақтап тұрғанымды сезді білем, ат үстінен сөйлеп келеді.


— Немене, биеңді жоғалтып тұрсың ба? Сенімді қолға тиді, әкеңнің өз қолында. Торы биені апарып, орнына шабдар биені алып келе жатырмын.


Енді ғана түсіндім, кешегідей құлаған соң ұзақ жолда құлын тастатып алармыз деп қорыққан екен. Айыпты адамдай өз биесін әкеле жатқаны несі? Ол емес қой құлатқан. Нәшекеңнің орнында басқа біреу болса бұлай етпес еді. Ия, жегіп алып жүре береді немесе бригадирдің біраз құлағын сасытып, басқа елді де әуре етеді.


Араға екі қонып, Лепсі станциясына жеттік. Жолда қонған жерде Нәшекең үйге алдымен мені, сосын Теңгені кіргізеді. Өзі ұзақ уақыт жоғалып кетеді. Сөйтсек, биелерді доғарып, жабуын жауып, қашаның аузын бекітіп жүреді екен. Басы-көзі аппақ қырау боп, бір қап аязды ала-мала үйге әлден уақытта Нәшекең кіреді. Аяғындағы саптама етігі жерді басқанда қазір қарс айрылып кетердей сақұр-сұқыр етеді. Шешіп үлгергенше етіктері терлеп қоя береді. Жол-жол болып сыртынан су аға бастайды. Ол кезде біз жылынып алып қызара бөртіп отырамыз. Суықтан жылы үйге кіргенде адамның беті бір түрлі домбығып, білеуленіп кетеді ғой. Теңге екеуміз дәл сондай күйдеміз. Өз бетіміз өзімізге біртүрлі болып отыр.


Теңге — бидай өңді ажарлы әйел. Ақшыл жүзін аяз қарып қоңырайтқан. Нәшекең кіргенде лып етіп орнынан тұрады. «Еркек кіргенде былшиып отырған әйелден сақта!» — деуші еді шешем. Теңге де осы қағиданы мықтап ұстанатын адам болса керек. Оның үстіне, біздің ауылдағы жасы кіші әйелдердің бәрі Нәшекеңе келін, ізет көрсетуі керек. Мен де отыра алмай, тері шалбарымды қаудыратып орнымнан тұрам. Екеуміздің бұл ізетімізді Нәшекең ішінен жек көрмейді.


— Алдарыңнан жарылқасын, бақытты болыңдар! — дейді. Екінші қонғанда бала жүрегіммен ол кісінің аса бір үлкен қырын аңғарғандай болдым. Үндемейтін кісі ме десек, әңгімешіл екен. Үй иесі өзі қатарлы үлкен адам болып шықты. Екеуі түннің бір уағына дейін сөйлесті. Ана кісі тек ыңылдап қостап жатыр, әңгімені айтушы — Нәшекең. Жұмсақ, қоңыр үнімен биязы ғана сөйлейді. Анда-санда «мына балаларды оятып алмайықшы, суық сорып шаршап келеді ғой», — деп қояды. Сөз сыңайы соғыс сарыны, ел жайы секілді. Үйдің иесіне ауылдағы әрбір түтіннің хал-жайын баяндайды. Кімнен хат бар, кімнен хат жоқ, кімнен қаралы қағаз келді, бәрін жатқа соғып жатыр.


— Азаматтар болса екі бетінен қаны тамып, екі қолын суға малып отыратын келіншектер емес пе? Осындай аязда қап көтеріп, алыс жолға ат айдап несі бар.


Менің ұққаным, әңгіме Теңге жайлы болу керек.


— Басқа құдай салған соң, амал бар ма. Күйеуінен көп болды, хат та жоқ. Он саусағынан өнері тамған жігіттің төресі еді. Қандай жұмысқа салсаң да қыңқ демейтін шіркін неме!.


Бұл сөз маған таныс, Нәшекеңнің разы болғанда айтатын сөзі осы «шіркін неме!»


— Ойбай-ау, білем ғой Ахметжанды! Мына жатқан соның қатыны ма?


Көзім бір ашылып, бір жұмылады. Үстімдегі сеңсең ішік балбыратып, ұйқымен қоса уысына алып алған. Әңгімені де тыңдағым кеп барады.


— Мынау — біреудің қаршадай баласы. Ағасы ауданда үлкен қызметте болған еді. Күн түскен соң көрмейсің бе. Бала да болса Теңге екеумізге ес. Томпаңдап аялдай қалған жерде аттарға шөп салып, белін босатып жүргені. Біреудің баласын мына суықта ұшырып алмасам жарар еді деп келем. Әзірге күн ашық қой, әйтеуір. Ел жоқ, жапан далада боран соғып кеткеннен сақтасын. Әсіресе, Мариямның ар жағындағы сұлама жазықтан қорқамын. Жылмиып жатып жын ұрғандай алай-түлей болатыны бар еді.


— Әлгі Күлжәмиланың Дәнекерінен не хабар? Ол байғұстың халі қалай өзі? — деді үй иесі.


— Қалған әңгімені биелерді отқа қойып келген соң айтайық, — деп киімшең жатқан Нәшекең орнынан тұрып далаға шықты. Мен де тәтті ұйқыға кетіппін. Таңертең үй иесі қуырған бидай мен шай берді. Нәшекең Теңгеге жолға алып шыққан бөлке нанның біреуін туратты. Шайға ішімізді сылқа толтырып алдық. Сыртқа шықсақ, таңғы аяз қақап тұр екен. Тағы да жол, тағы да ілгері кеттік.


... Міне, сол Нәшекең. Содан бері зымырап қаншама жыл өткен. Ол кездегі он төрт жасар мен де жігіт ағасының жасындамын. Көптен көргім келіп, сағынып жүрген адамымның бірі еді. Ұлғайған шағында біздің үйден дәм бұйырғанын көрмейсің бе жарықтыққа. Алматыдан мені тапқанына өзі де қуанышты секілді. Бірақ қол үзіп, хабарсыз кеткен адамға ұқсамайды. Сұрап-біліп жүреді екен. Зеректігі әлі сол қалпында ма деп қалдым. Қай жерде істегенімді, бала-шағамның нешеу екенін бірге жүргендей біліп отыр.


Үстіндегі киімінің бәрі мұнтаздай. Қисық жағалы ақ көйлегінің түймелерін ағытып жіберді. Кір тақиясының орнына таза тақиясын алып киді. Мен жерге киіз, көрпе төсеттім.


— Несіне әуре еттің, біз де орындыққа отыра білеміз ғой, — деп әзілдеп күлді. Бәрі жарасып тұр. Бәрі орнында. Еш артық әрекетке, артық сөзге жол бермейтін Нәшекең. Өз баласының үйінде жүргендей еркін әрі өзге үйге келіп отырған қонақтай биязы. Еркіндік әрі биязылық. Осы қасиеттері бұрыннан етене таныс маған ғана емес, біздің үйдегі бұл адамды ғұмыры көрмеген басқаларға да ұнап қапты.


Ас үйге кіріп, газдың жанғанын көрді. Оның қайдан, қалай келетінін сұрады. Төртінші этаждан қала көркіне біраз таңырқап қарап тұрды. Мен білетін Нәшекең болса, бәрін ішке тоқып тұр.


— Шүкіршілік, шырағым, шүкіршілік. Әттең, әкең жарықтық көрмеді бұл күнді! Момын шаруа еді, байғұс. Колхоз жұмысы десе, ішкен асын жерге қоятын. Адал ниетіне берген ғой сендерді. Әкең болмаса да, әкеңнің көзін көрген мен болдым үйінде! Бақытты болыңдар, өкіметтен айналайын, жеткізді ғой бәрімізді. Тәубә, тәубә, бұл күнді көрсеткеніңе тәубә!


Менің бір байқағаным, Нәшекең келгеннен тәубәні көп айтты. Осы кісімен оңаша әңгімелесуге өз-өзінен аңсарым ауды. Нәшекеңе төсек салынған бөлмеге келіп, ел жайлы, өткен-кеткенді айтуын қаладым. Ауылды сағыныппын. Жусанның исін де, төскейдегі гүлді де, сонау балалық шақты да осы кісі өзімен бірге ала келгендей. Өзім білетін кемпір-шалдың бәрін сұрап жатырмын, кім бар, кім жоқ. Олардың бүгінгі өскен ұрпағын да білгім келеді. Неге екенін қайдам, Нәшекеңді көргеннен осындай құмарлық пайда болды. Сонау бір жылғы қысқы түндегі бұл кісінің әңгімешілдігі есіме түсті. Қазір одан да шешен сөйлеп жатқан секілді.


Нәшекеңдей адамның зерек көңіл елегінен өткен сол бір кездегі ауыл өмірі менің жүрегіме бүгін бөлекше әсер етті. Ұзақ әңгіменің бір бұрылысында біз де Күлжәмила кемпірдің, оның баласы Дәнекердің тағдырына кеп соқтық.


— Бөрте серкені кердің ғой, ә! — деді Нәшекең сөзін нығырлап.


— Көргенде қандай!


Сәл ғана жарықшағы бар қоңыр үні әлі мана әңгіме бастаған қалпында. Мен тебіреніп тыңдай бердім.


Әлден уақытта:


— Шал адамның сөзі көп болады. Ертең жұмысың бар. Ұйқыңнан қалма, — деді. Нәшекеңнің бұл ұсынысымен келіскендеймін. Бірақ ұйқым шайдай ашылып кетті.


Ол кісі ұйықтап жатқанмен, менің әлі көз іле алмай отырғаным да сол тебіренгендіктен болу керек. Бір дауыл соғып тұр ішімде. Бір ызғар жүректі жаншиды. Әңгіме әлдеқашан аяқталса да, мен оны ішімнен ұзаққа жалғап әкеттім. Өз-өзінен жалғасып кетті. Нәшекең тәтті ұйқы құшағында, мен терең ой уысында отырмын. Ол кісі сүйкімді ғана ұйықтап жатыр.


Менің ішімде дауыл тұрып, өткен күндердің елесі айтылмаған жырдай лықсып кеткен секілді болды.


БІРІНШІ ТАРАУ


— Бөрте серкені көрдің ғой, ә!


— Көргенде қандай!


Осы сөздер ойыма оралды да, алысқа алып кетті. Іштегі сезім дауылының көтерілуіне де сол себеп болды-ау деймін.


Естен қайдан кете қойсын. Он жеті жігітке бір күнде шақыру қағазы келді. Әйтеуір, соғыс жоқ, тыныштық еді. Дегенмен ауыл біртүрлі болып қалды. Мұңлы. Жылап-сықтасқан жұрт. Әскерге кететін жігіттердің өздері ғана көңілді. Бір-бірінің үйіне барып, бірінің әке-шешесін, ағайын-туғанын бірі жұбатып жүр.


— Үш жыл әлі-ақ өте шығады. Сықиып, сары ала болып киініп орталарыңа әлі-ақ ораламыз!


Әскерге шақырылып, аяқ астынан ерке болып қалды олар.


Үлкен де, кіші де, қыз да, келіншек те еркелетеді. Осы еркелетулерінде кешегі бір мазасыз бозбалаларды қимастық бар секілді. Сол мазасыздықтың өзін сағынады-ау енді. Ауыл әжептәуір жүдеп қалатындай. Той-думанның көркі еді бұлар. Күреске де осылар шығатын. Өлеңді де осылар айтатын. Түннің беймаза бір уағында иттерді де осылар шулататын. Пьеса қойып, шаршадық дегеніне қарамастан, жұртты іңір кеште жинап жүретін де осылар еді. Төлеген, Бекежан, Қозы, Қодар, Жантық — бәрі осылардың ортасында болатын. Неге екенін қайдам, осы кезде ауыл осылармен ғана көрікті сияқты еді. Енді бәрі бірдей кетсе, құлақ кескендей болады-ау.


Әскерге кететіндердің ағайын-туғандарының көңіл-күйлері өз алдына, оларға туыстық қатысы жоқтардың да жүрегі бір сәт осылай құлазып кетеді. Шақыру келген үйлердің бәрінде жолаушыларды жөнелтуге әзірлік қызу. Тары түйіліп, жарма жаншылып жатыр. Көршілер өз көңілдерін осы іске қатысу арқылы білдіруде. Бірі — тары қуырса, бірі — келі түюде. Енді бірі қой сойысып, бауырсағын пісірісіп жүр. Шақырылғандардың бір-екеуі болмаса, қалғаны түгел бойдақ. Арттарына алаңдамай-ақ кететін азаматтардың өзі. Колхоз оларға керектіні артығымен босатты. Фермадан бір-бір қой берді. «Осындай ел аман, жұрт тынышта барып, борыштан құтылып келген де жақсы», — дейді жұбатқан жұрт.


Көңіл аулау үшін неше түрлі сөздер айтылуда. Бірақ мұның бірі де Күлжәмила кемпірдің құлағына кірген жоқ. Ол Дәнекерге шақыру келісімен бүкіл ауылды басына көтеріп айқай салып жылап алған. Түскі мал келерде Дәнекердің үй жағы азан-қазан болып кетті.


— Қу жалғыз-ау! Мені өз қолыңмен көміп кетсеңші! Сенің артыңда аңырап қалғанда не береке табам! Ел құсап ең болмаса біреудің тесік моншағын да қолыма кіргізіп кетпедің!


Шешесінің дауыс салғанына Дәнекердің намысы келді. Жұрттың бәрі осы жаққа қарап тұрғандай. Лақтар да байланбай, Күлжәмиланың ешкілері жамырап кетті. Ол еш нәрсені елең қылар емес. Ақырзаман орнап, ол үшін бүгіннен бастап дүние адыра қалатындай. Аяушылық білдіріп ауыл адамдары жиналды. Бірақ оның ешқайсысы ләм деуге Күлжәмилаға бата алмайды. Бұл осы ауылдағы аю кемпір. Ол ашуланғанда бетіне тура келе алмайсың. Қолынан келсе, әркім-ақ шақыру қағазын қазір қайтарып, Дәнекерді алып қалғысы келіп тұр. Бірақ, амал бар ма! Жұрт көбейген кезде Күлжәмила тіпті өршеленіп кетті. Даусы бұрынғыдан да қатты шықты. Мына қиғылығына Дәнекердің ашуы келіп, бірдеңе айтып тастағысы келді. Бірақ оған бармады. Әлде жастайынан қадап тастаған темірдей тәртіп жібермеді ме, әлде онсыз да сорлайын деп тұрған анасын аяды ма, әйтеуір үндемеді. Жұрт та құсасын шығарып, шерін тарқатсын дегендей үнсіз тұр.


— Біреудің ағасы, біреудің жамағайын туғаны бар. Ал бұл сорлы тіпті тұлдыр ғой, — деп күңкілдейді біреулер.


Көп ұзаған жоқ, Күлжәмиланың көз жасы тыйыла қалды. Әлгінде ғана дүниені тұл ғып отырған ана күрт өзгерді. Жұртқа мәлім оның мінезі өзі осы. Оңға да, солға да аяқасты өзгеріп шыға келеді. Жаңа ғана жылап отырған кемпір мырс етіп күліп жіберді.


Оны күлдірген баласының құрдасы Мұқатай. Ол да осы жолы шақырылған. Кемпірдің мінезі бұрыннан өзіне қанық. Шаң-шұңды естіген соң бір бүліктің шыққанын іші сезіп жеткен еді. Келді де, тұрған жұртқа «Смирно!» деп айқай салды. Өзі екі қолын құлаштай сермеп, «айт, два, айт, два», — деп басын қайқайтып, арлы-берлі жүрді де қойды. Жападан-жалғыз аяқты көтеріп тастап әлі жүр. Бір кезде екі қолын қозғалтпай басын бір жағына бұрып сіресіп қалды. Тек аяқтары кезек-кезек серең-серең етеді. Күлжәмила кемпір оның осы кейпін көргенде күліп жіберген. Мұқатайға керегі де сол еді. Аю кемпірдің енді сабасына түсетінін біледі.


Ауызды жиып алғанша болған жоқ, беліндегі белбеуіне қос қолын тірей орнынан тұрды да, қораға жиналып қалған әйелдерге:


— Ей, салдақылар, немене, менің ұзату тойыма келіп тұрсыңдар ма? Ана тарыны алыңдар да, ақтаңдар қазір. Оны түйіп беретін менде келін жоқ! — деді өктем.


Әйелдер әу десіп, бірі киіз төсеп, бірі келі әкеп, үйден бір қап қаралаған тарыны сүйреп шықты. Бір келсапты Дәнекердің өзі ұстады. Біреуін Мұқатайға ұсынып еді, ол:


— Мен сен сияқты қу тіземді құшақтаған бойдақ емеспін. Құдайға шүкір, үйде тары түйетін әйеліміз бар, — деп сытылып шыға берді. Бұл екеуінің қатты қалжыңдасатынын жұрт біледі. Әлде бір пәле шығып кете ме деп аю кемпірдің көзінше әдейі ұшықтырмады. Бірақ ол сөздерді естіп қалған Күлжәмила шыдай алмады:


— Әй, бәлем, сазайыңды берді ме! Көн етіктіні менсінбей, көк етікті табылмай, көлбеңдеп жүрдің де қойдың. Сол керек саған!


— Апа, сен Мұқатай екеуің ылғи бір жақ болып шыға келесің.


Көрерсің, әскерден ай десе аузы, күн десе көзі бар бір мәтрешкені алып келем.


— Ей, мейлі, шайтан болсын, мына үйіңе ие болатын біреуді іздеші, айналайын.


Кемпірдің кеңілі көтерілейін деді. Бұл кезде жұмыс та қызып беріп еді. Дәнекер үш келіншектің ортасында келіні соғып тұр. Көйлегін шешіп тастаған. Балағын тізесіне дейін түріп алыпты. Жалаң аяқ. Шешесі өз баласына сырттай сұқтана қарады. Әлі кішкентай көріп жүрсе, екі жауырыны қақпақтай алпамса жігіт болыпты. Кеуде жағы толыңқы, мықын жағы жіңішке. Балтыры да келсапты түсірген сайын түйенің шудасындай солқ-солқ етеді. Кәдімгі әкесі секілді салқы төс, қалың қабақ. Жанындағы келіншектерге қарағандағы көзінің жылтылы да анасына алыста қалған аса бір аяулы көріністі елестеткендей. Байқайтын, құрбыларының арасында баласы пысық, өткір-ді. Осы ауылдағы кеш-думанды да ұйымдастырып жіберетін. «Жыны» келген күні шаршы топтың арасынан «қайт үйге» деп қуып шығарушы еді-ау. Бекершілік екен ғой онысы, кәдімгі салиқалы жігіт болыпты баласы. Бәрін қазір ғана көріп тұрғандай. Мынау шақыру қағазы баласын бір-ақ күнде есейтіп жібергенін көрдің бе?


Қанша ұрсып, қанша айғай шығарса да Дәнекер анасына сөз қайырып көрген емес. Алдына түсіп, бес жастағы кезіндей томпаңдап жүре беретін. Аяп кетті, ана жүрегі елжіреп кетті. Жалғызына соншама қатал болмаса қайтетін еді.


Шып-шып тершіген жауырынының ортасынан анасы сүйіп кеп алды. Келіншектер ду күлді. Келсаптарын жерге қоя қойды.


— Менің апам бірде — жаз, бірде — қыс.


Дәнекер әрі қысылып, әрі мақтанып айтты бұл сөзді.


— Өйтіп мәймөңкелегенше, менің шешем байлаусыз жынды демейсің бе!


Өзіне-өзі осылай баға берді де, Күлжекең ақталған тарыны алақанына салып көрді.


— Мен қазір талқанын ұшырайын. Сосын жармалаңдар. Жармаланған тары ұзақ жолға шыдамды әрі жеуге де жақсы.


Кемпірдің бұл пейілі баласын да, басқаны да көңілдендіріп тастады. Қой да сойылып, өкпе-бауыр да қуырылып қалыпты.


— Елден айналайын. «Көппен көрген ұлы той» деген. Сендер болмасаңдар, Дәнекердің азығы да дайын болмайды екен ғой. Жалғыз дегенім күпірлік шығар, тегі. Тәубә, тәубә, тәңірім. Кешір, өзіңнің тілі тастай пендеңді. Менде не ес бар. Мана сол азын-аулақ естің өзінен айрылып қалғам жоқ па! Бәріңнің де есінді шығарып жібердім-ау, ә. Араларындағы бір тентек кемпірді кешіріңдер, түге!


Күлжәмила осылайша сөйлеп жүр, сөйлеп жүр. Қарт жүрегін шерлі бір шуақ жайлағандай.


— Көрерсіңдер, ертең жүрерде жыламаймын. Құдай біледі бар ғой, жыламаймын. Жалғызымды жасытып, ақымақ дейсің бе! Мен сендер ойлағандай ақымақ емеспін. Е, бұл не көрмеген Күлжәмила?! Әкесі үркіншілік жылы ақтар өлтіріп кеткенді де көргенмін. Онда бұл бір жасар ғана бала еді. Содан аузыма тістегендей ғып өсірдім ғой. Көрмейсің бе, енді жеттік, енді ел қатарына қосылдық дегенде ...


Үні жарықшақтанып көмейіне әлдене булығып келіп қалды.


— Жоқ, жыламаймын дедім ғой, жыламаймын. Сорлы басым жоқ сұмдықты бастамайыншы. Қане, тамақ ішіп, өздерің әлденіп алыңдаршы. Қоржынға салудан басқасы қайрылып қалды емес пе?


Жұрт бірден тоқтай коймай, келіні әлі түйіп жатыр еді.


— Ей, таста дедім ғой мен сендерге, — деп Күлжекең айқай салды.


Келі түйіп тұрғандар келсаптарын тұрған-тұрған жерлеріне қойып, жуынуға кетті.


Бұл кезде күн ұясына кіріп, ауыл үсті көктұманданып кеткен-ді. Далаға жерошаққа жаққан отынның түтіні, кешкі малдың тұяғымен көтерілген шаң — бәрі қосылып көгілдірленіп тұр. Бірақ қазір-ақ ол сап басылады. Өйткені, түстіктен Бесбақсының желі соқты. Ауыл үстін бірден самал жайлады. Күннің дәл ұясына кіруін аңдып тұратын осы самал — Тасарықтағы еңбектеген бала, еңкейген кәріге таныс самал еді.


Бұл самал жайлы ел аузында аңыз көп. Соның ішінде атауына лайық ең жиі айтылатыны мынау: бір бақсының тұқымы ұйқысы қашып, еліріп ауырғандарды түнде далаға ұйықтатып емдеген екен дейді. Бұл жел күндіз ізнәһәр соқпайды. Күн ұясына кіре екі таудың арасынан шығады да, ертесіне күн шыға біреу әдейі тоқтатқандай басыла қояды. Бұл ауылда жаз баласы еш адам үйде ұйықтамайды. Сыртқа шығып далада жатады. Тіпті сиыр екеш сиырдың өзі де желге танауын беріп таң атқанша сүйсініп жатқаны. Өзге ауылдан бұл ауылдың малының алабөтен семіз болатынын да жұрт осы ауадан деседі. Ол ешуақытта қатты соқпайды. Сыздықтатып жайымен ғана желпіп тұрғаны. Шипалығында шәк жоқ. Қыста аязды да жұмсартып жібереді. Бірақ атағына жаңағы бақсылардың ұрпағы иемденіп, Бесбақсының желі атанып кеткен.


Дәнекердің үйінде қуырдаққа жаңа ғана бас қойғандарды да бұл самал аймалап, қытықтай бастады. Жас еттің исінен есі кетіп шыдай алмай, екі езуін кезек-кезек жалаған көк төбет жатты есік алдында. Оның бұлаңдаған құйрығына үрке қарап, үйілген отын түбінде бір топ ешкі тұрды.


Ертесіне күн ала шабыр бұлтты болды. Кешегі аптап ыстық бүгін сәл басылғандай. Ауыл адамдарының көңіл-күйі де осы бұлттай. Парлап ат жегілген үш арба орталық қора жақта бірінен бірі тізіліп дайын тұр. Колхоз председателі Ахметқожа бар жақсы атты жеккізгенге ұқсайды. Алдыңғы арбаның бір жағында есік пен төрдей қоңыр айғыр тұр. Бұл айғырдың арбаға жегілгенін көре бермеуші еді. Екінші арбаның бір жағында қызыл айғыр. Ол қоңыр айғырдай салалы, сүйекті емес, жұп-жұмыр шымыр мал. Бірақ шана мен арбаға салғанда оның жүрісіне шақ келетін жылқы жоқ. Сол себепті де колхоз председателі қыс бойы өзі жегіп жүретін.


Ахметқожаның екі айғырдың екеуін де жеккізгені кей адамды таңғалдырды. Қоңыр айғырды тіпті үйірден алғызыпты. Әсіресе, жылқышы күйіп-пісіп жүр.


— Басқа жылқы құрып қалғандай... Бұл не зәуім? Тойға кетіп бара ма! «Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» деген осы...


Жылқышының сөзін біреу тыңдап, біреу тыңдаған жоқ. Бірақ ол әлі күңкілдеп жүр.


— 80 шақырым жердегі аудан орталығына барып келгенше несі қалады бұл жануардың? Ішіп алған жастар жол-жөнекей жанын шығарып айдамай ма! Апыр-ау, осыны түсінбеген басқарма қайтіп ел басқарып жүр-ей!


Нәшекең ары өтіп, бері өтіп жылқышының сөзін жібермей тыңдады. Рдуандардың қазығын қарап, дөңгелектерді қайта-қайта көрді. Арбалардың әр жерін шұқылай береді. Ахметқожа арбаларды, ат-сайманды әзірлеуді осы кісіге әдейі тапсырған-ды. Нәшекең араласқан шаруаға алаң болмау керектігін басқарма жақсы білетін еді. Жаңа өзі жүретіндердің үйіне кіріп шығуға колхоз активтерін ертіп кеткен-ді. Ауыл адамдарын қарасаң, бүгін айттап жүрген секілді. Ана жерде де, мына жерде де шоғыр-шоғыр кісі. Әсіресе, әскерге кететіндердің үйінің маңы қайнаған адам.


Мұның ешқайсысында шаруасы жоқ жылқышы қоңыр айғырды бергісі келмей, арбаларды әлі айналшықтап жүр.


— Қамыт-сайманын сыпырып тастап алып кетсем, мені шауып ала ма? Колхоз-колхоз деп кеңірдектерін кергенде алдына жан салмайды. Оның жалғыз айғырын арбаға салып тұрғандары мынау.


Нәшекең манадан үндемей жүр еді. Енді шыдамады:


— Ей, Тілеміс, үндемейін деп едім, болмадың. Ертең сенің де балаң әскерге шақырылады. Мына өндірлердің аудан орталығынан бір жарқыратып өткенінің өзі не! Екі салса бір баспас шабандарыңды беріп, елдің алдында жер қылайын деп пе ең балаларды. Тоқтат қыңқылыңды! Бір ащы тері алынғаннан түгі де кетпейді.


— Болды. Сіз айтсаңыз бітті, Нәшеке. Айғыры құрысын. Қойдым. Балалардан садаға.


— Садаға деме. Айғыр да керек. Балалардың көңілі де керек.


Ахметқожа ақымақ емес. Әдейі істеп отыр.


— Жылағым кеп көңілім бұзылып тұрғанын қарашы. Тілеміс әңгімені басқа жаққа бұрып жіберді. Әр үйдің төңірегіндегі шоғыр-шоғыр адамдарға қарап, қолымен маңдайын қалқалап алыпты.


Нәшекең мырс етіп күлді де, айналып жүріп кетті.


Беталысы Күлжәмила кемпірдің үйі. Бұл кезде күн сәске түске таянып, жолаушылардың алды орталықтағы арбаларға қарай беттеген еді. Кей үйден сұңқылдаған дауыс та шығып жатыр. Әйел атаулының көзі білеудей.


Нәшекең таянғанда Күлжәмила кемпірдің үйінің маңы да адамға толып кетті. Бүлікті шығарса осы кемпір шығарар деп, бір жағынан, өзінің де көңілі қобалжып, екінші жағынан, бекіндіруге айтар сөзін де әзірлеп келе жатқан-ды. Колхоз председателі де қасындағы адамдарымен осы үйге таяп қалған екен. Әр үйден бір татып, бұл топтың арасында қызып қалғандар да барға ұқсайды. Әсіресе, тәмпіш мұрын бухгалтер Ешмұхан күлер сөзге де, күлмес сөзге де жырқылдап, екі езуі екі құлағында келе жатыр. Ахметқожа Күлжәмила кемпір жөнінде сырттай еститін. Бірақ тіке сөйлесіп көрген адамы емес. Ол да Нәшекең секілді бүлік шығара ма деп күдіктеніп келе жатқан-ды. Нәшекеңді көріп қуанып кетті. Өзінің иығынан ауыр жүк түскендей болды.


— Пәле, апам мықты екен ғой. Көзінде бір тамшы жас жоқ. Шіркін, бұрынғының адамдары-ай! Шымыр ғой, шымыр. Жылау деген не, ол? Айдауға кетіп бара жатқан жоқ. Әскерге, борышын өтеуге барады. Қазақ десек өзімізге тиеді. Кейде тіпті жоқ жерде қабырғамыздың тым қайысатыны бар.


Басқарманы көріп, әлдекімдер көзінің жасын тыйған болды.


Кемпірлер Дәнекерді кезек-кезек құшағына алып, қолдан-қолға тигізбей сүйіп жатыр екен. Келген колхоз белсенділерін көріп, Дәнекер олардың құшағынан сытылып шықты да, төр жақты нұсқады. Дастарқан үстінде жеусіз сол күйінде қалған екі табақ ет. Майы шылқыған бауырсақ үйіліп ол жатыр. Келгендер жайғасып отырғанша, үйдегі қатын-қалаштың біразы ығысып далаға шықты. Дәнекер жаутаңдап шешесіне қарады. Кісілерге арақ құйғысы келіп тұр. Бірақ батпайды.


Анасының арақ десе төбе шашы тік тұратыны өзіне белгілі. Бұл кезде колхоз бухгалтері Ешмұхан етке де, бауырсаққа да тәбеті шаппай, қылиланған көзіне күлкі үйірген боп жан-жағына қарады. Жұтқыншағы жыбырлап-ақ тұр.


— Үлпершегім менің, ағаларыңа заманының асын бере ғой. Осы үйді өртеп кетем десең де сенің қолыңнан тартармын ба бүгін? — деді Күлжәмила баласының ыңғайын сезіп.


— Әп бәсе, шіркін, бұрынғының адамдары-ай...


Қызу болса да басқарманың ыңғайына қарай жығылудан бухгалтер жаңыла қоймапты. Осылай деді де, санын бір салып дастарқанға қарай емпеңдей түсті.


Ахметқожа келген беттен Күлжәмила кемпірден көз алмай отырған. Тойға баратындай үлкен шүберегін басына осқырта тартып апты. Кимешегінің жақ тұсындағы, омырауын ала түскен кестесі жарты қарыс. Үстіне көк сәтен шапан киіпті де, белін қоңыр шүберек орамалмен тас қып буып алыпты. Жүрісі тіп-тік. Бойында туа жаралған паңдық, тәуелсіздік бардай. Кәдімгі ақсүйектің тұқымынан шыққан адам секілді осы отырғанның бәріне шекесінен қарайды. Сонымен бірге, әркімнің ішіндегіні жазбай оқи аламын деген кісіше отырғандарға оқты көзімен қадалып қояды. Баласына жаңағы сөзді айтқанда керіліп жатқан кең даладай жомарт көрінді. Аналық адал ықыласы кәрі жүзіне мол нұр әкелді. Ешмұханның сөзін естігенде көзінен сәл мысқыл күлкі көрініс берді. Айбат шегіп тіксіне қалып еді, бірақ ол кейіп тез тарап кетті. Ахметқожа «кел де мінезің бар, кер де мінезің бар кемпір екенсің-ау» деп түйді ішінен.


— Апа, сиырың бар ма? Дәнекер мал жинап бере алды ма өзі?


— Сиырдың бағуы қиын, қарағым. Он ешкі бар. Құдай берекесін берсе, жалғыз кемпірге сол да жетеді ғой. Ел аман болсын, азамат аман болсын.


— Оларыңыз колхоз кінегесіне тіркеліп пе еді? —деді Ешмұхан.


Ахметқожа ала көзімен атып қалғанда, бухгалтер қипың-қипың етіп, бүрілді де қалды.


— Сенің кінегеңсіз-ақ баға аламын. Әлдеқалай алдыңа барғанда сол жазуыңды бұлдап, ақшиып отырғың келеді ғой, ә! Адыра қал!


Жұрт ду күлді.


— Өзіңе де керегі сол еді. Жоқ жерде кінегеңді қыстырып нең бар, — деп жатыр қасындағылар. Елмен бірге Ешмұханның өзі де мәз болып күледі. Жұрт бұған күліп отырса, ол неге күліп отырғанын өзі де білмейді. Ахметқожа қойған астан, құйған арақтан ауыз тигеннен кейін үйдегілерге енді далаға шығу керектігін айтты.


— Жігіттерді кешіктіріп алмайық. Военком деген кінәмшіл келеді. Арба жегулі дайын тұр. Уақыт біраз болып қалды. Енді жөнелтейік азаматтарды, — деп орнынан тұрды. Отырғандардың бәрі де қопарыла қозғалды.


Екі жігіт екі басы шыпылдап толған Дәнекердің қоржынын ала жөнелмек болып еді, ауыр екен, кідіріп қалды. Қоржын көздің жауын алады, ісмер бір қолдан шыққан. Алғашқы ұсталайын деп тұрғаны да осы шығар.


Бұл ауылда сырмаққа, текеметке, шиге ою салуда Күлжәмиладан шебер ешкім жоқ. Киіз басу кезінде тентек кемпір қолдан-қолға тимейді. Әр үйдің тәтті шәйі мен дәмді еті осының аузында. Мына қоржынды баласына жақсы ниетпен бар ықыласын салып тоқыған секілді. Ахметқожаның көзі қоржынға бірден түсті. Екі шетін ала жүргізген сары жолақ ерекше сән беріп тұр. Төрт бұрышын айналдырып, қошқар мүйіз жүргізіпті. Мұнысының өзі қоржынның үлкендігін білдірмей шағын етіп көрсетеді. Түп жағынан салған желбіршектері де күлтеленіп, жаңа туған құлынның жалы құсап тұр. Жерге қоюға аяғандайсың. Тек қанжығадан тастамай сәнге салып жүретін қоржын екен.


Жастар жағы арақ ішіп отыр деген соң Нәшекең үйге кірген жоқ еді. Далада бір-екі шалмен әңгімелесіп тұрған-ды. Буы бұрқырап басқарманың жанына ерген нөкерлері шықты. Қатындар қайтадан бырсыңдай бастады. Кешігіп жатқан Дәнекер мен шешесі ғана.


Қанша бекінем дегенмен дәл осы сәт Дәнекердің көңілі алабұртты. Балшықтан соғылған екі бөлмесі көзіне біртүрлі ыстық көрініп кетті. Бұрыш-бұрышқа қарай береді. Ауыз үйдің төбесі сыланбапты. Былтыр ғана салынған үй, колхоз жұмысымен әне-міне деп жүргенде қолы тимепті. Тоқып салған қамысы теп-тегіс-ақ. Бірақ сыласа одан да әдемі көрінетін еді ғой. Шешесінің ескі кебісі, дәрет алатын құманы, есік алдында тұрған өзінің ат айдайтын ұзын қамшысы - бәрі-бәрі ыстық көрініп кетті. Екі жерден күлтеленген шашағы шегеге ілініп темен салбыраған қамшыны тіпті сұлу етіп тұр. Жас еменнен жасалған сабына да дәл қазіргідей назар аударып көрген емес еді. Көзіне жас келіп қалды. Шешесі көрмесін дегендей дереу сүрте қойды. Бірақ, ана оны байқап қалды. Үндеген жоқ. Дәнекер үйдің терезелеріне, төбесіне тағы қарады. Ішінде сұрапыл бір дауыл. Ерікке қоймай тығылған жас жоғары қараған көзді әйнектей жалтыратып жіберді. Төбеде уықтың арасында шаншылып тұрған ақ бізді көрді. Өзінің жүрегіне шаншылып тұрғандай дір етті. Сөйтті де, оқыс жұлып алды.


— Апа, мынаны қобдиға салып қойшы. Керек болар. Қажет кезінде кімнен сұрап жүресің ...


Анасының жалғыз қалып бара жатқанын бір-ақ ойына түсіргендей болды. Шыдай алмай омырауына барып басын тығып жіберді. Ана да дүниенің бәрін ұмытып қалшиып тұрып қапты. Тарамыс қолдары ғана баласының қайратты шашынан сипайды. Оны өзі сезіп тұрған жоқ. Дәнекердің иығы екі-үш рет бүлк етті. Ананың есіне кішкентай кезінде осылай түртпектеп еметіні түсіп кетті. Алпыс екі тамыры иіп, көзінен жас сорғалай бастады. Омырауына, қос анарының үстіне ыстық тамшы тиіп кетті. Бұл Дәнекердің көз жасы еді. Бірақ екеуінен де үн шыққан жоқ. Анасы «болды енді, босама» дегендей ыңғай білдіріп, сыртқа қарай бет алды. Баласы босағадан аттай бергенде:


— А, құдай, оң жолыңды бер, — деп бетін сипады.


Бұлар сыртқа шықса, елдің көбі орталық жаққа кетіп қапты. Есік алдында Ахметқожа қасындағылармен, Нәшекең тұр екен. Дәнекер жүгіре бермек болып еді, шешесі қабағымен тоқтатты.


— Анау бөрте лақты бері ұстап әкелші!


Тұрған жұрт та, Дәнекер де бұған түсінген жоқ.


— Лақ ұстауды ұмытып қалдың ба, ана бөртені әкел деймін. Отынның үстінде ойнақтап тұрған бөртені Дәнекер лып еткізіп сирағынан ұстап алды.


— Әй, белсенділер! Сендер мына кәрі кемпірді алжыды демеңдер. Жан дегендегі жалғызым алыс сапарға кетіп барады. Ақ тілеуін тілеп, мына бөртені жолына айттым соның. Сендерге сөкет болғанмен, маған сөкет емес.


— Айттым жолыңа, мына өзімді де айттым осы бөртемен бірге, — деп Күлжәмила кемпір лақты мойнынан ұстап баласын үш айналып шықты.


Дәнекер не дерін білмей қып-қызыл боп кетті.


— Тілеуің қабыл болсын, — деп Нәшекең қолын жайды. Әлдене айтып, ерні жыбырлап тұр. Ешмұхан қылиланған көзімен Ахметқожаға қарап еді, ол да қолын жайып тұр екен. Жалма-жан бұл да қолын жаям дегенде бір жағына ауып кетіп, құлап қала жаздады.


— Әмин!


Бәрі бетін сипады. Күлжәмила лақты қоя берді. Ол қарғып-қарғып, ешкілерге қосылды да кетті. Енесі жайылмай топты жұрттың ортасында қалған лағына елегізіп тұр еді. Ойнақ салып жетіп келгенде бауырына алып, құйрығынан иіскеп жатты. «Ешкі екеш ешкі де баласын алысқа ұзатқысы келмейді, ә». Осы ой осып өткенде Күлжәмила артына бұрылып тұрып, ешкілерге тағы қарады. Бөрте лақ болп-болп еткізіп, алаңсыз әлі еміп жатты. Ал, бұлар болса үнсіз арбаға қарай беттеп келеді.


Жұрт дуылы көбейген сайын қоңыр айғырдың тынымы кете бастады. Жұлып тартып, жұлып тартып тықыршып тұр. Қасындағы бедеу шағыр бие де басын тұқыртып, артқы аяқтарын ойнатып-ойнатып қояды. Біреу жылап тұр, біреу күліп жүр. Қым-қиғаш бірінің бетінен бірі сүйген жұрт. Қызыңқырап алған жігіттер шаршы топтың ортасында қыздарды да сүйіп жатыр.


Дәнекер кеше кеште үйден шыға алмаған. Көзімен біреуді іздеп тұр, көрінбейді. Жұртқа білдірмей анда-санда мойнын созып-созып қояды. Қоржынын салып, алдыңғы арбаға мінді. Анасымен соңғы рет арба үстінде құшақтасты.


— Түнімен қасыңыздан шығармай мауқыңызды басқан шығарсыз. Біз де қоштасайық та.


Күлжәмиланың дәл құлағының түбінен осындай әйел даусы шықты. Өзі де, баласы да жалт қарады.


— Жанар!


Дәнекер екеуінің құшағы айқаса кетті.


— Мына пәтшағар ештеңеден тайынар емес қой!


— Апа, айыпқа бұйырмаңыз. Азаматты бүкіл ауыл болып сүйсек те артықтығы жоқ шығар.


Бұл сөзді Жанар күрсініп айтты. Көкірегінде ашылмаған сырдың айнасы жалт еткендей болды. Бітеу жара жаншып жіберді ме, қабағы орақша иіліп, шытыла қалды.


Күлжәмиланың алдында кәдімгі келіні құсап төмен қарап сынып тұр. Арба үстінен Дәнекердің көзі қос бұрымының арасындағы желкесіне түсті. Мойны жұп-жұмыр екен. Қырынан қарағанда бұған дейін өзі байқамай жүрген бір паңдықты аңғарды. Ол басын ұзақ салбыратқан жоқ. Паң күйінде жоғары жұлып алды. Жасқа толы көзі жарқ етті. Дереу қос жанары құрғап сала берді.


— Апамның көзінше-ақ берейін. Аттаған қадамы санаулы біз бейбақтың қолынан бұдан басқа еш нәрсе келмеді.


Төрт бүктеулі кестелі орамалды Дәнекердің қалтасына салды да, аузынан құшырланып тұрып сүйіп алды. Бірсыпыра жұрт бұл көрініске аңырып қарап қалыпты. Күлжәмила да аң-таң. Азды-көпті ауыл арасындағы алып-қашпа сөздің құлағына тигені бар еді. Рас болғаны ма? Қыз құрығандай, күйеуі бар әйелмен әуей боп...


Осы кезде ат айдаушы:


— Ал енді жүрелік, жолды босатындар, ау, ағайын, кешігіп қаламыз, — деп айқай салды.


Делбені босатуы мұң-ақ екен, шағыр бие мен қоңыр айғыр жұлып тарта жөнелді. Түрегеп тұрған кей жігіт арбадан түсіп қала жаздады. Бәрінің көзі артта. Қолдарында орамал.


— Хош, хош!


— Оң сапар. Аман барып, сау қайтыңдар!


Ауыл ұларда-шу болды да кетті. Бала-шаға түгел, жігіттер, қыз-келіншектер арбаға ілесіп келеді. Шал-кемпірлер қолын бұлғап, көзін сығымдап қалды. Астындағы қасқа атын ойнақтатып, алдыңғы арбаның қатарында Ахметқожа келеді. Оның артында да бірнеше салт атты бар.


— Қаттырақ айда, мына жұрт қалсын. Ілесе берсе, жігіттердің көңілін бұзады.


Ахметқожа алдыңғы ат айдаушыға осылай әмір берді. Делбені қағып қалғанда шағыр бие мен қоңыр айғыр cap желіске салып берді. Арбаның дөңгелегі лезде көрінбей кетті. Жермен дөңгелеп емес, ауамен қалқып келе жатқан секілді.


Мынау — туған жер, өскен ел. Қимайды бәрі де. Асыр салып асық ойнаған ауыл қоңыр белден асқан соң тіпті көрінбей қалмақшы. Бәрі де үнсіз. Жаңа ғана құлақ тұндырған дабыр-дұбыр, айқай-шу жер жұтқандай жоқ болды. Үш арбада отырғандардың бәрі де айналаға құмарта қарайды. Анау — Қайранның жотасы. Қатпар-қатпар болып, пілдің жонындай жатысын қарашы. Сасыр жұлып, пішен шапқанда осы отырғандардың бәрі де қойнауында ойнақ салған. Қоңыр белдің үстіндегі төрт құлақты бейіт те біртүрлі ыстық көрінді. Туған ауылдың бір белгісі секілді ол да. Ар жағындағы жазықта колхоздың егісі. Талай күндер, талай түндер сол далада өтіп еді-ау. Қоңыр белден ауылдың малы қаптап түсіп келеді. Түскі сауынға әкеле жатқаны бақташылардың. Неткен әдемі көрініс. Оң жақта төңкерген астаудай аппақ қары күнге шағылысып тәкаппар Алатау жатыр. Етек жағы ала сиырдың бауырындай шұп-шұбар. Күнде, тіпті сағат сайын көріп жүрген көріністер бүгін ерекше ыстық. 17 жігіттің бәрі де жаңа көргендей айналаға, ауылына қайта-қайта қарай береді. Жалғыз шатырлы үй — мектеп қана аппақ шаңқандай болып әлі айқын көрініп тұр. Төбесіндегі қамысы алыстан тақтай секілді әсер қалдырады. Одан кейін ұп-ұзын боп колхоздың кеңсесі жатыр. Қалған үйлер көрінбеуге айналды. Оның үстіне, сағым көтеріле қалмасы бар ма! Бірақ көңіл көзімен әркім өз үйін танып келеді. Дәнекер анасы үйдің төбесіне шығып, осы жаққа қолымен көзін көлегейлеп қарап тұрған секілді. Қасында ойында түк жоқ бөрте лақ ойнақ салып жүр. Жанар ше...


Жігіттер, енді біз де қалайық.


Байқамапты, Ахметқожа бастаған бір топ салт атты қастарында әлі шауып келе жатыр екен. Әлгі бір сәтте олар да үнсіз қалса керек. Арбалардың жүрісі, аттардың дүбірі — бәрі-бәрі ұмыт болыпты-ау. Әншейінде бір аттың шабысы бір ауылға естіледі. Ал, мұншама ат, адам келе жатқанда әркімнің меңіреу тыныштық құшағында қалғандай сезінгені несі? Сол бір сәт құлақ атаулы есту қабілетінен айрылды ма?.. Ондай сәттер болады. Сезімнің күштілігі сонда. Ол кейде осындай дүбірді де тұншықтырады, ал кейде шыбынның ызыңынан нәзікті де жеткізеді.


Ахметқожа аттан түсіп, жігіттердің бәрінің бетінен сүйді. Аяулы ауылды Қайранның жотасы әбден жасырған кезде ен далада оңашада еркектер емін-еркін құшақтасып қоштасты. Тықыршып тұрған аттар да құлақтарын салбыратып мүлги қапты. Бәрі де жылады, бәрін де бір босандық билеп кетті. Бұрын аудан орталығынан ары бармаған жігіттердің көңілі біртүрлі құлазып қалды. Манадан ілесіп келе жатқан сына салт аттылар да ес екен. Енді олар да қалмақшы.


— Жігіттер, жолдарың болсын! Аман барып, сау қайтыңдар!


Ауылға қарай бұрылған салт аттылар бұл сөздерді хормен айтты. Манадан ілесіп қалмай келе жатқан қою шаң екіге бөлінді. Бірі — ауыл жаққа. Бірі — аудан жаққа. Қоңыр күз болса да қапырық ыстық боп кетті. Арбаның үстіндегілердің бәрі де омырауларын ағытты. Мұқатайдың көзі білеудей болып кетіпті. Мойнын созып, ауылды көріп отырғандай артынан көз алмайды.


— Ей, мықтым! «Айт, дваң» қайда? Жаман келіншегіңе жаңа жүрерде соншама сүліктей жабысқаның не?


Алдыңғы арбадағылар ду күлді. Мұқатайдың өзі де күлді. Кешегісін Дәнекердің дәл бүгін алдынан келтіргенін көрдің бе. Бұл кезде артқы екі арбадағылар да көңілденіп, ортадағы арбадан ән естіліп еді. «Туған ел». Бастап отырған — Әбдірахманның Құрманәлісі. Кәдімгі «Қыз Жібекте» Төлеген болып ойнайтын Құрманәлі. Оның қоңыр жұмсақ даусын жастар әрбір шілдехана, тойда да тыңдауға жалықпайтын. Мұңлы ән. Келе жатқандардың бәрі қосылды. Төңірек күңіреніп кеткендей болды. Тау да, жота да, жел де, мына астарындағы арба да осы әнді айтып келе жатқандай. Кешеден бері жүректің әр түпкірінен шықпай, бірақ бәрін сыздатып жүрген сезімді осы ән суырып алып шыққандай. Аттар да арынды желістен ақырын бүлкілге басты. Айнала бір сәт мүлгіп, ауырлап, бір сәт кеңейіп шалқып келеді. Тіпті жиын-той атаулының бәрінде қанша қыстаса да ауыз ашпайтын Байжан да әнге қосылып кетті.


Бірақ оған таңырқаған ешкім жоқ. Осы бір ән барлық көңілдегі махаббатты жинап бір арнаға құйып жатқандай. Туған ел деп бәрінің аңырап келе жатқаны - осы бір жүз түтіні бар шағын колхоз.


Кір жуып, кіндік кескен елім едің-ау,


Қойны құт, суы кәусар жерім едің,


Туған ел, енді есен бол!


Бауырыңнан жол ұзақ боп кете қалсақ-ау,


Өгейсіп, перзентіңнен жерір ме едің


Туған ел, енді есен бол!


Қош боп тұр туған ана, аға-іні-ау,


Ержетіп, адам болдық біз де міне,


Туған ел, енді есен бол!


Тұрармыз құшағында әлі-ақ ойнап-ау,


Әскерден аман-есен келген күні,


Туған ел, енді есен бол!


Ойнаған құлын-тайдай құрбы аман бол-ау,


Кетпейді көз алдыңнан бұлғаған қол


Туған ел, енді есен бол!


Кештерді бірге өткізген еске сақта-ау,


Жүректен асыл сезім ұрлаған мол,


Туған ел, енді есен бол!


Шешесі жас кезінде суырып салып өлең айтқан. Дәнекердің де өлең жазатыны бар еді. Қолындағы бір жапырақ қағазға қарап, сұңқылдатып соғып отыр. Қай кезде жазып үлгерді екен. Дәл осы сапарға арналып жазылғандай. Соңғы екі жолды Жанар екеуі қосылып айтар ма еді!


Осы отырғандардың бір-бір Жанары қалып бара жатқанында оның шаруасы жоқ. Өз Жанары келді де, қолынан жетектеп ұзаққа алып кетті. Өлең тына қалды. Арба жүріп келе ме, қапырық шаң тамақты қари ма, онда Дәнекердің ісі жоқ. Ой уысында қалды. Шағыр бие мен қоңыр айғыр жүрісті әбден түзеген. Басты шұлғып тастап, сеспен cap желіп келеді. Жылда бұл кезде күн суып кетуші еді. Биыл күз жылы боп тұр. Ат айдаушы көйлекшең ғана отыр.


— Ауданның орталығына кіргенде ойнатамын бұл екеуін. «Алғабас» колхозының жігіттері қалай келгенін көрсін жұрт. Көкең кәдімгі кинодағы Чапаевтың тачанкаға жеккен аттарындай аяқтарын оратып тастап, оратып тастап жұртты өзіне қаратпаса, әкел бері қолыңды.


— Кәне, жануар, бір жаттығуды жасап жіберейікші! — деп ат айдаушы делбені екі жаққа айыра қағып-қағып жіберіп еді, шағыр бие мен қоңыр айғыр мойындарын сыртқа қарай аққудай иіп, төрт аяқты төрт жаққа тастай ойнақтай жөнелді.


Жануар мына қалпында тым сұлу екен. Адам сұқтанғандай. Танауы делдиіп, көзі жайнап, аяқтары биші қыздардың аяқтарындай ойнақтайды. Тер басқан денесі оның биязы сылдыры қосылғанда тың бір музыкалық қоңыр түстен қара түске көп ұқсайды. Арбаның жүрісі де жұмсарып кеткендей. Аттардың аяғы мен әуез секілді. Ат айдаушы мұнысына әбден масаттанып жігіттерге қоқиланып қарап қояды. «Көрдіңдер ме, біздің салтанат қалай!?» дегендей. Дәнекер өз ойымен өзі. Манағы қиял құшағына мықтап алып, талай жерге әкеткендей. Босатар емес, өзі де босағысы келмейді.


ЕКІНШІ ТАРАУ


Айлы түн жұмсақ сәулесін кішкене терезеден сыздықтатып қана түсіреді. Сонау бір түнге қатты ұқсайды. Бірақ онда бұлар далада еді-ау. Бесбақсының самалы беттерінен аймалап, сезімдерін қытықтаған-ды. Жүре бергісі, күле бергісі келіп еді. Жамылып шыққан шапанды ыстықтағандай болған соң білегіне қыстырып алып, еркелей басып бара жатқан-ды. Дәнекер біресе аш белінен ұстап, біресе қолын ақырын ғана мойнына асады. Әлден уақытта қолаң шашын жұмсақ қана сипап келе жатады. Бәрі жұмсақ. Мынау айдың сәулесі де, аяқ астындағы көк майса да, қасындағы жігіттің демі де, сипасы да, сыбыры да жұмсақ. Екеуден екеу келе жатса да, сыбырласып қана сөйлеседі. Дәнекердің аузы дамыл-дамыл құлағының түбінен табылады да, алған демі ақырын ғана қозғалған торғындай тамағының астына дейін жыбырлатады. Сүйсініп, балқып, тағы да солай қытықташы деміңмен дегендей бауырына кіре түседі. Сол кезде ақ тамақтың астын Дәнекердің еркіне береді. Ол емірене иіскейді, ернінің ұшымен ғана жас ботадай түртіп-түртіп, сүйкімді етіп сүйеді. Сол күйімен, балбыраған, балқыған бетімен таң атқанша жүруге бар еді-ау...


Бүгінгі ай да сондағыдай жарық. Бірақ тар терезеден талықсып қана сығалайды. Үйдің іші де өз көңіліндей алакөлеңке. Түн де қапырық секілді, көрпені әлсін-әлсін жұлып алып тастады. Дөңбекшіп ұйықтай алмай жатыр. Төлеп бір рет көзін ашып, көрпені жауып қымтады.


— Немене, бір жерің ауыра ма, неге ұйықтамай жатырсың?


— Білмеймін. Жүрегім атша тулап, кеудеме сыймай барады. Сен бүгін бөлек жатшы. Мазаң кетер...


Төлеп төсегін артаманырақ алып кетті. Көп кешікпей қорылға басты. Ол бейбақтың қаперінде түк жоқ. Жарының жан азабынан мүлде бейхабар. Оның қазір дөңбекшіп, осы бір төрт қабырғаның ішіне неге сыймай жатқанын сезбейді. Тағы да күндегісінше тұрар да, дүкеніне барар. Күні бойы балға соғады, кешке үйге келеді. Әр күнгі күн кешісі осы ғана. Бұдан бөтен өмір бар деп ойламайды ол. Алаңсыз жұмысын істейді, алаңсыз ұйықтайды. Алаңсыз жаралған бір адам.


Сол алаңсыздығы ма екен, қойныңдағы жарын ұрлатқан? Егер Төлеп әйелінің басқан ізін бақса, Дәнекер мен екеуі бүйтіп тым тереңге кетпес еді. Соңғы кезде өзінің аса батыл болып бара жатқанына Жанар бір сәт қысылғандай. Ойында болдым деп екі-үш рет өте кешігіп келді. Бірақ үндемес Төлеп үндеген жоқ. Әлде өзінің үлкендігінен қорғана ма? Бұл байғұсты да аяйды.


Бәрінің басын шатқан жеңгесі ғой. Тумағандығын істеді-ау! Сөзін жықпай Төлептің пышақ, қайшысын, кетпен-күрегін соғып беретініне қызығып, сау басын даң қылды. Оның ойынша, жетім қыз итке тастар сүйектей. Қай ит қаппай жуас жүрсе, соған іші жылып лақтыра салады. Өзінің әкесіндей адамға нендей зұлымдық есеппен шатастырды ол? Әлде бар болғаны, өресінің жеткені сол ма екен? Дүкенге барғыштап, сыпылдап жүргенінен шошушы еді. Ойында түк жоқ Төлепті майлы ішіктей айналдырыпты әншейін. «Қашанғы қу тізеңді құшақтап жүрмексің? Ей, сен өзің еркексің бе? Жоқ әлде, әлдебіреу қойныңа әкеп салғанша сопиып жүре беремісің?».


— Өстідім, біраз қайрадым бәлемді, — деп сампылдап отырғанын Жанардың сан естігені бар. Бір күні төбеден жай түскендей: «Сен Төлепке күйеуге шық!» — деді. Терісіне сыймай тарылып, екі бүйірін таянып, боратты-ай келіп.


Он алтыға дейін қыздың үйде отырғанынан сүйкімсіз не бар екен. Сені жеткізем деп-ақ көк жұлын болдым ғой осы. Бір күні құдай тас төбеңнен ұрып біреумен әуей боп қойсаң... Ойбу, бетім-ай, ел-жұртқа не деймін. Құры, одан да құры. Көзі соқыр, беті қисық болса да кет біреудің соңынан. Бес кластық білім алдың. Қыз оқып кімді көгерткен. Әліпті таяқ деп білмесек те, ағаңның екі аяғын бір етікке тыққан қатын болғанбыз. Енді сенің көйлегің, көншегің деп ала өкпе болар жайым жоқ. Бұл күнде қалың мал алып, қадірімен қыз ұзату бар ма. Қарның тоятын жер табылса, қайқай әрі. Баяғыда жетпістегі шалға да бара беретін қыздар. Он бармағы ағып тұрған өнер, ағып тұрған мал. Біреудің кесесін жамап, шәйнегін түптесе де сені асырайды. Өз қотырыңды өзің қасып, отын-суың бөлек, қайқайған қатын боласың. Кетпен-шотымызды түзетіп біз де пайдасын көрейік те. Төрт жасыңнан бері асыраған еңбегімді ең болмаса солай ақтамайсың ба? Шал-шақпыт болмаса, сендей жетімекті жастар қайтсін. Құры деген соң, құры!


Жеңгесінің «жетім», «салдақы» деген сөздеріне Жанардың жастайынан құлағы, таяғына еті үйреніп болған еді. Мына қорлығы бәрінен де асып түсті. Жар дегенде сүйеу көрер жалғыз немере ағасы былтыр күрт ауруынан қаза болған-ды. Соның топырағы кеппей жатып ойлап тапқан пәлесін көрдің бе. «Оқиын да» деген сөзі үшін екі күн үйге қондырмай, көк ала қойдай етіп сабап қуып шықты. Өлсем жаным артық па деп бір күн ағасының зиратына барып түнеді. Бірақ оның мұңына құлақ асып, қолұшын берген аруақ болмады. Аруаққа жалынудан басқа жолды Жанар ол кезде білмейтін. Адуын жеңге жастайынан таптап өсіріп, өзінің өмірін құдайдың жазуы ғып құлағына құйған-ды. Алдында екі-ақ жол тұрды. Иә, Төлепке әйел болу, иә жеңгесінің бұдан да сұрқия қорлығына көну. Ашу үстінде қыз ойы алғашқы жолға ойысты. Жетімдік пен жеңгенің қорлығын көргенше күйеудің зорлығына көнгенім артық шығар деп түйді азалы жүрек. Тағдыр Төлеп пен Жанарды осылай қосқан еді.


Обалы не, Төлептен көрген залалы жоқ. Бетінен қақпай алақанында ұстады. Тапқан-таянғаны осының аузында. Күйеуге тиген соң екі жылдан кейін құлындай домаланып шыға келді. Киініп, жасанып, Жанардың көңілі өсті. Жастайынан көрген жеңге тепкісінің да пайдасы тиді. Үй шаруасына пып-пысық, үсті-басы жып-жинақы. Төсек-орынның бәрін жаңартып, шымылдық-пердені өзі тігіп алды. Екі-үш текемет басып, сырмақ та сырды. Не керек, ауыл-аймақ кешегі жалба-жұлба Жанардың әп-әдемі келіншек болғанын көрді. Кейбір аузы сүйреңдеген шыдамсыз әйелдер «ойбай-ау, тіпті құлпырып барады, Төлептің маңдайына сыйса жарар еді», — деп күндей бастады. Осындай күндеуді жеңгенің аузынан естігені де бар Жанардың. «Саған ерегескенде ме?» деп түтінін тіпті түзей бастады ол. Бір-екі рет жеңгесі ырғала басып келіп, ыңырана мін тағып кетті.


— Байыңа жағам деп әсіре пысық бола берме! Ақырын. Жиған-тергеніңнің бәрін өз басыңа үйе бермей, аға-жеңгемнің үйі бар еді десең қайтеді. Баяғының қыздары қолына екі сабақ жіп түссе, бірін төркініне тасиды екен. Бүгінгінің қыздары не боп кеткен? Сен тіпті қарыс жерде тұрып ат ізін де салғың келмейді ғой. Сенен Төлеп мейірлі. Барсаң, әйтеуір сөзіңді екі етпей, айтқаныңды істеп береді. «Өзі болған қыз төркінін танымас» деп, кейде тіпті қайқайып қарағың да келмей ме, немене өзі. О, тегі оңбаған! «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға әл бітсе, маңынан мал айдатпас» деген рас екен-ау.


Жанардың жастайынан сыздап, жанына батып жүрген бітеу жарасы осы күні жарылып еді. Оңашада жеңгесінің сыбағасын жақсылап тұрып берген-ді.


— Бойымды өсірмей ғұмыр бойы жаншып келгенің аз болғандай, бұл көкуіңе жол болсын. Енді күйеуге шыққанда да ызғарымнан ығып жүр дейсің бе? Сенің ызғарың жастайымнан гүлімді солдыртты. Селт етіп бала болып ойнамадым. Үстіме өңі бүтін бір көйлек кидім бе? Жамап ал, жасқап ал деп ескі-құсқыңды лақтырып тастай салатынсың. Отыңмен кіріп, күліңмен шықтым. Бір уақ күлгенімді де кеп көруші ең. Ағамның айықпас дертке шалдыққаны да сенің кесіріңнен, ластығыңнан, мастығыңнан болды. Халі нашарлаған кезде де бабын тауып ас берген жоқсың. Ниетіңнен таптың. Өз-өзіңнен қуырылып, тарылушы ең. Бар ашуыңды менен алатынсың. Жынысым бір ғой, бірде болмаса, бірде еңсесін көтерсін дедің бе, аяушылық жасадың ба? Жоқ. Қайтіп қана менің жүрегім жылиды саған. Суытқан өзіңсің. Бала жүрегімді балғын кезінен мұзда ұстадың. Енді төркін, жеңге бола қалыпсың. Осы Төлепке де мені еметайың еріп бердім деп отырсың ба? Мектеп бітіргенше ішетін көжемді көпсінген жоқсың ба. Шүкір, құдайға! Өз қолым өз аузыма жетті. Ендігі көкезулігің көкірегімдегі кекті қозғап, кеудемдегі отты көсейді. Жөніңмен кел. Ызбарланып, баяғы жаншылған Жанар ғой деп келетін болсаң, онда мына босағадан аттама! Егер ақылың кіріп, адам құсап келетін болсаң, суыған жүректен де бір шуақ табам. Неше бүгін ит болсаң да, әйтеуір ағамның жанында жаттың ғой.


— Астапыралла, астапыралла! Мынаның тілі не деген тастай еді, ей?


Жеңгесінің көзі шарасынан шықты.


— Тастай болса, алдыңнан алған тәрбием. Оған кінәлі өзіңсің. Ес білгелі естігенім былапыт, боқтық сөз болса, жұқпады дейсің бе содан. Маған жасаған мың долылығыңның бірі ғана бұл. Адам құсап келмесең, қайтарармын бәрін де. Саған деген жүрегімде титтей мейір болса бұйырмасын.


— Тфу-тфу! Мына пәленің құдай маңынан жүргізбесін, — деп сол күннен бері ат ізін салғанды қойған.


Оңаша отырып Жанар әрі қапаланды, әрі ішегі қата күлді. Қапаланғаны — көк долыдан шынымен-ақ долылық жұққан ба деп ойлады. Өз ойынан өзі шошып кетті. Ашынғаннан ақтарылған шер өз бойына күйе боп жабысқан пәледей көрінді. Күлгені — талай жылдар кетіп жүрген есесін мықтап қайырды білем. Тұра қашқандай болған жоқ па, батырың. Жатқан жыланның құйрығын басқан өзі. Бұл шайқас жайлы Төлепке жеңгемнің өзі-ақ жеткізер деп ойлаған еді Жанар. Бірақ Төлеп ол жайлы ләм деп үндеген жоқ.


Жанардың қайран қалатыны да оның осы үндемейтіндігі. Кейде, тіпті іші жарылып кете жаздайды. Еркек боп еңсе көтергенді білмейді. Тұқырайып төмен қарап жүреді де қояды. Дүкеннен келісімен үйдегі балға-төсінің қасында тағы да шықылдатып отырғаны. Жанардан Төлеп, Төлептен Жанар бөлек секілді. Екі бірдей адам бар осы үй кейде иесіз жұрттай аңырап тұрады. Самбырлақ, сарнауық жеңгенің айқай-шуына үйреніп кеткен Жанардың тіпті іші пысады.


Екеуінің ерлі-зайыпты екенін аңғартатын қараңғы түн мен қатар салынған жер төсек қана.


Екінші жылы Жанар ептеп ашылайын деді. Ашылғанның алғашқы белгісі шәй қайнатып, тамақ пісіріп жүріп ыңылдап ән салады. Төлептің үйдегі кішкене қол көрігін басады. Төңіректей берсем ашылар ма екен, тілі шығар ма екен деп үміттенеді. Көрік басып отырып та әндетеді. Бірақ Төлеп селт етпейді. Оның бар назары, ой-ықыласы қып-қызыл боп оттан шыққан темірде болады. Соны сан мүсінге келтіргеннен ғажап ләззат алатын секілді.


Жанардың өзі де көп жайды аңғарды. Әсіресе, Төлептің сақина, білезікке салған ернегі әдемі. Шебердің аты шебер екен ғой. Қағазға сызған жазудай ғып түсіреді темірге. Әншейінде күресінде жататын сиырдың мүйіздері де Төлептің қолына түскенде әдемі бәкінің, пышақтың, қанжардың сабы болып құлпырып шыға келеді. Көрік басып, ыңылдап ән салып отырып көзін алмайды. Бір сәт бұл да өзін ұмытып кетеді. Үндемейтін, жұп-жуас адамға да құдайым осынша өнер береді екен, ә! Егер ұста болмаса, мұндай адамға таң атып, күн бата ма? Күнде бірге жатып жүрген әйелінен де ұдайы қайыненесі қасында жүргендей қысылады. Мүмкін, ел арасында, колхоз дүкенінде өзін бұдан гөрі ашығырақ ұстайтын шығар. Жанар байқайыншы деген ниетпен бір-екі рет барған да. Ешкімде шаруасы жоқ, қып-қызыл болып маздаған арбаның шенін төс үстіне ұзын қышқашпен олай бір, бұлай бір аунатып тұр екен. Балғашы жас жігіт Жанарды көрісімен:


— Төке, демалайық!— деді.


— Қой, басқарма ұрсады, бітірейік. Тұрма, тұрма!


Жанардың келгенінен қысылғандай, тіл қатудың орнына, төске бұрынғыдан да еміне түсті. Балғашы жігіт жаутаңдап қарай берді. Бір кезде Жанар екеуінің көзі кездесіп қалды. Жанардың денесі дір еткендей болды. Бетін бұрып жіберді. Күйеуіне қарады. Оның ештемеде жұмысы жоқ. Айналдырғаны — алдындағы темірі. Көмірдің арасына көсіп жіберіп, шуылдап ұшқан шоққа рахаттана қарап тұр. Балғашы жігіт енді үлкен көрікті басты. Балға соққандай емес, көрік басқанда жан-жағына қарауға мұршасы болады екен.


Белінен жоғары жалаңаш, аққан тер бетінен андыз-андыз етіп қара қожалақ жол салған. Сондай жолдар жотасына да, кеудесіне де түскен. Мына күйімен келіншек көзіне түскеніне ұялғандай. Күйе білегімен мандайын бір тартып қалып еді, одан сайын қара қожалақ бола түсті. Жанар мырс етіп күліп жіберді.


— Немене, жеңгей. Бетіне күйе жаққан еркекті көрмеп пе едіңіз? Күнде қасыңызда жатады ғой.


Төлеп жымиып күлді. Жанар нарттай болып қызарып кетті. Оны қызартқан жаңағы өзінің оқыс күлкісі ғана емес, мына жігіттің «жеңгей» деген сөзі де. Берісі өзінен үш-төрт жас үлкен адам жеңгей дейді. Төлептен кіші болған соң, әрине, солай дейді. Бұл ауылдың жастарына оның Жанар деген аты ұмытылатын шығар. «Жеңгей», «Төлептің тоқалы». Есіркегені ғана «жеңеше» дер. Осы ойлар Жанардың түпкірінде жатқан жан пернесін шертіп-шертіп жібергендей болды. Бұрылып үйге кетті. Төлеп «неге келдің-ау» деген жоқ.


Құлағына темірді балшықтай илеген балғаның даусы келеді. Тап соның солқылынан табанының астындағы жер де солқылдап келе жатқандай. Артына бұрылуға ұялады. «Бойыңды әдемі ұста, әдемі жүр» деп бір сезім сыбырлайды. Ұста дүкенінің үлкен есігінен әлгі балғашы жігіт көз алмай қадала қарап тұрған секілді. Ту сыртынан оның қос жанары тесіп бара ма қалай?! Ауыл шетіндегі үйіне жеткенше жас келіншек белгісіз бір сезімнің қамауына түсіп, соның қақпайлауымен жүрді де отырды.


Тағы бір барғанда да сол үйдегі үндемес Төлепті көрген. Бұл жолы жұрт көбірек жиналып, гу-гу әңгіме соғып тұр екен. Жанарды көрісімен жігіттер Төкеңді ортаға алды.


— Төке, жас тоқал ыстық па, әлде осы жас тоқалға сіз ыстықсыз ба? Кейінгі кезде тіпті келгіштеп жүр ғой.


Жұрт ду күлді. Төлептің езуі жыбыр етті де, темірін соға берді.


— Төке, осы сіз төсекте жатқанда да үндемейсіз бе?


— Жас тоқал үндетуші ме еді?


— Ха-ха.


Дүкеннің ішінде тұрған бір топ жігіттің күлкісі қасындағы колхоз кеңсесіне де естілді.


— Жеңгейдің өзінен сұрайық, өзінен!


— Төкең осы үндей ме?


— Жағына сүйеніп жалақтаған жас жігіттерден гөрі, үйдегі үндемейтін үлкен кісімнен жарылқасын.


Жанар бұл сөзді жасымай ойнақы айтты. Көп жігіттің ортасында тұрмын-ау деп қысылмады. Белгісіз бір күш, жігер біткендей болды. Жігіттердің күлкісі намысын қайрап жіберді. Өзінің емес, Төлептің намысына тигендей болды олар. Бұл үндемесе, Төлеп үндемесе, мынау жұрт өздерін мазақ етуге әзір. Көкірегінде бір дауыл ойнап, сол мазаққа қарсы айбат шеккендей болды. Жігіттер тосылып қалды.


— Әп бәлем, қатырды. Бәріміз бір Текеңнің тұяғына татымадық.


— Бірақ қайнағасындай «үлкен кісімі» не? Ең болмаса, Төкең демей ме. Тиерін тиіп алып, үлкенсініп жүр ме өзі, немене?


Тобымен тұрып бір келіншектен жеңіліп қалуға намыстанған жігіттер осылайша қиялап соғып жатты.


— «Сүйгенін шұнағым» дейді. Атаң қазақтың осындай мақалын білмеуші ме едіңдер. Қалай деп атау — менің еркімде.


— Қой, жеңілдік. Жеңдің, Жанар.


— «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген. Көк дауыл жеңгесінен кергені бар емес пе.


Соңғы сөзді Жанар ұзаңқырап кеткенде естіді. Көк дауыл жеңге. Көрік пен балға төсті ғана білетін Төлеп. Өмірде көргені осы екеуі ғана болмақ па? Кеудесіне түтін толғандай тұншығып кетті. «Жеңдің, Жанар» деді-ау! Жоқ, бұл жеңіліп келеді. Жаңағылардың алдына өмір мұны жығып берді. Құздан құлап бара жатқандай қорқыныш билейді бойын. Өзінше тырмысып шыққысы келеді. Құз терең, аяқ тірер бұдырлары да аз секілді. Бірақ төбеден түскен жарыққа қарап, шығам-ау деп үміттенеді. Қорқыныш, үміт екеуі алма-кезек ауысады. Жанын жаншып, жүрегін сығады. Жаңағы түтінге тұншыққандай болғаны содан.


Әңгімеге бір ғана жігіт араласа қойған жоқ. Ол — балғашы жігіт. Жымиып күліп қана тұр. Ана жолы аңғармапты. Кейін қайырған қою шашы бар екен. Салқы төс. Ойнаған бұлшық еттері жастығын, қайнаған қайратын аңғартқандай. Жанындағы Төлепті аяды ма, әлде келгіштеп жүрген осы бір жас келіншекті аяды ма, әйтеуір әлгінде айтылған дарақы сөздерден бойын аулақ ұстады. Сол жігіт құсап Жанар да неге сыпайы қала бермеді? Неге қызынды бұл? Дөрекі сөздерге дөрекі жауап берем деп, өзі де әйел басымен тым дөрекі боп кеткен жоқ па! Тамам жігітке жалғыз өзінің жасаған шабуылы үшін, жаңағы сөздері үшін басқадан емес, бәрінен де балғашы жігіттен қысылып келеді. Ол жымиып құр күлді де тұрды.


Сол жымиған күлкісімен бе екен, мұның түбіне жеткен. Қандай шайтан түртті. «Шығасыға иесі басшы» демекші, Төлептің екі айға МТС-ке мастерскойға кеткені де себепші болды-ау. Егін шөбінде жүргенде Дәнекер жымиып күліп мұны жағалай берді. Оның келгіштегенін өз жүрегі де теріс көрмейтін секілді.


Бір күні қараңғы түсе екеуі елдің артында қалды. Кешкі самалмен қалың бидайдың арасында келе жатыр. Белуардан келетін егін теңселіп, теңіздей тулайды. Жанар біртүрлі сынық. Әншейіндегі ақжарқын мінезін өзі зорлап, ұрлап тығып келе жатқандай. Неге бүйтті? Апақ-сапақта қалың егін арасында жігітпен оңаша неге қалды? Дойыр мінезді біреу болып, тарпа бас салса... Бойы дір етіп, әлденеден қорықты. Дәнекердің қолы екен. Арқасынан, шашынан ғана сипайды. Ар жағы не болар екен? Еркектер сипаудан бастап, шыңғыртуға баратын мейірімсіз емес пе. Қараңғы түнде ұрғашыға олар қасқыр секілді. Дәнекердің алғаш өзімен жанасуын Жанар осылай қарсы алды. Аттап басқан сайын әйелге қолы тиісімен қозып кететін еркектің ақ сайтанын күтіп келеді. Жүрегі лүп-лүп етеді. Апыр-ау, осы жайға өзін не душар етті? Кім зорлады? Түсінсе бұйырмасын.


— Жанар, тамағыма тас тығылғандай аузыма сөз түспей келеді. Малынды жайлаған соң үйіңе келсем қайтеді? Көптен кеудемді кернеп жүрген бір сыр бар еді.


— Мына кең далада аузыңа келмеген сөз тар бөлмеде келе қояр ма екен?


Манадан бері бойын билеген қорқыныш лезде ғайып болып, еркіндік бітті. Сықылықтап күлді. Дәнекер де бірге күлді. Екеуі ен даланы басына көшіре күлді. Айнала бұларға қосылып түгел күлгендей болды. Екеуі ауыл шетіне енді іліккенде жаңа туып келе жатқан ай көрінді. Түннің бір тамаша көркін көргің келсе, жазда ай туарда далаға шық. Қараңғылық түңлік ашқандай түріле түседі. Судан суырылып шығып келе жатқан аруға ынтыққандай айдан көз алмайсың. Сол арудың жұмсақ ақшыл айнасымен төңірек айқындала түседі. Әншейінде күнге шағылысып, шақырайып жататын Алатау да көгілдірленіп, әсем көрінеді. Жанар бұрын-сонды мұндай сұлулықты байқамаған-ды. Таңырқап тұрып қапты. Бұл суретті салып тұрған көңілі ме, жоқ әлде табиғаттың өзі де осындай шебер ме? Дәнекерден тап осылай сұрағысы келіп еді, сұрамады...


Сол түні ол барлық сырын айтқан. Сонау дүкенге келген күннен жүрегіме шоқ салдың деді. Оған бәрінен де бір топ жігітке жалғыз тойтарыс бергенім ұнапты. Намысыңды жібермей, Төлепке араша түскенмен, бойыңнан бір жұмбақ сыр ұшқын атты. Сол сырды әлі тығып жүрсің. Айналаңа ақ жарқын ашық болғанмен, ар жағында аузы кілттеулі сандық бар. Ашсам деп ем сол сырды. Бітеу жараның сыздағанын білдірмей сыр сақтағаның ұнайды маған. Төлепті де аяймын. Еш жанға залалы жоқ адал адам. Бірақ сол аяушылықтан да асып түскен бір сезім бар менде. Сен үшін балғашылықты да тастадым. Көзіңе әмсе күйе-күйе боп көрінбейін дедім. Әрі ар жағымдағы арам ойымды Төкең біліп қойса... Бірге істеген, бір-бірімізді білетін адамбыз. Қасында жүріп қастық жасамай, аулақтау жүріп аңдиын дедім сені. Ар алдында қайсысы болса да қылмыс қой. Бірақ, неге екенін білмеймін, бәріне де көз жұмдым.


Жанардың ішінде дауыл ойнады. Тап өзі ойлап жүргеннің бәрін алдына тартып отыр Дәнекер. Жан пердесін дәл басады. Егіліп жылағысы да келді. Бірақ кім білсін, еркектің әйелге құрар қырық тұзағының бірі шығар. Езіліп, күйдім, жаздым деп бастау әдеттері олардың. Оңай түсе қалсаң, мазақ етеді де, жүре береді. Бір қолайлы сәтті күткендей. Шын сыры сонда ашылады. Мана егіс басында да күтіп еді оны. Түннің бір уағы болды. Енді қанша шыдар дейсің. Еркектік ақ сайтанды тізгіндей алмайтын жігіт болса, сыр берер өзі де. Сонда манадан бері айтып отырғанының бәрі бос сөз боп шығады. Сыры ашылар деп отырғаны сол. Әйтпесе қыз құрып қалғандай, есік көрген, күйеуі бар әйелде несі бар? Әншейін бір көңіл соқпасы да. Жанар Дәнекерді аса беттен соғып қашыртып та, тым елжіреп іш-бауырына жіберіп те отырған жоқ. Бірақ оз жүрегі бір сұмдыққа бастап, кет әрі демейтіндей. Несі, қандай қылығы ұнайды осы жігіттің? Өзі де білмейді оны. Шым-шымдап тартып, баурап барады өзін. Бірге қайтайықшы, — деп қалды. Кешке келейінші, — деді, — келіпті. Кесіп айтып, алдын тосып тастаса әуре жоқ еді ғой. Асықпайын, тосудың сәті келер, еркектік желік қаншаға шыдар дерсің деп отырған. Бәрі керісінше болды.


— Апам айғайды салып іздеп жүрген шығар. Ол кісінің мінезі қиын. Ашуы келсе, бүкіл ауылды аралап іздеуге бар мені, — деді де, Жанардың аузынан шөп еткізіп сүйіп, орнынан тұрып кете барды.


Мынау тұла бойын өртеп, дөңбекшітіп жатқан дерт сол түннен басталған-ды. Ертесіне-ақ өз-өзінен қорқып, Төлеп тезірек келсе екен деп асыққан-ды. Әйтпесе езі де арандар, өзгені де арандатар бір пәле болайын деп тұр.


Аз ұйықтағаннан ба, Жанар бұл күні жұмысқа тұла бойы сынып, денесі ауырлап келді. Бірақ жас егіннің исі бойын сергітіп, сарайын ашып жіберді. Саржасын арқалап жер өлшеп жүрген Дәнекерді көрді. Арам шөпті жұлуға келген адамдар бүгін біраз бар екен. Екі-үштен бірігіп, бір-екі тілікті алып жарысып берді. Жанар қасындағы екі оқушы баламен қайдағы бір миясы қалың тілікке түсіпті. Жұрттың көбі оқ бойы озып кеткенде бұлар тіліктің басында әлі мықшыңдап жүр еді. Қасындағы екі оқушыны аяйды. Өзгеден қалып қойғандарына намыстанып тырмысып-ақ жатыр. Бірақ миясы құрғыр жүргізбейді. Кіп-кішкене алақандары әп-сәтте көкпеңбек болды. Жанар, әсіресе, тұлымы жалбыраған жас қызға қарай береді. Ойында түк жоқ. Миямен ғана алысып жүр. Қызыққандай осы бір балалық шаққа. Мынау егіннің миясыз жері сәби көңіліндей пәк, сәби жүрегіндей таза секілді. Ал, арамшөбі қалың жер алабұртқан әз көңілі сияқты. Ашқылтым тартқан мия исі жүрегін айнытқандай болды. Алаңсыз жүрген Төлеп Жанардың, әсіресе кешеден бергі көңіл-күйін сезсе, осылайша құсқысы келер ме еді, қайтер еді. Әй, өмір дегеннің өзі қызық-ау! Мынау жайқалған егіндей неге тап-таза болмайды екен? Оның да арамшөбі бар. «Арам» деген — қандай жаман сөз. Арам пиғылды да осы шөптей жек көреді- ау жұрт. Әр мияны жұлған сайын Жанар көңіліндегі бөтен сезімді тамырымен суырып алып тастап жатқандай болды. Тіліктің аяғына шыққаннан кейін арттарына қараса, ақырын соққан желмен ырғала толқыған жасыл егін көздің жауын алардай әдемі таза боп тұр екен. Көкала миядан тазарғаны қандай жақсы болды.


Сол күні жұрт ауылға әндетіп қайтты. Екінші бригада егіннің арам шөбін жұлуды аяқтаған еді. Топ алдында — саржасын мойнына салған Дәнекер. Даусы әдемі де ашық екен. «Бәрің де қосыл» дегендей артына бір бұрылып қолын бұлғады. Егде әйелдер кейінірек қалып, өлеңде шаруасы жоқ, керілдесіп әңгіме соғып келе жатқан-ды. Жастар алда, өлең айтуда. Әсіресе, оқушылар бәрінен де белсенді. Дәнекердің көзі бірден Жанарға түсті. Жанар одан көз алмай, артынан қадала қарап келе жатқанын сонда бір-ақ білді. Дәнекер жымиып күлді. Кәдімгі таныс, жүрегіңді дір еткізетін жымиысы. Жанар қасындағылардан қысылғандай қызарып кетті. Бұл сезім құрғырды жасыру қиын-ау, өзі.


— Жанар, кел бізге қосыл, — деп Дәнекер саңқ етіп айқай салды. Әйелдер «бар, бардың» астына алып, кеу-кеулеп жатыр. Жанар ыңғайсызданып, бара қойғысы келмеп еді, Маржым апай айғай салды:


— Немене, он екіде бір гүлің ашылмай жатып қартая қалғаның. Күйеуің кәрі болғанмен, өзің жассың. Сарқарын қатындардың ішінде нең бар. Бар, қосыл, ана жастарға!


Жанар жылдамырақ басып ілгері кетті, жастарға қосылды. Алып ұшқан жүрегін зорлықпен тежеп, қатындардың арасында өзін зорлықпен ұстап келе жатса, жастардың арасына да Маржым зорлап жібергендей болды. Қайда жүрсе де осы бір зорлау қыр соңынан қалмай қойды-ау. Өмір бойы оз еркімен істеген бір ісі болмай өте ме? Осы ой жанының өте бір нәзік пердесін басқандай болды. «Кешегі сүйіп алғаныма айыптымын ба?» дегендей Дәнекер жалбарына бір қарады. Жанар «қасыңа әрең жеттім-ау» деген кісіше көз тастады. Екеуі бір-бірінің жанарындағы жазуларды оқып, іштей сыр түйісті.


— Кәне, ән басташы, Жанар. «Гауһартасты».


Дәнекердің екі шілдеханада Жанардың ән салғанын естігені бар. Өзі де, өзге жұрт та онда мұндай өнер бар деп ойламайтын. Сол тойларда Жанар өзінің тағы бір қырын аңғартқан-ды. «Думан көрсе, өнерлінің жотасы қозады» демекші, өз-өзінен көңілі өрбіп біраз сілтеген еді. Әлден уақытта есікке сүйене қарап тыңдап тұрған Төлепті көзі шалып қалған.


— Бұл қалай, қалай сілтейді, Тәкең үйіндегі жеңгей!


Осындай қыстырма сөздерден қысылды ма, әлден уақытта Төлеп жоқ боп кетті. Оның ең бір жаман әдеті кісі үйіне барғанда ғұмыры төрге шықпайды. Тіпті өзінен кіші жастар отырса да жасқаншақтап есік жаққа тізерлей кетеді. Адуын жеңгенің тепкісін көріп өскен Жанар да мұндай жасқаншақ емес. Қайта думанды жерде өрлеңкіреп, биік отырғанды жақсы көреді. Кей-кейде осы мінезіне өзі де таңқалатын. Ғұмыр бойы еңсемді көтеріп көрмеген маған осы ерлік қайдан келген? Бірақ мұнысын да Төлептің ұяңдығы тұсайтын секілді еді.


Әлгінде ғана есіктен қарап тұрған күйеуінің жоқ боп кеткеніне қысылып, тойдың нағыз қызу кезінде үйге келген-ді. Әлдекімнен қызғанды ма екен, Төлеп ауызғы үйде шамды жағып, шықылдатып төсінің қасында отыр. «Осы сорлы қызғанудың да не екенін білмейтін шығар, тегі». Жанар біртүрлі қомсынып кетті Төлепті. Не ән тыңдай, не әйел қызғана, не әйелге еркек даусын көтере білмейтін мүсәпір секілді көрінді. Төс қасында төмен қарап отырғаннан гөрі, «қайда жүрсің?» деп ақырғанын күткендей осы сәт.


Дәнекердің «Гауһартасты» айтшы дегені сол тойларды, сол көріністерді әкелді көз алдына. Төлеп өзінен қашықтай түссе, Дәнекер тым жақындап бара жатқан секілді. Қанша алыс ұстағысы келсе де, арбалған бозторғай секілді аузына кетіп бара жатыр. Не сиқыры бар? Көңіл құсы өрлеп, самғап сала берді. «Гауһартас» өз құлағына да ерекше естілді. Айналасындағылардың тұна тыңдап келе жатқанын Жанар аңғарған жоқ. Ән ырғағында қалқиды. Оның байқауынша, жаңа көрінген ауылдағы әр үйдің түтіні де тап қазір бөлекше шалқитын секілді.


Егін шөбін аяқтап, әндетіп келе жатқан жастарды ауыл бүгін бөлекше қарсы алғандай.


Үй қасына шығып, әншілерге аңырып қарап қалған кемпір-шал, бала-шағаның тандану-таңырқауында да бір салтанат бар секілді. Жанарға бәйгеден дара келе жатқан жүйріктей желік бітті. Ауылға кіргенде ол тіпті жақындай түсті. Мұның бәріне қызыға, құныға қарап әрі әнге қосылып келе жатқан Дәнекер Жанардың жүзінен аса бір аяулы алау көрді. Сол алау тіпті нұрландырып жібергендей өзін. Мынау жұмыс киімінің езінде сынды, сымбатты көрінді. Құлағынан тастамайтын айшық сырға жұмсақ жүрісінің ырғағымен теңселіп, жалт-жұлт етіп күнге шағылысады. Жанардың қазіргі көңіл-күйі де осы сырғадай жарқылдап тұр еді. Ол бәрін ұмытты. Түске дейінгі жұмыстан шаршағанын да, еркегіне қарап өзінің осы ауылдағы егде топқа жататынын да, бүкіл жағдайының жарқылдақ болмай, сынық жүруге мезгейтінін де ұмытты. Бір жан толқыны ұмыттырды бәрін.


Иә, осы толқын күн өткен сайын кеудесін соққылап, жүрегін мүжіген еді. Ақыры Дәнекердің алдына әкеп сылқ еткізді. Қанша қайраттанып, ардың ақ қылышын алдына қанша тосқанмен, сезім шілдері мықты екен, матады да тастады. Сол бір түнгі әлсіздігі үшін өзін жазғырарын да, жазғырмасын да білмейді. Несіне жазғырады. Ылғи өзгенің зорлауымен келген бұл бишара өз жүрегінің әміріне бір көнбей ме, өзі өз боп бір еркіндік алмай ма! Құлазып жүрген көкірекке бір нұр шапақ шашпай ма! Қалай ғана тосқауыл қоя алады алдына. Көргісі кеп көптен бері аңсаған бір тұс еді.


Көк майсаның үстінде алма-кезек аймалайды бір-бірін, құшады кеп, құшырлана сүйеді. Бар ерікті өзі де бергендей-ақ бір соған. Ай да ұрланып шықпай тұр, құмары бір қансын деп. Түн де мүлгіп түнереді, түк көрмедім дегендей. Айнала да жым-жырт боп, екі жастың ұрлығын үндемей андып тұрғандай. Жел де тына қалыпты, куәсіз етсін бұл түн деп. Сезім оты балқытқан, балбыраған екі жас сылқ-сылқ етіп ақырын ғана күледі, бүйірлері бүлкілдеп. Түсі емес, бұл өңі еді. Барлығына кінәлі, біле тұра бәрін де өшіре алмай, өршітіп алған өзі еді.


Дәнекермен кездескен сайын бір жасайды. Көкірегіндегі таттың бәрі арылып, кеудесі күй сандығындай бір күмбірлеп қалады. Керемет бір көңілділік, жарқындық бітеді. Екеуі бір апта көріспесе, жыл аралап өткендей болады. Аңсайды бірін-бірі. Бір күні Дәнекер:


— Сені үзбей көріп түру үшін қайтадан балғашы болсам қайтеді? — деді.


Жанар мұны біртүрлі тіксіне қарсы алды.


— Сені Төлеппен қатар көрмейінші. Жасытасың онда мені. Оңаша, өзіңмен ғана кездесіп жүрейінші.


Дәнекер Жанарға қол ұстасып бір жаққа кетуді де ұсынған. Жанар оны құптамаған. Күтпеп еді мұндай сөзді. Өзін жас жігіттің жары болуға лайық санамайтын.


— Ойланып айтып тұрсың ба? Мүмкін, қасымда болғанда тулаған сезім мастығы емес пе бұл сөзің.


— Сенсең, шыным. Мен көп толғандым. Тәуекел. Құдай қыздай алғаннан жарылқай ма, жоқ...


«Не айтқалы тұрмын». Денесі от шарпығандай ду етті. Маңдайынан тер бұрқ ете қалды.


— Кешір, жаным. Келеңсіз сөз айта жаздадым. Тәуекел түбі — желқайық, мінейік те өтейік.


Ел не дейді. Төлеппен үш жыл тұрғандағы көйлек бүтіндігін көтере алмады демей ме. Ол сорлыны да аяйды. Қатын құтаймаған байғұс. Жанар — оның төртінші әйелі.


Бұған дейінгі үш қатынның үшеуі де тастап кеткен. Бірақ біреуінен де бала жоқ. Екі әйел жиған-тергенінің бәрін сыпырып, өзін тақыр жерге отырғызып кетіпті. Тастанды еркек атанып әбден милау болған ба, әйтеуір өте жуас. Жасы келді, қартайды дейтін мұның жасындағының бәрі қақаң қағады. Жас тоқалдың жанында миығынан күліп жүрмей ме. Әй, бишара болғанда, бишара-ау! Бәрі жаратудан ғой. Тәңірім сорлы қып қойған соң амал не. Өзі сорлыны одан сайын жер қылғанда сен қайбір барқадар таппақсың. Дүниеде екі сорлы болса, соның бірі өзім ғой деп жүретін бұрын. Сорлыға сорлының жаны ашымаса, кімнің жаны ашиды. Есін енді жиып, ел қатарына қосылып келе жатқанда мұндай қылық шығарса, оны ел де, құдай да құптамас. Қарғысына қалармын бейбақтың. Әй, осы қарғай да алады дейсің бе. Қатындарының бәрі де кейінгі шыққан күйеулерінен бала сүйіп, бақыт тауыпты деседі ғой. Төлептің қарғысы тисе сөйте ме? Кеткен әйелдерінен тіпті үй-жиһазын, малын да дауламапты-ау бұл шіркін. Сонысы еске түскенде Жанардың жаны күйіп кетеді. Тәуекел деп тайып тұруға да бар. Бірақ аяйды. Алып ұшқан жүрекке тәк-тәк айтып, арының басатын да сол аяушылық.


Дәнекерге Жанардың Төлепті аяйтыны да ұнайды. Сүйегіне сүтпен біткен адамгершілікті көргендей оның бойынан. Екеуінің арасындағы қимастықты да тереңдетіп бара жатқан сол ма, қалай? Ол қимастық қайда апарып тірейді, жарға ма, құзға ма? Екеуі де одан бейхабар. Жанар кейде өзін құздан тұңғиық қараңғыға құлап бара жатқандай сезінеді. Бірақ Дәнекермен кездескенде бәрі ұмыт, бәрі тамаша. Бұл дүниеде екеуінен бақытты адам жоқтай боп кетеді. Әнеукүнгі түннің бір уағында шапанын бүркеніп тұрып кеткенін қайтерсің. Ненің күші бұл? Неткен тәтті түн еді сол. Неге қиылды сонша. Әлде әскерге кетерін біліп, құмарынан шыққысы келді ме екен.


Апыр-ау, ажырамастай еді ғой. Жылға жуық уақыт ішіндегі бірінен-бірі өткен тәтті кездесулерді баз қалпында қайталағысы келеді. Аса бір асылын түсіріп алудан сақтанған адамша бәрін еске түсіріп түгендеп жатыр. Дәнекердің әр қылығы, әр мінезі сол күйімен көз алдына келеді. Ұзақ, таусылмастай көрінуші еді. Неге шолтаң етіп үзіліп қалды. Шықпады-ау құмарынан. Ол жөнінде ойлағанда бұрын елжіреуші еді, балқушы еді. Бүгін күйіп барады. Қолқасын біреу оқыс суырып алғандай өзегі удай ашиды. Ғайып болған ғажайып түстей бірдеңе. Буалдыр сағымның ар жағында қол бұлғайды қимасы. Буыны құрып жете алмай бұлқынады кеп. Ақ сайтандар сақ-сақ күледі. Мазақ етеді өзін. Әлден уақытта Дәнекер үстіндегі көрпесін ала қашты. Қаптап қатындар шыға келді де, былшылдата түкірді мұның бетіне. Ішінде көк долы жеңгесі де жүр. Оның көзі тіпті ақшиып кетіпті. Дәнекерге ренжиді Жанар. Ол мойнына келіп асыла кетеді, дөрекі асылады. Анталап тұрған жұрт сақ-сақ күледі. Тынысы тарылып, тұншығып кетті. Айқай салайын деп жұлқынып еді, Дәнекер жымиып сұқ саусағын шошайта қойды, үндеме дейді.


Тағы да тұншықты, ышқынып қалғанда оянып кетті. Денесі қызып жатыр екен. Қызық деп жүргендері жүрегін қысып, өкпесін қабындырады. «Ау, осы менің денім сау ма, жынданған жоқпын ба?». Алақанымен маңдайын ұстай алды. Шып-шып шыққан суық тер. Өзегінен у жүріп өткендей. Күйдіріп барады. Алакөлеңке ай жарығымен бөлме ішіне көз тоқтатты. Төлеп бырылдап ұйықтап жатыр. Оның осы ұйқысының өзі Жанарға қорлау секілді көрінді. «Өртен, күй де жан, өзіңе де сол керек» деп жайбарақат жатқандай.


Сыртта ауыл иттері шу ете қалды. Жанар елең етті. Басын жұлып алып, терезеге мойнын созды. Жүрегі тарсылдап, аузынан шығып кетердей алып-ұшып барады...


ҮШІНШІ ТАРАУ


Күлжәмила кемпір күн бойы құнжыңдап, үй төңірегінде жүрді де қойды. Дәнекер кеткен күнгі түнде көрген азабы орала береді ойына. Бүгін не істесе екен. Әлдебіреудің баласын әкеп жата ма қасына? Күнде кім баласын бере береді. Мына келе жатқан кеш оған әзірейілдей көрінді. Түндегідей азапты кәрі жүрегі көтере алмас. Жападан-жалғыз, тамағынан шәй да жүрмей, осылайша дал боп отырғанда ауызғы бөлмеге тасыр-тұсыр біреу кіріп келгендей болды. Қараса, бөрте лақ. Енесін еміп әбден тойып алған шіркін ойнақ сап тұр. Күлжәмила күле қарады.


— Құтыруын, пәтшағар! Шешең қасыңда. Сен құтырмағанда кім құтырады?


Күлжәмила өз-өзінен сөйлеп отыр. Қараңғы түсіп, ешкілерді қоралайтын уақыт бопты. Күндіз бөлек болғанмен, лақтар түнде енесімен бірге жататын. Бөрте лақ қораға кіргісі келмей, есік алдында ойнақтап жүріп алды. Іштегі енесінің маңырағанына пішту дейтін де түрі жоқ.


— Әп, пәтшағар. Қораға кіргің келмесе, онда менімен бірге боласың.


Күлжәмила шап беріп аяғынан ұстап алды да, бөрте лақты төргі бөлмеге әкелді. Бұрыштан ұя жасады. Әлден уақытта енесін іздеп маңырай бастады.


— Солай ма екен, пәтшағар. Жаңа ғана құтырып тұр ең ғой.


Бөрте лақ құлағын едірейтіп жағулы тұрған шамға қарайды.


Сүйкімді-ақ шайтан. Күлжәмилаға ермек болды. Жүрегін шаншитын қалың ойлар қаптап келе жатқанда бөрте лақ «мә-ә-ә» дей қояды. Назары лаққа ауады. Орнында тұрып секіріп қалып, өнер көрсетеді. Еріксіз күлдіреді. Әлден уақытта тіпті маңырап маза бермеді. Орнынан тұрып нан берді. Бір-екі рет пысқырып-пысқырып жіберді де, шөпеңдеп жей бастады.


— Дәмдіні сен де білесің, пәтшағар. Жылағаныңды қоя қойдың, ә?


Енді ол Күлжәмиланың қолын жалап, жеңін иіскей бастады. Үлкен кісі оның бұл қылығын қызық көріп біраз отырды. Тізесіне таянып орнынан тұра беріп еді, бөрте лақ алдында тұрған бөгеттен қарғып шықты. Шамды қағып қиратып кете жаздады. Мұның бәріне Күлжәмила мәз болды. Үйде кәдімгі аяғы шыққан тентек, мазасыз бала ойнап жүрген сияқты. Қорадан анда-санда маңыраған енесінің даусы естіледі.


Дәнекері кеткеннен бері құлазыған өзі сияқты боп тұр-ау ол бейбақ та. Бөрте лақты қораға жібергісі келді. Манадан бері алданыш болғанын қимай, бір жағынан жібергісі де келмейді. Сол екі ортада ол төрге барып жата қалды. Мойнын қайырып монтия қалыпты. Тыңқиып тойып алған бүйірі бүлк-бүлк етеді. Анда-санда артқы аяғымен құлағының түбін қасып-қасып жібергенде Күлжәмиланың күлкісі келеді. «Пәтшағар, қылығы тура бала секілді екен». Қасына келіп, қасыған жерін сипады. Көзін жұмған күйі сүйсіне керіледі.


Баласын ұйықтатқан кісіше іс тындырғандай жайдары көңілмен Күлжәмила төсегіне келді. Бөрте лақпен әуре боп жүргенде біраз уақыт боп қалса керек.


Қатты ұйықтап қалыпты, бетін жалап тұрған бөрте лақтың ернінің жыбырынан оянды. Төрдің алдын жақсылап құмалақтаған. Нан беріп еді, түндегіден де пысық жеді. Құйрығын жыбырлатып, жалмаң қағады. Сүйкімді-ақ шайтан. Күлжәмила бөрте лақтың қылығына шыдай алмай, жыбырлаған танауынан иіскеп, басынан сипады. Ешкі екеш ешкі де еркелеткенді біледі. Далаға жетелеп алып шығып қораның аузын ашып еді, енесінің бауырына қойды да кетті...


Барған сайын Күлжәмила үшін өзге ешкі бір төбе, осы бөрте лақ бір төбе бола берді. Алғашқы күндері жетелеп әкеп, өз қасына әкеп зорлап түнетіп жүрді. Кейін оның өзі де үйренді. Кеш түсісімен өзге ешкілер қораға беттегенде, бұл үйге беттейді. Күлжәмиланың етегінен иіскеп, секіректеп қалмайды. Бөлек түнеуіне енесі де үйренді, бұрынғыдай маңырап іздемейді. Өз баласының сенімді қолда екенін сезгендей. Бөрте лақ кейде күндіз де Күлжәмиланы көрсе, балаша соңынан еріп береді. Қолына түскен қант, нанды беру арқылы осылай үйретіп алды.


Бөрте лақ үшін көршісі Орынбаймен де түс шайысып қалғаны бар. Орынбайдың кемпірі сырмаққа ою салып берші деп жалынған соң, көңілінің хошы болмаса да келген еді. Бөрте лақ әдетінше ілесе келді де, сыртта қалып қойған. Үш-төрт кемпір бас қосып, гу-гу әңгімемен істің қызығына енді кіре бергенде лақ баж ете қалды. Күлжәмила жүгіріп далаға шықса, Орынбайдың көк төбеті санынан тістеп бажылдатып жатыр. Су әкелетін иінағаштың қолына қайдан түскенін өзі де білмейді, қайқайтып келіп көк төбетті Күлжәмила құлақ шекеден отырғызды дейсің. Ол ауылды басына көтере қыңсылай жөнелді. Қолындағы иінағашты біреу жұлып алды. Қараса, Орынбай. Өңі құп-қу боп, сақалы селк-селк етеді.


— Нең бар итте!


— Неге тістейді лақты?


— Тістесе, тыныш жатқан иттің үстіне ойнақтап несі бар? Бір лағың өлсе, қазаның ортайып қала ма?


— Осыдан өлтіріп көр! Сақалыңды жұлып, қолыңа берейін. Дәнекерімнің басынан айналдырған құдайы лак ол.


Сақалға тиіскен соң, Орынбайдың да жыны қозып кетті білем. Бұрқырады ол да біраз. Даладағы шаң-шұңға үйдегілер атып-атып шықты. Орынбайдың кемпірі шалын баспақ болып еді, әбден ашуға мініп алған ол қояр емес. Қыңсылаған күйі үйді шыр айнала жүгірген көк төбет басын шайқап-шайқап, ұлып-ұлып жіберді.


— Өшір үнін, ана ырымы жаман итіңнің. Басынды жұтайын деп ұлып тұр әне!


— Саған келсін ол жамандық. Сенің ана әскердегі жалғызыңа...


— А... не дейсің!


Күлжәмила өзін-өзі ұмытып кетті. Орынбайға тұра ұмтылып еді, кемпірлер арашаға түсіп, екеуін екі жаққа айырып жіберді. Күлжәмила кемпірлермен жұлқыласып жүріп, ұлып тұрған итке қолындағы доңды жіберіп қалды. Бірақ тимеді. Көк төбет қаша жөнелді.


Буы бұрқырап, самауырда қайнап тұрған шай да, жарты оюы түсіп, жарты оюы түспеген сырмақ та жайына қалды. Күлжекең үйіне тартып отырды. Ауылды басына көтере Орынбайдың сыбағасын беріп келеді. Соңында бір аяғын ауырсынып, сәл ғана сылтып басқан бөрте лақ. Соның өзінде секіріп-секіріп ойнақтап қояды. Мына үлкен жанжалдың шығуына басты себепкер өзі екенін о шіркін қайдан білсін. Үйге жақындай бергенде терезе алдында күншуақта тұрған лақтарды көріп, қарғып-қарғып қосылды да кетті. Жаңағы ит қапқаннан із де қалмағандай.


Күлжәмиланың бір көтерілсе, бірнеше күн соғатын қара дауылдай басу бермес ашуын бүкіл ауыл біледі. Орынбайдың кемпірі де кешке шейін шалының құлағынан қиқу кетірмеді.


— Жалғызына, жанды жеріне тиіп нең бар? Қатын сияқты қайдағы бәле аузыңа қайдан түседі. Басқа сөз құрып қалды ма? Сенің кесіріңнен сырмақ та қалды жайына. Ит пен лақтың арасына түсіп, алжығансыңдар-ау деймін осы өздерің.


Бұл ұрыстың басы-қасында болғандар ұстамсыздығы үшін алғашқыда Күлжәмиланы кінәлаған еді. Дәнекерге тиіскен жерден былай Орынбайды жазғырды. Онсыз да қам көңілді сорлының жанды жарасын қансырата түскендей болды. Ашуы басылған соң бұл айыпты Орынбайдың өзі де сезгендей. Оның үстіне, кемпірі де құлағының етін жеп қойды. Көк төбет ұлып-ұлып, ертесіне түк көрмегендей баяғы әупіліне қайта басты.


Тек Күлжәмила ғана тереңнен көтерілген теңіз толқынынша әлі сабасына түсе алмай жүр.


— Итіңе бола менімен егескен еркектігің адыра қалсын. Мені жылатқан құдай сені де жылатсын!


Күнде өріске мал шығарып бара жатып, Орынбайдың құлағының дәл түбінен осылайша айғайлап-айғайлап жібереді. Орынбай үндегенді қойды. «Ашуың аян аю Күлжәмиласың ғой», — дейді ішінен. Абайсызда сол ашудың тиегін ағытып алғанына өкінгендей.


Пошташы Мәлік болмағанда Күлжәмила ашуының талай күнге созылары хақ еді. Ала байталдың үстіңде қисая отырған почташы қамшылана түсіп келе жатты. Күлжәмила ұршығын иірген күйі орнынан тұрды. Үстіндегі ескі бешпеті шоқпыт-шоқпыт, ажарын алыңқырап жіберген. Кимешегінің алды да сағал-сағал. Мәлік Күлжәмиланы мұндай күйде сирек көретін-ді. Аяп кетті. Жүзі сынып, жүдеп те қалғанға ұқсайды.


— Ал, әпке! Сүйінші әкел. Дәнекерден хат келді.


Ала байталдың басын тартып шірене қалды.


— Саған да жұмыс табылып жақсы болды-ау. Сәлемің қайда, көргенсіз?


Мәлік абыржып қалды. Сасқанынан бөктеріншегіндегі үлкен сөмкеден хатты жұлып алып:


— Дәнекердің хабарынан артық қандай амандық керек, әпке-ау, — деді. — Іші қап-қатты. Суреті де бар ма деймін.


Көзі жасаурап Күлжәмила жақындай берді. Мәлік хатты ат үстінде жалма-жан аша бастады.


— Ойбай-ау! Балаңыз тура Бөденней боп қапты ғой. О, көздеріңнен айналайын, жаудырап тұрғандарын.


— Бөденнейің кім?


— Мәссаған, өзіңіз Кеңес еліндегі ең мықты батырды білмейді екенсіз ғой.


Күлжәмила суретті жұлып алып, баласының бетінен сүйіп жатыр. Құрманәлі, Мұқатай, Дәнекер үшеуі бірге түсіпті. Үстеріндегі ұзын шинель тобықтарына дейін түсіп тұр. Бастарында шолақ қалпақ. Белдері қынай буылған. Бір қалыптан шыққандай сыптай болып қалыпты.


— Жаудыраған көзіңнен... Үлпершектей ерніңнен... Шошайған қалпағыңнан айналайын...


Мәліктің де көңілі бұзылып кетті. Күлжәмила жансыз қағаздан жабысып айрылмай, қайта-қайта сүйе береді, сүйе береді.


— Келші, сенің де бетіңнен сүйейін, жалғызымды жаныма ертіп әкелгендей болдың ғой. Оның шошайған, ал сенің жапырайған қалпағыңнан...


Мәлік ыңғайсыздана еңкейе берді.


— Пәлі, мына әпкем не боп кеткен! Күлжәмила қалтасынан үш теңге суырып алды.


— Әпке-ау, әншейін айтам. Сізді қуантқанымның өзі не тұрады. Керегі жоқ.


— Боғыңды жеме! Сал қалтаңа. Басқа балалардан да хат келді ме?


— Бәрінен де бар. Мен енді қалғандарын қуантамын. Алдымен сізге әкелдім. Шайға аялдамады деп ұрыспаңыз.


— Оу, ана жазғанын оқып бермеуші ме едің.


— Әпке-ау, хаттың сыртын танығаныма шүкір деңіз. Мен ежіктеп отырғанда күн батады. Кетейін.


Сөйтті де, Мәлік байталының басын бұрды. Көңілі өсіп, кемпірді қуантқанына, оның үстіне, қалтасына үш сом ақша түскеніне жымың-жымың қағып күліп бара жатты. Құдай қаласа, бүгін сүйіншіге біраз тиын жиналар... Үстіндегі иесінің қуанышы ала байталға да берілді білем, артқы екі аяқты үйіре тастап, аяңға басып бара жатты.


Күлжәмила хат оқытуға адам іздеп айнала көз салып еді, үйінің төңірегінде күйбеңдеп жүрген Орынбай шалдан басқа ешкімді таппады. Қолындағы сурет пен бір жапырақ қағаз бәрін ұмыттырды:


— Ей, алжыған шал! Жіберші әлгі Әсемді. Мына хатты оқып берсін.


Орынбай манадан Мәлік екеуінің әңгімесін естіп тұрған. Күлжәмиланың өзіне жібігеніне қуанып кетті.


— Қазір, қазір, бәйбіше.


Үйіне қарай бүгжеңдеп жүгіре жөнелді.


Өкпесін алып-ұшып жеткен Әсем:


— Дәнекер ағадан ба? О... қандай жақсы болды. Пәле, суретін де жіберіпті ғой.


Хатты суылдатып оқи жөнелді.


— Әй, зуылдатпай жәйлап оқы. Әр сөзі алтын боп тұрғанда... онысы несі судырлата жөнелгені...


Әсем хатты жайлап оқи бастады:


«Жан ана! Әскердегі балаңнан дұғай сәлем. Мен кеткен соң екі көзің төрт болып, жолыма қарап жүрген шығарсың. Осы араға жетер-жеткенше өзіңді ойлап, менің де өзегім өртенді. Өзіңнен бұған дейін алысқа ұзап шықпағандығымнан да болар ол. Жасыма, әскерге бір мен емес, елдің мен қатарлы бар баласы алынып жатыр ғой. Брест деген қалаға келдік. Белоруссияның ғана емес, Совет елінің шеті екен. Буг деген өзен ғана шет елдерден бөліп жатыр. Шекарада әскер ойынын ойнаудамыз. Тамақ тоқ. Үстімізге мына суреттегі киімдерді берді. Қатқан жауынгерміз. Бір жақсысы, Жұманның Келбетінен басқамыз біргеміз. Кәдімгі өзіміздің ауыл көшіп келгендей осы араға. Рас, ойын өте қатты. Таңертең ерте тұрғызады. «Подъем» дегенде үйде ұйқысы қанбаса түске дейін жататын балаңыз ата жөнеледі. Бәріміз де әскер тәртібіне үйреніп келеміз.


Апа! Ауылдан аттанғалы түсімнен бір шықпай қойдың. Жылап жүрген жоқсың ба? Мықты едің ғой, жылама! Анада біз жүрерде қайратыңа мініп жыламағанда сондай риза болдым. Жігіттерге «менің апам алтын десең —алтын, алмас десең — алмас» деп мақтандым да. Сол асылдығыңнан айрылма, жан апа! Үш жыл деген әлі-ақ өте шығады. Ешкілеріңе қысқа қажет шөпті түсіріп береді, хат жазам әзім оларға. Қарның аш бола қоймас, қамықпа. Көппен көрген ұлы той.


Мұнда келгелі көп нәрсеге көзім ашылды. Отан деген өзің сияқты қимас ана екен. Бәріміздің, бүкіл халықтың анасы екен. Егер сол анаға түрткілеп, жау тиіспек болса, кім қарап жата алады. Бұлай дегеніме қорықпа. Әзір ештеңе жоқ. Тыныштық.


Көк құрсаулы өз құрбыларымды көргенде осындай айдынды күші бар елге кімнің батылы бара қояды деп ойлаймын.


«Туған елдің иті де ыстық» деген рас екен. «Алғабастың» үлкен-кішісін, ой-қырын түгел сағындық. Сенің төсіңе басымды қойып ұйықтап қалуды, сенің ұрысқаныңды, кейде тіпті сырық алып үй-үйден қуып жүретініңді де сағындым, жан ана.


Ауыл-аймаққа түгел менен сәлем. Алыста жүрген ұлының еңсесі жоғары, жүзі жарқын болсын десе, артымда қалған анама көздерінің қырын салсын. Анамның қабағына қараған ер-азаматтың жақсылығын тірі болсам өтермін. Алаң болма, жасыма, жан ана.


Дәнекер».


Жиналып қалғандардың бәрі жылап тұр. Күлжәмила да аттың басын жіберген, ағыл-тегіл.


— Ақылыңнан айналайын. Боз қасқаң болайын! Айттым жолыңа өзімді...


Күлжәмила жаулығының ұшымен сорғалап тұрған жасты сүртті. Орынбай шалдың көзі де дымқылданыпты. Таяғына сүйеніп тап қасында тұр екен.


— Тәңір ием! Үмбетіңе өзің жар бола қор! — деп бетін сипап бата қылды ол.


Осы кез кешкі мал өрістен қайтып, күн еңкейіп қалған екен. Күлжәмиланың есіне лақтардың көгенделмегені түсті. Ешкілер тіпті үй жанына таяп қапты. Лақтар тырағайлап жамырай шаба жөнелді.


— Мейлі. Бұлар да бүгін мейірінен шықсыншы. Сүйіншім берген соларға, — деп Күлжәмила жамыраған ешкі-лақтарды елең қылмай тұра берді. Бөрте лақ тұра қалған енесінің емшегіне жармасты. Құйрығы жыбыр-жыбыр етеді.


Бұл күні талай мал жамырап, талай үй сүтсіз қалды. Бірақ оны елең қылған ешкім жоқ. Көп үйге келген үш бұрыш хаттардың төңірегінде гу-гу әңгіме. Кеткендеріне айдан асқан азаматтарды бүкіл ауыл сағынғандай. Бүкіл ауыл қуанысып жатыр.


Түн де бұлтсыз, біртүрлі жайдары екен. Жұлдыздар Күлжәмилаға киіздей қалың көрінді. Бәрі бірдей жымыңдап, жылт-жылт етеді. Ауылдың әлі де басылмаған дабырына құлақ түріп, жымыңдаған жұлдыздарға қарап Күлжәмила ұзақ тұрды.


Күлжәмила ашық аспанға тағы бір қарағанда үркерге көзі түсті. Едәуір уақыт болғанын сезді. Омырауынан манағы суретті жұлып алып, баласының бетінен тағы да бір сүйді де, үйге қарай беттеді. Бөрте лақ та күндегі үйренген орнына келіп жатты. Күлжәмила хат пен суретті кеудесіне қысқан бойы ұйқыға кетті.


Бұл жылғы астықтың шығымына таңқалмаған жан жоқ. Жиып ала алсақ жарар еді деп қауіптенген жұрт. Қара күз болып қалса да елдің көбі егіс басында, қызыл танау кез. Тіпті үйіне де келмейді, қоста, қырманда түнейді. Жалғыз өзі әбден зеріккен соң бір күні жұрт арасына баруға аңсары ауды. Таяғын беліне қыстырып, ауыл сыртындағы қырманға қарай аяндап келеді. Жел оңынан тұрып, сірә, жігіттер дән тастауға кірісті білем, қырман үстінде шаңнан көтерілген түйдек-түйдек бұлт көрінді. Дән тиеген арбалар керуені өзіне қарсы беттеді. Неғылса да иә қамбаға, иә Антоновкаға астық өткізуге бара жатыр. Парлап жегілген өгіздердің бастары шайқалақ-шайқалақ етеді, тиелген жүкті әрең тартып келе жатқандай. Аңыздан салынған жол да тым борпылдап кетіпті. Арбаның дөңгелектері ортан беліне дейін көрінбейді. Соның әзінде сықыр-сықыр етіп сынып кете жаздап келеді:


— Соп! Соба!


Анда-санда шығатын арбакештердің осындай үндерінде бөлекше пандық бар.


Тасталған бидайдың будақ-будақ бұлты, қолдан үйілген жоталардай тізіліп тұрған ұзын-ұзын маялар, шұбырған мынау керуен, алтын жалатқандай болып жатқан айналадағы аңыз — бәр-бәрі ғажап бір сурет. Сол көрініс ауыл шетіне шығысымен қарт-ананы өзіне баурап әкетті. Үйде отырамын деп дүниеден құр қалыпты. Мынау қырманға күніне бір келіп кеткенінің өзі не тұрады. Сергіп қалмай ма!


— Апа, аман ба?


— Әпке, халыңыз қалай?


Арбадағылар Күлжәмиланы көрісімен жапатармағай сәлем беріп жатыр.


— Шүкір, қарақтарым. Аларларың көбейсін.


— Айтқаныңыз келсін!


Қолын көзіне көлегейлеп тұрып, арба айдап бара жатқандарды түгендеп шықты. Шаң арасынан бірін таныды, бірін танымады.


Қырманға келгенде Күлжәмиланың көзіне ең алдымен түскен Нәшен. Дән шарлап тұр екен. Қасында дән тастап, иықтарынан дем алып тұрған төрт жігіт бар. Күлжәмилаға бәрі жапырлай амандасты. Нәшекең алдындағы үйіндіден бас алмастан бидай шарлап жатты. Шарлауында мін жоқ. Әккі диқанның өзі. Әбден тазарған баданадай дәндер құмша сусып тұрмайды.


Қырманның екінші шетіндегі комбайнның сақылы ештеңе естіртпейді. Ол жақтағы шаң-тозаң кәдімгі құмда соққан дауылдай. Бау-бау бидайды бір топ адам маядан құлатып жатыр. Екі кісі олардың беліндегі баулықтарды сырт-сырт үзеді. Қас қаққанша баулықтан босаған бидай комбайнның өңешіне ысырылады. Кәдімгі пешке тығылған отындай. Сақ-сақ, тарс-тарс етіп үсті-үстіне шақ келтірмей жұтып жатқан бірдеңе. Жаңа ғана таудай боп тұрған үлкен мая әп-сәтте мұжылды да қалды. Күлжәмиланың естігені болмаса, комбайнды көргені осы. Өнер-ақ! Қандай бас ойлап тапқан, ә? Дәні бір бөлек, сабан-топаны бір бөлек түсіп жатыр. Баяғы заман болса мына маяларды бастырып алуға қанша уақыт кетер еді.


Нәшекең Күлжәмиланың қасына келіп хал-жай сұрады. Жігіттерге біраз демалуға рұқсат берді. Екеуінің ұзақ әңгімелесу ниеті бар еді, жұрт абыр-сабыр бола қалды. Қараса, шұбырып орақшылар келе жатыр екен. Дені әйелдер. Бригадирді, есепшіні орталарына алған. Орақтары иықтарында. Қырмандағыларға айқайлап сәлем жолдап, ал қырмандағылар оларға қол соғып жатыр. Жаңа ғана безгегі басылған кісідей комбайн да тына қапты.


Нәшекең мен Күлжәмила да жиын жұрттың ортасына келді. Күн бесінге таяп қалған. Жұмыстан қайтуға уақыт әлі ерте еді. Бірақ мыналар қырманға жиналып жатыр. Әншейінде ылғи түксиіп жүретін бригадир Сыдық та қазір көңілді. Ол колхоз партия ұйымы мен басқармасының атынан жиналыс ашты. Негізгі жұмысы бригадирлік болғанмен, келіншектер


Сыдықты «парторг қайнаға» дейтін. Өйткені, осы колхоздың парторгі сол.


— Орақшылар ерледі. Тік тұрған егін түгел бауға түсті. Енді әңгіме тек бастырып алуда ғана... Озық орақшыларға сыйлық бар.


Жұрт гу ете қалды. Кім не алар екен? Сыдық біраз үнсіз қалып, қасына әлдененің келуін күтті. Екі жігіт күзетшінің күркесінен үлкен ала қоржынды әкелді.


— Жолдастар! Биылғы орақтың басынан аяғына дейін алдына жан салмаған бір адам бар. Ол — Имансерік. Бірінші сыйлық — Имекеңдікі.


— Сонда алатыны не? — деп шыдамсыздар шу ете қалды.


— Имекеңнің сыйлығы бір қой, бес метр кездеме!


— Пәлі, қарық болды ғой.


— Мұны білгенде мая салуды қойып, мен де ораққа баратын ем.


Бұлар осылайша өкініш айтып жатыр.


— Имекеңе жетер орақшы жоқ. Өзіміздің комбайн ғой ол, комбайн.


Ортаға сәл еңкіш келген, шоқша сақалды қарасұр кісі шықты. Ыржиып күлгенде мұрты мен сақалының арасынан ақсиған тістері көрінді.


— Қойың өрісте, кейін аласың. Матан мінекей.


— Имеке, той жаса!


— Рас, рас, жасау керек. Орақтың біту құрметіне колхоз жасасын.


— Екінші сыйлық — Жанарға.


Жұрт ду қол соқты.


— Ортаға, ортаға!


— Бұл не алады екен?


— Жанардың сыйлығы — бес метр жібек.


Дәнекер кеткеннен бері Күлжәмиланың Жанармен кездескені осы. Өңі сынықтау көрінді. Әлде колхоз жұмысы шаршатып жіберген бе? Шыт астында тұрса да желкесіне түйген шашы қомақты көрінді. Ерні кезеріп, бетіне қара дақ түскен. Алдында кенеп алжапқыш. Кербез басып ортаға шықты. Күлжәмила екеуінің көздері кездесіп қалды. Еліктің лағындай елең етті. Ибамен басын изеді. Ішінде оқыс от жанғандай жүзі біртүрлі алаулап кетті. Ту сыртынан мың ине қадала түскендей болды. Жұрттың бәрі сыйлық алдың деп емес, есіңе кім түсті деп сұрап тұрғандай көрінді.


— Біздің Жанар — әйелдер арасындағы ең үздік орақшы. Науқан басталғалы бір күн де жұмыстан қалған емес. Бәрінен де бидай орысын айтсаңшы! Қайықша жүзіп береді. Кей күндері Имекеңнің өзін де артқа тастап жүрді.


— Төлептен сүйінші сұрау керек екен.


— Бәйгесін байлайды ғой бізге.


Қуақы жігіттер осылайша шымшылап жатты. Үлкен ала қоржынның ішіндегі сыйлықтар тарап болғанша біраз уақыт өтті. Жұрт дүрілдеп, көтеріліп, көңілденіп қалды.


— Жолдастар, сіздерге арналып мал сойылып, қазан асылып жатыр. Бүгін осында ойын-сауық болмақшы. Ауданнан әдейі артистер келді.


Ел тарай бастаған кезде Күлжәмила қасынан Сыдықты көрді.


— Иә, әпке, қызыл қырман кезінде сіз де қызып кеттіңіз бе? Көмектескелі келдіңіз ғой.


— Атаңның басы. Маған қарасаң жарырсың.


— Ойбай, қойдық. Әпкеме бірдеңе айтсаң, пәлеге қаласың. Неге келдіңіз, бұйымтайыңыз бар шығар?


— Қызыл қырман кезі ғой. Мына Нәшекеңнен кеусен сұрай келдім.


Нәшекең езу тартып күлді.


— Манадан бері неге айтпадыңыз? Парторгтың көзінше сұраған соң бере алам ба енді.


— Әдейі айтып тұрмын. Өзің берсең, ұрлап бергендей боласың. Парторг білсе, ол ұрлыққа жатпайды.


Күлжәмиланың сөзіне бәрі күлді.


— Еңбегімнен жаздырып екі центнер бидай берем. Қаласаң бүгін, әйтпесе ертең түсіртіп берейін үйіңе, - деді Нәшекең.


— Менен бір центнер! — деді Сыдық.


— Тәңір жарылқасын. Зерігіп кеткен соң сендердің төбелеріңді көрейін деп келіп ем. Олжалы болдым ғой.


— Бұл — өзіңіздің сыбағаңыз. Дәнекердің сыбағасы бөлек, бәйбіше!


Көңілі өсіп, жадырап қалған кемпірді Нәшекең одан сайын көңілдендіре түсті.


Күлжәмила ауылға бет алды. Кешкі мал келетін уақыт та боп қалыпты. Лақтарды ертерек қоралау керек. Қырмандағы жұрттың біразы ауылға мана кеткен. Кейбірі үздік-создық енді келе жатыр. Жуынып-шайынып, киініп келмек қой үйлерінен. Ешкілерін сауған соң Күлжәмила да келгісі келді.


«Бозбалаларды көріп, Дәнекерім ойыма түсіп, тағы да көңілім бұзылып жүрмесе... Ойын менің не теңім, айтпақшы, бөртешім әнеукүнгідей тағы елегізіп, маңырап жүрер. Орынбай шалдың кемпірімен түннің бір уағына дейін әңгімелесіп отырып қалған едім. Келсем, бөрте маңырап есік алдында тұр. Мал екеш мал шіркін де жалғызсырап жата алмаса керек. Баласының даусын естіп қорада енесі маңырайды. Ойбу, ессіз басым-ай, сені қамап кетіп қарашы... Бөртешім сол...».


Сырттан сөйлей кірген Күлжәмиланы даусынан таныған бөрте етек-жеңін, қолын жалап бірдеңе дәметкен-ді. Ала келген екі бауырсағын аузына тықты. Солп-солп еткізіп жеп жатыр. Маңырағанын қоя қойды. Қорадағы енесі де тынышталды. Бөртені басынан сипап, құлағынан, аузынан иіскеп, орнына жатқызған. Сол жалғызсырағаны есіне түсіп аяп кетті. Жем, нан, ара-тұра қант бергендікі ме, өзге лақтардан ірі болып өсіп келеді. Бойы қазірдің өзінде енесіне жетеқабыл. «Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды» демекші, Күлжәмила үшін бірақ ол әлі бұлтылдап секіріп жүрген бөрте лақ секілді. Мүйізі де тым шапшаң бой алып келеді. Мал шіркін адам баласындай емес, тез өседі ғой. Бірақ өмірі қысқа, тез қартаяды. Бөрте ит-құстан аман болып, Дәнекердің келгеніне жетсе екен... Бір-екі күнде лақтардың бәрін енелерімен бірге жібермек. Ешкілер суалайын деді. Бұдан әрі қақтап сауа берсе, арытып алар. Ауыл төңірегінде ғана, тіпті кейде өзімен бірге жүретін бөрте енді өзге малдармен бірге өріске шығады. Онда да тентек болар ма екен. Кеше бақылдап теке болып жүргенін байқаған-ды. Тарттырып жібермесе ет алмас. Орынбай шалдың қолы жеңіл деуші еді. Түнеукүнгі көк төбетінің өшін алсын...


Күлжәмила өз-өзінен күліп жіберді. Әлдекім естіп қалмады ма екен деп артына қараса, өкшелей басып Жанар келеді.


— Ей, сен салдақы неғып ел соңында жүрсің?


— Әпке, сіздің оңаша қалуыңызды күттім.


«Әпке» дегені Күлжәмилаға да, өзіне де ерсілеу көрінді. Елдің бәрі «әпке» дейтін болған соң, бұл да солай атап еді. Біртүрлі қашықтатып алған сияқты. Манадан бері осы адамға ақтарылғысы келіп тұрған сезімді әлгі сөз бөгеп тастады. Күлжәмила да «салдақы» деп мұның бетіне салып жіберді. Басқа біреу болғанда айқаса түсуге бар еді. Мына адамның ба, әлде бір белгісіз сезімнің бе, мысы басып жібермей тұр. Үнсіз қатар жүріп келеді. Манадан бергі ойы мынау аяқ астындағы борпылдақ топырақ секілді басы бірікпей, жан-жаққа сусып қашып жатыр. Әлден уақытта барып:


— Апа! Мына сыйлығымды сізге байладым! — деді.


Кенеп алжапқыштың астынан мана алған бес метр жібекті суырып алды да, Күлжәмиланың білегіне қыстыра салды. Өзі жылап, ілгері жүгіре жөнелді.


«Қағынған аузым қашан абырой әпересің. Мына бейбақты ренжітіп алдым-ау, ә! Шын ықыласы шығар». Дәнекер әскерге жүрерде кестелі орамал әкеп бергені есіне сап ете түсті. Онда батыл, ақ жарқын, айбынды секілді еді. Бүгінгі сыңайы тым сынық. «Жылатып алдым-ау, сорлыны. Мен секілді ол да мұңлы ма екен? Адам құсап тіл қатпай тырнап алдым-ау бетін».


— Оу, Жанар! Тоқташы. Бетіңді бері бұршы!


Жанар солқ-солқ етіп жылаған күйі артына қарамастан, жүгіре басып кете берді.


ТӨРТІНШІ ТАРАУ


Күн желдетіп тұр. Аяқасты батыс жақты қою қара бұлт басты. Түйдек-түйдегімен шөпшілерге қарай жөңкіліп көшіп келеді. Жаңбыр исі білінді... Биіктеп қалған маяның үстіне шөп беру қиындай түсті. Нәшекең бол-болдың астына алып, жаңбыр жауғанша маяны шығарып кеткісі кеп тұр. Сүйретпелермен әкеле жатқан шөпті жел кей жерде төңкеріп кетіп жатыр. Биік маяның үстінде Нәшекең бәрін көріп тұр. Жаңағы қалың бұлт оңтүстікке ойысты. Сарқанттың тұсындағы Алатау көрінбей қалды. Байқап тұр, Сарқантқа жауын құйып берді. Көп жылғы тәжірибеден түйіп жүргені бар, Сарқантқа бұлт үйірілді дегенше, мұнда да жауын жауды дей бер. Жаз шыққалы тамбай қойып еді. Мына қалың нөсер бұдан жарты ай бұрын болсашы, шіркін. Табиғаттың өзі қызық, бірде, қолы ашық та, бірде, тым қытымыр. Былтыр ғой, қолмен қойғандай дәл керек кезінде жауын жауды да тұрды. Түнде құйып береді де, күндіз ашылып кетеді. Астықтың астында қалғандары да сондықтан. Биылғы көктем кеш шықты да, оның үстіне аңызақ жел көп болды. Нағыз керек кезінде жауын тамбай қойды. Нәшекең әнеукүні егінді аралап көргенде бидайдың бойы тырбиып қалған екен. Көп жерде басын жарып кетіпті. Содан бригадирлерге «енді суға баспасаңдар, жауыннан қайыр күтпеңдер» деген-ді.


Нәшекең сасырдың құлағын көргенде қатты шошыды. Бұл өзі ғажап өсімдік. Бәрінен ерте піседі, бәрінен бұрын ұшады.


Бар ғұмыры бір-ақ апталық. Сол аптаның ішінде жұлып алмасаң бітті, сасыр жоқ. Оның күштілігі сонда, желіндеп тұрған буаз биеге берсең, құлын тастайды. Ал құлындаған соң берсең, таптырмайтын қалжа. Малдың белі тез бекиді. Әсіресе, қой, ешкі қатты сүйсініп жейді. Оларға да көбінесе туғаннан кейін беру керек. Осыдан бір ай бұрын Нәшекең балаларды жауып, ең алдымен Күлжәмилаға бір шөмеле сасыр жұлдырып берген. Сасырдың құлағы құрысып шыққан жылы құрғақшылық болады. Мұны Нәшекең сан жылдар бойғы тәжірибеден жақсы біледі. Сол құрғырдың құлағы биыл құрысып шығыпты. «Өй, құлағың құрғыр!» деп Нәшекең алғаш көргенде қамшымен тартып жіберген. Айтқанындай боп шықты. Жаңбыр тамбаған соң шөп сұйық. Сол сұйық шөптің езін жинап алуға жанталасқан жай бар. Нәшекеңді колхоз басшылары науқанның осы саласына әдейі қойған еді. Тапсырылған істі тап-тұйнақтай етпей тынбайтын ол кісі өзі де тыныштық көрмеді, өзгеге де тыныштық бермеді. Қоңыр жотаның үстінде анда-санда бір көрінген маялардың өзі де шөптің биыл сұйық екенін аңғартқандай. Шөп қалың шыққан жылдары бұл жерде маялар жыбырлап қаптап тұрушы еді.


Нәшекең айналаға көз тастады. Сонау шеттегі маяларды жел жұлмалай бастады. Үстіндегі өз көйлегі де делдиіп, кең дамбалының балағы үрген бүйендей боп кетті. Жерден көтерілген шөпті әрең ұстайды, аяғымен басады, ашасымен басады.


— Нәшеке, тез жерге түсіңіз. Мына жел шөппен бірге өзіңізді аударып тастап жүрер.


Осындай дауыс төменнен әрең-әрең естіледі.


Әлден уақытта жел саябырлап, жауын тамшылай бастады. Сарқант жақтан қалың жаңбырмен жарыса суыт келе жатқан бір атты көрінді. Ол шөпшілерге тіке тартты. Шөмелешілер де, маяшылар да салынған маяның түбіне жиналып қалғанды. Бірсыпырасы тамшылай бастаған жауыннан қорғанып, бешпеттерімен бастарын бүркеп алыпты. Бәрі әлгі аттыға қарайды. Парторг Сыдық. Оның қабағы мына түнеріп тұрған күннен де жабыңқы көрінді. Екі бетінің ұшынан ғұмыры кетпейтін тарам-тарам қызылдары да жоғалып кетіпті, өңі боп-боз. Маяның қасына келісімен ауыр күрсініп аттан түсті. Үсті малмандай су. Жұрт үрпиісіп қалды. Нәшекең әлі маяның үстінде болатын. Сыдық аяғына тас байлаған адамдай ауыр басып, жиын қасына жақындады. Көкірегінде одан да ауыр бірдеңе бар.


— Сыдық-ау, жай ма, өңің неге қашып кеткен? — деді Нәшекең айғай салып. Даусы тарғылданып шықты.


— Жай болмай тұр.


— О не пәле?


Жұрттың бәрі шу ете қалды.


— Соғыс! Немістер басып кіріпті.


— О... Сұмдық құдай, не дейді?


Әйелдер жылап қоя берді. Еркектер төмен қарап тұнжырап тұр. Сыдық осы тұрғандардың бір-бір аяулысын атып өлтіргендей айыпты сезінді өзін. Нәшекең де ашасына сүйенген күйі қалшиып қатып қалыпты. Жұрт сол күйі ауылға қарай жөңкіле жөнелді. Әркім жау өз үйінің іргесінен шыққандай ызалы.


— Оу, Нәшекенді түсірмейсіңдер ме?


Сыдықтың сөзіне жалт қараған екі-үш жігіт үнсіз келіп, ұзын арқанды маяның үстіне лақтырды да, бір ұшынан өздері мықтап ұстады. Нәшекең лақтырған ұшын беліне байлап, маяның екінші жағынан сырғанап жерге түсті.


Осы кезде жаңбыр құйып кетті. Шарт-шұрт найзағай жарқылдады. Аспан айрылып кете жаздағандай болды. Артынша тамшылары баданадай нөсер төгіп берді. Суық хабарды естіп ауылға қайтқан жұрт мұны елер емес. Өз кеуделерінде де найзағай ойнап, нөсер құйып келеді.


Нәшекеңнің ойына өткен күзде әскерге аттанған 17 жігіт түсті. Ішінде өзінің туған ағасы, жетпістегі Ахметжанның Қалиы да бар. Анау Күлжәмиланың Дәнекері... Баласының әскерге алынғанының өзіне жер-көкті жұлып жүр еді. Енді мүлде сорлады ғой, бейбақ. Оңаша келе жатып ішінен дұға оқыды. Сақалынан сорғалаған жаңбыр өңірін шайды. Ағыл-тегіл жылап келе жатқан адам секілді. Дұғасын бітіріп, бетін сипап артына қараса, жалғыз Сыдық қалыпты. Ол шөмеле тасудан босаған егіз, аттарды жиыстырып, ауылға қарай айдайды. Өгіздер жерге жабысып өліп барады. Жаңбыр суына бусанған шөп дәмді болса керек. Малдың аты мал ғой, қарын тойса болды да. Әншейінде өгіз қайырып көрмеген Сыдық бүгін бұл міндетті өз мойнына алғандай. Нәшекең оны да жылап жүр деп ойлады.


Жаңбырдың тамшылары ұсақталайын деді. Тегі ұзаққа сілтеп, ақ жауынға ұласқалы тұр-ау. Сыдық қайыру бермеген егіздерді қамшымен осып-осып жіберді. Манадан бергі ішіне сыймай тұрған бірдеңе лықсып сыртқа шыққандай. «Түсінбейсің, ел басына күн туғанды, өгіз болып жаралып, өгіз болып өлесің ғой, сен шіркін». Нәшекең Сыдықты мынау ақ жаңбырдың астында жалғыз қалдырғысы келмеді. Кейін бұрылып, кілт тоқтады.


Екіндіге таяна жаңбыр толастап, күн ашылайын деді. Ертеңнен ешбір қыбырсыз тұрған ауылға жан бітті. Әсіресе, орталық мал қорасының төңірегі абыр-сабыр бола бастады. Науқан кезінде әр үйден мал жиып жүрудің ыңғайсыз екенін ескеріп, колхоз басқармасы орталықтан қора салған. Жұрт түскі, кешкі кезде жекеменшік малдарын осы жерден сауады. Мұның ыңғайлы болатыны әркім үйіне мал айдап, оны өргізерде тағы қайта жинап жүрмейді. Қозы-лағын көгендеп, қой-ешкісін осы жерден сауады да кетеді. Бұл, әсіресе, балаларға рахат болып еді. Олар түскі, кешкі мал келерде бастары қосылып, асыр салып ойнап қалады. Күлжәмила бұлардың «әскер ойындарының» үстінен әлденеше рет шығып, шықпыртып қуғаны бар.


— Ырымы жаман иттер! Атыстан басқа ойың құрып қалып па?


Қолына түскен талайдың құлағын бұрап, жеті әкесінен бері қарай сан суарған. «Әскер ойынын» ойнағанда балалардың біреуі Күлжәмиланың үй жағына қарап тұрады. Аю кемпірдің төбесі көрінді-ақ, тым-тырақай қашып береді.


Бүгін балалардың да өңі пәс. Төбесі ашық қораның іші күні бойы жауған жауын және қой-ешкінің қиымен араласып, лайсаң болып жатыр. Отырып мал сауатын тоқымдай құрғақ жер жоқ. Жұрттың бәрі дегдіген жерді қуалап, сыртқа шығып кеткен. Кейбір әйелдер мал сауып отырып еңіреп отыр. Оны көрген баласы қойдың не ешкінің басын ұстап тұрып төмен қарап мұңаяды. Жаман хабар бүкіл ауылдың реңін алып жіберді. Үлкен де, кіші де, жас та, кәрі де мұңды.


— Қарағым-ау, жау тіпті ентелеп ішке кіріп кетіпті дейді ғой. Әлгі ешкімді жібермес көк құрсауымыз, жауға сүйемдей жер бермейтініміз қайда?


— Қапыда соққан ғой, қапыда!


— Ой, зұлым ит-ай, не жетпейді екен!


— Тура біздің ауылдың балалары тұрған жерден келіп тиіскен дей ме?


— Қайран азаматтар-ай, аман болса жарар еді.


— Құдайым-ау, сақтай гөр. Ақсарбас!


Ышқына шыққан ащы дауысқа жұрт елең ете қалды. Оқыс үнге ешкілер де құлақтарын түргендей.


— Қу құдай! Шұнақ құдай! Соғыс деген не пәлең? Күнде саған жалбарынып жүргенде жарылқағаның осы ма! Жұтпаймысың мені одан да. Жібер қазір ажалыңды, ат оғыңды мына маған.


Жер-көкті басына көтеріп келе жатқан Күлжәмила екенін жұрт бірден таныды. Онсыз да сыздап тұрған жүректі Күлжәмиланың жаңағы сөздері тіліп-тіліп жібергендей болды.


— Астапыралла! Мына бейбақтың құдайда несі бар?


— Ашынған соң қайтсін сорлы.


Екі көзі қанталап, бетінің түктері түгел тікірейіп кетіпті. Қолындағы шелекті онды-солды сілтеп, әлі зарлап келеді.


— Шетіңнен шешек алсын жүгермектер. Атысып жүріп ақыры дегендеріңе жеттіңдер ме! Құдайдың оғы тигір, қу жүгермек өңшең!


Ай-шай жоқ, шетте тұрған баланы көк желкеден түйіп жіберді.


— Сабыр, бәйбіше, сабыр! Неге таусылдың сонша? Бір сенің басыңа емес, елдің басына туған күн ғой.


Осылайша басу айтып алдынан шыға берген әйелдің сүт толы шелегін теуіп кеп жіберді.


— Көсемсуін, көрлақаттың. Жалғызың жау етінде қалса көрер ем, қалай зарлағаныңды?


Жұрт қазір бұл кемпірдің алдынан шығудың бекершілік екенін бірден ұқты. Тек бөрте ғана алшаңдай басып қасына келді. Әдетінше, жеңінен иіскей беріп еді, қолындағы шелекпен бір перді. Шелек мүйізіне соғылып, даңғыр ете қалды. Кейбір әрең тұрған асау қойлар басын ұстаған баланы жұла-мұла ала жөнелді. Бөрте серке ішін де жиған жоқ, Күлжәмиланың артынан еріп келе жатты.


— Тілеуі теріс кебенек! Қасқыр жесін сені.


Бірақ қайтып ұрған жоқ. Бүгін Күлжәмила елдің ең соңында қалыпты. Лақтары қлардай шулап келеді, көгенді жұла тартып, әрең тұр екен. Орталық қораға көшкелі Күлжәмила өзі лақ көгендеп көрген емес. Бұл ауылдың балалары оның лактарын шетінен таниды. Кемпірді аяп, бірі болмаса бірі көгендей салады.


Жұлынып тұрған лақтарды шетінен ағыта бастады.


— Бар, жамыра, жамыраңдар, кебенектер. Мына құлағы жоқ қу құдай, қатын-баласы жоқ тұл құдай, жалғызыңды жаудан қақтым деп сыбырласа, бөртені бас қылып қырар едім бәрінді, неменеме мал бағып жүрмін осы!


Бәрі — күйгендіктің салдары. Бөртені ұрғаны да, лақтарды түгел ағытып жібергені де Күлжәмиланың құсасын азайта алған жоқ. Шелегін алып келген бойы бостан-босқа қайта алып қайтты. Аяғының астындағы су ма, шалшық па, оны елең ғып жатқан Күлжәмила жоқ. Есеңгіреген адамша аяғын ана жерден бір, мына жерден бір басады. Буындары сырт-сырт етіп, артынан бөрте еріп келеді. Өзге ешкілер бөртені қимаған кейіппен елең-елең етіп қорада қала берді.


Бұлт болғандықтан ба, күн ерте кешкірді. Қайтадан суық жел соқты. Жаздың ортасы дейтін емес, кәдімгі күзгі қара суық секілді. Әлде бағанағы нөсердің арты ана тауда қарға айналды ма екен? Ондай жағдайда бұл ара тез салқындай қалушы еді. Бір қызығы, бұлтты күні Бесбақсының желі соқпайды. Сондықтан бүгін әдеттегі самал жоқ. Тыста да ызғар, іште де ызғар. Әлден уақытта бұлт астынан батып бара жатқан күн көрінді. Қып-қызыл, қанға малынып тұрғандай. Бұл көрініс ауылдың мұңын тіпті ауырлатып жібергендей болды. Күнде кешке таманғы азан-қазан у-шудан белгі де жоқ.


Әр-әр жерден ауыл иттері ұли бастады. Әлден уақытта ауылда тіпті үйір-үйір қасқыр қаптап кеткендей болды. Бірінен-бірі қалыспай ұларда-шу боп ұлыған иттер үрейді ұлғайта түсті. Жаңа ғана қораланған қойлар елегізіп үрке бастады. Қора іші әлденеше рет дүр-дүр етті. Әсіресе, ешкі шіркіндер секең-секең етіп тоқтамайды, «ә» десе ата жөнелейін деп тұр. Күзетші де қорыққанынан қораның аузын ерте бекітті. Мына түнде бір жаққа босып жүріп берсе ғой, бітті...


Күлжәмила үйіне қарай дауыстап жылап келе жатқан-ды. Манадан бергі кернеген құса бойын әлсіретіп, енді ағыл-тегіл жасқа айналып еді, буын-буыны дірілдеп құлайын деп келеді. Дәл есігінің алдында Орынбай шалдың көк төбеті құйрығын бұтына қысып ұлып тұр. Онсыз да әрең келе жатқан әлсіз жүрек аузынан шығып кете жаздады. Қалшиып тұрып қалыпты. Көк төбет қаңқ ете қалды. Қараса, әлгінде ғана артында келе жатқан бөрте бар пәрменімен бүйірден кеп періпті оны. Алғашқыда ит екі домалап түсті. Бөрте қуалап жүріп сүзіп жүр. Төбет қыңсылап қашып ала жөнелді. Бөрте өз-өзінен еліріп, жер тарпып, қайта-қайта пысқырынып, үйге кірмей қойды. Біресе орталықтағы қора жаққа, біресе көк төбет қашқан жаққа қарайды.


«Айтақ, айтақ» деген күзетшінің үні шықты. Ол бүгін жиі айқайлайды. Сірә, қорқып тұрған болса керек. Күзетші айқайлаған сайын ауыл иттері шу-шу етеді.


Күлжәмила бөртенің мойнынан құшақтап тұрып, айқай салып жылады.


— Дәнекер-ау, бармысың, әлде жоқпысың? Буын-буыным құрып, мына қу жүрегім неге суылдайды?


— Қойыңыз, бәйбіше! Бейуақытта бүйтпес болар.


Қараса, Нәшен.


— Нәшеке-ау, мына құдаймен тілдессеңші. Ең болмаса, саған жөнін айтар.


— Сабыр, бәйбіше. Жаман ырым шығармай, үйіңе шам жақ.


Нәшекең Күлжәмиланы үйге кіргізді. Бөрте де мүйізі сорайып бірге кірді. Күндегідей емес, тынышсыз. Әншейінде тимейтін ала мысықты да сандықтың артына қуып тықты.


Төлептің үйінің маңы ығы-жығы. Көбінесе, кемпір-шал мен бала-шаға.


Аз күнде апа-сапасы шығып, ауыл азаматтарының көбі әскерге кетті. Күніне төрт-бес адамды шығарып салу әдетке айналды. Баяғы Дәнекерлер аттанғандағы салтанат та жайына қалды. Шақыру қағазы келгендер үй-ішімен қоштасады да, колхоз бөлген көлікке мініп, аудан орталығына тарта береді.


— Бүгін пәленше аттаныпты, түгеншеге шақыру қағазы келіпті, — дегенді жұрт жұмыс басында жүріп-ақ ести салады.


Жұмыс дегенде не, ана жұмыс та, мына жұмыс та адам жетпейтіндіктен тоқтап жатыр. Жылда егін орағы басталғанша пішен шабу тап-тұйнақтай бітіп тұратын. Биыл олай емес, пішенге де, ораққа да адам жетпейді. Колхоз председателі Ахметқожа алғашқы шақырылғандардың бірі болып әскерге кетті. Уақытша бастық — Сыдық. Председатель де, парторг те, бригадир де өзі. Бірінші бригадаға Нәшекеңді ие етті. Үшінші бригадаға бастық — Нәшекең сияқты алпыстан асқан шал Құмар.


Екпе жоңышқа басын жарып бара жатқан соң Сыдық шалғыға сегіз әйел шығарды. Біреуі де бұрын шалғы шаппақ тұрмақ, оның құлағын ұстап көрмеген. Бас-көз болып әрі шалғыларын жанып беруге бір еркек керек. Ары ойлап, бері ойлап, Сыдық Шораби ақсақалға тоқтады. Бұл өзі қызық кісі. Оның оң сөйлегенін ешкім көрген емес. Ылғи теріс сөйлейді. Және адамның зәресін ұшыра сөйлейді. Сырмінез емес кісі, «мынаның дені дұрыс па?» деп шошып қалуы да ықтимал. Кері сөйлеп, ылғи кері мінез көрсеткендіктен бе, жұрт оған көп жоламайды, өзі де ешкіммен жуыспайды. Әйтеуір, жаратылысы бөлек адам. Ел аман, жұрт тынышта қай-қайдағы сұмдықты шығарып отырғаны. Оның бір әңгімесі Сыдықтың әлі құлағында. Есіне түскенде жүрегі зу ете қалады. Бір күні Шораби байлап отырған көк биенің қымызын ішуге аңсары ауып бара қалады. Аман-саулық айтып, әдеттегі «халіңіз қалай, ақсақал?» — деген сұраққа берген жауабы:


— Құдай жалғыз ұлды жайратып алса. Шораби қос бүйірін таянып зарлап отырса!


Сыдық шошып кетті. Бес қыздың ортасында жалғыз ұлы бар еді. Соған тілеп отырған тілеуінің түрі әлгі. Қымыз ішпек тұрғай, тұра қашқандай болады.


Міне, сол қырсық мінезді қиын шалға іс түскелі тұр. Әйелдерге бас-көз боп бар, шалғы ұстауды үйрет деп айтпақ. О, ғажап, ләм деместен әлгі шал айтқанына кәне кетті. Сыдық бұған таңқалды.


Жұмсағанның ертесіне шалғышылардың халін білуге келгені бар. Шорабидің салалы сақалы, тіп-тік ұзын бойы бірден көзге түсуші еді. Сол себепті де ауылда оны «ұзын шал» немесе «қырсық шал» дейтін. Сыдық қалшиып-қалшиып тұрған әйелдерді, Шорабиді көрді. Екі күннен бері шапқандары екі-ақ тілік. Жақындай бере өз кезіне әзі сенбеді. Шораби жылап тұр. О, ғажап, оң сөйлеуді білмейтін, ашуланғанда жалғызына да өлім тілеген тастай адамның да көзінен жас шығады екен. Әйелдерде үн жоқ. Олардың да үш-төртеуінің көздері білеудей.


— Ей, Сыдық! — деді Шораби жұлып алғандай, — мына азабыңды көрсеткенше, мені де жібер майданға. Ең болмаса, бір немісті өлтіріп, жастығымды ала жатармын. Қабырғасы қайысып әйел қашан шалғы шауып еді? Көрсетпе мына сұмдығыңды. Қара, ана шалғыларды.


Бес шалғы ұңғысынан сынып жатыр. Сыдық бәрін түсініп тұр. Тұнжырап төмен қарайды. Әйелдер сілтеген де жерге ұрған, жерге ұрған да сындырған. Азамат жоқта ару басына туған осындай күн «қырсық шалдың» да жанын күйзелтсе керек. Оның оң сөйлегенін тұңғыш көргені осы. Әншейіндегі мінезінен ар жағында қан қатқан адам ба деп ойлаушы еді. Мұның да елжірер жүрегі, мұның да мұңлы күй шертер нәзік пердесі бар екен ғой.


Айналаға ойлы көзбен қарайды. Мына жоңышқаны екі күнде-ақ апай-топайын шығарар жігіттер көз алдына келгендей. Тершіген жоталары жылтылдап, бірін-бірі қайрап, жұмысты шақ келтірмей жатпаушы ма еді, осы арада. Көк биеге шоп ала келгенде Шораби да қызыға қарап, «шіркін, жігіттік шақ-ай!» деп тұрушы еді. Ойы кілт үзіліп, қыбырлай бастаған әйелдерге көзі түсті. Қимылдары тәй-тәй басқан баладай тым сенімсіз. Шалғыларын жердегі шепті аяйтындай ақырын-ақырын сермейді. Кімге сенеді, кім келіп шауып береді. Өнімсіз болса да осылай қимылдай беру керек. Сыдықтың ойы да осы тұйыққа келіп тіреледі. Шорабидің көзі Жанарға түсті. Ол тағы алдыға шықты. Сегіз әйелдің ішінде шалғы ұстауға бейімдісі осы. Бірақ аузы-мұрнынан шыққан екіқабат. Кеше «тым тыраштанба» деп ұрсып тастаған.


«Өзіңді аямасаң да, ана Төлепті ая! Ғұмыры шыр еткен перзент даусын естімеген сорлы ғой ол».


Жанарды шалғыға шық деп зорлаған ешкім жоқ. Ел жұмысқа кеткенде қаңыраған жұртта қалғандай болады. Мұның өзі оған үлкен азап. Неше түрлі үрейлі ойлар келеді. Соғыс басталғалы Дәнекерден де хат үзілді. Бұрынғы жазғандарын жылап отырып қайталап оқиды. Біреудің әйеліне қайтып қана шешіліп жаза алсын. Амандықты Төлептің хал-жайынан бастайды. Көз қылғаны ғой. «Қадірлі ағамызға, жеңгемізге» деген сөздер тұрады. Бірақ мұны Жанар өзінше ұғады. Келген хаттарды жинап тығып жүретін. Міне, енді сол саран жазатын хаты да жоқ. Қатар кеткен он жеті жігіттің бәрінен де хабар пышақ кескендей тыйылды. «Апыр-ау, шынымен-ақ бәрі бірдей өлді ме екен?» Осы ой келгенде жүрегі аузына тығылып, тынысы тарылады. Сол сәтте іштегі нәресте бұлқынып-бұлқынып қалады. Оның да тынысы тарылып кететін сияқты.


Дәнекер кеткелі Жанарға мұң біткен. Төлептің үйде бары да, жоғы да бір. Бұрынғыдай оның сақина, білезік, бәкі соққанына да қызықпайды. Өз үйі де, колхоз да қаңырап бос қалғандай. Үйде іс соққанда Төлепке көрік басып беруші еді, оған зауқы да жоқ. Дәнекерсіз осынау тоғыз ай Жанарға тоғыз жылдай боп көрінді. Оның үстіне аяғы ауырлап, денесін зіл басып барады. Сағыныш зілі, іштегі нәресте зілі, ел басына туған мынау сұрапыл соғыс зілі — бәрі қосылып жалғыз қалғанда жанын жаншып жібереді. Содан бір мезгіл сейілгісі келгендей шалғыға шыққан-ды. Шорабидің сақалынан аққан алты тарам жасты, ел ағасы Сыдықтың тұнжыраған түрін, қасындағы әйелдердің білеудей көзін көріп, өзінше қайрат шақырды. Шалғыны өзгелерден гөрі құлаштаңқырап, сермеп-сермеп қалды. Кенет белі сынып кеткендей болды. Іші бүріп ала жөнелді. Бүк түсіп отыра кетті. Қасындағы әйелдер абыржып үймелесіп қалды.


— Сықа! Қайнаға! Жанарды тезірек үйге жеткізу керек.


Әйелдердің абыржуынан Шораби де, Сыдық та бір пәленің болғанын сезді. Бурыл атқа екі әйелді мінгестіріп ауылға жіберді.


— Көздерің қарайыпты-ау, әбден. Ай-күні жетіп отырған адамды осындай жұмысқа жіберуге болар ма! — деді Шораби әдеттегі зәрлі үнімен.


Сыдықтың бетінен оты шықты. Қызғылт жүзі өрт сөндірген адамдай күреңденіп кетті. «Мен де барайын» деген соң қарсылық білдірмеп еді. Бекер істеген екен. «Бір адам да болса қара көбейсін» деген ой қайдан келіп еді. Өзін айыпты сезініп тұр.


— Іші маған кішілеу болып көрініп еді.


Естілер-естілмес етіп, мұрнының астынан міңгірлеп айтты бұл сөзді.


Шораби Сыдықтың күреңіткен жүзіне сұрланған сұсты күйі ұзақ қарап тұрды. Бурыл атқа мінгескен екі әйел ауыл қасындағы өзекке түсіп көрінбей кетті.


Сол толғатқаннан Жанар үш күн толғатты. Үшінші күні әлсіреп, ауық-ауық есінен айрылды. Төлеп мойнына бұршақ салып, зар илеп далада жүр. Көрген жұрт аяп кетті байғұсты. Құдайға жалбарынып, нәресте мен ананың жанын аман қалдыруды сұрайды. «Төс шақылдат» деді, «қазан қақ» деді, төс шақылдатты, қазан қақты. Бес-алты кемпір үш күннен бері Жанардың ішін кезек-кезек тартып өздері де шаршады. Жанарды да шаршатты. Мұның сорына ауылдағы жалғыз фельдшер қыз да болмай қалды. Сыдықтың ауданға шаптырған адамынан хабар жоқ. Ауылсоветтен телефон арқылы сөйлескенде «дәрігерлер әскерге алынушыларды қараудан қолы тимей жатыр», — деген хабар алды. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген осы.


Есі кірген бір сәтте Жанар кемпірлерге Төлепті шақыртты.


— Күлжәмила кемпірді... шақыршы! Білетін кісі деуші еді... Жанар бұл сөздерді үзіп-үзіп айтты. Төлеп жүгіріп ала жөнелді.


Күлжәмила келгенде Жанар тағы талықсып кетіп еді.


— Қарағым-ай, ашшы көзіңді, келдім мен, келдім! Жанар көзін ашып, езуін тартты. Шар етіп бала жерге түсті.


— О, қасиетіңнен айналайын, иелі әпкем. Сені күтіп тұр екен ғой.


— Төлептен сүйінші сұраңдар! Жылқышы, жылқышы! Құдай тілеуін берді, байғұстың.


Екі кемпір таласа-тармаса далаға тұра ұмтылды. Кішкене есікке кептеліп қалды.


— Төлеп! Төлеп! Сүйінші! Қатының ұл тапты, ұл тапты, — деп жарыса айқайлап жатыр.


Сасқаны ма, қуанғаны ма байғұстың, «рас па, рас па» деп есік алдында бүлк-бүлк желеді. Жаңағы таласа шыққан екеудің ішіндегі бір дарақысы Төлептің басынан ұдайы шешпей жүретін тақиясын ала қашты. Ақжем-ақжем боп тұрған тазы көрініп қалды.


Төлеп қызарып кетті.


— Ойбу, басыңның пәлесі бар екен ғой. Оны қайдан білейін. Ұл туғанда бір ашылса, ештеңе емес.


Қарқ-қарқ күліп, өзін-өзі жұбатып жатыр. Төлептің тақиясын да бере салды.


Мынау ығы-жығы жұрт «Жанар босанды» деген соң келіп қалған кемпір-шал, бала-шаға болатын. Даладағы жерошақта шай қайнап, қорада қой сойылуда. Түскі жұмыстан қайтқандар да «бауы берік болсын» айтып кіріп-шығып жатыр. Сыдық, Нәшен, Шораби үшеуі де бірге келді.


— Шалғы басында толғаттың, Шалғыбай қойшы өзінің атын, — деді Шораби күліп.


— Төке, әйеліңіз аман-есен босанды. Түстен кейін дүкенге бармасаңыз, екі комбайн, үш лабогрейн тоқтап қалды.


Сыдық жұмыс жайын сөз қылып жатыр. Нәшен Жанардың тым әлсіреп кеткенін байқады. Кіріп-шығып жатқан жұрттың у-шуын ауырсынғандай.


Төлеп түстен кейін жұмысқа кетті. Жанардың не шайға, не етке тәбеті шаппай қойды. Біртүрлі мазасызданып, ентіге береді. Кемпірлер «баланың жолдасы әлі жоқ»,— деп күбір-күбір етеді. Жанар қызуы көтеріліп, сандырақтай бастады. Ауық-ауық есінен танды. Кемпірлер сасқанынан Төлепті шақыртты. Ол алқұм-жалқұм боп жеткенде Жанар есін жиған еді. Бірақ кеудесі ұстаның көрігінше бір көтеріліп, бір басылып жатыр екен.


— Төлеп, менің жұлдызым сөнейін деді-ау деймін. Кешір мені.


Жанар бұл сөздерді ентігіп әрең айтты. Тағы есі ауып кетті.


Тағы сұлқ қалды. Кемпірлер басынан бақыртып тауық айналдырды.


Төлепті далаға шығарып жіберді. Мойнына белбеуін салып тағы бебеу қақты ол сорлы.


Осынау бір жыл пошташы Мәлік үшін аса ауыр жыл болды. Ала биенің үстінде шіреніп отыратын баяғы отырыс қалған. Бүгжие, бүрісіп ауылға қарай әрең ілбіп келе жатады. Оны көргенде бұрын бала-шаға шуласып тұра жүгіруші еді. Қыз-келіншек, кемпір-шал да күле қарсы алатын. Дәмді ас, тәтті шай соның аузында болатын. Қуаныштың, амандықтың хабаршысы еді.


Енді мұны көргенде жұрттың жүрегі дір ете түседі. Жүздері сұп-сұр боп, еріндері дірілдеп тұрған әйелдерді көргенде өзінің де зәресі кетеді. Еркек атаулы әскерге кетіп жатыр. Ауыл азаматтары таусылуға айналды. Барлық шақыру қағаз Мәліктің қолынан өтті. Жамандықтың бәрін де жеткізген — осы. Қараңғылықтың қапы соққызған жері де көп болды. Амандығы шығар деп әкелген хабары әлденеше рет жамандығы жайлы болып шығып, талай үйді шулатты. Енді ол өзінше сақ болғысы келді. Қолына тиген хаттардың сыртынан басып, қалың, жұқасын байқайды. Жамандық хабарды көбінесе жұқадан күтеді. Өзі жазса, әскерде жүргендердің ең болмаса екі бет толтыратынына ол сенімді. Өзге жазса аз жазады, азалы хабарды жазады. Кейінгі кезде жұқа хаттарды колхоз кеңсесіне келіп, тексертіп алып жүр. «Қаза болды» дегенді оз қолымен әкеп ұстата салғаннан гөрі, өзгенің аузынан естірткен жеңілдеу көрінді оған. Өйтіп жеңілдеткені де құрысын. Алдында Сыдық пен Нәшен, артында Мәлік келе жатса, бір сұмдықтың болғанын біле қоятын болды жұрт. Алдарынан шулап шыға келеді. Ойбай да аттан, бауырым да боздағым. Қанды жасын төккен жар, шырылдаған қаршадай бала. Бір азаматтың қаза болғанын естіртсе, бір жеті мең-зең боп жүргені.


Сыдықтың өзі де Мәлік кеңсеге кірген сайын сұрланып кетеді. Қабағы салбырап, үндемей ұзақ отырады. Бұл жолы Нәшекең де кеңседе екен. Төрт жұқа хатты алдарына лақтырып тастай берді. Төрт азаматтың қазасы жайлы қара қағаз боп шықты. Бір-біріне бедірейіп қарап қалыпты.


— Ойпырм-ай, Мәлік-ай, біртіндеп әкелсең қайтеді?


— Нәшеке-ау, адасайын дегенсіз бе? Мен бе екем бұл сұмдықты жасап тұрған?


Мәлік орындық үстінде жатқан қара сөмкені қамшымен тартып-тартып жіберді де, жылап отыра кетті. Нәшекең екі қолын артына ұстаған күйі терезеге телміріп қапты. Жаман қағаз келген азаматтардың артында қалғандарды аяп кетті. Етікші Кәткенің әйелі үйінен шыға айналасына алақ-жұлақ қарап жүгіре жөнелді. Жұмыстан кешігіп қалғанына ұялғандай. Ұзап кеткен орақшылар тобының соңынан бүлк-бүлк желеді. Ойында түк жоқ сорлының. Күйеуінен «хат тыйылып қалды» деп әнеукүні көзінің жасын сығып-сығып алғаны көз алдында. Енді қанды жасы ағатын болды ғой.


Семіздің Ахметжаны біртоға сабаз жігіт еді. Әскерге кеткеніне үш-ақ ай. Артынан жаман қағаз да келіп үлгерді. Келіншегі Теңге жігіт орнына жұмсалып, колхоздың бір жағын сүйреп жүр. Шалғы шапқандағы қайраты-ай шіркіннің. Құмар екеуі бәстесіп, Күміс пен Теңгені бір күн жарыстырған. Сонда бір гектар 20 сотық жер шапты. Күміс он-ақ сотық кем түсті. Жігіттердің барында бидай шалғымен шабылмайтын. Мұндай көлемді жігіттің жігіті ғана шаба алуы мүмкін. Басқа түскен соң көнеді екен ғой. Теңге енді сонау жер түбіндегі темір жол станциясынан құрық тимеген асау «Ақалтеке» айғырын әкелуге жіберілген. Ахметжан мен екеуінің ең үлкен арманы бала еді. Енді түтіні мүлде өшті-ау сорлының. Асау айғырмен алысып, алыстан шаршап келгенде алдынан шығайын деп тұрған хабардың сиқы мынау.


Мәліктің көзі мен Нәшекеңнің көзі кездесіп қалды. Әнеукүні станцияға кетіп бара жатып, Мәлікке «қайнаға, мен келгенше жақсы хабар әкеліңіз ініңізден», — деп еді. Сол аманаты алдынан аза боп шыққалы тұр.


Әлишаның өзі тірі қалса жарар еді. Бір жаманат күйеуі Айт жайлы да, бір жаманат бауыры Нұрқасым жайлы. Қайтіп естіртеді? Қайсысын жасыра тұрады? Бір бригаданың егісін сонау көктемнен жалғыз өзі суарып жүр. Әлиша деген аты болмаса, бұл еркек боп кеткен. Қайда салсаң да қыңқ демейді. Ойпырм-ай, тағдыр да мұндай қатал болады екен. Әрі бауырдан, әрі жардан бірдей айырар ма. Тағдыр деп тұрғаны — соғыс. Бүгінгі тәңір сол. Сол тәңір бауырды алса — жарға, жарды алса — бауырға рақым жасаса қайтеді екен. Неткен қатыгез еді.


Жаманатты естірте-естірте осы үшеуі де рақымсыз боп кеткен жоқ па? «Әкеңді кім естіртсе, соны жек көресің» демекші, «қаза болды» деген сөзді айта-айта бұлар да жеккөрінішті боп бітті-ау әбден.


Үшеуінің ойы тап осы жерге тоғысқандай. Сыдық басын көтеріп Мәлікке қарады. Көмірдей қара сақалы ақ жиектеніп кетіпті. Басы мүлде бурыл тартқан. Көзі шүңірейіп, жағы суалып, адам аяғандай өзін. Анау қырманда дән тасып немесе жер суарып жүргендерден де жүдеу. Ат үстіндегі қызметтен де азады екен адам. Мәліктің жүдеу сыры Сыдыққа мәлім. Мына күйінде бұл соғыс созыла берсе, Мәліктен жұмысы ауыр ешкім бола қоймас. Мұныкі иыққа түскен ауырлық емес, жүрекке түскен ауырлық. «Ал менен мына қаралы сөмкені» деп алдына жылап әлденеше келді. «Шойрылмам ұстамақ тұрғай, шоңқиып отырып қалсам да, лау айдайын, егін суарайын, құтқар мына пәлеңнен» деп шырылдады. Жан күйгенде адам жанынан безеді екен. Ескіден келе жатқан шойрылмасы бар шалды бір күн суға салып көр, не болар екен? Оның үстіне, мына жұмысқа кім барады? Мәлікке басу айтқан, тоқтатқан. «Азаматтар майданда. Қатын-қалаш, бала-шағаның қасында сен күйрек бол, мен күйрек болайын, Нәшекең күйрек болсын, мына жұрт сонда кімді медеу тұтады? Еркек басымызбен біз босайық, өзге не болады. Әр үйдің бұзаулы сиырын соқаға салғанда, әркімнен астық тартуға ашамай, арқан, қап сұрап алғанда Нәшекең екеуміздің қай шекеміз қызып жүр дейсің. Кеше жиын тойда жігіттермен гүл жайнап отыратын келіншектердің көйлектеріне түскен жамау секілді менің жүрегім күн асқан сайын шоқпыт-шоқпыт. Жамаулы көйлек қанша киіс береді? Шоқпыт жүрек те қашанғы шыдар дейсің». Сыдық та жаны күйіп, күйзеліп айтқан бұл сөздерді. Дегенмен Мәлікті райынан қайтарып еді.


Бірақ бүгінгі төрт бірдей азаматтың қазасы туралы хабардан кейін оны тоқтату оңай болмас. Манағы жылағаны осы жұмыстан ат құйрығын үздімнің белгісі емес пе. Амал таппай басы даң болды. Бүгін Мәлік кетеді. Мынауыңа шыдамадым деп ертеңіне Нәшекең кетсе... Ол кісі де «бригадирлікті менен алсаң, басқа қандай жұмысыңа болса да барайын, дүниеде қатын-қалаш пен бала-шағаны жұмсағаннан ауыр еш нәрсе жоқ екен» деп құлаққағыс еткен-ді. Сыдық ол сөздерді жүре тыңдаған. Нәшекеңді босату — жұмысты құлату деген сөз. Бұл кісіге деген халықтың құрметінің өзі-ақ ұйыстырады жұртты.


— Сыдық, — деді Нәшекең салмақты үнмен, — осы қаралы қағаздарды жасырсақ қайтеді? Онсыз да жаншылып жүрген жұртты мүлде титықтататын түріміз бар. Көзімен көріп, қолымен көмген ешкім жоқ. Соғыстың аты — соғыс. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген бар. Бір пұшпақта өлмей, мүмкін, аман қалған шығар. Ана «Ағартудағы» Ысқақтан жаман қағаз келгеннің артынан үш айдан соң өзі келген жоқ па! Аман шығар-ау деген үміттің өзі - үлкен сүйеу. Сол сүйеу ең алдымен мына колхозға керек боп тұр. Біз осы тарпа бас сап естірткенді қояйық. Өз жүрегіміз де қансырады әбден, елді де зарлатып болды. Жаман қағаздарды ана сандығыңа тық та қой. Ол күнәмізді бір құдай кешірер.


— О... ақылыңнан айналайын, Нәшекем!


Мәлік орнынан тұрып, құшағын жая тұра ұмтылды.


Сыдық та бұл сөзге елең етті.


Сырттан Күлжәмила кемпірдің даусы естілді. Сыдық жаманат жазылған қағаздарды столдың тартпасына тыға қойды.


— Ә... жалмауыздар! Тағы да кімді жұтып тымсырайып отырсыңдар?


Нәшекең жүрегіне біреу біз тығып алғандай дір ете қалды.


— Ей, қара сақал! — деді Күлжәмила Мәлікке қарап көзі шытынап, — сен осы мені көргенде неге сырт айналасың. Дәнекердің өлгенін айта алмай, жүзің қара боп жүр ме? Айт қазір жаныңның барында, әкел қара қағазыңды! Салма азапқа жанымды. Мың өлгенше бір-ақ күн өлейін.


Содан Нәшен мен Сыдыққа қарады.


— Ала биенің кеңсе алдында байланғаны қашан. Немене, құдалық сөйлесіп отырсыңдар ма? Алдымен мына маған естіртіңдер, ойбай!


Күлжәмила столдың үстін қос қолдап қойып-қойып жіберді.


Мына күйінде үшеуін бірдей жеп қоюға әзір. Қайтадан Мәлікке соқтықты.


— Әпке, әпке деп алдымен маған келуші ең. Жылы-жұмсағымды сен жеуші ең. Енді не, мені көрсең әзірейіл көргендей анадайдан ала биенің басын бұра жөнелесің. Сен жымсық ар жағыңда бірдеңе сақтап жүрсің. Өзіңше аяғанситын шығарсың. Құдай аямаған кемпірді пошташы аяғанда Дәнекер аман қалады деп пе ең! Бүгін сені әдейі аңдыдым. Сен қолыма түссең бе деп ем, түстің бе бәлем. Аш мына қарғыс атқан сөмкеңді!


Мәлік тырп еткен жоқ. Күлжәмила сөмкедегінің бәрін лақтыра бастады.


— Ей, бәйбіше! — деді Нәшекең зілді үнмен, — хат танысаң бір сәрі, құр шашқаннан келер не бар саған. Балаң өлген болса, өлді демейміз бе? Елден әулие ме!


Нәшекең өні сұрланып, Күлжәмиланың қасына келді. Ғұмыры ешкімге «ей» деп айтып көрмеген кісі еді. Жаңағы «ейдің» қалай шығып кеткенін өзі де білмей қалды.


— Берші, Сыдық! Көзі жетсін мына көкжал кемпірдің, төртеуін де түгел көрсет.


Күлжәмила аң-таң. Жаңа ғана астаң-кестең болып атылған асау теңіз сабасына түсе қалған секілді. Бірақ бойы мүздап барады. Көзіндегі жас та мұз боп қатып қалғандай, кірпіктерінің арасында жансыз жалтырайды.


— Мә, орнына егін ексең. Саған өз балаң ғана керек қой. Өзгенің де өлгенін есті.


— Семіздің Ахметжаны, етікші Кәтке, Айт, балдызы Нұрқасыммен. Ал тынды ма енді көңілің?


Үш еркектің үшеуі де үнсіз тұр. Бойларын бір әлсіздік билеген. Күлжәмиланың ащы сөздері бұлардың жүрегіндегі сыздап жүрген жанды жараны тіліп-тіліп жіберді. Еркек бастарымен босағандары шыдамдарының таусылғаны ғой. Мұны Күлжәмила да жүрегімен сезгендей болды. «Мен бейбақта титтей саңылау болсайшы. Көкірегімді тәбелеп, Дәнекер, Дәнекер дей берем. Әр шаңырақтың өз Дәнекері бар емес пе. Міне, төрт Дәнекердің жаманаты. Мына сорлылар бәріне де жаншылып, қабырғасы қайысады екен-ау. Ауылдың да ауырлығы, қалған-құтқан, кәрі-құртаң осылардың мойнында. Соның бәрін көріп жүріп тепсінгенім тым жорықсыздық екен-ау. Үлкен дейді, жалғыз дейді, сыйлайды. Отын-суым осылардың мойнында. Ал мен болсам, Дәнекерді тап деймін. Шабаланам, ұрсамын. «Тазы ашуын тырнадан алады» демекші, мен ашуымды осылардан аламын. Бұл байғұстар көтереді бәрін де. Бір жағынан, соғыс, бір жағынан, ауылдағы ауыр хал. Мен секілді әумесерлердің артық қылығы және бар. Арыстай төрт жігіттен айырылып, амалдары құрып отырғанда айқай салып келгенім, иә асқандық, иә арсыздық... Былш дегізіп бетіме түкірсеші мына мұңдар...».


Манадан бергі құйын боп көтерілген құса, ызаны ақыл сәулесі ығыстыра бастады, үй ішіндегі үш еркекке жаны ашып кетті. «Сендердің кеуделеріңдегі шерді ұқтым, менікінен әлденеше көп екен» дейді ішінен. Мәлік қана әлі көзін сығымдап тұр. Нәшен мен Сыдық «міне, біздің хал, бәйбіше, сенің балаңнан әйтеуір жаманат жоқ, ал мыналарды қайтеміз», — деп тұрғандай.


Үнсіздікті Мәлік бұзды. Үлкен орамалымен көзін сүртті де:


— Ал, Сықа! Менің шыдамым бітті енді. Мына секілді баласын күткен кемпірдің, байын күткен қатынның, әкесін күткен баланың көз жасын арқалағанша, бүгін өлсем де суың болса суыңа, маяң болса маяңа барам. Құтқар мына пәледен, — деп қара сөмкені ішіндегі қағаздарымен лақтырып тастай салды. Өзі қамшысын екі бүктеген күйі есікке қарай беттеді.


— Мәлік, ай Мәлік! Тоқташы!


Мәлік артына бұрылған да жоқ. Ала биені ат ағаштан босатты да, үзеңгіге аяғын салды. Күлжәмила орамалын алып тағы да оның көзін сүрткенін көрді.


Нәшекең Текелі қаласынан шаршап-шалдығып бүгін оралған. Апарған ұнын қанын жерге тигізбей әкетіпті. Жиналған ақшаға үлкен қара портфель сықия толған. Әйтеуір жетсе болғаны...


Соғыс кезіндегі жұмыстың бәрі ауыр. Күрмеуге келмейтін қысқа жіп сияқты шолтаңдаған бірдеңе. Біріне тартсаң, біріне жетпейді. Бірақ бәрінен де ауыры осы заем болды. Кәдімгі соғыс заемы, он мыңдап, жүз мыңдап түседі. Өзі көктем жұмысымен қарбалас келеді. Әрі аз күннің ішінде жинап біту керек. Бұл халықтан айналайын, қойсаңшы, қыңқ демейді. «Көп түкірсе қол» деген рас екен. Міне, үш жыл болды, заемная колхоз қарыздар боп көрген жоқ. Біреу малын сатады, біреу әскерге кеткен адамдарының киім-кешегін сатады. Әйтеуір, құтылады.


Астық дегенде көктемге қарай ол ең ұқыпты деген үйде ғана қалады. Еңбеккүннің мардымсыз болғанына үшінші жыл. Бар астық мемлекетке өткізіледі. Жұрт азын-аулақ бөлінген астықты, масақтан жинап алған пұттаған дәнді ғана қанағат тұтады. Көктемге қарай бәрі аққа, малдың төрт емшегіне қарайды. Бұған үйреніп болған-ды. Соғыс көрмегенді көрсетіп, көп нәрсеге үйретті ғой. Ол кемпір-шалдың белін жазып, бала-шағаны ерте есейтті. Алғашқы жылдары күйеуінен жаман қағаз келген әйел үйінде бір жеті отырушы еді. Колхоз амалсыздан көнетін оған. Қаралы жанға қалай ғана жұмыс қалды деп айтарсың. Бара-бара азаматты аза тұту мерзімі де қысқарды. Бүгін жылап-сықтап, ертесіне өзі жұмысқа кете барады. Колхоз жағдайына бәрі де түсініп, бәрі де оның жұмысына көндігіп алған. Соғыс бәрін үйретіп келеді.


Өлді дегенге сенбеу ауыл адамдарында, әсіресе Әбді келгеннен кейін күшейді. Бұл былай болған еді: жылқышы Тілеміс шалдың Әбді деген баласы үйленгеннен кейін бір айдан соң әскерге кетті. Онымен бірге шақырылған Мұқат бір жыл дегенде аяғынан жараланып қайтып келді. Соның алдында ғана Әбдіден қаралы қағаз келіп, шешесі бетін жыртып, үш күн талып жатқан. Жас жары Балжан бір жеті қара жамылып отырды да, жұмысқа шықты. Ол кесірлі шал Шорабидің қызы еді. Көп кешікпей Мұқат жан жолдасымның жарын жесір етпеймін деп Балжанға үйленбек болды.


Ауыл екіге жарылды. Біреулер ол екеуінің бұл қадамын құптады. «Жазу солай шығар. Балжанда не кінә бар. Он екіде бір гүлі ашылмаған жас. Қашанғы жесір болып отырады. Әйтеуір күйеуге шығады ғой. Өзгеге кеткенше, ауыл баласы әрі жолдасы Мұқатқа барсын. Баяғыда қазақ жолдасы тұрғай, ағасының әйеліне де үйлене беретін. Оның қасында бұл ақ неке ғой. Әбдінің қаза болғанын өз көзімен көрген бір солдатпен Мұқат емханада бірге жатыпты. Балжан әбден күдер үзгесін ғой, бүйтіп жүргені. Қайтеміз, бәрі — қу соғыстың кесірі».


Екінші топ басқаша топшылады: «Бұл не деген сұмдық. Қыз табылмағандай, өз жолдасының жесіріне қызыққаны. Жас кезінде тәуір көрген шығар. Балжанда да иман жоқ екен. Байсыз қаламын деп қорқа ма? Тым болмаса соғыс біткенше шыдаса қайтеді».


Әбдінің әкесі мен шешесі бір өлмеді, екі өлді. Баласынан қаралы қағаз келгеннен гөрі мынау ауыр соқты. Жұрт «қайтеді, ақыры баталарын беріпті» десті. Мұқат пен Балжан, Мұқаттың әке-шешесі Әбдінің әке-шешесінің алдына әлденеше барды. Ақыры көндірді. Көнбеске амал бар ма! Өлер Әбді өлді. Жас келіншек кемпір мен шалдың бетіне қарап отырмақ па енді. Етектен тартып жатқан бала жоқ. Ауыр жағдай жандарын қанша жаншыса да, осы ақиқат Әбдінің әкесі мен шешесіне «бір жыл тұрар, екі жыл тұрар, сосын қайтып ұстарсың. Өзі келіп бата сұрап тұрғанда, қадіріңмен жақсы атты болып қалсайшы. Рұқсат та сұрамай кетіп отырса қайтер ең?» деп сыбырлағандай болды. Қайтеді енді, амал бар ма! Көрместі көрсетті ғой бұл соғыс.


Осы ауылда бұл некеге ризалығын бермеген бір-ақ жан болды. Ол — Шораби, қыздың әкесі. Мұқат пен Балжан алдына әлденеше рет барды. Әбдінің әке-шешесінің көнгенін де айтты. Кесір шал міз бақпады.


— Азаматтың артын күте алмаған қызға, жолдасының төсегін былғаған ұлға бата бере алмаймын. Құдайдан мұндай қыз бер деп сұрағам жоқ. Аулақ, менен аулақ! Ә-ә-ә.., бұл азапты да көрсін деген екен ғой маған, — деп әдетінше ызғармен шығарып салды оларды.


Той болып жатты. Шораби ол күні төсегінен де тұрмапты деді жұрт. Нәшекең ауылда жоқ еді. Антоновка деген колхоздың өткізген астығының нақты есебін әкелуге кеткен.


Жұрттың бәрі естен танған оқиға бопты. Ауыл тұсынан өтетін үлкен қара жолдан әскери киім киген бір адам бұрылады. Қолындағы шағын чемоданын көтерген бойы жұрт жиналған жерге келеді. Елдің бәрі состиып-состиып тұрып қалады. Ол аң-таң. Бала-шағаның, қатын-қалаштың бәрін таниды. Бірақ олардың бірі келіп мұның мойнына асылған жоқ. Түсінсе бұйырмасын. Өзі есеңгіреп тұр ма, жоқ әлде, мына жұрт түгел есеңгіреп қалған ба?


— Ау, жарандар! Мынау «Алғабас» па, жоқ, мен басқа жерге адасып келіп тұрмын ба?


Тілі күрмеліңкіреп, сөзі аса анық естілмейді. Оқ бір жағының жартысын алып кетіпті. «О тоба, басын жұлып кете жаздапты ғой. Қайта құдай қаққан», — деп әйелдер еріндерін сылп-сылп еткізді. Есі кіргендей болған бір-екі шал, екі-үш кемпір бетінен сүйіп, бөлек үйге алып кетті. Мұқат пен Балжан да естісімен төбесінен жай түскендей болыпты. Әбді ет жегенше бұл тойдың кімдікі екенін біле алмапты. Сұраса, жұрт үндемейді. Шалдар әңгімені басқа жаққа бұрып, соғыс жайлы сұрақты жаудырта береді. Әбді аса көсіліп сөйлей алмайды, оқ тескен тіл орамға келе бермейді.


— Ау, ағайын, кімнің тойы екенін айтпайсыңдар ма? Қиын кезеңде жалғасып жатқан өмірге гүл бітсін дейік те. Жігіт кім, қыз кім?


Әбді бұл сөздерді ежіктеп, әрең айтып шығыпты. Бұдан әрі оны қинаудың қажеті жоқ еді. Жұрт шынын айтады. Әбді кеудесін көтере күрсінеді. Үй толы адам түгел күрсінеді. Тойдан гөрі, мұның өзі аса бір тұңғиық мұңға ұқсап кетеді. Әбді орнынан сүйретіле тұрады да, үйіне қарай беттейді. Бұл жерде өзінің әке-шешесінің неге жоқ екенін сонда ғана түсінеді. Әбдінің алдында жүзіқара болғандай жұрт тұнжырасып-тұнжырасып үйді-үйіне тарасады. Ашына айқай салып жылаған Балжанның даусы естіледі. Бірақ оған құлақ қойған ешкім болмайды. Керемет-ау, андып тұрғандай дәл тойдың үстінен шыққанын көрмейсің бе?


Қуанышты екі-ақ адам. Ол — Әбдінің әкесі мен шешесі.


— Қатыны құрысын. Жаның олжа, бас аман болса әйел табылады, — деп қалбаң қағып, құдайы жарылқап олар жүр. Он шақты күн өткен соң Тілеміс той жасады. Бүкіл ауыл жиналды. Жұқарып жүрген жұрт сорпа-су ішіп жақсы боп қалды. Той алдында Мұқат Әбдінің аяғына жығылып, «ту сыртымнан өтімді алсаң да ризамын. Немістен қалған жаным сенің алдыңда шықсын», — депті. Әбдінің айтқанын да ел жатқа соқты.


— Амандығыңды ауыл боп күткен азаматтың бірі едің. Немістен қалған қаныңа несіне ортақ болайын. Қосағыңмен қоса ағар, — депті.


Содан көп кешікпей әке-шешесін алып, ар жағындағы Андреев ауданындағы ағайындарының арасына көшіп кетті.


Шораби шал сол жатқаннан мол жатты. Ақыры дүние салды. Сәлем бере келген Әбдіге былай депті:


— Қызымның қылығын маған сындырма қарағым. Құй сен, құй сенбе, менің арым — сенің алдында таза. Төрімнен көрім жақын адаммын. Осы ел басындағы, оның ішінде, сенің де ауыртпалығыңды ала кетсем, менен иманды ешкім болмас еді. Ел ауыртпалығын ғұмыры өзіне қарсы сөйлеп келген кесір шалмен қабырға бірге салса, құдайдың да күнәсі жеңілдер еді.


Ақша санап отырып Нәшекеңнің есіне қыңыр шалдың қисапсыз мәнді осы бір сөзі түсті. Мынау да сол ауыртпалықтың ақшасы. Соғыс заемы. Әнеукүні колхозшыларға түскен салық толмай, Сыдық екеуі қысылғанда ұсынысты жасаған өзі болатын.


— Бір жылқы, бір сиырымды колхоз астыққа айырбастап берсін. Қазір не қымбат, ұн қымбат қой. Кеншілердің ақшасымен шығармыз тұйықтан.


Сыдық бұл ұсынысты жек көрмеген-ді. Елден алатын да ештеңе қалмады. Артық-ауыс малдарын сатып болған. Шама-шарқынша төлеп жатыр. Соның өзінде бес мыңнан, он мыңнан. Бірақ әлі жоспар толған жоқ. Тентек кемпір Күлжәмиланың өзі де үш ешкісін сатты. Нәшекеңдей тағы үш-төрт «патриот» шықса... Ел арасында көп ақша беретіндерді осылай атап кеткен. Газеттерден оқып жүргені бар. Әр-әр жерден көп ақша төлеушілер табылып жатыр. Атақты палуан Қажымұқанның бір самолет жасауға жететін ақша бергенін ел-жұртқа өзі оқып берген.


— Ондай патриоттар бұл ауылдан да табылды. Жұман, Адамбай, Нәшен, Құмар, Төлеп. Ең көбі Нәшекеңдікі — 200.000 сом. Текеліге апарған 20 центнер үн осынша ақша шығарды. Бір килограмм ұн — 100 сом.


Нәшекең базарда тұрып жағасын ұстаған.


Әлде ақшада құн қалмаған ба, әлде елдің жағдайы ауырлай бастаған ба? Ауылда тұрғанына шүкірлік етті. Малың бар, астық өз қолыңнан егіледі. Қолдағының аты қолда ғой. Қала адамдарын аяп кетті. Бір кило ұнның өзін жүз сомға алады. Бұларда сауып отырған мал, ішіп отырған ақ жоқ. Бар сүйенері — ақшасы. Аяп кетті.


Мал — баққан адамға ыстық. Бір жылқы мен бір сиырды заемға берем дегенде кемпірі жылап жіберген-ді. Өзінің де іші удай ашыған болатын. Әкелген ұнды жұрттың қадақтап талап алып жатқанын көргенде біздікі пендешілік екен деді. Әншейінде бір сиырың мен бір жылқың бір қаланы бір күн асырайды десе сенбеген болар еді.


Соғыс ауыртпалығы бұрын аядай «Алғабас» колхозында сияқты боп көрінген. Нәшекеңе енді басқа ой туды. Бүгін соғыс тоқтайды деп кепілдік берсе, қалған малын да заемға салуға әзір. Мынау қала халқының жүзінен де ауыр бір сызды көрді. Өз жүрегіндегі сыздан айна-қатесі жоқ. Оның неге қымбат деп олар сұрамайды. Нәшекең де қысылып тұрған жоқ. Өз қалтасы үшін сатып жатпаған соң ары таза секілді. Ауыртпалық қала халқын да шыдамдылыққа үйретіпті. Бұлардың шыдамдылығы ауылдағылардыкінен басым ба деймін.


Қасына еріп келгеннің бірі Күлжәмиланың үйіндегі Әкім еді. Тентек кемпір, әрі Дәнекерден хабар жоқ, әрі бір үйде жападан-жалғыз жынданар болған соң Нәшекең «қолыңа көп жетім баланың бірін ал, ес болсын» деп кеңес берген-ді. Содан детдомнан келген Әкім деген баланы үйіне кіргізген болатын. Бүкіл ауылды бір шыбықпен айдайтын шатақ кемпір мұны да мықтап шыңдаған. Ісі, жүріс-тұрысы тура үлкен кісідей. Көз тимесін байғұсқа, тіпті пысықтың пысығы. Өзі әкелген бір центнер ұнды көзді ашып-жұмғанша сатып болды. Әсіресе, қаптарды түсіргендегі қайратын айт. Қаршадай боп қайқалаң қағып ала жөнеледі. Сыдықтың бірде «тілеуің бергір, жанып тұрған неме, азамат орнына жұмсап жүрміз» дегені есінде. Жұмсаса жұмсағандай екен.


Ғұмыры мұндай көп ақшаны ұстап көрмеген бала Нәшекеңе келіп, сасқалақтап «қайда салам?» деді. Айналасына алақ-жұлақ қарайды. Әлдекім тартып әкете ме деп қорқатын секілді. Базарда неше түрлі болады ғой. Нәшекең бұл сақтығына да риза. Болжырап тұрса қайтер еді.


— Шешеңе бір көйлек ал. Қуанып қалсын. Қалған ақшаңды ауылға барғанша маған бер.


Базарда не арзан, киім арзан. Әттең, мына бүгінгі түскен ақшаны жұмсар болса, бір ауылды тұтас киіндіруге болғандай екен. Амал не, апарып өткізу керек...


— Ата, сатса біздің бөрте серке де бір сиырдай болар еді. Дәу ғой тіпті, — деді Әкім Нәшекеңдегі ақшаның көптігіне қызығып.


— Тәйт! Мына сөзіңді шешең естісе ту сыртыңнан өтінді алар. Сол бөрте серке осы сұрапыл соғыстан Дәнекерді аман алып қалатындай боп жүрген жоқ па! Балалық қып үйіңде аузыңнан шығарып алма бұл сөзді.


— Білем оны. Апам әкемді танытады ғой онда.


— Әкеңді танытып қана қойса жарар. Шешеңді, ата-бабаңды қоса танытып жүрмесе...


Нәшекең ақырын ғана күлді. Әкім шешесіне алған көйлегін қоржынына мықтап салып жатты.


Өмір деген — осы. Бір жағынан, қырғын соғыс. Оны есіңе алғанда, бұл дүние тар секілді. Екінші жағынан, мынау Әкім сияқты жас тіршілік қуанғысы, қуантқысы келеді.


Әлдебір үміт сәулесі жетектейді ілгері. Барып-барып, бір кең жазираға шығып, кеудесін кере демалғандай болды Нәшекең. Ой құшағында. Бұл адам қызық қой өзі. Тіршіліктің қымбат екенін біле тұра бір-біріне соны неге қимайды? Атам заманнан қырқысып келеді. Ақыл, сана деген жауыздық ойлауға неге жұмсалады? Жақсылыққа ғана жұмсалмай ма. Жылау, сықтау, күйзелу, күйреу кімге таңсық. Гитлер итке бүгін мұны түсіндіре аласың ба. Жер жүзін қырғын соғысқа душар еткендегі пиғылы үстем болсам деген жексұрын ниет қой. Тыныш жатқан елге, бітімі бар елге мұншама неге бүлік салады? Халық оған қарсы көтерілді. Бар қиындыққа шыдаудың мәні де осы арнасынан асқан ашу мен кернеген кекте ме деймін. Шораби айтқан ауыртпалық аясының тым кеңейіп кеткені-ай, немен тынар екен. Бір-ақ күнде көрге тыға салатын өлі дене емес қой ол. Созылар әлі, созылар! Шыдамның үлкені бүгіннен гөрі, ертеңге керек шығар...


Текеліден әкелген ақшаны дәу қара портфельге салып, агент қызға өткізуге алып келе жатқанда Нәшекеңнің жүрегінде осындай ауыр зіл бар еді. Төмен қарай тартып, үзіліп кете жаздаса да, белгісіз бір күш бойын қайта көтеретін секілді.


— Ойпыр-ау, анау Жанар ма?


Нәшекеңнің көзі бала жетектеп келе жатқан келіншекке түсті. Ол да заемнан құтылайын деген ғой. Шіркін, тірлік күштісің-ау. Өзі де, баласы да әупірім тәңірмен елім аузынан қалып еді. Төлеп байғұстың көз жасы да. Жанар қысылғанда мойнына бұршақ салып жылады деп еді. Енді қайтсін, дүниеде шыр еткен перзент даусын естігені сол. Байғұс дейді-ау, бұл ауылда Төлептен мықты кім бар қазір, өзі он саусағынан өнері тамған ұста. Әйелі жас. Ғұмыр бойғы арманы бала еді, ол тілегін де құдай қабыл етті. Өзі де еңбек үшін туған, ел үшін жаралған адам ғой. Күні-түні ұста дүкенінен шықпайды. Мынау қиын шақта колхоздың бір жағын сүйреп жүрген сол. Арба, шана, кетпен, күрек, орақ, шалғы, соқа-сайман бүгінгі тірлікке қажет дүниенің бәрі осының қолынан шығып жатыр. Кетікті бітеп, кемістікті білдірмей тұрған осы Төлеп емес пе? Бар айыбы — жуастығы. Бірақ жуастық айып па екен? Егер әр соққан темірін алтынға балап, атырылып беттен алып, төске шауып тұрса не істер едің? Көнесің ғой. Ұстаны қайдан табасың? Ауырлыққа шыдамай, ана колхоздың ұстасы, мына колхоздың ұстасы кетіп жатыр деген хабар аз ба? Сонау «Ағарту», тіпті Сарқант ауданының «Жаңа тұрмыс» колхозынан да оқта-текте Төлепке келіп-кетіп жүреді. Істемеймін, шаршадым дегенді білмейтін жан ғой. Жаратылысыңа болайын! Тап бұл күнде Нәшекеңе «Алғабас» колхозының үлкен бір ырысы осы Төлеп сияқты болады да тұрады.


Бала көргеннен бері тіпті шираған өзі, уақыт па әлде ширатқан, еңсесі бұрынғыдан көп жоғары. Жанарға да Нәшекең дән риза. Ортан қолдай ұл тауып берді Төлепке. Төрт қатыннан көрмеген қызықты көрсетті. Өзі де жетім ескен еді. Төлеп те жетім емей немене. Екі жетім бірін-бірі аяп, қандай әдемі тұрмыс құрып жатыр. Көп кішілігіне қарамастан, отасып кетті әйтеуір. Енді етек басты, балалы болды, қайда барады? Қазір Жанардан да жастар Төлеп тұрғай, одан да шалдарға жете алмай жүр әуелі. О, уақыт-ай! Жанардың сол бір екі дүние арасында жатқан шағында Сыдық шынында да ерлік жасады. Нағыз парторгке лайық әрекетке барды. Ақсудан шақыртқан дәрігер келмеген соң, астындағы атын жегіп, өзге аудан болса да Сарқантқа өзі апарды. Сөйтіп, атақты Петровский Жанардың жанын алып қалды. Бұл өңірге оны дәрігерлік даңқы тіптен жайылды. Төлеп пен Жанар Сыдықтың бұл жақсылығын ғұмыры ұмытар ма. Аузы-мұрнынан шығып отырған әйелді абайсызда шалғыға салып, ақыры айыбын сөйтіп тартқаны бар. Жанардың жанын алып қалу деген сөз Төлепті де сақтау еді. Әйел мен баладан айрылса, бұл байғұстың күні не болады?


Жанарды көргенде Нәшекеңнің ойына осы оқиғалардың бәрі түсті. Кекілі желкілдеп келе жатқан баласының аты — Жеңіс. Бұл атты қойған да әлгі Петровский. Осынау бүкіл қауымның, бұл күнде әрбір пенденің тілеп отырғаны осы жеңіс емес пе? Сол Төлептің Жеңісі де, міне, төртке кетіп барады. Соғыс басталысымен туған баланың да тұлымшағы желбіреп жүр. Ой, зымырап өтіп бара жатқан уақыт-ай! Нәшекеңнің есіне былтыр қыста Төлеп соғып жатқан қанжар түсті. Өнерліні қойсаңшы, қабын, сабын әдемі әшекейлегені сонша, Нәшекең қызығып кеткен-ді.


— Мұны кімге соғып жатырсың, балаңа ма?


— Жоқ, Нәшеке. Баланың да, Жанардың да жанын аман алып қалған менің құдайдан да биік пірім бар емес пе. Әлгі Петровский. Бұл — соған.


Нәшекең Төлептің арқасынан қақты. Ондай жақсылық сирек кездеседі. Соңынан Петровский де бұл сыйға қатты риза болыпты деп естіді.


Жанар мен Төлептің жаны осы бір тұлымшағы желбіреген жас сәбидің үстінде. Ауыздарына тістегендей ғып өсіріп келеді. Қай жұмысқа жүрсе де Жанар қасынан тастамайды. Орақта болса, баудан көлеңке жасап, тілік басына отырғызып қойғаны. Соқада жүрсе күрке тігіп, күнде қалдырмауға тырысады. Осы бала үшін түнде қырманда Жанардың орнына сан рет жұмыста жүрген Төлепті де көрген. Қу бала не істетпейді! Өлгенде көрген жалғызы!


Бала десе де, колхоз десе де Төлеп пен Жанарда ес жоқ. Қайда жұмсаса да, қашан жұмсаса да әзір. Әне, ақшаларын да алдымен әкеле жатыр. Агент қызда әйтпесе таң атпай Жанардың не шару асы бар.


Әкімді ертіп Күлжәмила да шықты үйінен. Оның да қолында бір дорба...


БЕСІНШІ ТАРАУ


Орынбай шалдың кешегіден жүрегі шайлығып қалыпты. Айналасына алақ-жұлақ қарай береді. Енді бір сүт пісірімнен кейін алдындағы малды ауылға қайырмақ боп тұрған. Бөрте серке едірейіп жер тарпыды. Пысқырып-пысқырып жіберді. Жануар өйтіп желікпеуші еді. Тойғаннан кейін маңқиып отар шетінде қарап тұратыны болатын. Сол кезде күз басында табынын күзеткен тау текедей көрінуші еді. Жарықтықтың мүйізі де барған сайын артына қарай өсіп, қарағайдай болып барады. Түбінің жуандығы жеңді білектей. Ешкіге де мұндай мүйіз біте береді екен ғой. Ал, өзінің үлкендігі сенген кісіге құнажын сиырдай.


Астындағы өгізді тебініңкіреп жақындап келсе, ши түбінде екі көзі жамырай жайылған отарға қарап қасқыр жатыр. Жүрегі су ете түсті. Қазір тиіп берсе, айрылды дей бер бәрінен. Өзі күн кешкіріп келе жатқан мезгіл. Өгізбен қуа ала ма оны. Жан далбаса әйтеуір, «айт, айт» деп айқай салды. Сол кезде қойлар да дүр етіп бөрте серкенің төңірегіне ұйлыға қалды. Сол-ақ екен, қасқыр да оқшаулау қалған бір тоқтыға тап берді. Орынбай сасқанынан «аттанға» басты. О, ғажап, мүйізін шайқап бөрте серкенің отарды айнала жүгірмесі бар ма! Айғырдың үйірін қасқырдан қорғайды дегенді естігені бар, ал серке қасқырға айбат шегіпті дегенді естісе, қос құлағы тас керең болсын. Мұндай қатерлі сәтте қайта ешкіден оңбаған мал жоқ. Өгізді қойшының аттанын аса елең қыла қоймаған қасқыр әлденеге үміткер боп көп ұзамай тағы тоқтады. Құдай оның тілеуін бермей тұр. Шашау шыққан бір қой жоқ. Танаулары едірейіп, бір-біріне тығылып алған. Орынбай да тым-тырақай боп қашуынан сақта құдай деп тұр. Бөртені арқа тұтып өзге ешкілер де мүйіздерін кезеп, отардың шетіне шыққан. Соның бәріне қарамастан, қасқыр ұйлығып тұрған отарға екі ұмтылды. Орынбай «аттандаған» бойы қасқа өгізді қамшылап шыр айналып жүр. Екеуінде де бөрте серке мүйізімен шайқап жіберді. Бірінде тіпті қасқырға мүйізі дарыды да. Қаңқ ете қалды. Қаншығы болса керек. Орынбайдың ойына лақ кезінде мұны көк төбеттің қапқаны, Күлжәмиламен болған жанжал түсті. Сол кез бөрте өзіне серік болады, қасқырға қарсы айбат шегеді деген үш ұйықтаса ойына кірді дейсің бе!


Аттандаған дауысқа қара жолдан көрінген екі атты тұра шапты. Сол кезде барып қасқыр сайға түсіп зытып берді. МТС-тан келе жатқан Сыдық пен Нәшен екен. Орынбай жүрегі орнына түскен соң бөрте серкенің ерлігін айтып тауыса алмай келеді: «Ат бермейсіңдер, осындайда қуып кетсе қайтесіңдер?» — деп шағым да жасап қойды. «Атты қойшы — ашулы қойшы, өгізді қойшы — өлген қойшы» деген рас екен. Мені тіпті пішту құрлы көрмеді. Қаншығының өзі сөйтеді, арланы болса қайтер ем. Айналайындар, осы ауыл ашса алақандарыңда, жұмса жұдырықтарыңда ғой. Маған бір ыңыршақты қисаңдаршы. Әйтеуір, жылқы аты бар ғой. Биыл өзі қасқыр көп. Анада жылқыға да шауыпты деп естідім. Қоңыр айғырдың айғырлығынан ғана аман қалғанға ұқсайды. Ол жануар іңір түсті-ақ болды, мал боп шөп үзбейді дейді. Үйірін шолумен жүретін көрінеді. Тілеміс байғұс құдайдай сенуші еді оған. Мына соғыс кезінде менің түнгі көмекшім қоңыр айғыр дейтін. Сондай жылқышыны бекер жібердіңдер.


Құмар да жасында жылқы баққан ғой. Бірақ кейін шолақ етек боп ұмытып қалмаса... Тілемістей тындырымды бола қояр».


Орынбай бұл арада Сыдық пен Нәшенді де іліп кетті. «Бұлар да белсенді ғой, көңілдеріне дық алып қалар ма екен» деген кісіше беттеріне бажырайып қарады. Олар ештеңе деген жоқ.


— Бөртенің әңгімесін айтсаңшы, — деп Сыдық үндемей қалған Орынбайды сөзге шақырды.


— Сен бөртені қасқырға қарсы тұрды деп бөсіп келесің. Бір күні абайсызда қасқыр жарып кетсе, Күлжәмила сені жарар, - деді Нәшен күліп, — өзгені қой да, алдымен бөртеге сақ бол. Мал да болса жалғызының көзі ғой.


Орынбай күрсінді, Сыдық пен Нәшен де күрсінді.


Бөрте құрық бойы отар алдында келеді. Өзінің күндегі әдеті - сол. Өрістен қайтарда, өріске барарда қол бастаған сардарша осылай жүреді де отырады. Бітімді шіркін. Ешкі малынан туды дейтін емес. Мүйізінің әдемісін! Жүрісі де сесті. Басын тік ұстап, аяқтарын жеңіл тастайды. Буындарының сыртылдағаны да жарасып тұр. Өскелең жүні онсыз да ірі серкені үлкейтіңкірей түскен. Әдемі жабу құсап екі жағына салбырай төгілген. Өзге ешкілердей емес, мұның үсті таза. Жүні жылт-жылт етеді. Күлжәмиланың оның үстін күнде тарайтыны, асты лас қораға жатқызбайтыны, күнде өзіне бөлек жем беретіні бұл келе жатқандардың бәріне аян. Сондай күтімнің арқасы ғой бұл бітім. Ірілігіне, әдемілігіне, мүйізіне таңырқап, сұқтана қараушыларды да жақтырмайды ол кемпір.


— Немене, ешкі көрмеп пе ең? Көзің шыққыр. Түкір қазір, түкір! — деп әркіммен айқасып жатқаны.


Бұл ауыл Күлжәмиланың мінезіне де, бөрте серкенің ірілігіне де, әдемілігіне де үйренген. Хабар-ошарсыз кеткен Дәнекерден қалған бір белгі — осы. Осы серкені көргенде Дәнекерді еске алады. Дәнекердің атын да шығарып тұрған — осы. Сол себепті де жұрт кейінгі жылдары «бөрте серке» дегенді тастап, «Дәнекердің серкесі» дегенге көшті. Күлжәмила кемпірге соның өзі үлкен медеу. Бөртенің тірі жүргені баласының тірі жүргеніндей. Бөртенің еркелігі басынан баласының еркелігіндей. Күнде өрістен келісімен алдынан шыққан Күлжәмиланың омырауына тұмсығын тығып тұрады. Қос анарының арасына бір үзім нан тығып, осылай үйреткен өзі еді. Сол нанды бөрте ылғи алып жейді. Омырауын түрткілеп, жыбырлатса, ананың соған алпыс екі тамыры ииді. Күні бойы зілдей басқан қайғыдан бір сәт жеңілдегендей болады. Күнде осылай өзін жұбатады. Жанға шуақ құдіретті белгісіз бір сезімді күнде өзіне алданыш етеді. Бөртенің жыбырлаған еріндері оның мал екенін де ұмыттырып жіберетін.


Орынбай ауылға кірісімен «малдарыңды түгендеңдер, қойға бүгін қасқыр шапты» деп айқай салған болатын. Отардың аман екенін жақсы біле тұрса да, өз бағасын асырмаққа жасаған әрекеті еді. Күлжәмилаға бөрте серкенің бүгінгі «ерлігін» айта алмай тұр.


— Мал иесіне тартпай қоймайды екен ғой. Дәнекер шырағым да батыл еді ғой, батыл! — деп көзінен жас шықпаса да көзін сүрткен болды. Енді ғана Күлжәмиланың омырауына бас қойған бөртенің сауырынан сипады. Күлжәмила ой құшағында.


Адам амалы таусылған соң жоқтан өзгені дәт қылады, ә. Қасқырға көрсеткен ешкінің айбаты не? Жауға көрсеткен қатынның айбаты не? Қатын шауып қамал алған ба, ешкі қорғап қой аман қалған ба? «Ит жоқта шошқа үреді қораға» деген осы да. Азаматтар болса, жетпістен асып, қой бағып, ешкінің көрсеткен ерлігін жыр қылып нең бар еді, сен шалдың. Басқа түсті, сен де көндің, мен де көндім. Жылап-сықтап мал бағып сен жүрсің, аһылап-үһілеп Дәнекерді күнде күтіп мен жүрмін. «Қамал ала алмас» деген қатындар қаншама әскерді асырап жатыр. Бала-шаға өз алдына. Басқа түсті, олар да көнді. Көндік бәріміз де, небір сұмдықты да көрдік. Оһ... шіркін дүние!» Соңғы сөзді Күлжәмила дауыстап айтып жіберді. Ұзаңқырап кеткен Орынбай артына жалт қарады.


— Бәйбіше, маған бірдеңе дедіңіз бе?


Орынбай сонау жылғы ит ұлығанда «Дәнекеріңе көрінсін» деген сөзді неге айттым деп күні бүгінге дейін бармағын шайнайды. Құдай аузына қайдан салып еді. Хабар-ошарсыз болды да кетті сорлы. Жыл өткен сайын немістің оғына өзі ұстап бергендей боп жүр. Күлжәмиланың есінде қалған-қалмағанында шаруасы жоқ. Осы кемпірдің алдында өле-өлгенше айыпты секілді. Қисыны келе қалған жерде қалбалақтап, жарбақтап қалатыны сол. Сол әдетімен артынан шыққан дауысқа жалт қарады.


— Әдетім ғой езімнің. «Оһ... шіркін дүние!» дедім. Малыңа қасқыр шауып қалжыраған шығарсың бүгін. Деміңді ал! — деді қамқор үнмен. Шалду тартқан қасқа егізді қос бүйірден тепкілеп, Орынбай үйіне қарай кетіп бара жатты...


Түнімен ұйқысы келмей, белгісіз бір үрей кіріп, Орынбай ертесіне бей-жай боп тұрған-ды. Өрісте де сол, бойы біртүрлі ауырлай берді. Неге екені белгісіз, жүрегі лоблып, аузына тығылды. Қорқа ма, қуана ма? Неге екенін өзі де білмейді. Қасқа егіздің үстінде қалқайып отыр, әйтеуір. Қалғып кеткен екен. Қой дүр ете қалды. Селк етіп қасқа өгіздің үстінен құлап қала жаздады. Ат болғанда Орекең ендігі жерде жататын еді. Қасқа өгіз жай ғана қозғай салды. Сасқанынан «пісміллә, пісміллә», — деді. Ешкілер едірейіп қалған, қойлар қайтадан отқа бас қойыпты.


Сай жақтан бір адам келеді. Бұл маңдағының біріне де ұқсамайды. Аяғына көзі түсті, су жаңа былғары етігі бар. Белін қалай буынған, кәдімгі әскерден қайтып келгендер секілді. Бас киімі, көйлегі, шалбары бәрі сол. Әскерден қайтқан болса, жолсызда, ен далада несі бар? Асынған мылтығы несі? Найзасы күнге шағылысып жалт-жұлт етеді. Басын төмен салбыратып, нық басып келе жатыр.


Орынбай көзі бұлдырап кеткендей болды. Жеңінің ұшымен жанарының алдындағы былшықты алды. Әлгі жаяу тіпті жақындап қалды. Жылыұшырап барады. Осы ауылдың баласы — Ерден. Хабар-ошарсыз алғашқы кеткен он жетінің бірі. Қасқа өгізден қарғып түсіп, «құлыным Ерден-ай, аман келдің бе», — деп ұмтылды. Жаяу мойнындағы мылтыққа жармасты. Орынбайдың алдынан кезеп тұра қалды.


— Дымыңды шығарма!


Сөйтті де, айналасына алақ-жұлақ қарады. Әлденеден қорқатындай. Бірақ айдалада кім болсын. Тірі пендеден Орынбай, оның алдындағы мынау мылқау мал. Басқа ұшқан құс та көрінбейді.


Орынбай түкке түсінсе бұйырмасын. «Қалжыңдап тұр ма» дейін десе, түсі суық. Қалжыңдап тұрған адамға ұқсамайды.


— Мені көрдім деп тірі пендеге тісіңнен шығармайсың. Мына отарыңнан бір мал бересің.


Жайылып жүрген қой-ешкіге қарады да, «анау тұрғанды» деп сонадайдан көрінген бөрте серкені көрсетті.


— Осы отарды түгел ал, жөніңді айтшы, қарағым. Қайдан жүрсің? Басқа балалардан не хабар?


Орынбай іш тартып жақындай беріп еді, сұсты мылтық өзіне қарай қайта көзделді. Шошып кетті, түсі манағыдан да суық. Енді аттаса атып жіберетін түрі бар. Аузы сөйлеуге келмей, Орынбай шалдың сақалы селкілдей берді.


— Орныңнан тапжылсаң, өлесің!


Шалдың естен танып қорқып тұрғанына көзі жеткен Ерден бөрте серкеге қарай беттеді. Ол маңқиып басын көтере қарсы алды. Ауылдағы үлкен-кішінің тұмсығынан сипағанына үйренген бөрте мына бөгде адамнан да соны күтті. Бірақ ол мойнынан шап берді. Сол сәтте басын шайқап қалып, қарағайдай қарулы мүйізімен жат адамның қолындағы мылтықты ұшырып түсірді. Бөрте серкенің ашу шақырғанына бөгде адам тас-талқан болды. Қос мүйіздің арасынан мылтығын кезене бергенде Орынбайдың құлындағы даусы шықты.


— Атпа, ойбай, атпа! Бөрте серкені атқанша мені ат!


Әлгінде ғана қазық қып қағып кеткен шалы өзіне қарай өкпесін алып ұшып келеді. Бөгде адамның сасқаны шалдың даусы жер жарып барады. Ол айналасына алақ-жұлақ қарады.


— Қанша қара жүрек болсаң да, аяшы ана сорлы кемпірді. Бұл Дәнекердің серкесі еді.


«Дәнекердің» деген сөз Ерденді шалқасынан түсіре жаздады. Ол шегініп кетті. Орынбайдың ащы даусынан қойлар тағы да дүр етті. Ешкілер едірейіп, мына екі пенденің арасында саудаға түсіп тұрған бөртеге қарайды. Бөрте жанына келген Орынбайдың жеңінен иіскеді.


— Ешкімге көрдім деп айтсам, иманым бұйырмасын деп ант бер. Басқа бір қойынды алам, ендеше.


— Иманым бұйырмасын!


Ерден шалдың өзін жамсатып кетсем қайтеді деген бір жаман ниет жылт етті. Бірақ ол ізіне қуғын салу ғой. Одан да бір малын алып, әзірге тасалай тұрайын.


Мылтықты қайта Орынбай шалға кезеді де, «иманым бұйырмасынды» үш қайтала деп бұйырды.


— Иманым бұйырмасын! Иманым бұйырмасын! Иманым бұйырмасын!


Жалт бұрылды да, қарсы алдындағы қара ала қойды жылп еткізді. Қасындағы кепе қозы маңырап жіберді. Енесінің бауырын иіскеп бір-екі рет түртіп еді, ол да аяғын бір-екі рет серіпті де, сылқ ете түсті. Ерден өлген қойды иығына салып кете берді. Енесінен сорғалап аққан қанды иіскеген кепе қозы отар шетіне дейін маңырап, жат жаяудың соңынан ерді.


Орынбайға Ерден қасқырдан да мейірімсіз көрінді. Кеше Алланың қасқырынан отарын аман алып қалып еді, бүгін мына адамның қасқырынан аман алып қала алмады. Жүрегі қобалжып, басы айналып кетті. Ерденнің қай жаққа бет алғанын да бағдарлай алмай қалды.


Бұл күні қойдың түске қайтып келгеніне жұрт аң-таң. Күз басынан бері кешке бір-ақ әкелініп жүрген. Орынбайды үйінің іші қасқа өгіздің үстінен әрең көтеріп түсірді. Ол үйге кіре құсты, сол құсқаннан мол құсып, басын көтерместен жатып қалды.


... Қара ала қой Нәшекеңдікі екен. Қозысы маңырай берген соң Нәшекең Орынбайға келген-ді. Орынбай бәрін айтты, иманымен ант бергені есіне кіріп те шыққан жоқ. Ен үлкен күнә — бұл оқиғаны жасыру сияқты боп көрінді оған.


— Шын таныдың ба? Мүмкін, басқа біреу шығар?


— Құдай біледі, Ерден! Көз алдымызда өскен бала ғой. Астапыралла-ай, пәтшағар мүлде тағы боп кетіпті.


— Бұл жақсылық болмады. Масқара болдық. Әскерден қашқан ғой ол. Ал енді тісіңнен шығарма! Біреуге айтып қойған жоқсың ба?


— Жоқ әрі. Өзімнің ес жиғаным осы.


— Кемпіріңе де ләм-мим деуші болма!


— Айтсам иманым бұйырмасын, Нәшеке!


Сол күні түстен кейін кеңсе жақ күбір-күбір, жыбыр-жыбыр боп кетті. Үш адамның басы қосылса, көңіліне секем алатын Күлжәмила бір пәлені сезгендей. Таяғын беліне қыстырып, кеңсе жаққа беттеді. Нәшекеңнен жөн сұрап еді, ол кісі «әншейін» деді.


— Әншейініңіз не? Мына еркектер неғып тұнжырап жүр?


— Қартаяйын дегенсіз бе, бәйбіше. Азын-аулақ еркектің бас қосқанын да көре алмайсыз ба? Әлде осы ақсақ-тоқсақ, шал-шақпыт бізді де көпсініп жүрсіз бе? Ауыл қамы, ақылдасатын шаруа болады да. Тағы да астық өткізу керек. Соны қайдан табамыз деп басымыз әңкі-тәңкі.


Ымырт жабыла төрт-бес еркек Сыдықтың үйіне келді. Күбір-күбір ұзақ әңгімелесті. Үйге әйелін де кіргізген жоқ. Нәшекең бұл жиналғандардың қақ ортасында.


— Бүгін түн ол үйіне соқпай қоймайды.


— Қайтсек те ұстау керек.


— Ойбай-ау, қаруы бар ғой?


— Әңгіме сонда. Қаруы бар адамды ұстаудың қиындығында боп тұр, — деді Сыдық мұңлы үнмен.


— Орынбайдың айтуына қарағанда, тым тағы боп кеткен дейді. Еш нәрседен тайынбайды ол. Оғы болса, бәрімізді жайратуы мүмкін.


— Оғы болмаса қара ала қойды атып ала ма?


Ақыры таң атқанша Ерденнің үйін торуға келісті.


— Ол келсе өзі де іңірде келмейді. Ел әбден ұйқыға кетті-ау дегенде келуі ықтимал.


Сыдық пен Нәшен үйлеріне «бізді ауылдықсовет шақырып жатыр екен. Бүгін келе алмаспыз. Қона қайтармыз» деді. Күлжәмиладан да ат бағуға деп Әкімді сұрап алды. Колхоздың түнде тұрғызып алып жүргені бір бұл ма! Күлжәмила әбден оған үйренген-ді. Қайта өз үйінен бір азаматтың әжетке жарап, қолқабыс етіп жүргеніне шүкіршілік ететін. Қай уақытта жұмсаса да бас тартпа дейтін өзі. Бір-екі рет қиқақтағанда «сен түгіл, мен Дәнекерді де сабайтынмын» деп сыбағасын беріп алған. Содан бері Әкім құрдай жорғалайды. Колхоз жұмсаса да, Күлжәмила жұмсаса да қайт жоқ. Бұл баланы алайық деген Нәшекең болатын. Өте жылпың. Кәдеге жарайды. Манағы іңірдегі келісім бойынша Әкімді Ерденнің келіншегі ұйықтасымен ауыз бөлмеге кіргізіп жібермек. Егер мылтықты Ерден босағаға қойса, ала қашатын осы. Әкімге бәрін тәптіштеп түсіндірді.


Ел жата бұлар Ерденнің үйінің жанына келді. Шәу ете түскен итке Әкім екі жапырақ нан тастап еді, қоя қойды. Сыдық пен Нәшен отынның қуысынан орын сайлады. Егін суында жүрген Құлжабай мен Имансерікті алдырған-ды. Құлжабай еңгезердей, бір өзі екі адамды өңгеріп кететін ірі кісі. Имансерік те тарамыс мықтының өзі. Құлжабай қорада тұрмақ. Алдынан өтсе, үйге жеткізбей тарпа бас салмақшы. Имансерік те үйдің жалаңаш батыс жағындағы ұяға тығылды. Қисыны келсе, артынан жармаспақ. Күні бұрын жоспар осылай жасалды. Әкім лып етіп ауыз үйге кірді. Қарсы бөлмеде жатқан Бүкір кемпір тықырды сезіп қалды ма, «бұл кім-ей», — деп дауыстады. Оның есіл-дерті жалғыз жатқан келініне біреу-міреу кірді ме деген күдік. Шапанын жамылып ауыз үйге, одан сыртқа шығып еді, ешкім байқалмады. Бір-екі жөткірінді де, бөлмесіне қайта енді.


Тыныштық. Жанды жеген зіл қара тас меңіреу тыныштық. Үркер төбеге кеп қалды. Ай тумаса да айнала айқын көрініп тұр. Сыдық бала ұйықтап қалар ма екен деп абыржыды. Нәшен оны «саспа, саспа, өзге ұйықтаса да ол ұйықтамайды» деп жұбатты. Күтушілер үшін бір таң емес, екі таң ататын уақыт өтті. Күткенде қашан да осындай. Уақыт өтпейді. Әсіресе, мынадай жағдайда. Сыдық бүгін әлде соқпас па екен деп күдіктенді.


Ит шәу ете қалды. Күтіп жатқандардың жүрегі зу ете түсті. Үйдің жанындағы өзектен бір жаяу көрінді. Түн болса да көрініп тұр, үстіне кигені мана күндіз Орынбай шал суреттегендей. Қолында мылтық, арқалағаны бар. Итті ақырын ғана өзіне шақырды. Жерге бірдеңе лақтырып жіберді. Ит тарпа бас салды да, салп еткізді. Лақтырғаны етке ұқсайды. Екі-үш кесекті аузына салған соң иттің үні мүлдем өшті. Енді құйрығын бұлғаңдатып жаяудың артынан ерді. Ол жан-жағына алақ-жұлақ қарап алды. Аңдушылар ойлағандай отын жақтан келмеді. Құлжабайдың уысына түспейтін болды. Имансерік те ту сыртында емес, жанында қырын қалды. Сыртқы есіктен тың тыңдады. Жан-жағын тағы байқады. Орынбай шалдан еш пәле келмегенін іші сезгендей. Иығындағыны ақырын жерге түсірді де, есікті білдірмей ашты. Жазда ілгек салмайтын ауылдың баяғы әдеті екен. Өз бөлмесіне бұрылды, мылтықты ала кірді. Бұдан арғысы сырттағыларға бимәлім. Әкім көз ілген жоқ еді, бәрін байқап жатыр. Мылтықтың дүбі бұрышқа тық ете қалды. Бұл бөлмеде есік жоқ, салқын болсын деп жазда дәке ұстап қойған күйі. Әкім жалаңаяқ мысықша басып босағаға жақындады.


— Бұ кім? — деп Ерденнің келіншегі Үміт шошып оянды. Үйде біреудің қараңдап жүргенін көрді.


— Кімсің?


Үміттің даусы қаттырақ шықты.


— Мен Ерден! Тыш-ш-ш!


— Ерден! Қайдағы?


Үміт айқайлап жіберді. Сырттағыларға оның аузын біреу баса қойғандай болды. Тұншыққан, талықсыған, жылау секілді үн естілді. Еркектің де еңкілі еміс-еміс келгендей құлаққа. Әкім дәл осы сәтте бұрыштағы мылтықты лып беріп алып, сып етіп сыртқа шықты. Сыдық үйдің бұрышынан қолын бұлғады. Бәрі жиналып тұр екен. Терезеге жақын келіп тың тыңдады. Әйелі мен күйеуі күбір-күбір сөйлесіп отыр.


— Қашып келдім. Қаруыммен қашып келдім.


— Құрыдық қой онда. Шын сорлаттың ғой бізді.


Үміттің аузын өзі басты ма, Ерден басты ма, тағы да тұншыға жылаған дауыс естілді.


— Таң атысымен мені бір жерге тыға тұр.


— Апамды оятайын!


Үміт орнынан тұрып есікке беттеді. Терезеге көзі түсіп еді, қабырғаға жабысып тұрған бір топ адамды байқап қалды білем, баж ете түсті.


Осы кезде Сыдық қолын сермеп қалды. Имансеріктен басқасы үйге лап қойды. Қараңғыда апыр-топыр. Бұрышқа, мылтығына тұра ұмтылған Ерденді Құлжабай мен Сыдық көтеріп соқты. Екі қолын артына қайырды. Апыр-топыр, Үміттің шырылдаған даусынан шошып оянған Бүкір кемпір көйлегін киер-киместен жүгіріп жеткен еді. Оған Үмітті біреу байлап-матап алып кеткелі жатқандай көрінді.


— Бұл қай сорым тағы да!


Осыдан басқа сөз жоқ оның аузында.


— Апа, кешір! Мен ғой сені сорлатқан. Мен, Ерден!


— Не дейді? Құлыншағым, үзілген үмітім!


Бүкір кемпір байлаулы жатқан баласының үстіне келе құлады. Осы кезде құланиектеніп таң да атып қалған екен. Жап-жарық боп, үйдің ішінің бәрі көрінді. Баласы мен шешесі өкіре көрісіп жатыр. Үміт шымылдығын дал-дұл қылған күйі төсегіне құлапты. Жылап жатқанын, талықсып жатқанын айыру қиын, құр ыңырсиды. Сыдық, Нәшен, Құлжабай, Имансерік, Әкім состиып-состиып қарап тұр. Тұрған-тұрған жерінде біреу бұларды шегелеп тастағандай.


— Босатындар қолымды. Ең болмаса, анаммен армансыз көрісейін. Сосын атып тастасаңдар да мейілдерің. Қайда барсам да Қорқыттың көрі екен.


Тұрғандар Сыдыққа қарады. Сыдық Нәшекеңе көз бұрды.


— Көріссін мына сорлы кемпірмен!


Өзі де көзіне жас алды.


— Бұл ауылдың адамынан иті мейірлі екен, — деді Ерден ызыға булығып.


Бұл сөз Сыдықтың шамына тиді. Әлгінде ғана бойын билеп тұрған аяныш сезімі алай-дүлей жоқ болды.


— Адам құсап келсең, алтыннан көпір салып қарсы алмас па ек? Қашқын боп, қасқыр құсап келген өзіңнен көр! Шірік неме!


Бұл күні ауыл қара жамылып, қасірет жұтты. Түске таман Ерденді қол-аяғын байлаған күйі өзі оқыған мектептің бір бөлмесіне әкеп қамады. Терезеден сығалаушылар көп. Бәрі де оған жиіркене қарайтын секілді. Бала екеш баланың да бойында бір суық сезім бар.


— Тфу... бұл жатқан сатқын, предатель, — деп бір-екеуі түкіріп те кетті.


— Өрісте жүрген қойды атыпты.


— Дәнекер ағамның бөрте серкесін әкетпекші бопты.


Ерден жынданған адамша екі-үш рет аунап түсті. Көздері құтырған иттің көзіндей қып-қызыл боп қанталап кеткен. Шатынай қарағанда қорыққанынан балалар тұра қашады. Аса бір үрейлі жабайы дауыспен бақырып жіберді. Қазір екі қолы босаса, өзін-өзі жарып жіберуге әзір. Неге бүйтті? Сонау Брестің түбінде Дәнекермен бірге неге қалмады? Неге өлмеді тұтқындар лагерінде? Қайдан келді қашу деген лағнет атқыр сол бір ой? Қандай шайтан түрткен оны сол түні?


... Иә, жау алғашқыда жаншып жіберді. Көк дірілдеп, жер сілкінді. Бұлардың бөлімшесі 21-июнь күні ұзақ жорықтан келіп, қатты шаршаған еді. Таң ата тітіреген аспанды көрді. Снаряд жарылып, бомба түсіп, айнала әлем-тапырақ болды. Көп кешікпей атыс қаланың ішіне кірді. Шулаған бала, жылаған ана. Қорған болады, шекарада жауды ұстай алады деген әскерлер басы бірікпей берекесі кетті. Зұлым жау да есепті осы абыржушылыққа құрған болу керек. Брест қамалы жағындағы қарсылық жойқын деп естіді. Жау қанша жанталасқанмен, қамалды әлі ала алмапты. Бұлар қамалды орап, Белобежск тоғайына қарай шегінген еді. Бір жарым күннің ішінде дұшпан көп құрбыларын жоқ етті. Бөлімше сиреп қалды. Жан-жақтан бытырай қашқан әскерлердің басын әркім біріктіріп жүр. Қалың орманның ішінде жол екі айырылады. Басқалардың кейін шегінуіне мүмкіндік жасау үшін жауды осы жерде ұстау керек. Кім қалады? Қалың селдей қаптап келе жатқан жаудың жолын тосуға кімнің дәті шыдайды?


Дәнекер «мен қалам», — деді. Қасындағы Александр екеуі «Максимді» қалың бұтаның арасына апарып жасырды, көп гранат алып қалды.


— Ерден! Хош! — деді ол қазақшалап.


Ауылдан бірге шыққан 17 жігіттің бір тобы Қамалдың ішіне орналасқан бөлімшеде еді. Қалғандарының қайда кеткенінен хабары жоқ. Бір жарым күн болды, көз жазып қалды. Бұлар секілді олар да Белоруссияның қалың орманы мен қалың батпағының арасында жаны жаншыла шегініп бара ма екен?


Дәнекер да қалып барады. Ерден орамалын бұлғап, көзіне жас алды. Көп кешікпей, арттарынан «Максимнің» сақылдаған үні естілді. Дәнекер мен Саша. Немістің автоматтары да арада шулап берді. Ауық-ауық гранаталар жарылды. Иә, бұл Дәнекер мен Сашаның әлі өлмегендігінің белгісі. Қаптаған жау оларды қазір-ақ таптап өте шығады ғой. Өздерінің де күні біткен шығар. Иә өлді, иә қолға түсті дей бер. Жоқ, ұзап барады. Тақымдаған жау жоқ. Үлкен бір тосқауылға тап болғандай. Орман ішімен жылжи берді. Екі дос бұлар үшін бастарын өлімге тікті. Аман ба, жаман ба, хабар жоқ. Төрт күннен кейін жол айрығындағы шайқас жайлы шегінген әскердің арасынан аңыз тарады. Қаптап келе жатқан жауды екі адам төрт сағат ұстапты. Пулеметтің үні алғашқыда жиі шығады. Кейіннен сирей бастайды. Сірә, оқтарын үнемдеген болса керек. Жаудың әбден мысы құриды. Ілгері жылжи алмай қалғанына неміс командирлері күйіп-піседі. Кейін өздерін төрт сағат бойы беттетпеген екі-ақ адам екенін білгенде өз көздеріне өздері сенбейді. Бұл жерде бүкіл бір бөлімше бар деп ұққан екен олар. Осы әңгімені сол төңіректегі деревнялардан келген азаматтар да тамсана айтқан еді. «Бір орыс, бір нацмен». Бірақ олар қаза болды ма, жараланып қолға түсті ме, оны ешкім дәйектеп айта алмады.


Кеше Орынбай шалдың алдында «ол Дәнекердің серкесі еді» дегенде кезеп тұрған мылтығын кілт тоқтатқан да осы оқиға еді. Қаны қанша қарайса да, жүрегінің түкпірінде сол ерлікке деген жылу қапты. Азапты болса да, әлі күнге дейін тірі жүргені сондағы тосқауылдың арқасы шығар. Неге ғана өліп кетпеді сонда, немістің бір оғы жайратпады мұны!


Тағы да шегініс. Тағы да қоршау. Ақыры жараланып қолға түсті. Хаммальсбург қаласындағы тұтқындар лагері. Екі жылдан астам ондағы азапты өмір. Ақыры қашып шықты. Бірақ тұтқында болғаны бетіне шіркеу болды. Айыптылар батальонында жауға қайта шапты. Шайтан тап сол түні түртті. «Не жазығым бар? Күші басым жау тұтқынға алмай есіркей ме. Есім жоқта жарадар боп түстім ғой. Қашып шықтым одан да. Ел деп, жер деп, Отан деп. Еркіммен түссем жүрмес пе едім немістің бір жалдабы боп. Не үшін мен айыптымын? Азап көргенім үшін бе?» Міне, осы арада «қаш, ең болмаса қарт шешеңді бір көріп, туған топырағыңды бір сүйіп ол» деді бір арам ой. «Әне ұсталам, міне ұсталам» деп үнемі үрейдің астында үш ай жүріп әрең жетті. Үш жыл немістен қорықты.


Үш ай өз Отанынан қорықты. Адалдық пен сатқындықтың шекарасын таба алмай аласұрды.


Не боп кетті бұл дүние? Қара мен ақ, күн мен түн, жақсылық пен жамандық мидай араласып, не екенін айыра алмай есеңгіреген кезі еді. Арық деп аттағаны құз боп шықты, құлады да кетті. Құтқарар, қолынан тартар ешкім жоқ. Ауылым деп келгенде ағайыны байлап-матап ұстап отыр. Анасы да бағана үйден кетерде «өлтірдің-ау, Ерден, досқа күлкі, дұшпанға таба қылдың, бір емес, мың өлтірдің, бауыздап кет қолыңнан!» деп ойбай салды. «Қартайған анам құрлы қауқар табылмапты-ау бойымнан. Неміс шіркін шынымен-ақ жігерімді құм қылған ба? Жауды ентелей қуған шақта жалт беріппін сорлы басым. «Шығасыға иесі басшы» деген. Кешірімің болар ма екен, туған жер».


Қанталаған көзіне жас толды. Еденге тамып-тамып кетті. Терезеде жыпырлаған бір топ бала:


— Жылап жатыр, жылап жатыр, — деп шу ете қалды.


Бәрінен де мынау пәк көңіл сәбилердің табалағаны батты-ау жанына. Жалбарына, жасаурап тағы қарады оларға. «Кешір мені мейірімді ұрпақ, керегіңе жарармын» деп жатқандай.


Сыдық ауданға телефон соғардан бұрын көп ойланды. Бүкір кемпірдің қанды жасы, бір-ақ күнде суық соққан гүлдей солған кәдімгі Үміт, колхоздың қайратты Үміті жүрегінің бір жағын сыздатса, бір жағын қаруымен қайтып келген қашқын осы ауылдың азаматы деген азапты ой сыздатты...


— Алло, аудандық қауіпсіздік бөлімі ме? Сіздерге айтар жайсыз хабарымыз бар...


АЛТЫНШЫ ТАРАУ


Ерденнің бұл келісі бүкіл ауылдың сағын сындырды. Күлжәмила барлық жайды Әкімнен естігенде боп-боз болып мелшиіп отырған да қалған. Екі күннен соң бет-аузы әр-әр жерден қызарып, теңбілденіп шыға келді. Әкім шешесін Бүкір кемпірдің үйіне жүгірер ме екен деп еді. Олай етпеді. Төсегінде сал болған адамша сұлқ жатты да қойды. Ешкілер Күлжәмила жатқан күндері жамырап кетті. Бөрте серке де күнде алдынан шығатын кемпірді іздеді. Ақыры үйден тапқанына қуанғандай алдымен аяғынан, сосын кеудесінен келіп иіскеді. Күлжәмила серкенің бұл қылықтарын көзінің астымен суық қана байқап жатты. Мүйізінен ұстап, тұмсығынан сипамады. Аяқтарын кезек-кезек қозғап, буындарын сықырлатса да Күлжәмиладан еш ишарат болмады. Сосын бөрте серке паң қалпында жайлап басып ауызғы бөлмедегі үйренген орнына барып жатты. Екі күн ешкілерді Әкімнің өзі сауды. Шешесі не пісірген сүтті, не қайнатқан шайды ішпеді. Тіл-аузы байланған адамша үн-түн жоқ жатты да қойды. Әкім жаман қорықты, ауылда пері қағыпты деген ауруды жұрт жиі айтушы еді, өзінше сол ма деп ойлады.


Бесінші күн дегенде Күлжәмила орнынан әрең тұрды. Әкім бұл үйге келгелі оның мұндай күйде болғанын көрген емес. Тіптен бүкірейіп кеткен секілді. Бұрын тік жүруші еді. «Мал иесіне тартады» демекші, бөрте серке де пандықты осы кісіден үйренгендей көрінетін Әкімге. Бетіндегі қызыл теңбіл енді көгере бастады. Кәдімгі көлбақаның терісі құсап күлдіреп кетті. Неше күнгі сұлық жатыс бәрінен де осы кісінің ішіндегі бар отты, тентек кемпір атандырып жүрген отты сөндіріп кеткендей. Ауылды аралап қыдырып кететін әдеті де сап тыйылды. Сыртқа шықса, бетінен басатын жасықтық пайда болғандай. Өжет кемпірден гөрі бейшара, байғұс, жасық кемпірге ұқсап бара ма, қалай?


Әкім ғана емес, оның ауық-ауық теңіздей тулап, буырқанып тұруын бүкіл ауыл сағынды. Нәшен мен Сыдық та Күлжәмиланы көптен көрген жоқ. Анда-санда келіп тоқымдарын қағып кетуші еді. Насыбайы таусылғанда насыбай ататын кемпір-шалдарды да біріне-бірін соғып алатын. Неге екені белгісіз, осы кісінің тентектігі өзіне де үйлесіп, өзгені де бір сергітіп тастайтындай тентектік еді. Әбдінің оқиғасынан кейін келіншектердің де сыбағасын беріп жүрді.


— Қағынған қарлар! Шал-шақпыттың, ақсақ-тоқсақтың құрған тозағына түсіп қалып жүрмеңдер. Ертең қол-аяғы балғадай боп жігіттерің келгенде мыналарға көңіліміз кетіпті-ау деп жүзі қара боласыңдар!


— Әпке, әпке! Сіз тұрғанда біз ешкімге жуи алмаспыз, — деп мәз болатын олар.


Ауданнан келген Әлімжан өкілді былтыр бір емес, екі рет қатырғанын бұл ауылдың бәрі біледі. Бір күні іші пысып, кешке қарай орақшылардың алдынан шыққан. Бір-бір арқа отыны бар әйелдер алыстан қарағанда түйедей тізіліп келе жатты. «Бір дәннен тартып құмырсқа да қыстық азық жинайды» демекші, осылайша арқалап тасып, әйелдер де қыстық отынын алады. Кейде Күлжәмиланың оларға қатты жаны ашиды. Әрі колхоздың орағын орады, әрі отынын жинап үлгереді. Міне, сол мехнаттың мол жүгін арқалаған әйелдер күн ұясына кіре қаздай тізіліп келе жатты. Отындарының арасында, әрине, бірді-екі кило бидай да бар. Орақшылардың алды Күлжәмила тұрған белеңге іліне бергенде сол жақтағы өзектен торы атқа мінген Әлімжан өкіл шыға келді. Иығында саржасы бар есепші балаға «Қатындарды тоқтат, тінтеміз! Арқаларындағы отын емес, ұрлық бидай», — деді. Әйелдердің жүрегі зу ете қалды.


— Ей, өкіл! Сен неге өйтесің? — деп саңқ етті Күлжәмила, — Елге жаның ашитын шолақ етексің бе, әлде аспаннан түстім деп жүрген біреумісің? Тінткенің не? Сенің алдындағы арқа еті арша, борбай еті борша боп жүрген колхозшы ма, жоқ әлде, әрестан ба?


Торы аттың шаужайынан ұстап алып, Күлжекең ал өкілдің сыбағасын берді дейсің.


— Тінт, мына мені де. Менің де ұрлығым бар шығар. Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ. «Қоянды көріп, қалжасынан түңіл» демекші, сендей өкілден бұл халық не опа табады ей? Өңшең жесірдің отынын түрткілегенше, әулие болсаң тоқтатшы ана соғысты, сөйлесші ана құдаймен, бәрімізді қасіреттің құрығымен қылғындырған!


Шаужайына жармаса кеткен тентек кемпірдің айқайынан өкіл-екең құтылғанша, жиырма-отыз орақшы өзекке түсіп, жым-жылас жоқ болды. Ымырт жабылып, қараңғы түсті. Ауылдан жылтылдаған оттар анық көрінді. Өкіл өз бетімен, Күлжәмила өз бетімен кете барды. Ертесіне әйелдер Күлжәмилаға алғысты жаудырды дейсің.


— Әй, аю әпкем, ақымақ өкілді тәубесіне бір келтірді-ау!


Кездескен сайын әйелдер «Әпке, әпке! Айтыңызшы, не деп сыбадыңыз өкілді?» — деп Күлжәмиланың әңгімесін ішек-сілелері қата тыңдайтын.


— Оны қойшы. Әлімжан өкілді құдайым менің алдыма тағы бір мықтап әкелді ғой.


— Иә, иә... айтпақшы, соны айтыңызшы!


— Ел жатысымен жүрегім лоблып, біртүрлі жата алмадым. Әдетте ұстайтын жынымның бірі шығар деп қойғам. Денем қызып, көз алдыма әлдене елестей берді. Жынданатын шығармын дедім ішімнен. Тіпті көз іле алатын емеспін. Киіндім де, белімді тас буып далаға шықтым. Жұрт шырт ұйқыда. Ауылдың иттері де жалқаулана әр-әр жерден маңқ-маңқ етеді. Есіктің алдында әрлі-берлі жүрдім де қойдым. Бітірген түк те жоқ, барлық үйді көзіммен, көңіліммен түгендеп тұрмын. Балалар, азаматтар есіме түсіп, көңіл құрғыр да құлази берді. Түннің бір уағына дейін басылмайтын олардың шуылын, күлкісін сағынғандаймын. Көзіме жас та келіп қалды. Ауылдың үстін менің көңілімнен де күңгірт бірдеңе басып тұрғандай. Біресе топ-тобымен әскерше киінген азаматтар келіп қалған сияқты болады. Сөйтіп тұрғанда көзім Мұқатайдың үй жағына түсті. Әскерге кетерде «айт, два, айт, два» деп күлдіргені, қарағымның жайсаңдығы есіме түсті. Екі көзіме ерік бердім. Әйелі Асылжан төсекте дөңбекшіп, үйықтай алмай жатқан сияқты болады. Атасының қайтыс болғаны есіме түсті. Атаны келін күтсе, Асылжандай-ақ күтсін деймін. Сал болып жатып қалған шалды баласындай мәпелеп қандай күтті. Сол ықыласы үшін ғана құдайым Мұқатайды әскерден аман келтіретін-ақ жөні бар. Екі-үш күн бұрын ғана көріп ем өзін. Ақ шабақтай тулап, жар қойнында жататын-ақ кезі екен. Өзі де қызыл шырайлының әдемісі ғой. Ренжігенін көрмейсің, күледі де жүреді. Алғашқы кеткен 17-нің екеуі ғана әйелді еді ғой. Мұқатай мен Ерден ғана. Күйеулері Дәнекеріммен бірге кеткендіктен бе, Асылжан мен Үміт өз келінімдей ыстық көрінетін маған. Неге екенін білмеймін, Мұқатайдың үйінің төңірегіне ойым ұзақ аялдады. Әлден уақытта аттың дүбірі естілді. Ай туып, едәуір көтеріліп қалған. Бәрі сайрап көрініп тұр. Тани кеттім, әлгі өкіл, пәле Әлімжан. Көлді айналып етті де, тура Асылжанның үйіне тартты. Байлаулы тыныш жатқан сиырды қамшымен бір перді. Сиыр бас жібін үзіп тұрып кетті. Мынаны жын ұрған ба деймін ішімнен. Әлде өкіл болып көрмей, соның буын көтере алмай жүрген біреу ме? Шығыс жақтағы тасаға атын байлады да, үйге беттеді. Жүрегім зу ете қалды. Мына қарды құдай төбесінен ұрған екен дедім. Асылжан бұзылса, бұл дүниеде адал қатын қалмас. О... қу соғыс, оның да көзін қарайтып, есінен алған екенсің ғой. Қатын кел демесе, түннің бұл уағында несі бар өкілдің? Қойныма біреу мұз тастап жібергендей селк ете қалдым. Шабынған бурадай өз-өзімнен зіркілдеп қоя бермесім бар ма! Жүгіріп келем. Екеуін де шайнап тастауға бармын. Қайдан ілінгенін білмеймін, қолыма ағаш көсеу түсіпті. Осы айқасты күткендей өзімнің де іңірден шырт буынғанымды қайтерсің. Ана ит үйге кіріп кетті. «Кешіктім-ау, кешіктім-ау!» деп ұшып келемін. Айқайлайын десем үнім шықпайды. Алып-ұшып іліндім-ау үйдің шетіне.


— Кет, иттің баласы. Адам ба деп жүрсем, адам кейпіндегі аң екенсің ғой.


Асылжанның осы сөздерін құлағым анық естіді. Дәрменсіз бозторғай ең соңғы күшін жинап, әбжыланның алдында шыр-шыр еткендей болды. Булығып, үні кектеніп шығады.


Терезе шылдыр ете қалды. Перінің қызындай боп Асылжан көйлекшең сыртқа топ ете түсті. Аяғы жалаңаяқ.


Емпеңдеп келе жатқан мені көріп, бар даусымен айқайлап бас салды. Бүкіл ауылды басына көтере жылады. Еңкілдеп сөйлей алмайды.


— Күнім апа-ау, неткен қорлық...


Осы сөздерді үзіп-үзіп әрең айтты. Аяғын әйнек кесіп кетіпті. Даладай қан. Мен көлденең жатқан күректің сабымен есікті сыртынан тірей қойдым. Өкіл-екем бір-екі рет итеріп аша алмады. Түнде шыққан әйелдің ащы даусынан көп адам оянып кетіпті. Жиналып қалды. Өкіл-екең мұны күтпесе керек. Сасқанынан Асылжан қарғып түскен терезеден ол да қарғып шықты.


— Жастық қой, жастық! — деп ыржалаңдайды.


— Мә, саған жастық! — деп қолымдағы көсеумен бастан қалай періп жібергенімді өзім де білмеймін. Түтігіп сөйлей ала жөнелдім.


— Ей, ұрлықшы ұстайтын, қатындарды тінтетін неме емес пе ең, нағыз ұры өзің болып шықтың ғой деймін. Ұры болғанда да ең сұрқиясы. Және қолға түстің. Адал ардан дәмең бар, ә! Сендейлерден немістің оғы да жиіркенер тегі.


Өзімді-өзім ұмытып кетіппін. Әншейіндегі жынды Күлжәмила кетті дейсің. Түн екенінде, ауылдың ұйықтап жатқанында шаруам жоқ. Іңірден басталған құрысым бір жазылды-ау шіркін!


— Қырман басында қиқалаңдап жүретін есек дәме еркектердің біреуі шығар дегем де қойғам. Албастыдай арсалаңдап үйге келеді деп кім ойлаған.


Өзіне-өзі келіп, жиналған жұрт алдында Асылжан осылай ақталып жатты. Бетінен сүйіп үйіне әкеттім. Көңілі қайта босап, ұзақ уақыт құшағынан босатпай қойды. Көрген зәбірден жанымыз жаншылып, тағдырға екеуміз қосылып шағындық.


— Жо...жоқ, ар жағын, әлгі райкомға барғаныңызды айтыңызшы!


...Қасқыр шапқан қойдай дүрлігім басылса ше. Бірдеңем тырбағандай күні бойы булықтым да жүрдім. Сол күннің кешіне МТС-ке райком келді деген хабар тиді құлағыма. Үйді Әкімге тастап, Күлжекең тартты да отырды. Қанша айтқанмен ауданнан келген өкіл ғой, ауылдағылар батып Әлімжанға ештеңе айта алмас деп ойладым. Оның басынып, қоразданып жүргені де сол ауданнан келдім дейтін шығар.


Өзім жаяу, қан сорпам шығып МТС-ке әрең жеттім. Жиналыс өткізді ме, ұзақ күттім. Сыланып қалған бір қатын «бәйбіше, ертең келіңіз, бүгін шаршады ол кісі», — дейді. «Шаршамай біздің шекеміз қызып жүр ғой дейсің бе», — деп мен де болмадым. Ел шығып болды-ау деген сәтте әлгі қаймиған қатынның кес-кестегеніне қарамастан, кірдім де кеттім. Қасында бір орысы бар, әлгі осы өзіміздің ауылға келе беретін комбайн, трактордың қожасы. Шашы кірпідей тікірейген, егделеу келген қазақ отыр. Дәу де болса іздегенім сен шығарсың дедім. Көзі шүңірейіңкіреп кетіпті. Шаршады десе шаршағандай. Онда менің шаруам қанша, жаным күйіп келіп отырған адаммын. Ішімде аласұрып арыстанның баласы жатқандай түрім де кісі шошырлық болса керек.


— Райком қайсысың? — дедім амандық жоқ, саулық жоқ.


Екеуі де маған әрі тандана, әрі үрке қарады.


— Кіруге болмайды десем, мына кемпір кимелеп кетіп қалды. Өзінің есі дұрыс емес-ау деймін, — деді әлгі қылмиған қатын мені қуа кіріп.


— Қылмимай арман ары! Менің шаруам сенде емес, райкомда.


— Иә, бәйбіше, түнделетіп жай жүрсіз бе? — деді тікірейген шашты қазағым.


— Мен білсем, бұл кісі «Алғабастан» болу керек.


Мұны айтқан орысым қазақша жылмиды. «Мені қайдан білесің» деген кісіше адырая бір қарадым да, райкомға болған жайдың бәрін сол қалпында жіпке тізгендей ғып айтып бердім. Сөзімнің артын тыңдауға дәті шыдамады ма, ол сұп-сұр болып орнынан тұрып кетті. Қолын артына ұстап, арлы-берлі жүрді де қойды, қабағы бір түйіліп, бір ашылды. Бас бармағы аузында.


— «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деп... Осындай ақымақтарды ауылға өкіл ғып қалай жібересіңдер?


Райкомым біреу жағынан салып жібергендей көзі шатынап жалт қарады. Байқаймын, маған деген зілі жоқ. Бірақ өзі өзегі өртене бастағандай қап-қара боп түтігіп кетіпті. Өзіме дүрсе қоя берер ме екен деп ем, жоқ:


— Дұрыс істегенсіз, бәйбіше! Ондай ұятсызға сол керек, — деді.


— Өз келініңіз бе еді?


Бір әйел даусы сыңғыр ете қалды. Байқаймын, әлгі қылмиған қатыным бастан-аяқ артымда тыңдап тұрыпты.


— Өзгенікі болса, өкіл атаулының астында жата берсін деп пе ең?


Қазақша білетін орысым әлгі қатынды ала көзімен атып жіберді. Сол-ақ екен, ол сүтке тиген күшіктей сүмірейіп бөлмеден шыға жөнелді.


— Бәйбіше! Уақыт деп уақытқа жабамыз ғой. Бұл адам қызық өзі. Бір түнгі тойған астың да, бір аяқ көженің де буын көтере алмайтын тайыздар табылады. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді... Осындай аналардан айналғай да. Осындай айбаттар қосылып қой, апа, кешегі өңмеңдеген жауды өкшелеп қуып бара жатқанымыз. Фашистер да талай аруды зарлатты... Жақсы күн жақын, апа. «Күн көтерілгенде түн артын қысады» демекші, әлі-ақ бәрі орнына келер. Көздің жасы да тыйылар. Түн жамылып шығатын қаны сасық қандалалар бар ғой. Сол ғой ол. Өзіңіз де мыжып жіберіпсіз...


Жүзіне сәл күлкі үйірілді. Езуі жиырылғанда алтыннан салған екі тісі көрінді. Мені ғана емес, өзін де жұбатып тұрған секілді. Бармағын тістеп, арлы-берлі жүргендегі кеудесін кернеген ойлары болу керек. Төкті дейсің, төкті дейсің, тіпті шешен екен шіркін. Тегін адам райком бола ма!


— Бұл кісінің баласы келгенде сояйын деп жүрген дәу серкесі бар!


Орыс маған қарап жымиып күлді. Біздің бөртені бұл қайдан біледі деп аң-таңмын.


— Ауылыңызға барғанда көргем. Естігем.


Біз далаға шыққанда есік алдында екі ат байлаулы тұр екен.


— Апа, ауылыңызға қалай қайтасыз? — деді райком.


— Жаяу қайтам.


— Жоқ, болмайды! Мына түнде...


Әлгі орыспен екеуі өзара бірдеңе деді де: «Келіңіз, мынаған мініңіз», — деп бір атты шеше бастады. Әлгі қылмиған қатынды екінші атқа отырғызды.


— Мына кісіні апарып тастап, тез қайтып келе қойыңыз.


— Рахмет, қарағым. Мың жаса! Абыройлы бол!


Астымдағы су төгілмес жорғаның өзі екен. Райком жаман ат міне ме. Көк иірімнің суынан өте-ақ шайқалтсын келіп. Байқаймын, қылмиған қатын амалсыздың күнінен әрең келеді. Иттің атқа отырысы да отырыс емес. Ердің басынан ұстап алып қопаң-қопаң етеді. «Е... бөксең ерді көп иіскеп көрмеген бикешім екенсің ғой» дедім ішімнен. Қараңғыға көз үйренген соң айналаның бәрі көрінді. Қандай шайтанның түрткенін қайдам. Манаты есік алдынан кесе-көлденең жібермегенінің өшін бір қайтарайын деген ой сап ете түсті. Өзі енді менімен сөйлескісі кеп қипақтап келеді. «Жаман кемпірдің өнерін көрсін бұл сылқым» дедім. Астымдағы жорғаның басын тежеңкірей бердім де, қылмиған қатынды алға салдым. Тақымымды қымтаңқырап «өйт» деп қалып ем, екі ат ала жөнелді. Қатынның астындағы атты сауырдан тартып-тартып жібердім. Шу қара құйрық шауып берсін. Өзім де жорғаның басын қоя бердім. Ой, шіркін-ай, ағызды-ау. Алдымыздан соққан самал гу-гу етеді. Әлгі қатыннан көз жазбай келе жатқам, бөксесі біресе олай, біресе бұлай бұлтақ-бұлтақ етеді. Ауып түсіп қалар ма екен деп қорқа бастадым. «Өлдім, өлдім, шаппаңыз» деп айқайлап келеді. Қолында тізгіні ғана, шылбырын түсіріп алыпты. Ат сүрінді бітті, құлап жатыр. Жорғаның басын тез тежей қойдым. Әлгі қатын қойқалақтап-қойқалақтап барып әрең тоқтады. Кәдімгі су құйған мес секілді бұлғақтайды. Ішегім қатып сақылдап күліп келем. Көптен рахаттанып күлгенім осы шығар. Не жын түртіп, қай перінің желіктіргенін қайдам. Біреудің зәре-құтының қалмай қорыққанында шаруам жоқ, өзім мәзбін. Әншейінде қайқайып жанға сәлем бергісі келмейтін қатынның жаны мұрнының ұшына бір келді. Соған мәзбін.


— Құлап қалсам қайтесіз? — деді ол есін жиған соң.


Манағы кеңседегідей кербез емес. Сынып қапты батырың.


Жалба-жұлба кемпір тегін емес екенін білді-ау деймін.


Маған да керегі сол.


Ауыл әйелі болған соң атқа жүре алмайды деп ойламаса керек райком.


— Апа, мен қалай қайтам?


Үнінде діріл, қорқыныш бар. Бір жағынан аяп та кеттім. Бұл бишара да шекесінің қай қызғандығынан келе жатыр дейсің. Сол екі ортада ауылға да келдік. Әкімді төсегінен тұрғызып, қылмиған қатынды өзім келген жорғаға мінгіздім де, Әкімді оның атына отырғыздым. «Апарып сал, таңертең жаяу келерсің» деп тапсырдым.


— Осы ауылдағы атышулы Күлжәмила деген тентек кемпір мен болам. Өзің де енді ұмытпайтын шығарсың, — деп күлдім. — Жолың болсын. Райкомге рахмет де!


Сөйтіп, «айды аспанға бір-ақ шығардым» деген екен бір әумесер. Сол айтпақшы, Әлімжан өкілдің әлегінен біреудің қатынын өлтіріп ала жаздағаным бар. Айтпақшы, екі күннен соң аяқасты Әлімжанның көзі құрыды. Менің әңгімемді тыңдағанда райком қатты ренжіп еді. Жоқ қылды, әйтеуір... Асылжанның намысын қорғаймын деп бұл әпкелерің сөйтіп райкомнің де алдын көрген... Ойнамаңдар менімен...


Ауыл әйелдері Күлжәмила осы оқиғаны қанша қайталап айтса да тыңдаудан жалықпаушы еді. Тентек кемпірдің өзі де көңілденіп, рахаттанып қалатын.


Міне, сол жұрттың бәрін мәз ғып немесе екі аяғын бір етікке тығып жүретін Күлжәмила көрінбей кетті. Үйінде отырып жүдеп барады. Ерден ұсталғаннан бері осындай күйге душар болды. Тым-тырыс хабарсыз болғанының өзі жақсы еді ғой. Баламның әскерде екенін міндет қып, көкірегімді төбелеп мен жүргенде, Ерден құсап қашып-бұғып ол жүрсе. Тірі масқара сол ғой. Ерден сорлы жердің үстімен келіп, астымен кетті! Не болды? Өлмелі шешесі мен жарын да өлмеші халде қалдырды. Құдай-ау, тәубе, қатын алмай кеткеніне шүкір. Балаң қашқын деп келінім бетіме күнде қара күйе жағып отырса, мен оған шыдай алмаспын, жарылып өлермін. Ойпырм-ай, шынымен-ақ Ерден құсап жүзі қара боп жүр ме екен... Әлде тұтқынға түсіп тепкішекті теуіп жүр ме? Ол да қайбір жақсы дейсің. Жазған құдай-ау, сорыма ел шетіне, жау өтіне апарып қоярмысың. Тарпа бас салғанда есі ауып қалды ғой, ұрыс көрмеген бейбақтар. Кім біледі, бірден жетесінен қиып жер жастандырды ма? Масқара боп елге қашып келгеннен сонысы да жөн шығар...


Жо, жоқ, астапыралла, не деп тұрмын. Бір көріп өлсем армансызбын деуші ме ем, қашып келсе көрем ғой. Не дейді, бұ құдай жаман ойды басыма қайдан тықпалайды, жараланып келсе, екі қол, екі аяғы жоқ келсе демеуші ме ем. Қашқын деген Ерденмен кетсін. О, сорлы неме. Құтылам деді ме екен. Қашқанға қашан да дүние тар. Қаша көрме, құлыным деп Дәнекердің құлағына құйып жіберсемші. Сыртқа шығайын десе, «сенің де балаң Ерденмен бірге кеткен. Сенің де балаң қашқын» деп жұрттың бәрі көзге шұқитындай. Мұндай мұңға тап болғаннан тентек, ерке кемпір боп жүре бергенімнің өзі артық еді-ау.


Ерден ұсталғаннан бері елден де, жерден де, тіпті желден де, күннен де, түннен де ұялатын секілді. Байлаулы жатқанда пәтшағардың ең болмаса жүзін көрмеген екем. Барып, «әй,


Дәнекерді көрдің бе?» деп сұрағысы келген. Бірақ әншейінде ештеңеден қайтпайтын, бетің бар, жүзің бар демейтін аю кемпірдің, неге екені белгісіз, жүрегі дауаламаған. Оймен оның бет-әлпетін, қимыл-әрекетін көз алдына келтірген. Бетінің секпілі шұбар жыланның түлеген терісіндей кеуік-кеуік. Не күлгенге, не ашуланғанға ұқсамайтын бір мысқыл бар жүзінде. Мұрнының тұсы жыбыр-жыбыр етеді. «Жақында, жақында, жалмауыз кемпір. Сенің балаң да осындай азаптың арқанымен таңулы. Неге мәз боп тірі жүрсің» деп өзіне қарап ызбарланатындай. Мынау кешегі келісті Ерден емес, кемік сүйектей құп-қу бірдеңе. Шашы қандай аппақ болып ағарған. Анау бетін осып түскен тыртық па, жоқ әлде, тыртықтай боп сызылып қалған күйе ме? Көзінің алды өз-өзінен қарауытып кетеді. Мынау жатқан біреу емес, екеу ғой. Ойбай-ау, қасындағы Дәнекер ме? Неге басын көтермейді. Бет жоқ қой, бет жоқ қарауға. «Сұмдық-ай!» деген өз сөзінен өзі селк ете қалады. Абырой болғанда, елес боп шықты, алдында Ерден де, Дәнекер де жоқ. Сол екі арада қара бұлттай жаман ойлар қайта қаптайды. Екі апта бойы осындай халде. Жатса да, тұрса да осы.


Үйде отыра алмаған соң сейілейін деп бүгін қой артынан өріске тартты. Күннің қай мезгіл екенін де білмейді. Ауылдың шығыс жағында қоңыр жотаның үстінде төрт құлақты зират бар. Сол зираттың ар жағы жар. Жардан өткен соң жазық. Мал сол жазыққа шығыпты. Орынбай шал тас жиреннің үстінде жарбиып отыр екен. Анадағы екі оқиғадан кейін — қойға бірде қасқыр, бірде адам шапқан соң колхоз Орынбайға қасқа өгіздің орнына осы тас жиренді берген. Жылқы аты бар, әйтеуір. Өзі желікпесе, етінен ет кесіп алсаң да шаппайды ол. Сондықтан да тас жирен атанған. Ал бір елірсе, оны тоқтата алмайсың. Күлжәмила жардың жайдақтау жерінен өтіп, отар қасына келді. Бөрте серкенің жанына тоқтады. Ол әдетінше жеңінен, омырауынан иіскеді, ернін жыбырлатып, қарағайдай мүйізін бұғыша шайқап қойды. Орынбай «қайтсін, үйінде отыра алмаған ғой, ең болмаса серкесін келіп сипағысы келген шығар» деді ішінен. Өрістің екінші жағында «шәйт, шәйт» деп айқайлап қойып жүр.


Бөрте серкенің жанында Күлжәмиланы ой үйығы қайта тартты. Ерден мен Дәнекер қосақтасып, жанын тағы жаншыды. Бөртеге деген ықыласы да ашуға ауысып, «тілеуі жаман кебенек, табан астында бауыздап, етінді итке тастайын ба? Тойға сойылмай, жаназаға сойылып жүрмесең жарар еді» деп құлағының түбінен біреу сыбыр ете түскендей болды. Көзінің алды да, көкірегі де қап-қараңғы боп кетті.


Батыс жаққа қарап еді, түсі жаман бір қою бұлт келе жатыр екен. Шөптердің басы шайқалақтай жөнелді. Бөрте серкенің қырықтықтан кейін енді жетіліп қалған жүні де аттың жалындай тікірейді. Айнала теңіз бетіндей толқындалып барады. Сап-сары боп пісіп тұрған алыстағы егіндік әлдебір құдіретті күш қотарып жатқан сары алтындай сапырылады. Біресе сынаптай сырғып ауып кеткендей болады. Өзінің көңілі ме, әлде көз алдындағы көрініс пе, оны Күлжәмила ажыратып тұрған жоқ. Бірақ бойын суық жел кеулеп тоңазытып бара жатқанын біледі. Әлден уақытта аспан айырылып, шатыр ете қалды. Күлжәмиланың тап құлағының түбінен біреу тарс дегізіп атқандай болды. Орынбайдың әлдене деп айқайлаған даусы еміс-еміс қана естіледі. Бармақтай-бармақтай тамшы түсе бастады. Артынша күн құйды да кетті. Жаңбыр емес, бұршақ. Барған сайын іріленіп барады. Күлжәмила таяғына сүйенген күйі қалшиып қатып қалған. Аспан астын ақ сайтандар жайлап, сақылдап күліп, жарыса түкіріп, онысы жерге атылған оқтай ойнақшып түсіп жатқан секілді. Біресе Ерден мен Дәнекерді жүндей түтіп сабап жатқандай олар. «Сол керек, сол керек». Астапыралла, астапыралла!


Мұрнының үстінен тиген бір бұршақ селк еткізді. Аяғының астына қараса, күтірлеген ақ мұз. Ішінде түйенің құмалағындай үлкендері де бар. Ә, үйден ажал айдап шыққан екен ғой. Дәнекердің жаман хабарын естіртпей, бұлай алайын дегеніңе де шүкір. Ол немістің оғынан жайраса, мен өз оғыңнан-ақ жайрайын, жаратқан! Бұршақ басылайын деді ме, сәл саябырсыды. «Қап!» — деді Күлжәмила әлденеге өкінгендей. Аспан тағы да қақ айырыла шатырлады. Шаңытып әлемтапырақ бірдеңе басталды. Көк пен жер бәсекемен сабай сабап, жүн түткендей болды да кетті. Ешкілердің бақырған даусы естілді. Кәдімгі бауыздайын деп жатқандағы бақырысындай. «Аттан! Аттан!» деген Орынбай шалдың ащы үні келіп қосылды бұған. Күлжәмиланың шекесі тас тигендей шың ете қалды. Екіншісі, үшіншісі.., ар жағын білмейді...


Есін жиса, күтірлеген мұздың үстінде жатыр. Үстіндегі ескі шапаны түте-түте. Жарға сарқырап құйып жатқан судың даусын естіді. Қасында үстінен су шүмектеген бөрте серке тұр. Өзге ешкі жанын қоярға жер таба алмай бақырғанда бұл жарықтық мыңқ деместен иесінің қасында тұрса керек. Адам деп мені қара тұтты-ау, ә?


Үсті су-су болса да Күлжәмилаға ұйқыдан тұрған кісідей бір сергектік пайда болды. Неше күн бойғы жанын жанышқан мұң мынау бұршақпен шайылып кеткен секілді. «Осылай жауған оқтың астында жүрген қарғамды да айыпқа бұйырдым-ау, Ерден байғұста не кінә бар. Пенде ғой, пенде!» Мұнша жасқа келгенмен, бұршақтың мұндай ірі жауғанын көргені осы. Орынбай шал да бір жерде есінен танып қалды ма екен деп ойлады. Мынау төбедегі төңкерілген аспан секілді мұның кеудесі де кенет тазарып қалды. Артына қараса, бөрте серке, оның соңында шұбырған отар...


«Алғабас» колхозының атағы бұл жолы аяқасты жауған бұршақпен шықты. Бұрын оның елден бұрын астық өткізетіні, елден бұрын заем жинайтыны, әскерге ең жақсы аттар беретіні сөз болатын. Ет, май, жүн, жұмыртқа өткізуде до ауданда осы колхоздың аты аталатын. Ер-азаматтың жоғын білдірмей, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген кемпір-шал, қатын-балаларға ауданнан, облыстан жауатын алғыс та аз болмайтын. Тіпті республикалық газет беттерінде де бірнеше рет ауызға ілікті. Осы мақтау, мадақтаудың өзі жүдеу тартса да жұртты жұмылдырып тұр еді.


Міне, енді көрдің бе, майдан беті түзеліп, жау сағы сынған сәтте бәрі қырынан келгенін. Әскерден қашқан солдат осы ауылдан шықты. Егінді пісіп тұрған кезінде тып-типыл ғып бұршақ ұрып кетті. Күздікті ғана жинап үлгерген еді. Жаздықтың шығысы шығыс-ақ болатын биыл. Мол өнімді жаңа тұқым — «қожабас» бидайын еккен еді. Ақсу ауданының «Кубаны» аталатын бұл колхозға биылғы артылған сенім сол себептен де үлкен-ді. Амал не, он екенін, түс екенін білмейсің, бәрі екі-ақ сағаттың ішінде жоқ болды.


Қайдан түс болсын. Барлық жаздықты атпен аралап тұрып көрді емес пе. Сойдиып-сойдиып сабақтары ғана қалған. Бастарында бір дән жоқ. Жер кәдімгі тырма жүргізгендей борпылдап жатыр. Екінші бригаданың егістігі ортасынан өтетін телеграф бағаналарының екеуі құлапты. Жел аралас бұршақ бұл арада тіпті сұрапыл болса керек. Бидайдың сабақтары күзде басы қураған кәдімгі ит құйрық секілді сидиып-сидиып тұр. Тіпті көрер көзге сүйкімсіз. Кеше жайқалып тұрған ғой, шіркін, әсіресе піскен кезде осы бір өңірге алтын жалатқандай сап-сары боп көздің жауын алушы еді. Сол көрініске көздері үйренген Имансерік пен Құлжабай мына сиыққа қарап, күректеріне сүйеніп түнеріп тұр. Әкелері жаңа өлгендей.


Түнермегенде қайтсін, есіл еңбек. Жаз бойы жанын салып, екеуі екі бригаданың жаздығын екі реттен судан өткізген. Кәнігі диқанға егіннің жайқалып өскенінен артық қуаныш бар ма! Сонау көктеген кезден бастап бәрі бұлардың көз алдында. Егіннің бой көтергені — баланың тәй-тәй басқанындай. Бас жарғаны — тұлымшағы жалбырап шауып жүргені. Сарғайып піскені — ержеткені, есейгені сияқты. Баланың өсуінен ана қалай көз жазбаса, диқан да солай. Ержетті-ау, есейді-ау деп тұрғанда перзенті көз алдынан ғайып болса, ана қандай болар еді. Имансерік пен Құлжабай да дәл сол күйде. Олардың көз жасын төгудің керегі жоқ. Еш болған еңбекке жыламай неге жылайсың. Бір ғана олардың еңбегі ме, мынау бүкіл ауылдың, арысы бүкіл елдің еңбегі емес пе! Жауды дәнмен атыңдар, мол өнім алыңдар деп жақсы тұқым берді. Қамбасының аузын ашып, Отан енді әкел деп тұрған.


Сұмдық-ау, бұл апаттың дәл осы колхозға ғана келуінде не сыр бар? Түсіндіре алар жан бар ма?.. Оң жақтағы «Үлгі» колхозының, сол жақтағы «Ағартудың» егіндері дін аман. Тура «Алғабастың» үстінен әдейілеп әкеп тастай салған пәле сияқты. Не үшін, қандай жазығы бар еді бұл ауылдың?


Бұл абырой деген тұрақсыз болуы керек. Сынапша мөлтілдеп көз алдында тұрады да, бір кезде жалт беріп жоқ болады. Ұстап көр сосын. Түйіршік-түйіршікке бөлініп, жан-жаққа бытырап ақыры жоқ болады. Жалтылдап тұрғанда жақсы, қызығасың, қуанғың келеді, бөлінгенде берекесі болмайды. «Шіркін, «Алғабас-ай», оның елі, оның еңбекқорлығы, оның астығы, оның парторгі!». Неше председатель ауысты, бәрі әскерге кетті. Ауыспайтын өзі. Денсаулығына байланысты әскерге алмады. Жасы да келіп қалған. Бірақ майдандағыдан кем қиындық көріп жүрген жоқ. Айырмашылығы — жауып тұрған оқ қана жоқ. Әйелдердің жесірлігі, балалардың жетімдігі, біреудің аш, біреудің жалаңаш жүргені сол оқтан да арман қинайды. Мұның жүрегі күніне бір емес, мың жараланады.


Ауырлық қанша зілді болса да, әйтеуір абыройы тәуір еді. Сол абырой сынаптай сырғып көз алдында қолдан кетіп барады. Астықтың жоспарын енді орындау жоқ. Ақ сабан болып жатқан дала анау. Алдағы қыста ашықпаса жарар еді. Авансты жаздық бидайдан береміз деп, күздіктің бәрін өткіздірген жоқ па! Сығыр қылғанда енді қайтеді? Аш елдің басын біріктіріп көр. Мына қан сасыған қырғын соғыс кезінде кім саған қарызға астық бермек? Әдейі абыройыңды алайын деп келген апат қой бұл. Ауданның «Кубаны», ауданның «Кубаны» дегенге мәз болып жүрсек... Отанның Кубанын неміс ойрандаса, Ақсудың «Кубанын» бұршақ ойрандады. Неміс те үндемей қапты, бұршақ та қапыда соқты. Апыр-ау, мына долы күштер бір-біріне неткен ұқсас еді. Немісті қудық, бетін қайырдық, ал бұршақ әкелген апаттың бетін қайтіп қайырмақпыз, қайтіп толтырдық ана астық жоспарын... Амал біреу ғана, акті жасау, ауданнан, облыстан биылғы астық жоспарын қысқарт деп сұрау. Мына соғыс кезінде «қысқарт» деп... Апат, табиғаттың апаты... Бар сылтау осы ғана.


«Иә, «Алғабас», осымен абыройың бітті. Сыдық сенде енді не сый бар. Торық, торықпа, күңірен, күңіренбе, тірелген тұйық осы. Бәрінен де Әлімжан өкіл қандай қуанып жүр екен. «Шоқ, шоқ, бір қатындарының қойнын қызғанам деп, алжыған кемпірлеріңе үстімнен арыз айтқызып едіңдер. Өздеріңе сол керек, намысшыл батырлар!». Көктен тілегенін жерден бергендей қуанып жүрген шығар. Астық жоспарын, елдің аш қалғанын қайтсін ол. Сондай болған жақсы ма деймін. Күнде малың түгел, күнде көңілің шат! Уайымнан сен аулақсың, уайым сенен аулақ. Әлімжанша, ақақаулап күн кешсе, талай төсекке аунар еді-ау. Күні үшін талай жесір жатар ма еді қойнында. Талай ене іштен тынып, қан жылап қарғар ма еді!


Кіммін сонда? Адаммын ба, жоқ әлде, ауыр кезеңді арқа тұтқан арсызбын ба? Жоқ, жоқ! Ешкімді де жылатқам жоқ, еш әйелге еркек болып қоразданып көрмедім. Адал жүрдім, адал абырой қаладым. Азап көрген осынау тайпы жандардың арасында қарауыл боп қалған соң, адал жолмен алып шықсам ба деп едім. Шамам оған жететін сияқты еді. Екі оқиға екі рет соқты-ау белімнен. Ерден келіп бір соқты, бұршақ келіп бір соқты.


Еңіреп жылауға да әзір. Бірақ ел не дейді? Мен егілсем, олар тіпті езілмей ме? Тұйықтан шығар жол бұл емес. Екі көздің жасына әркімнің-ақ шамасы бар. Қайратың болса, осындай қиын кезде шыдап көр. Сен босасаң, ел де босайды. Сен шыдасаң, ел де шыдайды. Елдің көзі ерінің қабағында, ердің көзі халқының жан азабында боп тұрған уақыт қой. Азапты көріп жылаған — осалдық, азапты көріп шыдаған — шын мықтылық!


ЖЕТІНШІ ТАРАУ


Төрт түйе шана боранға қарсы әрең келеді. Алдындағы қара атан шалдығайын деді ме, бақыра берді. Үстіндегі жабуы мен шомы тұтасып, қарға әбден істіктелген. Басын ық жаққа қарап бұрып қалғанда шудасы жел көтерген желкендей делдиеді де, қатты соққан боран өзін теңселтіп жібереді. Сол кезде «бақ» етеді.


Нәшекең қара атанның басын тартты да, арттағыларға: «Сары інгенді алдыға сал», — деп айқайлап еді, уілдеген желден ешкім даусын естімеді. Боранның қаттылығы сонша, соңғы екі шана бұлдырлап көрінбейді. Адасып кетті ме деген секем келді көңілге. Жоқ, қарайып келе жатыр екен. Бес-бестен осы төрт шанада 20 адам отыр дегенге кім сенеді. Бір шанада әйелі, баласымен Төлеп те келе жатыр. Қыстаудағы малдың халін айтып Сыдық қиналғанда, Төлеп шыдай алмаған-ды. «Біз де барайық, қазір дүкенде жұмыс саябыр ғой» деген. Бұл пікірге Жанар да қарсы болған жоқ. «Өзіміз қиналғанда аянбаған Сыдыққа ол қиналған кезде қол ұшын бермеуіміз қалай болады? Баланы бірге ала кетеміз. Екеуара бағармыз, қарармыз, көлденең кесірінен сақтасын. Жұрттың бәрі әу деп аттанғанда қалып қойғанымыз ұят шығар. Ел басына туған күн ғой бұл да». Осы ұят жалғыз баласымен қоса, оларды да жолға алып шыққан-ды.


Шаналардың үсті құр дөңкиеді. Нәшекең сезіп тұр, мына қатты боран жолаушыларды ең алдымен тондарына, содан кейін бір-біріне қуып тыққан. Өз шанасынан басқадағылардың бәрі үстеріне бір-бір текемет жауып алыпты. Түйелердің жүрісі ауыр-ақ. Жол бойы біреу «шөк-шөк» деп келе жатқандай етпетінен жығылады. Ол қалың қардан көтере алмаған жерінде күмп-күмп түскені еді. Шаналар деңкиіп ауамен қалқып келе жатқандай.


Екінші шанадағы текеметтің астынан қылтиып Сыдықтың ғана басы көрінеді.


— Жәй ма, Нәшеке?


Ысқырған боран даусын әрең естіртті.


— Қара атан да шалдықты, менің көзім де талды. Сары інгенмен сен алдыға түс.


— Өзі адасып кеткеміз жоқ па? Қай мөлшерге келдік?


— Қопаның шетіне іліндік қой деймін. Жыңғылдар көрінді.


— Енді қыраңға шығамыз. Ол араның қары мынадай қыста түйені де көтереді.


Айтқандай-ақ, сары інгеннің жүрісі жеңілдей берді. Мұз үстінде келе жатқандай аяғын алғашқыда аяншақтана басқан еді, біраздан кейін үйренді білем, бүлкілдеп желейін деді. Борап тұрған қар түйенің май табанынан ғана келеді, ар жағы қап-қатты, кәдімгі тас жол секілді. Жұрттың бәрі жылтиып-жылтиып текеметтің астынан бастарын кетерді. «Қар түйені де көтеріп кетті» дегенге сенбегендей.


— Астапыралла, астапыралла! Мына қыс жұтар бәрімізді, — деп әйелдер беттерін шымшиды.


Түйелер артындағы шаналарды қаңбақ құрлы көрмей желіп келеді. Ұлыған боранның үрейі оларды да қузай түскендей. Баламысың деген, Әкім қарғып түсе қалып, қатты қардың үстімен жүгіре жөнелді. Қардың түйені де көтергені оған қызық секілді. Нәшекең шана артынан ерген балаға көз салды. Үстінде жаңадан тігілген әдемі сары тон, басындағы малақайының да елтірісі өскелең екен. Кәдімгі ісмер Күлжәмиланың қолының табы тұр Әкімнің үстінде. Баласын әбден жылылап жіберген екен. Іштей разы болып келеді. Аяғындағы ескі қара пиманың табанын екі елі етіп сырыпты. Мына қасқырша ұлыған далаға тастап кетсең де былқ етер гүрі жоқ.


Нәшекеңнін әлі есінде, детдомнан осы ауылға алғаш келгенде Әкімнің шалбарының балағы жырым-жырым, құйрығының жамауы шоқпыт-шоқпыт еді. Кеудесіндегі киімі де жеңілтек, жағының жүні үрпиіп сұп-сұр боп тұрған кезінде көрген. Қазір екі беті нарттай, қырық күн аяз болса да қыңқ демейтіндей болып киініпті. Тонының арт жағындағы жырығына көзі түсті. Әдіптеп қара матамен көмкерген. Күлжәмиланың киімді әшекейлеуге әуес екені есіне түсіп күлді. Баяғыда күйеуі Үрістембектің тоны, ішік-бешпеттерінің арты да осылай жырық болушы еді. Атқа мінуге жеңіл болады деп солай жасайтын. Жүрген кезде де арты жырық киім кептелмей, әдемі көрінеді екен ғой. Нәшекеңнің өзінің де Күлжәмилаға түйе жүн шекпен тіккізгені бар. Қашан тозғанға дейін жарасатындығы үшін үстінен тастамап еді. Үрістембек марқұм үркіншілік жылы ақтардың қолынан қаза болғанда Күлжәмила тіккен сусар бөркі мен масаты түлкі пұшпақ ішігін үстінен шешіп әкеткен-ді. Жауға да жақсы дүние қажет, қызықса керек. Дәнекері де жұрттан ерен киініп жүруші еді. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, мынау Әкімнің үстіндегі тонға қарағанда, қартайса да Күлжәмиланың бармағы әлі бәз баяғы қалпында сияқты. Бұрқ-сарқ мінезіне қарамастан, бар өнерді өзіне үйіп-төгіп бере салған. Баяғыда мұның отауының үзіктері, тоқыған қоржын, сандық қабы ел аузында аңыз боп жүретін. Бірақ әй, тентек-ау, тентек. Сонысы бәрін жуып-шайып кетеді. Дегенмен жайылып түсе қалатын кездері де аз болмайды. Үш жыл қыстай әскерге арнап тон тігуді өзі басқарған жоқ па.


Ауылдың әйелдерін бір шыбықпен айдап, бықпырт тигендей қылды. Әсіресе, олақ қатындардың жазасын мықтап берді, көбінің тігіншілікке сауатын ашты. Тонның үлгісін майданнан келген суретке қарап пішкені де Нәшекеңнің есінде. Қолындағы жетім баланы тап-тұйнақтай ғып қойғанын көрмейсің бе? Күлжәмиланың ісмерлігі жөніндегі ойды үдей соққан боран бөліп жіберді.


Нәшекең айқай салып алдындағы шананы тоқтатты.


— Жол қуалай берсек, әлі көп жүреміз. Күн де кешкіріп барады. Түйені де көтерген қардың бір пайдасын көрейік. Тап осы арадан бұрылсақ, ферманың тура өкпе тұсынан түсеміз. Мына қыста өзен түбіне дейін қатқан шығар.


Жолаушылардың бәрі де бұл ақылды жөн көрді. Нәшекең сары інгеннің үстіне Әкімді қонжитты да:


— Анау тораңғыны көрдің бе? — деді.


Әкім көп сығалап қарады.


— Мына боранда тораңғы тұрғай, тоғай да көрінбес. Жер мен көк тұтасып, біресе түк жоқ, біресе бәрі тораңғы сияқтанып тұр ғой.


— Ой, шіркін неме! Сенің көзің шал менен де нашар болды ғой. Тура қарашы алдыңа!


— Ә...ә... Көрдім, көрдім!


— Ендеше, соны маңдайға ал да, тура тарт.


Нәшекең айтқандай-ақ болды. Бұл жердің қары түйе түгіл, піліңді де көтеретін түрі бар. Әбден нығыздалып қалыпты. Бір ай үзбей соққан боран қыларын қылған екен. Нағыз жұттың өзі ғой. Мынадай қарда қандай жылқы тебін теуіп жей алады. Күрек ашып жарыта алсақ жарадық. Амал қанша, одан басқа далбаса жоқ.


Декабрь, январь бойы биыл қыс болмайтындай еді. Күн маужырап, жылымшыды да тұрды. Тіпті жаңбыр да жауды-ау. Не нәрсе өз мезгілімен, мезгілсіз жауынды Нәшекең жақсыға жорыған жоқ-ты. Айтқандай-ақ, февраль туысымен он күн бойы қар жаусын келіп. Кәдімгі аспанның түбі түсіп кеткендей жауды. Ат құлағы көрінбейтін боран қоса соқты. Қырда да, ойда да, малдың бәрі қолға қарады. Азын-аулақ шөптің арты көрініп қалды. «Қой мен жылқы қырылуға айналды» деген суық хабарды алысымен ауылдағы әжетке жарайтындарды жинап шыққандары еді. Қайда қиын болса, сонда Нәшекеңді салатын әдеті бойынша колхоз бұл жолы да мына жұртқа оны бас етті. Ауыл жағы малға жаңадан келген колхоз председателі Садық Киізбаевтың өзі қалды да, төменге Сыдық аттанды. Ауық-ауық Төлеп пен Жанардан «баланы тоңдырып алмадыңдар ма?» деп сұрап қояды. Сенетіні — Жанардың пысықтығы. Жайшылықта қонаға жететін жерге бұлар ара қонып әрең келді.


Төтелеп жаңағы бұрылған жерден-ақ Нәшекеңнің жүрегі мүздап, іші бір сұмдықты сезгендей. Қар бетіне шығып тұрған бір қылта жоқ. Қанша қар жауса да бой бермейтін шеңгел де жым-жылас. Оны жасырардай жауған қар шынымен-ақ сордың қары. Өзен бойын тіпті үріп салды десеңші. Мына қырдағы үруге келген қарды күні-түні соққан боран сонда тықпағанда қайда тықты. Кеше малдың халі нашар деп хабар жеткізген адам қызыл айғырды қасқырдың қарға қамап жегенін айтқан еді. Сонда-ақ жаны түршіккен. «Қызыл айғырды қасқыр емес, қыс қой онда жеген» деп еді іші күйіп. Міне, етектегі сол қысты өзі көзімен көріп келеді. Қайран жануар-ай, мал-ақ еді! Оң жақтан үрген иттің даусы естілді. Айтқызбастан Әкім түйенің басын солай бұрды...


Нәшен мен Сыдық ферма меңгерушісі Иманәліден барлық жағдайды білді. Үшеуі түні бойы сөйлесті. Сиыр фермасының халі әзірге шүкірлік екен. Ісіне бап Имекеңнің күні бұрын қамданғаны қандай жақсы болған. Қора қасына шоп мол жиналыпты. Қой фермасымен қатынасын үзгеніне, міне, оныншы күн. Боран басталғанда шөбі әлі далада, маяда тұр деп естіген. Азын-аулақ тасып алғанын ендігі жеп біткен шығар. Ал жылқыға бұл колхоз ғұмыры шөп дайындап көрген емес. Өз аяғымен күн көріп, тебінде жатқаны сол. Құмар салқын тиіп, қатты ауырып жатыр деп естіді. Өзі сондай халде жатқанда баласы қызыл айғырды қасқырға жегізіп апты.


— Сенесіңдер ме, ошаң етіп шыға алмай қалдық. Фермалардың арасына түйесіз жүріп болмайды. Бұл жарықтық құмда ғана емес, қатқан қарда да мал екен ғой. Бар түйені сендерге жіберіп, екі қолды мұрынға тығып отырдық та қалдық, —деді Имекең.


— Ал, Имеке! Мына боран қашан тоқтайды? Қыс жаман болады, жаман болады деп айтудай-ақ айтқансыз, айтқаныңыз келді. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмей қалған жоқ па? — деді Сыдық.


— Менікі тәжірибе ғой, қарақтарым. Қайбір білгіштік дейсің. Мен білсем, бұл боран таң ата тоқтайды. Өткен өларадан бастап соққан. Сендер жақсы келдіңдер. Ертең күн ашылса керек.


— Ал қыстың жаман болатынын қайдан білдіңіз?


— Қыстың жаман боларын сәуірде білдім. Жасымнан келе жатқан әдет қой өзі. Әкем жарықтық үйреткен болатын. Сәуір туғанда далаға бір шелек су қоямын. Сол су таң қылаң беріп келе жатқанда кілегейленіп қатып тұрса, ол жылы қыс жұмсақ болмайды. Ал биыл шелегіме бір елі мұз қатыпты. Менің қара күзде ойбайлағаным сол ғой. Айтқаным келді ме, — деп Имекең жымиып күлді.


Бұл арада ол кісіге дау айтуға ешбір негіз жоқ еді. Жалаңбас бақсы құсап, құмалағын шашып отырған жоқ, тәжірибесінен айтып отыр. Әрі тұп-тура.


— Әлгі Жалаңбас неме биыл қыс болмайды депті ғой жұртқа.


— Е... ол ит аузына келгенін оттай береді. Ол соғыс былтыр бітеді деп те кеткен.


— Ал енді дамылдадық. Ертеңге де сөз қалсын.


...Таңертең жұрт тұрса, кешегі дүлей бораннан із де жоқ.


Айнала жым-жырт. Күн көтеріле ақ қар шағылысып көзді ұялтты. Қызық-ау, бұл табиғат кеше ғана долы қатындай жер-көкті жұлып жеп, аласапыран етіп тұр еді, ашулы еді. Бүгін жылмиып күліп, жымсырая қапты. Бұған да шүкір. Кешегі күйімен тұрғанда бүгін ешқайда тырп етіп шыға алмайтын еді. Қой отарларын аралауға мүмкіндік туды. Қара атан да әлденіп қапты. Келген адамдарға бүгінше тынығуға мұрсат берді де, қара атанға шана жегіп, Сыдық, Нәшен, Төлеп отарларға кетті. Кімнің қай жерде отырғанын Иманәлі айтып берді. Өздері де сан аралап жүрген қыстау ғой. Өзгешелік мына биылғы қардың қалыңдығы ғана. Қорасымен мүлде басып қалмаса, табатындары даусыз.


Он отардың бесеуі тілін тістеп тұр екен. Бесеуінде әзірге талшық бар. Нәшекең өз көзіне өзі сенбеді, бірінің бірі жүнін жеп қойлар өліп барады. Мал әбден арыған. «Нәр сызбай қамаулы қалғанына үш күн болды» деді қойшылар. Оған дейін қолдағы барды талшықтап беріп кепті. Еңірегенде етектеріне жасы толады. Кейбірі түтеген боранның астында үй іргесіндегі құрақты орып тасимыз деп бала-шағаларын да ұмытып кетіпті. Малмен қоса, жанға да қауіп төнген секілді. Мына шанаға салып алып шыққан ұнды бұлар пұттап үлестіріп келеді. Алдымен жан аман болсын. Долы боран екі қораның төбесін тік көтеріп жұлып әкеткен. Бұлар отарлар әрі аш, әрі суыққа тоңып әдеуір қырылған да. Өлген қойларды қойшылар ықтасын етіп үйіп тастапты. Тірілері солардың да жүнін жеп өліп барады. Бұлар келгенде қара атанның шудасына шабуыл жасады. Шананың үстіндегі қу қурайды түк қоймай жайпап жеп қойды. Сона жабылғандай қара атан бақ-бақ етеді. Осы жасында Нәшекең талай жұтты көрген еді. Тап мынадай сұмдықты көрген емес.


Жылқының халі тіпті ауыр екен. Аш қасқырдай бәрінің бүйірлері қабысқан. Аяқтары шашауларынан төмен қып-қызыл, кейбірінің сирағының да терісі кеткен. Күртік қарды төбе-төбе қызыл табан болып қалжырағанға ұқсайды. Бүгін боран жоқ болса да шетінен тоңып дір-дір етеді. Тай-құлындардан шығын әжептәуір. Жылқыға келген апаттың сұмдық екеніне Нәшекеңнің көзі қоңыр айғырды көргенде жетті. Жайлаудан жалы жерге төгіліп, сауырынан бит домалап түскендей боп бара жатқанын көрген-ді. Жануар арса-арсасы шығып арыпты. Есік пен төрдей ірі денесі мен жер сызған жалынан қоңыр айғыр екенін таныды. Оқыранып басын көтерген болды. Әдеттегі өзіне жарасатын пандық жоқ. Құр сүлдері байғұстың. Ең болмаса ық болсын деп қалың тоғайдың қойнындағы осы бір алаңқыға салған екен жылқыны. Өзге жерден қары да жүмсақ секілді. Құмар байғұстан кінә жоқ. Бірақ аш бауырдан келген қарды теуіп жеу үшін де жылқыға әл керек қой. Қызыл айғырды қасқыр жегеннен бері оның үйірін де қоңыр айғырға әкеп қосыпты.


Үйіне келгенде Құмар бұларды танымады. Қызуы қатты көтеріліп, сандырақтап жатыр екен. Сыдық Лепсідегі ауруханаға өзі алып баруға дереу қам жасады. Үш фермадағы барлық тірлік Нәшекең мен Төлептің мойнында қалды.


Таң атқанша көз ілмей жатқандағы келген қорытындысы мынау еді: кейінгі бес түйе шана да жеткен болар. Екі-екі адамнан бір-бір түйе шананы халі нашар бес отарға бермекші. Далада маяда тұрған шөпті қора қасына тасысын олар. Нашарлаган отарларды тойындырып, сосын талшығы барларға көмек береді. Ал қалған төрт түйені және ішіндегі әлділерін осы тоғай ішіндегі жылқыға әкеледі. Түйені тырмаға жегіп, мына қарды бұзады. Темір тырмалардың тісін Төлепке үшкірлетпекші. Тырмаға көнбегенін күрекпен аршиды. Өріс ашу керек, басқа амал жоқ.


Бәрі Нәшекеңнің жоспарлағанындай болды. Күрек ашу дегенді естігені болмаса, көрмегендер көп екен. Соның бірі Әкім болатын. Ол тырма сүйреткен бір түйенің басына мінді. Кәдімгі көктемде егіске салатын темір тырма. Бір түйеге соның екеуі тіркелді. Қалың күртік қарды ұзынынан, көлденеңінен тілгіледі келіп. Әр тырманың артында төрт әйелден. Тырмадан кейін қарды күрегімен солар босатады. Ығып тұрған жылқылар қасында басталған зор майданға таңырқап қарайтындай. Мына адамдар неге әуре боп жүр?


Түйелер малтығып әрең жүреді, алды бақылдап бақыра бастады. Жүздері қарға кірш-кірш түскен тырманы тарту оңай емес. Біраздан соң төрт түйеден де будақ-будақ тер шықты. Қардың беті кәдімгі ойылған мұз секілді кесек-кесек боп уатылып жатыр. Төрт түйенің жолы көктем сайын көретін Лепсінің бетіндегі сең сияқты. Рас, мұздары одан гөрі кеуік, одан гөрі ұсақ. Барып-барып түйелер сол ізбен қайта қайтады. Бір жермен екі жүргенде қар есіліп-ақ қалады. Есілген қардың арасынан қара қошқылданып шөптер көрінді. Күрек ұстаған әйелдер сол шөптердің қалың-ау деген жерін тақырлаңқырап аршиды. Олардың да маңдайынан тер шығып, ызғырық аязбен ақ қырау боп қайта қатып жатыр. Жүздеріне қарасаң, осы бір аланда Аяз ата қаптап кеткен сияқты. Беттері де, өңірлері де ақ қырау.


Қу тамақты қойсаңшы. Қалжырап тұрған жылқылар ілбіп келіп, ашылған шөпке аузын қойды. Әйеншектене тебіндейді. Олардың күрт-күрт оттағандары күрек ашушыларды қуанта бастады. Енді екі күн кешіксе, екі үйір жылқыдан түк қалмағандай екен. Мына әйелдердің қайраты қаншаға жетпек? Он-он бес күн күрек аша алса, онда — апаттың бұл фермадан ауғаны. Аш өзегіне түсіп кетті ме, жаңа ғана оттап тұрған бір жабағы сылқ етіп құлай кетті. Екі-үш ұмтылды да, тұра алмады.


Қасында күрек ашып тұрған Жанар жылап жіберді. Әлдебір үрейлі ойлар зәресін алды. Осынау апатқа өздерімен бірге ала келген Жеңісі де жаңағы жабағыдай мерт болатын секілді көрінді. Мынау қыс жалмар талайды. Төлеп келген бетте жұмысқа белшесінен батты да кетті. Сақылдаған сары аязда тырмалардың жүзін ашық далада ұштап жүр. Қираған, құлаған қораларда да ұстаға қарап тұрған жұмыс көп. Қайда жүрсе де тұмсығынан шаншылып үйренген байғұс мұнда да сол күйге түсті. Жеңісті «үйден шықпа» деп өзі келгенше тастап кетеді. Баланың аты бала емес пе, кім біледі? Фермада қайбір бас-аяғы бүтін оңған үй бар. «Осы баланы ақ қар, көк мұзда бекер әкелдіңдер» деп Теңге Жанарға ұрысқан болатын. Қайда тастайды, жұрт секілді ата-енесі бар ма? Өгей жеңге өзіне қарап алса жетер, оған бала тастап кету өлімге тастап кетумен тең. Әуелі жазым қылудан да тайынбас ол. Үйдегі жалғыз сиырдан өзіне үш уақыт шоп салып, суарып тұр дегенге әрең көнді. Онда да Төлепке бірде болмаса, бірде ісі түсетін болған соң...


Теңгенің айтқаны рас болмаса жарар еді. Жанар қатты шошынайын деді. Жүрегі лоблып, қыстауға кеткісі келді. Ең болмаса, баласын бір көріп қайтса. Талай жер, малтығып жеткенше қай заман... Тағы бір жабағы құлап түсті.


— Ойбай, өліп барады, өліп барады, бауыздаңдар!


Нәшекең жабағыны тамағынан орып жібергенде, солмие қарап тұрған қоңыр айғырға көзі түсті. Жануар күрсінгендей көрінді. Бір құшақ құйрығын әзер бұрып әрі қарап кетті. Ұрпағының мына апат қыстың құрбаны болғанын көргісі келмегендей. Жерге басын салмай сұлқ тұрды да қойды. Төгілген жал мен қалың құйрық арыған кезде жараспайды екен, қос қапталын май жапқан күйлі айғырдың бойында жалт-жалт, жалп-жалп етіп сәнді көрінуші еді. Әсіресе, оқыранып шаба жөнелгенде желмен желкілдеп сусылдағаны қандай шіркін! Сол айғырда да, сондай сұлу жалқұйрықта да бүгін тіпті сиық жоқ.


Тағы да екі-үш жерден шыққан ойбай екі-үш жылқының пышаққа ілінгенін аңғартты. Әйелдердің зәресі кетті. Пышаққа ілінген жануарларға жандары ашып, екі көзге ерік беріпті.


— «Жұт жеті ағайынды» деген рас екен-ау, ең болмаса күннің зәрі сынсашы! — деді Теңге.


— Гитлермен сегіз ағайынды болып тұрған жоқ па! — деді Жанар.


Осы сөзбен көптен өзегін өртеп жүрген шерді сыртқа шығарғандай болды.


Кеше ғана қалың боранда қатқан қардың үстімен жүгіруді қызық көрген Әкім де көп нәрсені енді түсінгендей. Сол қардың мына малға ажал, алдында тұрған мына адамдарға азап болатыны жас жүрегіне әбден жетті білем, өңі қашып, үрейлене қалды. Өткен күзде мынау әйелдердің бұршақ соққан егіннің топырағын сапырып толарсақтағанын көріп еді, енді қарды аршып, қан жылап тұрғанына куә. Осының бәрі ненің зардабы?


Бала қиял, балғын қиял талай жерді шарлап кетті. Жаңа ғана жығылған жабағының жауға шабар тұлпар болмасына кім кепіл? Мына биемен бір мал емес, екі мал кетті. Енесі пышаққа ілінсе де, ішіндегі құлыны біразға дейін жыбырлап жатты-ау. Жанардың қарауға дәті шыдамай, жылаған күйі баласына кетіп отырды. Қарны ашты ма, жоқ әлде, осының бәрі өзегін өртеді ме, Әкімнің де іші у жүріп өткендей ашып кетті. Көзіне кернеп келіп қалған жасты тоқтата қойды. Әлде бір асау кек қысып кетті. Сол кектің оты көзіндегі жасты жалмап жұтты ма, жоқ, жас кектің отына айналды ма, әйтеуір ыстық тамшы өңіріне домалап түспей, қос жанары уыттанып жылтырады да қалды.


Оның осы кейпін байқап қалған Нәшекең жанын жанышқан бір түйінге жауап тапқандай болды.


— Әкім! Сен осы жылқыда қал. Құмардың баласы Сенбі де көп кешікпей келіп қалар. Қорықпайсың ба?


— Жоқ! — деді Әкім ызбарланып. Бірақ мұнысы наразылығы емес еді. Манадан бері бала жүрегінде тұрған оттың ұшқыны еді.


Шөпте, жемде тұрған Көкаланың тізгінін Әкімге ұстатты да, түйе шаналарды фермаға бұруға бұйрық етті Нәшекең. Өлген жылқыларды бұл арада қалдыру қате. Біріншіден, терісі керек, екіншіден, бұл арада қалдыру — мына жылқыға қасқырды шақыру деген сөз. Нәшекең барлығын да шанаға салғызып, ферма басына алып жүрді. Артына қараса, Әкім Көкаланың үстіне тұйғындай жабысып, жылқының шетін қайырып жүр екен. Мынадай қыста, өзі қалжыраған жылқыны он бес жасар балаға табыстады. Қиналған кезде соқыр көзден жас шығады демекші, бұл арада Әкім жігіт орнына қалды. Жылқыға білдей бір азамат ие деп-ақ жұрт сеніммен кетіп бара жатыр. Қайтесің, уақыт солай.


Тек Нәшекеңнің іші ғана әлем-тапырақ. Ең болмаса, екі күн ие болуға жараса... Оған дейін ересектеу біреуді табар еді. Ойы Мәлікке, баяғы пошташы қара шалға тоқтады. Ол қой фермасына меңгеруші боп жүретін. Бес отарды зар ғып айтып, кеше «Асан қайғыны» соқты. Қайраттан гөрі қайғыға берілгіш. Бекінудің орнына босай береді. Құдай берген мінез, амал бар ма! Осыдан екі жыл бұрын қарала қағаз көбейіп кетті, арқалағаным почта емес, қасірет деп қара сөмкені кеңседе Сыдық екеуінің алдында атып ұрғаны да есінде. Кеше мынау пәледен мені құтқарыңдар деп тағы зарлады. Құмар тәуір болғанша жылқы бақсын. Нәшекең өз-өзінен мырс етіп күлді.


Қой ферманы Иманәліге қоса тапсырамыз. Оған да ауыр, амал бар ма! Амалсыздық көбейіп бара жатқан кезең болды ғой бұл. Шыдайық, төзелік. Майдан хабары жанға медеу әйтеуір. Жау жеңілуге айналған секілді. Бір аштықтың бір тоқтығы болмас дейсің бе! Ер-азамат келгенде елінің есеңгірегенін көрмей, етек-жеңінің жинақы екенін көрсе, бізге одан артық не керек.


Күн кешкіріп, суытайын деді. Шана соңынан жаяу ерген әйелдердің көбі беті-қолын уқалап, бүлкілдей бастады. Таңертеңгідей емес, фермамен екі орта жол боп қапты. Түйелерді қузап айдауға тура келді. Айналаны қамап келе жатқан қараңғылықпен қоса, мынау шана үстінде серейіп жатқан жылқылар да үрейді күшейте түседі. Суық жел Қысқаш тауы жақтан соқты. Нәшекеңе таныс жел. Әлден уақытта ұнамсыз бір үн естілді. Құлаққа түрпідей тиіп, жүректі жыландай шағатын үн — қасқырлардың шулап ұлығаны. Келе жатқандар үнсіз бір-біріне қарасты. Анда-санда бақылдап қоятын түйелер де тына қалыпты. Тағы бір үн естілді. Тағы да қасқырлардың шулағаны ма, жоқ, ән салған Әкімнің даусы екен. Бөрілердің жаңағы ұлығанына өзінше көрсеткен айбаты.


— Еркек атыңнан айналайын. Бала болса да көрсеткен бажайын көрмейсің бе, — деді Теңге тыныштықты бұзып.


Ашық даусы шыңылтыр аязда анық естіліп тұр. Бірінен соң бірі шырқап, ауылда айтылып жүрген талай әнді еске салды. «Қайбір өнері тасыған дейсің, жалғыздығын ұмыттыруға жасаған амалы да» деді Нәшекең ішінен. Ана шулаған бөрілерді оған жолатпаудың бір-ақ жолы бар. Түн болса да мына жылқылардың бір-екеуінің терісін сыпырып алған соң етін түйе шанамен сонау қарама-қарсы жаққа апарып тастау керек. Жемтіктің исін сезбейтін қасқыр болмайды. Таң атқанша алданып жатсын. Өйтуге ерінсек, Әкімнің алдынан бүгін түнде тағы бірнеше жылқыдан айырылуымыз хақ. Қасына Теңгені алып, бұл шаруаны өзі тындыруға бел буды.


Жанар бұлардан сәл-ақ бұрын келген-ді. Жеңіс қазандықтың алдында жылынып отыр екен. Екі беті нарттай. Шешесінің зәресі ұшты.


— Немене, қызуың бар ма! Әкең қайда?


— Жаңа далаға шыққам. Содан кішкене... Әкемді қой отарына алып кетті. Бүгін келмеймін деді. Өзі қатты жөтеледі.


Жанар Жеңістің басын ұстады. Оттың қызуы ма, етінің қызуы ма, ыстық сияқты керінді. Кішкене отырған соң бала қалғи бастады. Төсек салып, шешіндірді. Лезде ұйықтап кетті. Жатқан соң, басы салқындады. Жанардың жүрегі сонда барып орнына түсті.


Есіл-дерті Жеңісте болып, Төлепке бұл күндері аса назар аударған жоқ-ты. Бала да болса аңғарып, Жеңістің жаңағы «өзі қатты жөтеледі» деген сөзі елең еткізді. Өткен түні ауыз жаппай, бұдан екі күн бұрын қой фермасының шаруасымен жүріп, апақ-сапақта Лепсінің жылымына түсіп кеткенін айтқан. Мынадай аязда қатпаған неғылған жылым десеңші. Сорлының сорына тап болуын көрдің бе. Содан фермаға жетіп, от қызғанша ұшып кете жаздадым деген еді. Бұған дейін жөтеліне аса мән бермеген-ді. Мұнда екінің бірі жөтеледі. Күрек ашып жүргендердің ішінде де күрк-күрк жөтелушілер аз емес. Қатты жөтелсе, қайтадан жұмысқа неге кетті екен? Бірақ ол байғұс құлап түскенше тыным көрмей жүре беруге бар ғой. Тымағын баса киіп, белін шарт буынған шалын көз алдына келтірді Жанар. Тонының кеуде тұсы томпайып тұрған сияқты. Жеңістің кішкентайынан койнына салып жүргеннен болған ол. Баласы қойнына түссе болды, аяғын санап басып, ыңылдап он салады. Әбден ұйықтағанша арлы-берлі жүреді де қояды. Жеңіс те Төлептің мұнысына жаман үйренген-ді. Көтермесе ұйықтамайды. Жаңа әкесі кетіп қалған соң амалсыздан от басында қалғыған ғой.


Ауырмай-сырқамай өз ошақтарына оралса екен. Жанардың бойы біртүрлі тітіркеп кетті. Жастықтың лапылы басылып, «жаман шалдан жарылқа» деген тәубаға көшкен шағы. Мынау соғыс та талай асауды жуасытып, талай кеудені басты ғой. Сонау тәтті шақ көмескілене түсті ме қалай? Жетелеп жүрген Жеңіс қана ол сырды ұмыттырмас куә секілді. Өзі де сойып қаптап қойғандай ұқсап барады.


Іштей Төлептен қысылады Жанар. Бірақ ол байғұстың көңілінде алаң жоқ. Өліп-түсіп жүргені. Осында келгелі де ойлайтыны тек Жеңіс. Түні бойы сан оянып, орап-қымтап, айналып-үйіріліп, күбірлеп сөйлеп жүргені. Осы алаңсыздығы, ақ ниеті үшін де Жанар оны сыйлайды, өзге ойға қимайды. Әкесіне жаны ашығаннан айтты-ау, жаңағы сөзді Жеңіс. Асқынып кетпесе жарар еді. Аяқасты көңіліне бір үрей кірді.


Үй суып бара жатқан соң жүгіріп далаға шықты. Оталып, жиналып қойған жиде ағашын әкелмекші. Аяз шұнаңдап тұр екен. Төлеп кеткен отарға барып қайтсам ба деп қалды. Ұшып өледі ғой сорлы. Аяқасты жаман үн шықты. Тағы да қасқырлардың ұлығаны. Неткен үрейлі. Сол екі ортада адам айтқан өлең естілді. Тұнық аяз бәрін де дәл құлағының түбінен айтылғандай сақ-сақ жеткізіп тұр. Көрші үйден шыққан Теңге де аңырып тұрып қалыпты.


— Мынау кім, өнері тасып бара жатқан? — деді Жанар.


— Әлгі Дәнекердің інісі емес пе. Мана жылқыда қалған. Қайбір өнері тасып айтып жүр дейсің. Ана шулаған қасқырларға айбары да өзінше.


«Дәнекердің» дегенді Теңге әдейі айтқандай көрінді Жанарға. Тосылып қалды да, оталған бұталарды үндемей етегіне сала берді. Теңге де отын алуға шыққан екен. Ол ірілеуін қапқа салып жатыр.


Қасқырлар тағы да ұлыды. «Жалғыз қайтып, осы шулаған қасқырға тап болмаса жарар еді». Төлеп Жанарды тағы осылай алаңдатты. Анау жылқышы балаға да жаны ашып тұр. Бір аяулы есіммен бірге аталды ғой өзі. Денесі қалтырап кеткенде барып Жанар әлі далада жүргенін сезді.


Аяз да әр-әр жерін қарып барады. Қасқырлар да ұлығанын ұлғайта түсті. Үйге тезірек кіріп, баласының қасына жетуге асықты.


Арпалыспен өткен он күнде талай істің басы қайрылды. Маядағы шөп түгел дерлік қораға жетті. Он отар қойдан жеті отар қой қалды. Бұған да шүкір. Жабағы тайларды да шөпке қойды. Алда әлі кемі жиырма күн қыс бар. Арып шыққан малға көктемнің қара суығы қақаған қыстан жаман. Сол себепті де Сыдық жер құрғап, көк шыққанша біраз адаммен осында қалмақ болды, Нәшекең өрге, ауылға қайтпақ болды. Аман алып қалдық деп айту әлі ерте, дегенмен көңілге тоқ бір іс істелген секілді. Бұл жақтың біраз қарбаласын реттеген соң Нәшекең ауылды ойлады. Завхоз болған соң орталыққа үйілген бар шөп осы кісінің қарамағына берілген. Өзі жоқта соны ит-росуа етіп жұмсап жатқандай көрінді. Қазір тауысып алса, жұмыс көлігін түгел жүдетті деген сөз. Сосын көктемде немен егін салып, немен жұмыс істер екен. Ауылға асықтырған бірінші себеп — осы.


Қоңыр айғырды ала кеткісі келді. Мына жердегі оттасы мүлде ұнамайды. Тышқан болған жылқыдай көбіне сілейіп тұрғаны. Жоңышқаға байлап, жем берсе тез оңалып кетер. Құмардың ұлы Сенбі бала болса да төселген жылқышы боп қапты. Сөзі де нып-нық, пайымдауы да үлкен адамдай. Қызыл айғырды қасқыр қамаған аймақты көрсетті.


...Әкем ауырмай тұрғанда мен күндіз, өзі түнде бағатын. Содан әбден суық өтіп, жатып қалды. Амал қанша, түнде де өзім жүрдім. Ол күндері күндіз, түн дейтін емес, бәрі түн болды. Көз аштырмас түтеген боран, күннің қашан шығып, қашан батқанын білмейсің. Жылқымен бірге сүйегім далада қалатын шығар деп ойладым. Ауыстырып мінетін аттарды ғана қорада, шөпте ұстадық. Шешем ауру әкем мен сол аттарды күтуден артылмады. Тәулігіне екі уақыт келіп, тамақ ішіп кетем. Әкем-шешем «ат көтереді, жылы киін, жылы киін» деп зар илейді. Үйдегі барды қабаттап-қабаттап үстіме жапсырып аламын.


Қызыл айғырды ойлағанда жылағым келеді. Жылқы болғанда қандай еді шіркін! Қасқыр да қуып жетеді-ау деген жүйрікті аңдитын көрінеді ғой. Сіздерге өтірік, маған шын, ақталғаным емес, қызыл айғырды жердің алдында бір үйір қасқыр жылқыны он күн айналдырды. Үйден мылтық әкеп атып та жүрдім. Сығыр қылғанда жеке оқ болсашы. Құс ататын бытыраған. Дәрімен тарсылдата-тарсылдата ит-құстың етін де үйретіп алдым-ау деймін. Мына қоңыр айғыр, мен білсем, дәл сол күндері зорығып кетті. Үйді шыр айналып, осқырынып шапты да жүрді. Қасқырдың иісін сезісімен дамыл көрмейтін әдеті еді жануардың. Қызыл айғыр бұдан гөрі жуастау, мұндай аласұрған жоқ. Бірақ ол да үйірін түгендеп, қорып жүрді. Екі үйірді жақын ұстадым. Жайшылықта өзге үйірді маңына жолатпайтын қоңыр айғыр ондай мінез көрсетпеді. Аласапыран боранда ол да серік іздеді-ау деймін.


Іңірдегі күйіс кезі. Айнала ысылдап қаптаған жылан секілді, боран соғып тұрған. Жылқы дүр етіп үрікті. Қоңыр айғыр күңгірлетіп кісіней ала жөнелді. Мұндай кезде жылқылар ұйыса қалушы еді. Екі үйір бірігіп те кететін. Қызыл айғыр қоңыр айғырдан жасқаншақтап шеттеу тұратын. Жазда жайлауда бірнеше шайнап тастағаны бар. Содан жүрегі шайлыққан ба, әлде өлеріне көрініп жүрді ме жануардың, әйтеуір оқшаулау тұратын. Мылтықты басып-басып жібердім. Жылқылар сусып тұрмайды бір орнында. Қараңғыда бір жаққа жүріп бере ме деп зәре жоқ. Әлден уақытта көзім шалып қалды, оқшау одырайып тұрған айғырым ата жөнелгені.


Сыртқа қарап тұрған, сол бетімен тартып берсін. Құйрық жағында шұбалаңдаған бірдеңе көргендей болдым. Аттан салдым. Менің аттанымды айдалада кім естиді. Әкем мен шешемнің түрі болса анау. Әйтеуір далбаса, өзіме-өзім аттандадым. Сұрапыл боран сақылдап мазақ қылғандай мені. Айғырдың шапқан дүбірі ме, қасқырдың дүбірі ме, боранның гуілі ме, құлағыма опыр-топыр бірдеңе келеді. Айғырдың артынан кетейін десем, жылқыны басқа бір үйір қасқыр андып тұрғандай. Мен кетісімен тарпа бас салатын секілді. Аттандадым, аттандадым да қала бердім.


Ертесіне, боранның жыны сәл басылғандай болған кезде ізге түссем, жануар тура өзеннің табанына тартыпты. Қасқыр кемінде төртеу, шапқан жерлері есіліп жатыр, ізді боран басып үлгермеген. Жануар мұздан өтіп, ана тораңғының сол жағындағы аралды үш рет айнала шауыпты. Өзі де жүйрік еді ғой. Сол жерге дейін жеткізбесе керек. Ізден басқа белгі жоқ. Ажалына қарай аралдан қабаққа қарай тартыпты. Қабаққа жете тамшылаған қан бар, қасқырдың тісі тисе керек. Сіресіп жатқан күртік жібере ме, қайран малды ұстаған да берген. Қасқырға керегі де сол, қатты қардың үстімен ағызып келіп шаптан жарып жіберген. Жануар жанталасып қамаудан шықпақ бопты. Қардың қалыңдығынан аяғы жерге жетпей, асылып тұрған да қалған. Он күн бойы тісіне түк тимей, аласұрып жүрген атаңа нәлеттер жемегенде не істейді. Сүйегінен басқа түгін қалдырмапты. Жылай-жылай үйге келдім.


Міне, бар жай — осы. Қызыл айғырға тимеймін десе, бір емес, екі жылқы беруге бар едім. Ақылдасып шаба ма қасқыр, шіркін.


Сенбі де, Мәлік те Нәшекеңнің қоңыр айғырды алып кетем дегеніне қарсы болған жоқ. Қасына желіндей бастаған төрт-бес биені қосып бермекші болды. Жалғызсырамасын.


...Айнала ақ күмістей жалтырап көзді ұялтады. Күн барған сайын сәулесін молайтып келе жатқан сияқты. Әнеукүндері сияқты емес, зәрі сынайын деген. Шананың сырғанаған табанынан сынаптай жылтырап із қалады. Бұла жолға кеше шыққан еді. Бір шанаға қайқайтып тұрып балауса шөп тиеді. Кәдімгі қозы жесін деп шапқан өзен қойнауындағы көк ұлпаның өзі. Даңғырап жатқан жолмен қара атан шөп тиеген шананы қиналмай тартып, маң-маң басып, маңғаз келеді. Оның артынан шұбырған бір топ жылқы — бес буаз бие мен қоңыр айғыр. Жылқылардан соң Нәшекеңнің шанасы. Әнеукүннен бергі үрдіс далада жүруден көзі қарыққан ба, айналасына қарай алмайды. Күнге шағылысып шақырайған ақ қар қарсы алдында жанған от секілді бұқтырады. Шананы Теңгеге айдатып, өзі етпетінен жатқан. Анда-санда аяқтарын ілби басқан жылқыларға ғана қарайды. Шөп тиеген шанада қонжиып Әкім отыр. Ауық-ауық суырып жылқыларға шөп тастап қояды. Жол бойы осылай. Егер бұлар ұры болып, арттарынан қуғыншы шықса, оп-оңай-ақ тауып алар еді. Жол бойы шашылған шөптің ізі қайда жіберсін. Жүріс өнімсіз, шашылған шөптің жеуін күтеді. Жиі-жиі тоқтап, оттатып алады оларды. Алғаш шыққанда үлкен маядай боп көрінген шана да ортаяйын деген.


Биелердің бәрі тың секілді. Нәшекең шөп жесінен байқайды. Ең самарқауы осы қоңыр айғыр. Жануар осы екі күнгі жолды көтере алса жарар еді. Бір жарым күні артта, Қайранның жотасынан да құлады, төрт-бес шақырым жүрген соң ауыл көрінді. Бәрінен де қуанышты Әкім секілді. Шананың үстінде біресе тұрып, біресе отырып, біресе ыңылдап он салады. Қайтсін бала жүрек, ауылға алып ұшады да. Он күнгі күрек ашу Теңгені де қалжыратса керек, беті тотығып қоңырайып кетіпті. Осы бір қызыл шырайлы келіншектің қабағынан Нәшекең еш уақыт кірбің көрмеуші еді. Колхоз қайда айдаса сонда тартынбай жүре беретін. Дегенмен дамылсыз ауыр жұмыс қойсын ба, өңі ескірейін депті. Күйеуі Ахметжаннан келген жаман қағаз әлі Сыдықтың сандығында жатыр. Осыдан екі жыл бұрын қаза болды деп бір күнде хабар келген төрт жігіттің бірі. Сол күні Сыдық, Мәлік үшеуі отырып кеңседе жылағаны, Күлжәмиланың бұлардың шаңын қаққаны Нәшекеңнің әлі есінде. Теңге сонда станциядан асыл айғыр әкелуге кеткен. Ғұмыры құрық тимеген асауды осы бір талдырмаш келіншекке әкел депті-ау. Бұлар да жүрек жұтқан екен. Мана Құмардың баласының айтуына қарағанда, мына бес биенің бесеуі де өткен жазда сол асыл айғыр «Самардан» шыққан.


«Самардың» халі қазір құдайдай. Ауылда сұлыда, жоңышқада байлаулы. Мына қоңыр айғырдай жүдеп тұрған жоқ. Жануардың өзі де сынды-ау. Кәдімгі түлкіге қосар құмай тазыдай жіптіктей болады да тұрады. Қанша жемдегенмен, қарны шықпайды. Салқы төс, бота тірсек, аққу мойын, қамыс құлақ әдемінің өзі. Ақалтеке дегенді естуі бар еді, көргені осы. Тегі түрікмендер жылқы жанды халық болса керек. Бар жылқысы біздің Самардай болса, жылқы өсіреді деп соларды айту керек. Мына бес биеден бір-бір Самар туса, «Алғабастың» жылқысы да асыл болып кетті десеңші. Бірақ жануар үйірдің айғыры болмау керек. Қолда ұстап, күйлеген биені алдына әкеп шағылыстырмаса... Былтыр жазда үйір бөліп береміз дегенде мына жарықтық қоңыр айғыр тартып алған-ды. Тіпті өзін шайнап тастай жаздады. Содан қолда, оңаша ұсталады, оңаша күтіледі. Суаруға жетелеп шыққандағы сыны-ай, шіркіннің! Мал деп айтуға аузың бармайды.


— Теңге, сен ана жылы «Самарды» жалғыз өзің қайтіп әкелдің?


— Ой, несін айтасыз, Нәшеке. Ол жолы менің көргенімді құдай ешкімнің басына бермесін.


Нәшекең тыңдағысы келгендей сыңай білдірді. Теңге қырынан бұрылыңқырап әңгімесін бастады.


... Біз станцияға барғанда жылқы тиеген пойыз бес сағаттан соң келеді деді. Күттік. Басқа колхоздардан да келіпті. Бәрі де еркек жіберген. Жалғыз әйел менмін. Пойыз келіп тұра қалды. Жабық вагон екен. Тізіп-тізіп қойған, жүзіктің көзінен өткендей әдемі жылқылар. Байлаулы тұрғанға бас біледі, үйретілген екен дедік. Қайдан, вагоннан түсе шапқысы келіп. Құдай көрсетпесін, ту асаудың өзі. Ол жердегіні қойшы, әйтеуір адам көп қой. Мықтап ноқталап алған соң біреулер жетектеп, біреулер ат арбаның қосағына тіркеп әкетіп жатыр. Мен түйе арбамен барғанмын. «Самардың» түйеден үркіп шапшығанын көрсеңіз! Пойыз басындағылар өздеріңіздің сыбағаларыңызды да берді-ау.


Не керек, естімегенім жоқ. Солдаттар барлық вагоннан келді-ау деймін. Таңырқай қарап тұр. Бәрінің көзі менде. Жаным күйіп кетті. Көкке шапшыған «Самарды» ноқтасынан ашумен тартып қалдым. Тік етіп жерге түсті. Жоқ, жай жүру дегенді білмейді. Тек шапши береді. Не керек, солдаттар жуан кендір арқанды екі қабаттап арбаның артқы кіндігіне мықтап байлап берді. Түйе ілгері тартады. «Самар» табандап артқа тартады. Бірақ көкке шапшуға дәрмені жоқ, қысқа байланған. Тулап жүріп дөңгелекке аяғын тығып арандай ма деп қорқамын. Елден айналайын, стансыдан шыққанша біреу түйені жетектеп, біреу артынан шошытып шығарып салды-ау.


Әлі көз алдымда, кәдімгі дөрекі жігіттің қолына түскен қыздай дәрменсіз тартынып тұрады, тұрады да, амалсыздан жүреді. Әлден уақытта бұлқынып-бұлқынып қалады. Алғашқыда арбаның салдырынан үркіп пәле болды. Сосын оған үйренді. Әйтеуір тұрмау керек. Тұрсаң, қайта қозғалғанда бұлқынып пәле қылады. Кеш түскен соң көзім ашылды. Түйені, арбаны, мені қара тұтты ма, бұлқынғанды қойып, бүлкілдеп желді де отырды. Ызындап, содан соң дауыстап өлең айттым. Оған да үйреттім. Алдында бір жерге аялдап, қонсам деп келе жатқам. «Самардың» бұлқынғаны басылған соң түнделетіп жүре бергім келді.


Шынымды айтсам, ол түні қасқырдан да, қараңғыдан да қорыққаным жоқ, «Самардың» бұлқынып тулағанынан қорықтым. Ертесіне түс ауа ауылға келдім ғой. Күндіз өзіне жаным ашыды, биік жылқы ғой, мойны қандай ұзын. Басын тік ұстап үйренген жануарды арбаға тым тұқырта байлаппыз. Қайтеміз, обалы асаулығына. Ауылға жеткенде жануар жұп-жуас боп келді. Түні бойы тұқыртып сүйреп отырса, жуасымақ тұрғай жуасыр. Сөйтіп, Сыдық қайнағамның ол жолғы тозаққа салғаны ғұмыры есімнен кетпейді. Қазір қандай қиын жұмыс болса да «Самарды» әкелгеннен қиын дейсің бе деп кірісем. Е, Нәшеке, не көрмей келеміз! Әйел екенімізді ұмытып кеттік қой».


Теңге көзіне жас алды. Тотыққан жүзі одан әрі күреңітіп кетті. Ішіңде әлдебір аяулы да нәзік сезім ойнақ салғандай.


— Сыдық та қайбір шекесі қызғаннан жұмсады дейсің. Жігіт орнында жүргеніңе мақтан, қарағым, — деп Нәшекең жұбатқандай болды. Бірақ өзінің кеудесінде де кешегі долы борандай бірдеңе ұйытқып ала жөнелді.


— Ойпыр-ай, әлгі Төлеп байғұстың халі не болар екен. Қатты жығылды ғой өзі.


— Өзі де қызық. Бала-шағасымен келгенін қайтерсің.


— Ей, қарағым, қайбір өнері тасып келді дейсің. Қайрат көрсетер адам таппай, сасқан жоқпыз ба? Ғұмыры ешкімнің сөзін жықпай өткен байғұс әйелін ертті де, жүре берді. Бұл жердегі оның жасағаны керемет енді. Бүкіл қой қораны бір езі жөндеп шықты. Суық тигізіп алғанын көрдің бе?


— Лепсіге ауруханаға апарып, жаны қалмаса.


— Анау баласын да қайда тастарын білмей Жанар сасып отырған.


— Ой, ол шіркін де қайратты-ау, әнеукүнгі күрек ашысын көрмейсің бе. Әрі баласы, әрі ауру шалы екі оттың арасында қалды байғұс. Ақыры қайыр бол сын.


...Шана тоқтап қалды. Қаздай тізілген жылқылардың арасымен Әкім жүгіріп келеді екен.


— Нәшеке, мына қоңыр айғыр аузына шоп алмайды. Аяғы да тәлтіректеп бара жатқан секілді.


Бәрі де қасына келіп еді, көзі кілегейленіп тұр екен. Басын көтерген болды, бірақ әлсіз. Басқа жылқылар шашқан шөпті жеп жатыр. Бұл сұлқ тұр. Денесі дірілдейтін секілді.


Әкім қара атанға «шу» деді. Жылқылар ақырындап қозғала бастады. Ең артында қоңыр айғыр. Қозғалмас бұрын ол тәлтіректеп кетті. Сүйретіле биелердің соңынан ерді. Белі ирелең-ирелең етеді. Нәшекең жалынан сипап біраз жүрді. Қолымен сипап көріп еді, жал дегеннен түк қалмапты. Желке сіңірі ап-айқын білініп тұр. Артынан қарағанда екі ашамайы да арбиып сүйкімсіз көрінді. Сауыры ой түсіп кеткен екен. Әнеукүнгі өрістегіден де әлсіреген секілді. Сан еті тіпті босап кетіпті, аяғын басқан сайын ортайған дорба секілді болп-болп етеді. Нәшекеңнің зәресінің кеткені тілерсегі бір-біріне қақтығады. Жылқы жарықтықтың артқы екі аяғы жүргенде де, тұрғанда да бір-біріне жақындамайды ғой. Тілерсегін қағыстыра жүретін сиыр ғана. Көз алдында қоңыр айғыр емес, қоңыр сиыр келе жатқандай. Жүрісі де сиырдыкіндей ілбіген бірдеңе.


Нәшекең ауылға қанша қалғанын білгісі келгендей алдыға қарады. Ауданға баратын жолға қосылғандарына көп болыпты. Енді кешікпей үшінші бригадаға жетеді. Ар жағы тиіп тұр. Қайранның жотасы пілдей дөңкиіп сол жағында қалды. Он жағы шетсіз, шексіз ақ теңіз сияқты. Сонау Алатауға дейін жап-жазық. Жазда көзге бірден түсетін жар, жыраларды бір құдыретті күш тып-типыл ғып тегістеп кеткендей. Сол тегіске жалтыраған ақ атлас көрпе төсеп тастапты. Қарауға көзің ұялады. Бұл төңіректегі түсі бөлек қара ноқат жол үстінде келе жатқан өздері ғана.


Қоңыр айғырға көзі түсті. Қипалақтап тоқтағысы келетін сияқты. Болдырды ма екен. Баяғы жұттарда ашыққан жылқы тұрып-тұрып бір-ақ құлап, содан тұрмаушы еді. Мынаның да құласа тұра алатын түрі жоқ. Жолға құлай ма, омбыға құлай ма? Арық мал тұрғай, әлгі малдың өзі биылғы омбыдан әрең шығады. Жаманатқа қоңыр айғырды Нәшекеңнің қиғысы келмейді.


Апыр-ау, осы ауылдағы төл басы емес пе. Шабысымен де, үйірді қорығандағы шаһарлығымен де, желдей ескен желісімен де, есік пен төрдей бітімді келісімімен де аты шыққан «Алғабастың» қоңыр айғыры еді. Осынау жолда осыдан біраз жыл бұрын ауыл балаларын әскерге апарарда арбаға жегіліп, сынымен, жүрісімен ауданды таңдандырып келген қоңыр айғыр емес пе. Нәшекеңнің есіне қоңыр айғырды жегуге бермеймін деп жылқышы Тілемістің тыпырлағаны түсті. Қасында шағыр бие, алдындағы арбада шұлғып тұрғаны келді көз алдына. Азаматтар мінгеннен кейін арбаны ала жөнелгенінің өзі бір сурет еді. Танауы делдиіп, мойны қаздай иіліп, аяғын билей тастап жөнелгенде әскерге бара жатқандар ғана емес, қарап тұрғандардың да көңілі өсіп қалып еді. Сол жолғы кеткен жігіттерден әлі хабар жоқ. Сайдың тасындай сол жігіттерді апарып салған, сонда ойнақтап тұрған мына қоңыр айғырдың халін қара. Жеңіс тойында шауып, бәйгеңді алмайсың ба, жануар. Ауыр күндер сенің де әбден титығыңа жетті ме! Жүрмін ғой мен де сүйретіліп.


Осы ойлар Нәшекеңнің өз тірлігі де тап қазіргі қоңыр айғырдың ілбігеніндей көрініп кетті. Сенбінің айтқаны қайтадан құлағына келгендей. Боран басталғаннан тыным көрмей тыпырлап шапқан айғыр бұл. Үйірімнен шашау шықпасын деп жанталасқан жануар. Анталаған қасқырға жасаған айбаты еді ол. Қалың қарда, бірнеше күн қан сорпа боп үйір қору оңай ма. Зорыққаны рас болды. Үйірім деп өзі өлерін білмеген ғой жануар. Өстіп жүріп біз де бір күн тырқиярмыз зорланып.


Нәшекең зілдей басқан ауыр ойды сейілткісі келіп, алдыға қарады. Қар құрсанып, мелшиіп жатқан мынау меңіреу дүниедегі тірліктің белгісіндей сыздықтап шыққан түтін көрінді. Соған жетсе, манадан бері бой көтертпей, қос өкпені қабындырып келе жатқан қапас сейіліп, мына дүние кеңитін сияқты. Күн де арт жақтан өртенген үлкен шардай қызара батып барады. Жер бетіндегінің бәрін аудармай суретке түсіріп алған дөңгелек үлкен айна секілді. Анау көз қаратпас қызылы майданда қырылып жатқан адамның, апат қыстың тырнағына ілінген малдың судай шашылған қаны сияқты. Қара қошқыл әлденелер қыбырлайды жүзінде. Өрттей жанған қызылдың қасында жәй әншейін бірдеңе ол. Өлместің күнін көріп, өгіздің жүгін көтерген өздеріндей көрінді сол бір қышқыл.


«Ойбай» дегенге жалт қараса, қоңыр айғыр төрт тағандап тұрып қалыпты. Кәдімгі жансыз ағаш ат секілді. Нәшекең шанадан түсе тұра ұмтылды, көзді ашып-жұмғандай болған жоқ, айғыр оқ тигендей ұшып түсті. Арқасының қырымен жолдың шетіне құлады да, омбыға аунап кетті. Танауы пыр-пыр етіп, аяғы сереңдей берді. Төгілген жалы ақ киіздің үстіндегі ат көрпедей жайылып қапты. Әкім мен Теңге де жүгіріп келіп, жыламсырап қарап тұр. Нәшекең қынынан пышағын суырып алды да, тамағына тақады. Жануар-ай, тіпті жалынышты қарап жатыр екен. Қолындағы пышақтың карта сүңгіп жоқ болғанын ол сезбеді де. Тап жаңа құлардың алдында сілейіп тұрып қалған қоңыр айғырдың өзіндей қалшиып қатып қапты. Теңге енді ғана байқады. Нәшекеңнің екі жағы суалып, тіпті жүдеп кеткен. Қарығып қызарған көздеріне қараудың өзі аянышты. Сақал-мұртындағы бурыл да көбейе түскен сияқты. Әншейіндегі шып-шымыр, тып-тығыз денесінде әлсіздік бар. Еңкіштене түскен бе, қалай? Сол тұрған күйінде шалқасынан құлап түспесе жарар еді... Қоңыр айғыр аяғын соңғы рет серіпті де, сұлқ жатып қалды. Сол кезде Нәшекең бетін басып отыра кетті. Құлағы шуылдап, әнеукүнгі боран қайта соққандай болды. Соның ызғары өңменінен өтіп, бұға түскендей. Басын ішіне тығып бүгіліп барады. Күңіренген боранды жара күмбірлете кісінеген қоңыр айғырдың үні келді құлағына. Төгілген жалымен жер сызып, үйірін шырқ иіріп барады. Кезін ашып алса, ұйықтамай көрген түс секілді бірдеңе. Күмбірлете кісінеп бара жатқан айғыры алдында серейіп жатыр. Жәй әншейін елес екен ғой...


— Сен екеуің ауылға тезірек жетіңдер де, бізге кісі жіберіңдер! Үлкен жайдақ шанамен келсін. Арам өлгенмен де ауылға апарамыз. Бауыздауға дәтім бармады, — деді Нәшекең даусы қалтырап.


Теңге мен Әкім бес биені айдап, екі шанамен ауылға кетті. Қоңыр айғыр мен Нәшекең жапан далада қалып барады. Қою қараңғылық үйіріліп, шаналарды көп ұзамай көзден жасырды.


* * *


Ойдағы малдан келіп Нәшекең бір-екі күн ес жиған болды. Үйде көп жататын уақыт па. Кеңсеге кіріп еді, төбеден жай түскендей Төлептің қазасын естіртті. Лепсідегі ауруханада қайтыс болыпты, сол әнеукүнгі тиген суық жалмап тыныпты.


Нәшекең сылқ етіп отыра кетті. Колхозға председатель болғанына әлі көп болмаған Садық жаңа ғана Сыдықтан алған телефонограмманы оқып берді. Қос жанары терезеде. Қолындағы ағаш қаламмен столды құр тықылдата береді.


Ойлы. Өзі қара адам тіптен күреңітіп кетіпті. Нәшекеңе солай көрінді ме, председательдің мұрты жыбыр-жыбыр еткендей болды. Түйіліп, тығылып отыр.


— Әнеукүні мен сендерге Төлепке тимеңдер дедім. Сыдық екеуіңіз болдыңдар ма. Ал енді қараң қалды ана ұста дүкені.


Колхоз бастығының Төлепті жібергісі келмегені рас еді. Ол жақтағы жағдайдың ауырлығы шымбайына батып тұрған Сыдық пен Нәшекең адам жетпей жатқан соң әрең көндіргенді. Өлімнің аузына тура өзі апарып тығып жібергендей болып тұр қазір. Істің бұлайша сұмдыққа соғарын қайдан білген.


— Баласы аман ба екен сорлының?


Нәшекеңе небір жаман ойлар келді. Бір сот Жанардан да, Жеңістен де айырылып, бір үйлі жанды түгел құртып жібергендей болды.


— Басқа жаманат жоқ. Үйін барып көріңдер. От жаққызыңдар. Сыдықтың айтуына қарағанда, ертеңдер сүйегін алып келіп қалар.


...Күннің райы сынайын дегенмен, қар бұл жақта да әлі сіресіп жатқан. Төлептің өлімі бүкіл ауылды тікесінен тік тұрғызды. Кемпір-шал, бала-шаға бірі қалмай, көңілдерін білдіріп, жылап келіп жатыр. Жуас та болса қадірлі екенін қазасының өзі-ақ көрсетті. Жыламаған жан жоқ. Ауыл аса бір аяулысынан айырылғандай. Сүйегі келгеннен бері Садық та, Сыдық та, Нәшекең де кезек-кезек осы үйден шықпайды.


Көктем иек астында тұрғанда ұстадан айырылу колхозға оңай ма. Төлеп еске түскен сайын бұл үшеуі осы тұйыққа тіреле береді. Алдымен өлікті бар құрметімен жөнелтейікші, сосын көре жатармыз. Жанардың жоқтауына жұрттың бәрі риза. Әсіресе, кемпірлер еріндерін сылп-сылп еткізіп:


— Көкем-ау, қай жерінен шығып жатыр мұнша жоқтау, — дейді.


Қос жетім ек, сүйеу болған бірімізге біріміз,


Не болады, оу, халайық, енді біздің күніміз.


Бұл соғыстың сен де болдың ерте кеткен құрбаны.


Бір Алланың қашаннан еді, бұл тозақты құрғаны.


Қадіріңді біле алмасам, қарыз қылма, кеш мені,


Теміріңнен бұл жұртыңа кім сызар енді кестені.


Жанардың жоқтаулары жұрттың аузында осылай жатталып кетті. Елдің бәрін егілткен қабірдің басында Жеңістің «кім мені енді койнына салып жүреді», — деп шырылдағаны болды.


Ауылға қара қағаз қанша келіп жатса да, көзбен көрмеген соң көңіл сенбейтін сияқты еді. Ал мына Төлепті өз қолдарынан жөнелткендікі ме, ауылдың қабырғасы қатты қайысты.


Нәшекеңнің ұста дүкенінің қасынан өткен сайын көңілі бұзылады. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ», Төлеп соққан төстің шыңылы дамылсыз тіршілік тынысындай екен ғой. Енді, міне, көрдің бе, тып-тыныш. Малдан қызыл айғыр, қоңыр айғыр, адамнан Төлеп биылғы жұттың құрбаны болды. Ауырлықты көтеруге жаралған жан еді, ауырлықты өзімен бірге ала кете алды ма екен. Момын деп мойын бұрмаппыз, орны қандай ойсырап тұр, марқұмның.


Қадіріңді біле алмасам, қарыз қылма, кеш мені.


Жанардың жоқтауының осы жолы есіне түсіп кетті. Шіркін неме, қалай тауып айтқан. Төлеп марқұмнан осы кешірімді бәріміз де сұрағанымыз жөн-ау өзі. Мойымаған момындардан айналсақшы...


СЕГІЗІНШІ ТАРАУ


Күн құрық бойы көтерілгенде жұрт біртүрлі маужырап сала берді. Соқа ұстаған әйелдер де, өгіз айдаған балалар да қалғып келеді. Көктемнің жұпар исі көтерілген күннің қызуымен қосылып, осынау қоңыр белдің үстінде жүргендердің бәрін мас қылғандай. Егер қазір құлай кетсе, мына қара бұйра топырақта құс төсекке жатқандай қор ете түсері хақ. Бірақ ешкімнің де тоқтағысы жоқ. Бір айналым болса да өне берсін.


Күндегі әдеті бойынша бұлар егіс басына таң біліне келген. Салқында істеген жұмыс қашанда өнімді ғой. Сәскеге дейін өндіріп тастамақ-ты. Мезгілсіз бұзылған таң алдындағы тәтті ұйқы енді өз есесін жібергісі келмегендей уысына алған сияқты. Күн қызуы малдың да, жанның да арқасынан өтіп, бойларын босатып барады. Өгіздер де мамырлап аяқтарын еріне басады. Бір кішкене көз шырымын алуға діңкелеп келе жатқандар аз емес. Бірақ бәрі ең шеткі соқадағы Теңгеге қарай береді. Сол тоқтаса ғана тоқтамақ.


Басын ала гүлді шытпен шарт байлап алған Теңге соқаның соңынан кербез басады. Үстіндегі көнетоз юбка, күнге қурап ағара бастаған, әр жеріне жамау түскен көгілдір кеудешесі бар. Соқаның құлағын сүйеп қана жеңіл ұстап келеді. Еңкейіңкіреген төсі көгершіннің төсіндей томпиып тұр. Сырт пішіні де құлын жонды, әдемі. Басын бір түсіріп, бір көтерген осы бар кейпінде табиғи сылаң кербездік, өзіне жарасымды өрлік бар. Өгіз айдап келе жатқан балаға көз тастайды да, анда-санда бір кездесетін секпілі бар қызыл шырайлы жүзіне әдемі күлкі үйіреді. Әкім екі аяғын бір жағына салып, мол сәулелі күн нұрына рахаттана көзін жұмып қарап отыр еді. Бір кезде басын шұлғып қалды. Иегі жалаңаш төсіне тақ етті. Теңге әлі қызықтап келеді. Қанбаған ұйқы, күннің қызуы, өгіз жүрісінің тербеуі — бәрі бала немені балқытып бара жатса керек.


— Ей, қағынғыр, айда өгізді!


Әкім селк етіп, құлап қала жаздады. Көзін жыпылықтатып Теңгеге қарады. Бұл түрі кісі күлерлік еді. Шаңыттанып, жарыла бастаған сопақша беті жыбыр-жыбыр етеді. «Шынымен ұйықтадым ба?» деген кісіше жалбарына қарайды. Жаңа құлай жаздағандағы ербеңдеген қол-аяғы, мына түрі Теңгенің ішек-сілесін қатырды. Күлем деп соқаның құлағын да қоя берді.


— Ей, өздерің ғана мәз болмай, бізге де айтсаңдаршы, — деген дауыс шықты ортаңғы бороздадан. Бұлайша сызыла айқай салған Жанар еді.


Осы кезде Әкім «қайт, қара шолақ, қайт!» деп тіліктің басында өгіздерін шырқ иірді. Теңге соқаны жыға салды. Әкім жаңағыдай емес, шұнаң-шұнаң етіп, қолындағы жылан бауыр ақ қамшыны сарт-сарт еткізеді. Өгіздер де тепең қағып, жанұшырып бұралып келеді. Әсіресе, ерекше белсендісі ұдайы алдыға, борозда жаққа жегілетін «Ахметжан қара шолақ». Теңге мен Ахметжан үй болғанда сатып алған сиырдың алғашқы бұзауы. Тайынша кезінде колхозға берген. Қазір осы ауылдағы аса белгілі малдың бірі. Соқата шыққанда, шөп тартқанда, астық тасығанда жұрт оған жатып кеп таласады. Әрі жүрдек, әрі әбден тұралап қалғанша аянбай тартатын әлді мал. Соқаға салғандағы бір ғажабы бороздадан аумай, қайтатын жерде «қайт» десе, қамшы салдырмай өзі бұрыла береді. Қара шолақтың жүргіштігін, жүк тартқыштығын әскерге кетпей тұрғанда «мал иесіне тартады» деп жұрт Ахметжанның өзіне сындырушы еді. Енді Теңгеге тартқан десетін болды. Оның тағы бір керемет қасиеті арбаға жеккенде ерге қарай, жүк ауыр болса, алдыңғы екі аяғын бүгіп жіберіп, тізерлеп тартады. Бойындағы бар міні құйрығының шолақтығы ғана. Ел басына күн туып, сұрапыл соғыстың ауырлығы ауылда адамнан — әйелге, малдан — өгізге түскен шақта Теңге де, қарашолақ та колхозға үлкен сүйеу болды. Осы көктемде соқаға шыққанда да қара шолаққа жұрттың бәрі таласқан. Ақыры Теңге жеңіп шықты. «Өгізден қара шолақты, баладан Әкімді бермесеңдер, соқаға бармаймын» деп отырып алды. Өз қадірін, өз салмағын білетін әйел бұл тілегін орындататынына сенімді еді. Бригадирлер үшін көктем кезіндегі ең ауыр іс — соқаға бала мен өгізді бөлу. Пысық баланы, жақсы өгізді әркім-ақ алғысы келеді. Барлық бала Әкімдей от, барлық өгіз қара шолақтай «ақылды» емес. Жанжал басы қашанда осы өгізге таластан шытады. Қара шолақ жайлы ел аузында жиі айтылар Әкімнің өлеңі де бар.


Қопадан елге келем төтелетіп,


Арбамды қара өгізге жетелетіп.


Әскерден Дәкең ағам аман келіп,


Артынан ертер ме екен көкелетіп?


Осы өлеңін көңілі хош кезінде Күлжәмила кемпір де қайта-қайта айтқызып, Әкімнің бетінен сүйетін. Жылан бауыр ұзын ақ қамшыны да Әкімге ұстатқан осы өлең. Оған дейін төбеден жерге жетіп, тор алдында ілулі тұрушы еді. Анда-санда майлап қойып, қасына жан жуытпайтын. Өйткені, Дәнекерден қалған екі-ақ белгі бар. Бөрте серке мен осы ұзын ақ қамшы. «Бірге тумасаң да, туғандай өлең шығарыпсың, тілеуің дұрыс екен, бет-жүзін көрмей көке дегенің үшін» деп ақ қамшыны ұстауға рұқсат еткен-ді. Анда-санда мақтанғысы келгенде болмаса, Әкім де ол қамшыны көп алып шықпайды. Жаңағы сарт, сарт еткізгені «мені, ақ қамшымды көрдіңдер ме» деп сес көрсеткені. Оның үстіне, өзін мазақ қып күлген келіншектің алдында да «еркек» болуы керек қой.


Теңге Жанардың айқайын естіді, демалсақ деген емеурінін түсінді. Өзінің де бойы салдырап, құлай кеткісі келеді. Бұл өйтсе, өзгенің де тоқтайтыны сөзсіз. Бірақ қазір дамылдың уақыты ма! Колхоз биыл егіске кеш шықты. Күн асқан сайын жер кеуіп барады. Елдің биылғы үміті осы қоңыр белдің үсті — жаңадан игеріліп жатқан тың. Мына жыртып жүргендері тары себетін жер. Бұл белге су шығарудың өзі қанша әбігер етті. Көктемнің алғашқы күндерінде сонау терең жардан тоған өткізудің, сол тоғанды осы белге жеткізудің әуресі аз болған жоқ.


Мынау кең жазира жерді игеруді ұсынған Нәшекең екен. Елден естуіне қарағанда, былтыр бұршақ ұрған жерге егін салуға ол кісі үзілді-кесілді қарсы бопты. Өйткені қанша айтқанмен ол жерде дән қалды. Ол дәннің ерте көктейтіні хақ. Оның үстіне тұқым сепсек ботқа боп кетеді. Ерте өнген дән мен кеш себілген тұқым соңыра егін піскенде де ала-құла болып берекені алады. Оның үстіне ол жер тозған жер, жыл сайын өнімі төмендеп барады. Сондықтан екі-үш жыл демалдыру керек. Ол жерде биыл жабайы бидайды шөпке шауып аламыз.


Нәшекеңнің бұл айтқаны көкейлеріне қонғанмен, қоңыр белдің үстін игеруді өзгелер қиынсынған. Қазіргідей соғыстан әлсіреген кезде оған шама келе қояр ма екен. Бекерге не тынды игере алмай, не ескі жерге егін сала алмай екі ортада дәт деп қалармыз. Оның үстіне мына жотаға су қалай шығады? «Меніңше, ең қиын шаруа сол, су шықса, бұл далаңқыны игеру — ырыс. Көк қасқа шымды да жыртады ғой. Ал бұл дала жусан мен қара от. Жусан мен қара от бар жер қашанда құнарлы. Нағыз астықтың астында қалдыратын жер. Суға келетін болсақ, осы белге біздің бабаларымыз егін салған. Тап ана төрт құлақты бейіттің түбінде қазіргі Күлжәмила кемпірдің аталарының диқаншылық еткені есімде. Солар қалай суарды екен?» — деді Нәшекең.


Өзі осы белдің қырымен өтетін өзекке көптен көңіл тоқтатып жүретін. Бір күні атпен бастан-аяқ аралап шықты. Қоңыр белдің өзі тап мына төрт құлақты бейіттен басталады да, Шөлтұмсықтан барып бітеді. Бұл екі ара шамамен он-он бес шақырымға созылады. Әлгі өзек кәдімгі дап-дайын жотатоған құсап жүреді де отырады. Оны аршу аса қиындыққа түспейді. Биыл соның бес шақырымын аршып, шығыс жағына егін салса, дүниенің астығы шығады. Бірақ әлгі жотаның қырымен жүріп отыратын өзекше төрт құлақты бейіттің түбінен бітеді де, ар жағы құлама ылди боп кетеді. Осы төрт құлақты бейіт тұрған белеңге суды қалай шығару керек? Негізгі бас арық төрт құлақты бейіт тұрған төбенің төменгі жағындағы жардың арғы бетімен өтеді. Қоңыр белге қарай бас арықтан шығатын ескі бір сілем бар. Бірақ оны әлгі жар кесіп тастаған. Жардан шыққан соң сілем қайта жалғасады да, төрт құлақты бейіт тұрған төбенің түбінен келіп жоғалады. Нәшекең осы сілеммен келіп, қоңыр белдің үстіне су шыққан дейін десе, өрге қарай ол қалай жүреді? Бұл арадағы өр кемінде жүз-жүз елу метрдей болады-ау. Бар гәп осында, Нәшекең осы араның жұмбағын ұқпай қойды.


Жұртты қорқытатын да жар мен осы алқым. «Нәшекең алжиын деген шығар». «Төбенің түбінен басына су шығушы ма еді?» Мұндай сөздерді айтушылар да табылды. Әрі ойлап, бері ойлап әбден басы ауырған соң, «суға кеткен тал қармайды» демекші, Нәшекең Күлжомиладан ақыл сұрауға бел буды. Күлжомила ұзақ ойланып отырып қалды да:


— Иә, ол белдің үстіне су шыққан, — деді.


— Қайтіп, қалай?


Нәшекең балаша айқайлап жіберді.


— Ұмытпасам, он жастағы кезім. Биыл алпыс бестемін ғой. Бұдан елу жылдан астам бұрын. Дәнекер менің отыз тоғызымда туды. Биыл тура 26-ға келіпті. О, қарғам-ай, — Күлжәмила көкірегі қарс айрыла ауыр күрсінді.


— Аман болса, әлі-ақ келеді, бәрі бір күндей болмайды, бәйбіше, балаңыз келіп, бөрте серкенің басы домалап жатқанын көресіз!


Нәшекең нығарлап-ақ айтқандай болды. Бірақ өз жүрегінде де бір күдік бар секілді. Оны Күлжәмила байқамай қалған жоқ. «Алдайсың-ау» дегендей ала көзімен бір қарады да, сөзін әрі жалғастыра берді.


— Бірді айтып бірге кетеді деген осы. Суды айтып, Дәнекерге кетіппіз. Сол он жасымда төбе үстінде егін суарып жүрген атама сусын апаратынмын. Су сонда қызыл асығымнан келеді. Әлгі арықпен жүргенде төбеге қарай өрлегендей емес, жайдақ жермен бара жатқандай болатынмын. Сөйтіп отырып белдің үстінен бір-ақ шығам. Төбеде тұрып таң қалатынмын, мына биікке суды қалай шығарған деп. Атамнан сан сұрадым да. «Е, қарағым-ай, адамның қолынан не келмейді. Бес рулы ел осы тоғанды бес жыл қазды. Ана ирелеңді көрдің бе, гәп сонда, сол ирелең арқылы жетектейсің де отырасың. Сонда өрдің өзі ылди секілді болады. Суға сол ылди болса бітті, жүре береді. «Қалауын тапса қар жанады, сұрауын тапса сараң мырза болады» деген емес пе. Сұрауын таптық, мына сараң жотаның бермесін алып отырмыз» дегені әлі есімде. Сол егін салудан менің әкем әжептәуір байып, кейін мал бітті.


— Жыланша оралған дедіңіз бе?


Басқа сөздің бәрін есінде ұстай алмай қалғандай Нәшекең тап осы сөзді нығырлап қайта сұрады. Көптен шеше алмай әуре боп жүрген жұмбағына жауап тапқандай.


— Егер бірге барсақ, сол жолды таба аласыз ба?


— Қайдам, қаншама уақыт өтті!


Күлжәмиланың көмейінде «тауып та қалармын» деген екіұшты сенім тұрғандай болды. Нәшекең ертіп барып, екеуі алтын іздегендей ұзақ жүрді, болар-болмас бір іздің соңына түскендей. Күлжәмиланы Нәшекең бас арыққа апаратын сілеммен де таныстырды. Ол сілемнің бір жартысы жардың ар жағында былтыр өзін бұршақ соққан жерде қалады екен. «Тап мына арада құлап жатыппын», — деді күліп.


Осыдан кейін ту бастағы пікіріне табан тіреп, ақыры колхоз председателі Садық Киізбаев пен Сыдықты Нәшекең көндірген болатын. Қар суы кебе ұзындығы 50 метр, биіктігі 10 метр жарға шабуыл жасады. Үш бригададағы кетпен, күрек көтеруге жарайтындардың бәрі жабылды. Бес күннің ішінде жардың табанынан үстіне дейін ені үш метр жал көтерді. Жалдың үстімен ескі сілемге жалғастырылып тоған тартылды. Ол тоған төбенің етегіне жетіп, одан әрі ирелендеген жылан арық қазуға кірісті жұрт. Жылан арықтың әр метрін Тілеужан деген тоған басымен бірге Нәшекеңнің өзі өлшеп беріп тұрды. Ол арық қоңыр белдің үстіндегі өзекшемен келіп жалғанды да. «Көп түкірсе — қол» деген ғой, сөйтіп, үлкен бір іс бітті. Төбе басына су шыққанда колхоз үш қой сойып той жасады.


Теңгенің әлі есінде, жаңа қазылған жылан арықпен су жүргенде Нәшекең:


— А, құдай, а, құдай! Ақсарбас! Ақсарбас! Қара қазан сұр баланың қамына қалған қайратты құм қыла көрме, құдайым, — деп елпең қағып сумен бірге жүгірді де отырды. Үлкен адамның мұнысын ешкім де ерсі көрген жоқ.


Рас, бұл жұмыс талайды зорықтырып, талайды діңкелетті. Мұқаттың аяғының жарасы ашылып, Балжан ауданға ауруханаға әкетіпті дегенді естіді. Әбдінің келіншегін алғаннан бері ол өзін ауылда сүйкімсіздеу ұстап жүруші еді. Әнеукүні жарды бекіткенде жанын сала жұмыс істеді. Жал биіктеп, төменнен топырақ тастауға әйелдердің қарымы жетпей қалғанда бес-алты жігітке салмақ түсті. Соның бірі — осы Мұқат. Оған жұрт разы болды. Балжан екеуі кінәсін біраз жеңілдеткендей. Екі бала сүйсе де, өздері жұрттан әлі қысылатын-ды. Бір жаққа кетіп қалмақ та болды. Бірақ туып-өскен ауылды қимады. Еркелігіңді де, есерлігіңді де тегі өзің өскен ортадан артық кім көтереді? «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген емес пе! Уақыт өтер, түсінер жұрт бізді де деп жүретін олар. Тату тұруға, таба болмауға тырысатын. Өз аулының намысы үшін өлуге әзір екенін білдіре алмай, құса боп жүрген жайы бар-ды. Соның сәті келген секілді, аянған жоқ. Күш түсіп кеткен ғой сорлыға, жарасы ашылғанша жанталасып қайтеді екен? Бірақ қиын-ау, қатын-бала құмырсқаша қимылдап жатқанда жаралымын деп қалай шыдап тұрады. Оның үстіне жаңағыдай жанын жеген дерт бар.


Дені сау Теңгенің өзі де бұрлығып бір күн жатып тұрды. Жанардың қайратына да талайлар таңдай қақты. Көзінің ағы мен қарасы — Жеңісі де осы тоған басында болды. Жұртпен бірге тамақтанып, жұртпен бірге жатты. Төлеп қайтқаннан бері көп жесірдің қатарына бұл да қосылған. Бірақ бұл шын жесір-ді. Кеше ғана түскен келіншек сияқты еді, cap қарын тартып бара ма, қалай? Шіркін, уақыт-ай, елдің көбін ерте қартайта бастаған. Бірақ майдан жақтан хабар болса, бұл да елеңдеп тұрады. Бұл да әлдекімді күтетін сияқты. Әлдебір елес еміс-еміс жастығын еске түсіргендей. Жұрттың осы бір жарды бекітіп, жылан арық қазғанына Садық басқарма қатты риза болыпты дейді. Көрінген жерде «елден айналайын, кәрісінен жасына дейін төбеге көтеретін жандар екен, мұндай колхозға келген менің де бақытым бар шығар» дейтін көрінеді. Садықты сараң деп жүрген жұрт та үш қой сойған соң жайылып түсіп, бәрін ұмытты.


Теңгенің қайран болатын бір адамы бар. Ол - Нәшекең. Осы бір тұйғындай ғана кішкене шалдың қайрат қай жерінен шыға береді? Сыр бермей шар болаттай қашан да шымыр жүргені. Әнеукүнгі топырақ тастасын көрсең. Қоңыр айғыр өлген жерде қажығандай боп көрінген жүдеу шалға мүлде ұқсамай кетті. Жұдырықтай боп жұрттың бәрін сүйреп жүрген біреу. Осы шал қажыса, бүкіл ауыл қажитындай. Соны біліп шаршаса да, шаршағысы келмей ме, әйтеуір бір сиқыры бар. Басқарманың бас салып ұрысқаны, бригадирдің айқай-аттаны Нәшекеңнің төбесін бір көрсеткеніне тұрмайды. Кеше ғана осы арада болып: «Қарақтарым, еңбек еш болмасын, жер құрғап барады, қузаңдар!» — деген-ді. Ол сөзден Теңге көп жайды ұққан-ды. Жарықтық, осы бір қоңыр белде жайқалған егінді көруге асыға ма екен. Күн көтерілген сайын қызуы күшейіп, денелерін балбырата түссе де, тоқтап дамыл алуға мұрша бермей келе жатқан күш — сол шалдың алдындағы ұят. «Сенген қойым сен бе едің, Теңге!» — десе, не бетін айтады. Теңге ауыл алдында ұялатын болса, мына жүргендер Теңгенің алдында ұялатын секілді. Бір ұят бір ұятты қамшылап, қоңыр белдің үстінде қызу жұмыс жүріп жатты. Майланбаған кейбір соқа дөңгелегінің шиқылы мен мойын ағаштардың сықыры ғана естіледі.


Ауыл жақтан жалбақтаған бір атты көрінді. Өгіздегі балалар да, соқа ұстаған әйелдер де жалт қарады. Шалдыққан өгіздер тұра-тұра қалды. Еш бала «шу» деп айдаған жоқ. Бөрі аттыны көздерімен тесіп барады. Жүректері дүрсілдеп қоя берді. Осындай аттының талайынан төрт жыл бойы жаман хабар естіп, жабырқағандар аз емес еді. Тағы да кімнің соры қайнап, кімнің көзінен жас ағайын деп тұр екен. Әйелдер мен балалар бір-біріне үнсіз жаутаң-жаутаң қарайды. Сөйтеді де, ауыл жаққа тағы тесіледі. Әлгі атты қамшылана түседі. Ерігіп келе жатқан есер баланың бірі ме дейін десе, ұп-ұзын боп сорайған біреу отыр. Бірінші бригаданың бригадирі Асқарбайға ұқсайды. Тізесінен төмен бір аяғынан айрылып, осыдан екі жыл бұрын әскерден келген-ді. Бұрын жұрт «Қияхметтің Асқарбайы» десе, енді «ағашаяқ Асқарбай» дейді. Ағайынды төртеуі түгел кетіп, әзірге оралғаны осы ғана. Асқарбайды танысымен ең алдымен екі жеңгесінің — Бәтима мен Жақияның зәресі ұшты. Жақия — ең үлкені Базарбайдың, Бәтима — Әзімбайдың әйелі.


— Құдай-ай, не сұмдық, мына Ортаншым неге шапты сонша? — деп Теңгенің қасына келді олар. Теңге де құп-қу боп кеткен. Ахметжаннан хабар үзілгелі үш жыл.


— Мүмкін, біреуден сүйінші сұрайын деп келе жатқан шығар.


— А, құдай, солай болғай!


Әлгі атты өзекке құйындатып түсті де, өрге қарай қайта қамшыланды. Сол күйі соқашыларға жетті. Күн де ыстық, оның үстіне өзі қара жігіт өрт сөндіргендей түтігіп кетіпті. Тер одан да, бұдан да кеткен. Астындағы қоңыр төбел қан сорпа. Әйелдердің қасына аттың тұра қалғанына қарамастан, тебініп-тебініп қалып, Теңгенің басындағы орамалды жұлып алды. Желкесіне түйіп қойған бұрымы сау етіп арқасын жапты. Әкімге Теңге тым сұлу көрінді. «Күйеуі келіп, бағы ашылды-ау, байғұстың», — деді ішінен. Асқарбай омыраулатып баса жаздап, екі жеңгесінің де, Жанардың да шытын жұлып алды. Әкімнің қалпағы да түсті қолына. Тіл-аузы байланған адамдай үн жоқ. Тасырлатып басқа соқаларға қарай шаба жөнелді. Әйелдердің орамалын, балалардың қалпағын шетінен сыпырып жүр. Өгіздер үркіп, бороздадан шықты. Асқарбай Теңгелер тұрған жерге қарай қайта шапты.


— Шерменде қылмай айтсаңшы, Ортаншым-ау, бұл не? — деді Бәтима.


— Сүйінші, сүйінші! Соғыс бітті! Жеңіс!


Ауылдан шыға шапқаннан әрі ентіккен, әрі өзінің де жүрегі аттай тулап тұр ма, қыр-қыр етіп үні шықпай қалды. Теңге «Сүйінші! Жеңіс!» деген сөздерді әрең-әрең естіді. Саққұлақ Әкім ғана қағып алып, Асқарбай айтқан күйі:


— Сүйінші, сүйінші! Соғыс бітті! Жеңіс! — деп айқай салды.


Жанар тілік басында көлеңкеде отырған баласына жүгірді.


— Жеңіс! Жеңіс!


— А, құдай! Ақсарбас!


— Рас па, Асқарбай, күнім-ау, шынымен сондай күн туды ма?


— Атыңнан, сені тапқан анаңнан айналдым.


— Құдай-ау, бәрі жолына садаға, шыбын жанын қалдыра гөр!


Кімнің аузынан не шыққанын білу қиын. Жамырасқан осындай сөздер. Шаужайына жабысып, Асқарбайды ат үстінен біреулер бетінен сүйіп жатыр. Анталаған қатындардан қоңыр төбел үркейін деп еді, әйелдер алды-артынан қоршап тырп еткізбейді. Асқарбайды арадай талап, үлкенді-кіші бәрі бас салған. Аттың жалына жығып алып бетінен, кезек тимегені қолынан, тіпті ағаш аяғынан сүйіп жүр.


Әйелдердің қоршауынан «Уһ» деп құтылып, айналасына қараса, соқаның бәрі доғарылып қапты. Ауылға қарай балалар бір-бір өгізбен сабап барады. Бас киімдерін бұлғап:


— Жеңіс! Жеңіс! — деп айқай салады.


Ең алдында қара шолақты қамшылап бара жатқан Әкім.


Асқарбайдың да делебесі қозып кетті білем, қоңыр төбелді бұра ауылға тартты. Қойны толы әйелдердің орамалы. Қайда, неге шауып бара жатқанын өзі де білмейді, әйтеуір аттың басын қоя берген. Балалардың бәрін басып озып, қара шолаққа жетті. Әкім оздырғысы келмей, біраз қамшылап еді, ат қоя ма! Оның ойына бір қулық түсті білем, шауып бара жатқан өгіздің үстіне тікесінен тік тұрды. Өзі қатарлы балаларға бұрын сан көрсетіп жүрген өнері. Жанай бере «ей, құлайсың, өлесің» деген сөзді Асқарбайға айтып үлгертпей, атының сауырына қарғып барып мысықша жармасты. Қара шолақ бас жібін шұбыртып өңкілдеп шаба берді. Басқа уақыт болса мықтап ұрсар еді. Бұл жолы Асқарбай Әкімді мінгестірген күйі шаба берді.


Артына қараса, жотадан құлай жаяу жарысып әйелдер келеді. Асқарбайдың көз алдында ғажап бір сурет тұрды. Оймақтай бұлт жоқ, ашық аспан, бар пейілімен тамылжыта нұрын төккен қуатты күн. Арттағы анау белдің бергі қабағында кілемдей түрленген қырдың қызғалдағы. Жер-ананың өзі мына қуанышқа қызыл жалауларын қаптатып, төскей атаулыға түгел тігіп жіберген секілді. Сол қырда үш түрлі жарыс — жаяу жарыс, өгіз жарыс, ат жарысы жаңа ғана басталғандай. Мынау ғажап сурет. Жаяу өгізден, өгізді аттыдан ауылға бұрын жеткісі келеді. Атты кімнен озбақшы? Ол да асығады, алып ұшқан көңілден озғысы келгендей. Қуаныштың қайтып оралмас көрікті сәті тұр көз алдында! Қылқалам иесіне таптырмайтын көрініс қой бұл. Қайталанбайды, қайталанбайды мына сурет!


Қайда барарын білмей, әйтеуір аттың басын қоя берген Асқарбайға аяқасты бір ой келді. Артында салақтаған Әкім салды ол ойды. Күлжәмила кемпірдің үйіне тарту керек. Ауылдағы азын-аулақ кемпір-шал да әлдекімнен құлақтанып қалған-ау тегі. «А, құдайлап» уда-шу боп, айқайласып жүр екен. Күлжәмила есігінің алдында көзін көлегейлеп, ағызып келе жатқан бұларға тесіле қарап тұрды.


— Соғыс бітті, сүйінші, әпке! Сүйінші! — деді Асқарбай. Әкім бұрын айтып қояр ма деп қызғанған кісіше алыстан айқайлады.


— Ал, қарағым, ал. Сол қиямет шынымен бітсе, қалағаныңды ал, қарағым! Күнді бер деме, күшім жетпейді. Айды бер деме, әлім келмейді. Қалғанының бәрін ал!


Бұл сөздерді Күлжәмила өзінде жоқ бөлекше сабырлықпен айтты. «Күнді бер деме, күшім жетпейді, айды бер деме, әлім келмейді. Қалғанының бәрін ал!» Сөз парқын түсінетін Асқарбай осы бір хабар мына тұрған ана үшін, мынау жатқан дала үшін қандай қымбат екенін бар жүрегімен жаңа ұққандай болды. Қарғып түсіп, Күлжәмиланы құшақтап тұрған Әкімді, ана төсінде селкілдеген оның білте шашты басын көрді. Астындағы аты да ауыздығын қарш-қарш шайнап, қуаныш құрметіне билеп тұрған секілді. Өзі ғана не істерін білмей аңырып қапты. Қойны толы әйелдердің орамалын алды да, шашып жіберді. Бірі қызыл, бірі көк, бірі сары, бірі қоңыр, бірі ақ. Ақырын соққан самал жел іліп алып желкілдете жөнелді. Жел де жесірлерден сүйінші сұрап жатқандай. Кимешегінің үстінен тартқан орамалын алды да, Күлжәмила да лақтырып жіберді. Кәрі көңіл де тасып кетсе керек. Үлкен ақ шүберек төңкеріліп, төңкеріліп барып, шоп басында желбіреп тұрып қалды...


* * *


Күлжәмила ауыл ортасында асық ойнаған бір топ баладан көз алмай тұр. Бұрын жаяу жүруге пысық-ақ еді. Енді екі аттаса жүрегі аузына тығылып, ентігетінді шығарды. Қайта бұл мықты жүрек десеңші дейді өзіне-өзі. Дәнекер кеткеннің келесі күні-ақ үзіліп кете ме деп ем. «Адам ит жанды» деген рас екен ғой. Сүйретіліп әлі жүрміз. Татар дәмім таусылмай жүрген шығар.


Үш ай болды. Күлжәмила намаз оқуды да пышақ кескендей тыйды. «Осы құдайдың адал пендесі шығармын деуші едім. Ғұмыр бойы құлшылық қылып бес уақыт намазымды қаза қылмай оқып жүрдім. Сондағы жарылқағаны осы ма: күйеуімнен ерте айырды, құдай салды, көндік дедім. Енді жарылқар дегенде жеті құрсақтан жалғыз қалған Дәнекер тағы кетті. Көппен көрген ұлы той, көндім дедім. Ақ тілеуімді айтып, Аллаға күні-түні жалбарындым. Көз жасымды көрер дедім. Көретұғын түрі жоқ. Соғыс біткелі жылдан асты, аман болса, ендігі келмес пе еді. Не жылағаныңды, не құлшылық еткеніңді көрмейтін көрсоқыр құдайға несіне жалынам осы?». Кеудесін ыза кернеп, өзегі оттай жанған осындай бір сәтте жайнамазын атып ұрған. «О дүниеде беретін иманыңмен өзің-ақ бол. Жарық дүниеде жалғызымды бір көрсетпеген саған енді жалынсам тас төбемнен үр».


Соңғы сенген тәңірімен де араздасқан соң Күлжәмила бұрынғыдай емес, еңкіштеніп жүдей бастады. Жанары да таяйын деді ме, көзін ылғи көлегейлеп жүргені. «Өйтпесем, көре алмаймын», — дейді.


Жаңағы асық ойнағандарға тағы да қарап тұр. Осында тұрғандардың ең кішкенесі Жеңіс көзіне оттай басылды.


— Сен кімнің баласысың, ей!


Күлжәмила бар даусымен айқай салды. Жеңіс шошып кетіп, аузын бұртитты да:


— Төлептің! — деді.


Тосылып қалған кемпір балалардың қасынан Байболдың Төлешін көрді. Әскерден келгеніне алты-жеті ай болған, кәдімгі Дәнекермен бірге кеткен Төлеш. Қос балдағы бір қолында, ерінбей-жалықпай, шойқаң-шойқаң етіп асық атып жатыр. Өз-өзінен сақ-сақ күледі. Бір уақытта көндегі бар асықты сыпырып алып, «шнель, шнель» деп, аяғына оқ тиген андай ақсаңдап, үйіне қарай жүгіре жөнелді. Балалар аңырып қарап қалыпты.


— О, бейбақ! — деді Күлжәмила дауыстап.


Төлеш әскерден қызыл қырман кезінде келген. Колхоз қоңыр белдің астығын жинап ала алмай, аласапыран боп жатқан-ды. Қасына ана Гальфингердің қызы Кларадай ақ халат киген бір жас орыс әйелін ертіп келді.


Гальфингерді осы ауыл түгел «Қалпангер», әйелі Аннельді «Әнел», қызы Клараны «лөктір Күлер» дейді. Неміс деген атына бола алғашқыда жұрт тыжырына қарсы алған-ды. Өздері де еңселері көтерілмей, қоңылтақсып жүрді. Жұртқа жұғысайын десе тіл білмейді. Оның үстіне елдің бәрі бұларға «неміс» деп ала көзімен ата қарайтын сияқты. Бір күні ауыл балаларының терезелерінің алдынан «фашист» деп жүгіріп өткенін естіп, үй ішімен жылап колхоз кеңсесіне келген болатын. Олардың қандай неміс екенін түсіндіру жөніндегі ауырлық парторг Сыдыққа түсті. Талай балаға қол жұмсап, ұстамсыз талай адамның аузын қаруға тура келген.


— Бұлар Еділ бойындағы өзіміздің неміс. Жау неміске үш қайнаса сорпасы қосылмайды.


«Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» демекші, өздері де сіңісе бастады. Қазақша тіпті тез үйренді. Қалпангердің салған маяларына жұрт тамсана қарайтын болды. Бір ғажабы, қардың суы өзге маялардың төбесінен табанына бір-ақ жетсе, мұны маясы үстіңгі қабатын алғанда құп-құрғақ боп тұрады. Рахметті ел оған, әсіресе, жұт жылы жаудырған-ды. Қопадағы Қалпангер салған маялардың арқасында ғана азын-аулақ мал аман қалды. Шіркін, енді өзі салғыш-ақ. Қыздың жиған жүгіндей қыры сынбай тұрады ғой.


Бәрінен де Қалпангердің осы колхозды суға жарытқанын айтсаңшы. Қасынан өтетін еш өзен, бұлақ жоқ бұл ауыл жазда тоған суына қарайтын да, қыста қар ерітіп ішетін. Малға да сол. Әсіресе, көктемде қиын. Қар кетіп, тоғанға әлі су түсе қоймаған кезде жұрт сонау бес шақырым жердегі Киікбайдың тумасына шауып әуре болатын. Кейбіреулер ерте көктемде ұраға, орға қар көміп әлек. Он күнге жетер-жетпес көктемнің осы шағы жұртты қинап-ақ тастайтын. Сан рет ауыл ортасынан құдық қазылды. Бірақ бәрі де бітеледі де қалады. Қазір Қалпангер мен Құлжабайдың құдығы деген құдық бар. Қысы-жазы тұп-тұнық мөлдір су үзілмейді. Өзі де өте тереңнен шықты. Жиырма бес метрден дей ме немене. Ең соңында құдықтың түбіне түсуге ешкімнің дәті бармай, Қалпангер мен Құлжабай ғана тәуекел депті. Қалпангердің де Құлжабай секілді бойы ұзын. Өгізге, атқа мінсе, екі аяғы салбырап жер тірейді. Жеңі мен балағын ғұмыры түсірмей жүретін әдеті. Екі балтыры мен білегінде кепе қозының жүні бар деп күлетін жұрт. Маяға шөп лақтырғанда бір шөмелені бір-ақ көтереді екен. Қандай қауырт жұмыста жүрсін тамақ уақытын өмірі қаза қылмайды. «Меніки қарын ашты» деп кез-келген көлеңкеге отыра кетеді де, өрт алып бара жатыр десең де тамағын ішпей тұрмайды. Ауыл адамдары да оның бұл әдетіне үйренген, «ал Қалпангердің намаз оқитын уақыты келді» деп өздері де отыра кетеді. Тіпті құдық аршып жүргенде де «Құлжабай, тоқта, меніки қарын ашты» деп құдықтың түбінде отырып тамақ ішіпті. Тас тимеу үшін екеуінің басына темір қалпақ ойлап тапқан да сол. Суды шығарып, құдықтың түбінен ернеуіне дейін шегендеген де сол Қалпангер. Мал да, жан да қарық болып, ауызсу дегенде талай тарлық көріп жүрген ауылдың сөйтіп көзі ашылған. Қалпангердің ең жақсы көретін адамы Нәшекең. Ол кісіні көрген сайын «әй, мықты шал, молодец шал» деп басын шайқап тұрғаны.


Әнел де әйелдерді аузына қаратып алды. Сүт тартатын машинасы рахат болды оның. Бұрын май салығын өтеу үшін қолдан шайқап әуре болушы еді. Енді Әнел тілеуің бергір, апарып тастасаң тартады да қояды. Ауыл әйелдерімен кәдімгідей абысындай сырласатынды шытарды. Күлжәмиламен де бір күні көп-көрім сыр айтысты. «Қызым күйеуге шығар жастан кетіп барады, сіздің ауылда оны кім алады?» деп кәдімгідей қайғырып айтты. Бұл халық та қызы күйеуге кеш шыққанға қорланады екен ғой деп түйген Күлжәмила.


— Балам келсе, қызыңды маған беремісің? — деген қалжыңдап.


— Құдай ондай күн келтірсе, берем, — деген ол да күліп.


— Ей, мынауың құдайды да біледі, бұлардың да құдайы болады екен ғой деп ойлады Күлжәмила. «Тіпті ондай күн туса» деп қояды. Маған жаны ашып отыр байғұстың. Бар ықыласымен елжіреп айтады өзі. Немістің де немісі бар ма деймін. Әй, анау соғыс салған мұндай неміс емес шығар, анадан тумаған болар олар.


Күнқағары бар қалпақ киген баланы «кәпір болдың» деп қуалап жүріп ұратын Күлжәмила анау украин шалы Остаппен де шүйіркелесіп кетті. Қираған кесесін, тесілген табағы мен шелегін екі айтқызбай жамап береді. Үш жылдың ішінде ол да қазақша сөйлеп кетті. Дәнекердің балға соғатын дүкенінде Төлеп ұста екеуі не істемеді! Кетпен-күректі ғана емес, соқа, тырма, тіпті трактор, комбайнды да жөндеді-ау. «Бір кезде «кәпір» деп ат-тонымызды ала қашушы ек, білместіктен ішкен у екен де. Адалдығын, кісілігін айтсаңшы! Адамды, адамдықты тануға болады ғой! Күні кеше еліне көшерде Остап әдейі келіп қош айтты. Бір шөңкесін тастап, шашақтап тоқылған нан салатын дорбаны аттай қалап алып кетті. «Көзіңдей көріп жүрем», — дейді. «Бәйбіше, жылама, бала келеді», — дейді. Менің көңілімді аулап, өзінің төрт баласы бірдей хабарсыз кеткенін айтты. Мен секілді оның да көкірегі шерлі екен. Біз әйтеуір өскен жер, туған елдеміз ғой. Қоныстан айрылып, қопарыла көшкеміз жоқ. Ал ол сорлылар бері қарай бір үрікті, «елім» деп жау шапқан жұртқа тағы жөңкіп барады. Көңілге болмаса, Остаптың орны осы ауылға көрініп-ақ қалған секілді. Төлеп өлгеннен кейін көп қайрат көрсеткен сол еді. Қауғалақтаған ақ көңіл неме өзі».


Қалпангердің қызы да осы ауылдың өз баласындай. «Күлер» десе күлер өзі. Ылғи күледі де жүреді. Әлгі бұршақ соққан жылы өзін өлім аузынан алып қалған сол Күлер емес пе. Туған қызындай үш күн тапжылмай қасында отырды. Запыран секілді ащы бір сары дәріні берді де жатты. Жан шіркіннің тәттісі-ай, әншейінде «ал құдай, ал құдай» деп зарлайтын Күлжәмила сонда тірі қалғысы келді. «Е, тәңірім, ұлғайған сайын адамның жаны тәтті болады деген рас екен. Баяғыда тоқсанға келген бір шал үлкен баласымен қатар ауырып, мәңкір-мүңкір жан алуға келгенде оны баласына жұмсаған екен дейді. Сол секілді «Дәнекеріңді ме, өзіңді ме?» дегенге не дер едім. Әй, қу жан қанша тәтті болса да, жаналғышты Дәнекеріме жібере қоймас едім-ау. Бұл ажал шіркін ақылдасып келсе арман не!».


Күлер сонда «апа, балаңыз семпати екен» деді ме, не деді? Әйтеуір төрдегі суретіне тесіліп қарай берді. Менің түсінбей қалғанымды байқап, «сұлу, сұлу» деді-ау. Суреттегі сұлу болғанын қайтейін, жарығымның. Қандай екенін ұмытып та барам ба өзі?


Төлеш келгенде топырлай жиналған тамам кемпірге қасындағы жас әйелдің сөзін қазақшаға аударған да осы Күлер болатын. Ол сөздер Күлжәмиланың күні бүгінге дейін құлағында.


— Бұл кісілер Брест деген жерде тұрған. Ол арада біздің шекара. Жаудың алғашқы соққысын солар көрген. Өте қиын соғыс болған ол жерде. Көп адам өлген. Фашистер үлкен айуандық жасаған. Солдаттармен қоса әйелдерді, кішкене балаларды да атқан, азаптаған. Байболов жолдас ауыр жараланып жатқанда қолға түсірген. Содан Германияға лагерьге әкеткен. Германияда қар көп болатын жерге — Норвегияға апарған. Онда да жер қаздырып, ауыр жұмыс істеткен. Аш болған олар. Көп кісі сол аштықтан өліп кеткен. Немістер тұтқындарға өте жаман қараған. Төлешке аяғың ақсақ деп ит баққызған. Кісі жейтін қасқыр иттер де болған ол. Қарны ашқан соң Байболов сол иттерге бөлген етті, тағы басқа тамақты ұрлаған. Тұтқындағы жолдастарына берген. Бірақ Төлештің ол ұрлығын біліп қойған. Иттерге талатқан. Содан осындай болған, — деп әлгі әйел өз-өзінен ыржыңдап отырған Төлешке қарады. Жұрт не болғанын енді түсінді.


— Астапыралла, неғылған айуандық, — деп кемпірлер жағасын ұстады. «Шнель, шнель» деп Төлеш отырған жұртты баса-көктей шойқаңдап далаға кетті. Әлгі әйел әңгімесін қайта жалғастырды.


— Содан жолдастары тастамай ала келген. Адресін, бәрін жазып бізге әкелді. Екі ай емдедік. Ештеңе шықпады. Миға үлкен зақым келген. Тілден де айрылған. Айта алатын сөздері «Шнель, шнель», немісше «тез, тез» деген сөз. Тағы бір сөздерді айтады. Оны біз түсінбедік. Тегі қазақ тілінде ғой деймін, «Айнаш, Айнам», әйтеуір осындай бірдеңе.


Кемпірлер бір-біріне қарады. «Осындағы жуас Бейсеннің қызының аты ғой. Бұл екі баланың уәдесі бар дейтін». Күлер кемпірлерден «бұл не?» деп сұрады. Олар осыны айтты. Көзіне жас алып, үндемей отырып қалды. Бейтаныс әйел неге жыладың деп сұрады білем. Күлер оған орысша бәрін түсіндірді. Ол да жылады. Кемпірлердің кейбіреуі кемсендеп кетті. Мына екі жастың Айнашқа келген жерде босағанына олар да босады. Үндемей ғана бәрі үлкен қайтының уын жұтып отырғандай болды.


Орыс қызы қайта сөз бастады:


— Алдарыңызға әкелдік. Қалсын десеңіздер қалады. Қалмасын десеңіздер, алып кетем. Біздерде мұндай сырқатты бағатын жер бар.


Қарындасы Нұрыш, туған аға-жеңгесі жылап-сықтап алып қалған. Әлгі қосшы болып келген әйелге рахметін айтып, жол азығын беріп шығарып салған.


Міне, мынау сол Төлеш. Соғыстың тірі күйігі. Әйтеуір, ешкімге зияны жоқ дейді. Ыржалақтап күліп, «шнелін» айтып, шойқаңдап жүретін көрінеді. Кейінгі кезде ауылдың ұсақ балаларына қосылып ойнайтын бопты. Анада бір Күлжәмила бөрте серкенің артына шоқиып отырып келе жатқанын көрді. Жаны шытып кете жаздады, амал бар ма, ашуын әрең тоқтатты. Есі дұрыс адам болғанда қақ маңдайдан отырғызатын еді. Бұрынғыдай емес, қартаяйын деді ме, бөрте серкенің аяқ алысы да ауырлай бастады. Қойдың алдында емес, артынан қалып келетін боп жүр. Бірақ Күлжәмиланың омырауын иіскеуден өлі жаңылған жоқ. Әлі ешкілерден бөлек ауыз үйте, сонау лақ кезінен бергі үйренген орнына жатады. Кішкентай кезде бұрышта басын қайырып томпиып қана жатушы еді, қазір мүйізі серейіп, жарты үйді алады. Жатқанның өзінде сырттан терезеден қарағанда мүйізі көрініп тұрады. Әкім қыста шөптің бар жылы-жұмсағын да осы бөртеге береді. Бұрынғыдай емес, бөртелігі бұзылып, ақшылданып бара жатқан секілді. Дәнекердің атын өшірмей тұрған осы ғана. «Дәнекердің бөртесі», «Дәнекердің серкесі!». Ауыл боп қыл жуытпай, ауыл болып аялап жүрген сол серкеге Төлеш ат құсатып мініп апты. Екі балдағын мүйізіне іліп қойған. Есі кетіп, сақ-сақ күледі. Күлжәмила желкесінен жұлып алды да, «шнель» деп үйін көрсетті. Балдағын қолына берді. Аңырып біраз қарап тұрды. Бет-аузы су бетіндегі ұсақ толқын құсап жыбырлап кетті. Жан даусымен бақырып жіберді де, отыра кетті. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, сақ-сақ күліп жата қалып ата бастады. Бір балдағын екінші балдағының үстіне көлденең қойып алған. Сосын атып тұрды да, үйіне қарай «шнель, шнель» деп тоңқаңдай жөнелді.


Күлжәмиланың пайымдауында, жау тырнағына алғаш ілінгендер түгі қалмай қырылып қалды болатын. Бірақ олай емес екен. Ерден мен Төлештің тағдыры аянышты болса да «Дәнекер бір жерден шықпас па екен» деген үміт сәулесін шашқандай. Бірақ бұл екеуінен де дәйекті еш нәрсе біле алмады. Бірі өз басымен өзі қайғы, бірі есі ауып жынды боп келді. Байқайды, бұл жау оңай болмаған. Оңай болса соғыс төрт жылға созыла ма? Алғашқыда тіпті Мәскеуге дейін жетті дейді ғой.


Үндемей қабатын ит тарпа бас салғанда адам сасып қалмай ма. Ес жиған соң бірақ оны аяғың келмейді. Әлің келсе, өлтіруге тырысасың. Өйткені, тағы біреудің тағдырына қауіптендіруі ықтимал. Бұл жау да сол секілді. Үндемей келген иттен үріп келген ит жақсы. Осы ауылдағы Әмірхан шалдың төрт көз итін үндемей қабатыны үшін өз қолынан аттырып еді. Әлгі Гитлер итті де тап сөйтер еді-ау. Әттең шіркін, мойнына қыл шылбыр сап, тәмәм елді жаяу аралатып бетіне түкірсе, өлтірмей ғана әр ауылдың итіне талатса, төрт жыл бойы қан жылаған әр ананың жұлуына берсе. Анадан тумай кеткір, өзінің де түбіне жеткен сол аналардың қарғысы шығар. Сұмдық-ай, адам деген қаныпезер бола береді екен, ә?! Иттің таматын ұрладың деп итке талатқаны несі ей? Бір күн ашықса, ол ит өле ме? Астапыралла, ондай қанқұйлының табанына түскен болсақ, не болар ек? Мына Төлеш секілді бәрімізді де итке тастап, есалаң ғып... болмаса қырады да. Оқ көрмей-ақ, от көрмей-ақ осы ауылда отырып қан жұттық қой. Елдігінен, ерлігінен айналдым Советімнің!


— Жарығым, бармысың, жоқпысың? — деп Күлжәмила айқайлап жіберді. Кейінгі кезде бұл оның әдеті. Өз-өзінен сөйлеп қояды. Алғашқыда «апам алжиын деген жоқ па» деп күдіктене қарайтын Әкім де үйренді оған. Ауыл адамдары да «қайтсін, қайғы әбден қажытқан ғой» деп аяйды да қояды.


«Жарытымды» ол асық ойнаған балалардың қасынан өтіп бара жатып айтты. Балалар Төлешке арналған сөз деп ұқты. «Анада бөрте серкенің үстінен жұлып ап еді, енді «жарығым» деп келеді, осы кісінің мінезі де қызық өзі». Күлжәмила тігулі тұрған асыққа қарады. Бірнеше жылдан бері ауыл балаларының асық ойнағанын көргені осы. «Е, байғұстар, бұлар да еңсесін көтерейін деген екен. Асыр салып, асық ойнар шақтарың ғой. Ойнаңдар, ойнаңдар. Өкпелемеңдер Төлешке. Сендердей шағында бұлай болам деп ойлады дейсің бе, ол сорлы», — деді ішінен.


Анада Айнаштың жылап келгені есінде. Ең ақырғы үкімді өзінен күткендей. Келерден бұрын байғұс бала көп қиналғанға ұқсайды. Құрбысы емес, құрдасы емес, қалай ғана айтады, қалай ғана сырласады кемпірмен. Соғыс жылдары сөз салған қырқылжыңдар қазір өзін табалайды. «Қара, өне, шнеліңе! Қанша күттің сен оны» деп көзге шұқиды. Осы ауылда басар жері тарылып бара жатқан секілді. Не істерін білмей дал болды. Өз шешесі де «кәрі қыз атанып қадірің кетті» дей береді. Менен көрген залалы жоқ. Қойма ұстадым, қоңды тұрдық. Қолымнан келгенше Төлештің туған-туыстарына да жәрдем бердім. Мен де іш тарттым, олар да іш тартты. Бізден не кінә бар, апа-ay! Осы ауылдан қысылатын жөнім бар ма? Адалдық айып па екен? Бұл дүние дәл қазір мен үшін неге тарылды? Шіркін-ай, тәтті үміттің өзін күтіп жүргенім-ақ жақсы екен. Неге келді, неге көрдім бұл күйінде. Әнеукүні Нұрыш екеуміз оңаша соғысқа дейінгі жазған хатын оқып, көрісіп тұрып жыладық. Төлешті тірідей жоқтадық. Тыңдаңызшы, апа-ау, мына сөздер бүгінгі Төлештің сөзіне ұқсай ма! Осы хатты тұмар ғып тағып, осы сөзді арман ғып күтіп жүрдім ғой.


«Аяулы, Айнашым! Хатты қандай сөзден бастасам екен. «Аяулы» деген сөз өзіңді әбден жалықтырған жоқ па? Мен үшін қайталап айтқан сайын осы сөздің өзі аяулы бола түскендей. Сенсең, сенің атыңды атап ұйықтап, сенің атыңды атап тұрам.


Тіпті мылтық атқанда да саған сыйынам. Кей кезде қиялымды да қияға алып ұшасың. Әскерден аман-есен ауылға барам, сені құшамын, құшамын да мас болып құлаймын. Құлаймын да тұрамын. Бір сәт екеуміз Алматының әдемі паркінде жүргендей боламыз. Оқуға барыппыз деймін. Екеуміз де он сегіздегі қалпымыз. Маған әскер болдың деп мектеп бітірген қағазды бере сапты. Есіңде ме, жазушы болғым келуші еді ғой. Сол арманым бұрынғыдан да ұлғая түскендей. Әскер өмірі дегенің қызық. Көп нәрсені үйретіп жатыр. Тек соның өзін жазсаң қанша кітап болар еді. Алыста жүргендегі аңсау дегеннің не екені жайлы бірдеңе жазсам деймін. Жас жігіттің сүйген қызы бар. Қандай қиындық көрсе де махаббат күші оны жасытпайды. Ойыма осындай бір нәрселер келеді. Шынымды айтайын ба, әлгі қыз тура сен секілді. Сен құсап күледі, сен құсап жүреді. Тіпті сен құсап ашулана ма деймін. Есіңде ме, әскерге кетерде сүйгізбей ашуландың ғой. «Сүю қайда қашады, үлгересің, аман кел», — дедің. Сол ашуыңды сағынғанымды көрсең! Жаза берсем, ар жағымнан айтатын сөз құйылып келе берер түрі бар. Оны қағазға түсіру үшін уақыт керек. Қазір сапқа тұрамыз. Үзіліс кезін пайдаландым. Бір-екі күнде ұзақ жорыққа аттанар түріміз бар. Үлкен сынақтан өтеміз-ау деймін.


Жігіттерден қасымда Дәнекер, Құрманәлі, Ерден. Дәнекер бұрынғысынша өлең жазады. Ж...сына, әрине. Бәріміз жабылып оқимыз. Бірақ ол жазғандарын жібере алмайды. Ж...ның жағдайын білесің ғой, күйеуі біліп қалар деп тартынады. Ж...дан келген хатты оқысаң... Ләйлә мен Баяннан да ондай хат келмес еді. Тілге неткен бай неме. Төгілткенде еріксіз елжірейсің. Бұдан кейін Дәнекердің жағдайын түсін өзің. Бірақ бір тілегім, бұл хатты ешкімге көрсетпе. Достың сырын жария ету — жарасымсыз. Сен өзімсің. Сосын жазып отырмын. Құрманәлі бұрынғысынша ән салады. Бір уақ, Төлеген ғып зарлатып, ауылды еске аламыз. Құрманәлінің әндері «Алғабасты» түгел алдымызға әкелгендей.


Бесбақсының самалына кеуде тосып тұрғандай боламыз. Мен жаңа білдім, туған жердің топырағына жетер ештеңе жоқ екен. Небір әсем жерлерді көріп жүрміз ғой. Солардың бәрі Тасарықтың тақыр ойы мен қырына жететін түрі жоқ. Ерден Үміті мен шешесін айта береді. «Үйленбей сендер дұрыс істедіңдер. Жастың аты — жас, кәрі шешемді тастап, тәйт деп кетсе не істеймін. Шешем байғұстың денсаулығы да шамалы», — дейді. Өзі уайымшыл-ақ. Оның қасында Мұқатай көңілді деп естиміз. Олар бізден бөлек. Хат келіп тұрады. Асылжанына менен сәлем.


Айнашым! Сенің «күтем» деген сөзіңнің өзі маған қандай күш береді. Кейінгі хаттарың әдемі жазылған. Жастығымның астына қойып, түннің бір уағында тұрып оқимын. Оқимын да қуанам.


Бұл хатты тағы да Нұрыш арқылы жіберіп отырмын. Кіндігі бірге туыс қой. Екеуміздің сырымызды ешкімге жария ете қоймас. Өзі де қу, біледі. Ретін тауып жеткізер.


Ал, мың қайтара құштым, ауылда жүргенде құша алмасам да, әскерде жүргенде құштым. Көріскенше күн жақсы.


Төлеш. 20.06.41».


— Соғыс болардан екі-ақ күн бұрын жазылған хат. Апа-ау, сол Төлеш қазіргі Төлешке ұқсай ма? Алдына барсаң, танымайды әуелі. Ыржалаңдап күле береді. Мені көрсе есі кірер деп те үміттендім. Нұрышпен бірге оңашасын тауып, кездестім де. Бетіме аңырып қарап қалды. «Мен Айнашпын», - дедім.


— Айнаш! — деді ап-анық қып. Нұрыш екеуміз де қуанып кеттік. «Иә, иә, Айнаш, Айнаш!» дедік жарыса. Отыра қалды да, қос балдағымен тырылдатып ата бастады. Өз-өзінен мәз болып, сақ-сақ күлді. «Шнель, шнелін» айтып, далаға кетті. Ит екен-ау, кісі екен-ау деген жоқ. Апа-ау, қандай ауыр, мұндай сырқат жазыла ма өзі, жоқ, ғұмыр бойы осылай кеткені ме Төлештің? Аяғынан, қолынан, қабырғасынан, жағынан айрылып келіп жатыр. Менің сорыма көрмейсің бе? Шынымды айтайын, көрмегенім жақсы еді, көңілім суып барады. Дәрігер ғой, Күлерден де сұрадым, жазыла ма дедім. Ол үндемей қалды. Сосын былай деді: контужін болса, барып-барып жазылар еді. Бұл шошыған, иттердің талауынан қатты қорқып есі ауған, екіталай деп, одан әрі көңілімді суытты. Некелі әйелі емессің, сенің бақытың алдында, өзіңді текке жүдетпе дейді. Құдай осынша қарғайтындай еш күнәм жоқ еді. Алғашқы махаббатым ғой, аяймын байғұсты.


— Сен аяғанмен, құдай аямаған, қайтесің! Күлердікі дұрыс. Ол құдай ешкімді аяй ма өзі? Бар ма өзі? Бақытыңды байлама босқа!


Күлжәмила тік айтты. Өмірдің осы бір жауапты бұрылысында Айнашқа «тарт былай» деп желкеден түйіп жіберетін қатты бір жұдырық керек болған шығар. Мүмкін, ол соны іздеп келген болар. Әйтпесе, осы кемпірдің алдына неге жүгінді? Ащы болса да әділ, ақ жүрегінен шығатын үкімін естігісі келген шығар.


Айтарын айтты, бірақ өзі де азапты ойға қалды. Дәнекерінің қалыңдығы қол бұлғап, қашықтап бара жатқан сияқтанды. Тай-құлындай тебісіп бірге өскен, қан майданды да бірге кешкен тең құрбысының күні бұл. Бір кешкен дейді-ау, Дәнекердің не өлісі, не тірісі белгісіз.


Анасына әртүрлі болып елестейді, ол қазір. Біресе қайырымсыз жауға қарсы тұрып қаза табады. Төрт жыл бойы қолы тимей ел енді ғана азан-қазан тып естіртіп жатады. Өлді-ау деген үкім өз жүрегінен шыққандықтан ба, Күлжәмила тырс етіп жыламайды. Баяғыда-ақ білгенмін деп бедірейіп қарап тұрады. Жиналған жұрт аң-таң. Аю кемпірдің қаттылығына балайды мұны. Бес жыл бойғы жылаған соң көзінің жасы таусылған ғой дейді біреу. Ернін тас қып тістеп, жұрт алдында құр көгереді.


Біресе кісі қарар түрі жоқ, төр артында тұтқын болып тұрады. Ақырғы демім біткенше табаныңа түспеймін деп тісін қайрайды дұшпанға. Сұп-сұр болған еңгезердей немістер кеп дүре салады, иттер талайды, «берілдім» деп айтпайды. Айқай салып, өтініш етеді елінен. Кешір дейді, мен еркіммен түскем жоқ. Арам десең былғамай-ақ топырағыңды қаныммен, мерт болайын осында деп оққа төсін төсейді.


Біресе сап-сарала орден толған омырауы, елден жырақ, жау тылында жүрдім деп күлім қатып келіп тұрады. Қасындағы әйел затын көрсетуге қаймығады. Бұйра шашы қобырап сәлем беріп тұр онысы. Шегедей қып үйреткенге ұқсайды.


Түрегеп жүргеннің өзінде тап осындай елестер маза бермейді. Сөйлегіш те боп кеткені сондықтан. Ал көрген түсі таусылмайтын бір кітап. Шетсіз, шексіз мұхитпен үлкен кеме жүзіп келеді. Су үстінен қылаң етіп Дәнекердің басы көрінеді. Салбырайған қара шапанды лақтырып тастап, тұра ұмтылады. Кеме үстінен атылған ұзын арқанға өзі де келіп жармасады. Тартып келеді, тартып келеді. Судан енді көтеріле бергенде дәу жайын кеп сылқ еткізіп жұтады да қояды.


Ойбай сап оянса, түсі боп шытады. Апалап қасында Әкім тұрады. Бөрте серке де үдірейіп үрке тұрып кетеді.


Таты бірде түсінде: күннің көзін бұлттай жауып ордалы жылан ысылдайды. Мұндай қалың болар ма! Қанат байлап ортасында Дәнекері жүреді. Ақ семсерін оңды-солды сілтегенде әлгі жыландар туралып жатады. Бірақ жерге жаңбыр боп түседі. Семсері отқа салғандай қып-қызыл. Ең соңғы жыланның жеті басы бар екен. Тамағынан қылғындырып, құйрығын беліне орап жерге түседі. Бұлт екен десе, күннің көзін көрсетпей тұрған жаңағы жыландар екен. Құйрығымен жер сабалап тірі қалған әлгі жылан баласына жуытпайды. «Құлыным-ау, тамағынан қыса салсаңшы», — десе, «тұқым қалсын» деп қалжыңдап күледі.


Тағы бірде тамылжыған бақша-баудың ішінде. Кәдімгі жұмақ дерсің. Неше түрлі жеміс көздің жауын алады. Өзі баяғы қыз күйіндегідей киініпті. Небір жұпар иісті гүлдің арасында аяндай басып келеді. Дәнекерді бір тасаға тығып қояды. Қолында қанжары. Өзінің ойы — үстіндегі әсем киімді жұртқа көрсету. Дәнекер қанжарын жарқ еткізіп еді, күнге шағылысып от тұтанды да, әлгі бақты өрт әкетті. Лаулаған оттың қақ ортасында келеді, бірақ өзі күймейді. Дәнекер Төлеп ұстаның қатыны Жанармен қол ұстасып кетіп отырады. Төлеп кебінін сүйретіп келіп оның алқымынан алады.


Айнаш Төлештің хатын оқығанда Күлжәмиланың есіне тап осы түскен-ді. Ұмыт болып бара жатқан Жанар келді көз алдына. Босана алмай жатқанда шақырғаны, қырман басында алған бәйгесін байлағаны, баласының кеше асық ойнап жүргені — бәрі-бәрі есіне түсті. Күйеуге ерте шыққаны болмаса, осы Айнаштар қатарлы екен-ау, ол байғұс. Іші біртүрлі жылып сала берді.


... Осы түсі тағы да есіне түсіп, артынан асық ойнаған балаларға қарап тұрған. Үйдің ар жағынан балдағын сыртылдатып Төлеш шықты. «Шнель! Айнаш!» — деді. Сөйтті де, манаты алған асықтарын шашып жіберді. Балалар жапа-тармағай бас салып таласып жатыр. О, қу тірлік. Анау Жанардың ұлы тым ширақ. Төлеш сақ-сақ күледі. Күлжәмила біресе отан, біресе балаларға қарап басын шайқады да, жүріп кетті...


... Жас кезінен тынышсыз еді. Хәліміз онша болмай, Лепсі жақтағы нағашыларыма кеткенмін. Үш жасқа толар-толмас кезі. Қайтып келсем, балам жоқ. Содан жоқ, содан жоқ. Бір арбалы адамға ілесіп бара жатыр еді деген еміс-еміс хабарды естігенім бар. Кім ол, қайдан келген, қайда кетті, жан адам білмейді. Сол жылғы сүзектен шешесі қайтыс болды. Жылай-жылай жоғалдыға санадық та қойдық. Өзім әскерге кеткенде екінші әйелім төрт баламен қалды. Әскерде жүргенде детдом жайлы, отыз екінші жылты жоғалғандардың содан табылып жатқаны жайлы әртүрлі әңгімелер естідім. Келе іздеу салдым. Өзіміздің Алакөлден бастадым. Ақсу, Сарқант, Алматы, Жамбыл, содан қайта Алматы, Қарасу, ақыры осы колхоздан келіп шығып отырмын.


Нәшекең алдындағы әскери киінген, мосқалдау адамнан көз алған жоқ. Әкім осы кісінің аузынан түсіп қалғандай. Тіпті мұрнының жотасындағы төмпешігі, күлгенде бетінің шұқырая қалатыны да тап өзі. Ешбір күмәні қалып отырған жоқ. Жанын жеп бара жатқан басқа ой. Күлжәмила байғұстың халі не болады енді?


— Біраз сабылған екенсіз. Дәл тауып келіп отырсыз. Балаңыз сенімді қолда. Азамат боп біреуді асырап жүр.


— Үйленіп алды ма? — деді әлгі адам шошына дауыстап.


— Жоқ, — деді Нәшекең сәл жымиып қана. — Осында бір кемпір бар. Жалғыз баласы әскерден күні бүгінге дейін хабарсыз. Соның қолында. Туған баласындай боп кетіп еді.


Соңғы сөзді Нәшекең күрсініп айтты.


— Үш жасында жоғалтып, он жеті жасында тапқан сіз де бақыттысыз. Бірақ сорлы Күлжәмила қайтер екен?


Екеуі де үнсіз отырып қалды. Әркім өз ойымен. Нәшекең: он төрт жыл көрмегенде де шыдадыңыз, балаңыздың табылғанының өзі қуаныш, ары кеткенде екі-үш жылдан кейін үй болып, бәрібір бөлек шығады, ана кемпірді жылатпасаңыз дегісі келгендей. Ал әлгі адам: құда да тыныш, құдағи да тыныш, кемпір де жыламай, мен де балалы боп қайтсам, соның жолын табатын осы ауылда біреу болса, сол бір қиын шаруаға өзіңізді салсам деп отыр.


Осы сәтте Нәшекеңнің он бестер шамасындағы жалғыз ұлы Мұқажан кірді. Ең кенжесі. Қалғанының бәрі қыз. Әскерге оз кіндігінен ұл жібермесе де, Нәшекең осы ауылдағы барлық азаматты Мұқажанынан кем көрмейді. Біреудің өлгеніне, біреудің кембағал боп келгеніне солардың әке-шешесінен аз қайғырып жүрген жоқ. Әкімнің осы ауылдан кетейін деп тұрғаны да қабырғасына бататын секілді.


— Әлгі Күлжәмиланың баласы ауылда ма? — деді Мұқажанға.


— Ауылда.


Үйде отырған қонаққа Мұқажан бақырайып қарап қапты. Бала болса да мына адам мен Әкімнің арасынан ұқсастық тапқандай. Оны Нәшекең сезіп отыр.


— Тамағыңды тез іш те, жұмысыңа бар. Бригадир ренжіп жүрмесін.


— Биыл күзде оқуға берсем деймін. Бір-екі жыл қалып қойды. Ауылымызда орта мектеп жоқ. МТС орталығынан оқытуға жағдай болмады. Жас қой, тыныштық, енді бұларға оқу керек, — деді Нәшекең әңгімені басқа жаққа бұрып.


— Әкім қанша оқыды екен?


— Соның анығын білмедім, қарағым. Шынын айтсақ, бізге оның оқуынан бұрын, жұмысы қымбат болды. Уақыт солай болды. Көзіңізге мақтағаным емес, жанып тұрған бала. Азамат орнына жүрді. Күлжәмила тұрғай, сол баланы өзім де қимай отырмын.


— Қимағанмен, қарсылық етпеңіздер! Ол баланы мен алып қайтайын. Әкесімін ғой. Он төрт жыл опық жегенім де жетер.


— Осы шаруаға мені салмашы, қарағым. Ана колхоз басшыларына барып сөйлес. Со бір сорлы кемпірдің жылағаны аз емес еді. Ел есін жиып, өлгені тіріліп, жоғалғаны табылып жатқанда тағы да зар илеп, запыран құсқанын көргім келмейді. Мына сақалды онымен бірге талай жуғанмын... Жылаудан шаршадық, қарағым.


Жұрт Күлжәмиладан қорқып жүрсе, қиғылықты Әкім өзі салды. Бармаймын деді. «Жасымда іздеп таппаған әкенің есейгенде керегі жоқ. Төрінен кәрі жақын кемпірді тастап кетсем, менің атым кім болады?». Әкесі не кетерін білмей, не кетпесін білмей, бір апта аялдады. Сол кездегі оның түрін көріп, Күлжәмила аяп кетті. Айырылу деген қандай қиын, ә?! Өлсе адам күдер үзеді, көңілі суиды. Тірідей айрылу тұмыр бойы азапта болу, өле-өлгенше өкініші кетпеу деген сөз ғой. «Өзім сондай азапта жүріп, біреуді тағы азапқа салмақпын. Жоқ, бұл қылығымды құдай да, адам да құптай қоймас.


Рас, үйреніп кеттім. Ұл орнына ұл, қыз орнына қыз ғып ұстадым. Жайылып жастық, иіліп төсек болды. Бұл болмағанда ендігі тірі жүруім де неғайбыл еді. Осының жиған отын-суы, осының тапқан еңбеккүні емес пе күн көргенім. Он шақты ешкінің мал боп өсіп-өніп тұрғаны да осының арқасы. Әрине, мен үшін өте қиын. Бауыр басып кеттік. «Әскерден Дәкем атам аман келіп, артынан ертер ме екен көкелетіп» деген сөзінің өзі не тұрады. Сізден кетпеймін деп бажақтайды. Көңіліме қарайтын болар. Шын ниеті де шығар».


Бірақ жақсы бол, жаман бол, туған әкеге не жетсін. Кім әкесіз болғысы келеді? Дәнекердің «әкем неғып ерте өлді, не құны бар ақтарда» деп жасында сан жылағаны есімде. Әке — бала үшін асқар тау, айдын дария. Биікке самғататын да, айдынға құлаш ұрғызатын да сол. Өз баламды әкесіз өсірдім, әкесіз өмірдің теперішін көрдік. Өзге де солай болсын демекпін бе. Жоқ, мұным қараулық. Өлсем ешкімнің обалын, көз жасын мойныма алмай жайыма өлейін.


Оңашада осының бәрін Әкімге айтты. Ана мен баладай ағынан жарылып ақтарыла сөйлесті екеуі. Күлжәмила босамады, жыламады. Босаса, Әкімді бүлдіріп алам ба деп қорықты. Қарт жүрегіне қайрат шақырды.


— Қиын кезде сүйеу болдың. Алдыңнан жарылқасын. Сенің қызығыңды да аз көргем жоқ. Енді өзіңнің әкең де көрсін. Он төрт жыл өзегінің өртенгені оңай азап емес. Жанына батып жүрген жарасын жаз. Мен риза, Алла риза сатан. Тілім тисе, қолым тисе кешір. Өзің көрдің, есі бірде бар, бірде жоқ алжыған кемпірмін. Құдай бар болса, менің де үмітімді кеспес. Он төрт жылдан соң әкең сені де тапты ғой. Дәнекерім де мені табар.


Шешесінің бұл сөзі Әкімді көп толғантты.


Шалғысын алып шабындыққа кетті. Ең болмаса ешкілерге қысқа жететін шөп дайындап кетпек. Қоңыр белге көзі түсті. Егін теңіздей толқып тұр. Етегі де бұрынғыдан кеңейе түсіпті. Нәшекең қаздырған жылан арықтың суы сынаптай жылтырап төбені орап жатыр. Төменнен қарағанда ана биікке су шыққанына таңқаласың. Мұның онда да үлесі бар. Қайранның жотасын, қоңыр айғырды есіне түсірді. Нәшекеңнің жүдеу, шаршаған кезі. Осынау маңай өзіне тіпті ыстық боп барады. Біртүрлі іш-бауыры елжірейді. Детдомда да талай қызықты жылдар өтті ғой. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпес» демекші, «Алғабаста» өткізген жылдар бәрін баса беретін сияқты. Уақыт мұны ерте есейтті, тап осы жерде есейтті. Өмірге қазіргі көзқарасы да басқа. Әр нәрсені салмақтап, екшеп елегісі келеді. Кешегі Текеліге барып ұн сатқаны, Ерденді ұстатқаны, қыс қатты болған жылғы қиындық, жылқы баққаны — бәрі өмір жолы, шынығу жолы болған сияқты. Бұрын ұйықтар ұйқы мен ішер тамақты ғана ойласа, енді әр нәрсеге көкірек көзін жүгірткісі келеді. Бойы ғана емес, ойы да өсіп қалғандай.


Құлаштап-құлаштап біраз жер жүріп берді. Өткір шалғы көк майса шөпті ұстарадай сыпырады. Осы шалғыны саптаған да, шыңдаған да өзі. Үйде аша, тырма, кетпен, күрек, төс, балға бәрі бар. Кәдімгі ересек еркегі бар үйден кем емес. Бір жағына жалбыраған қалың шашын тершіген қолымен қайырып тастады. Шешесіне шай керек, әрі шашын алдырса, ертең Антонға базарға барып келсе ме екен? Колхоздың секретарь қызы да «барсаң ала кет» деп қылмыңдап жүр еді. Алдағы оқу жылы ол қыз оныншы бітіреді. Қу соғыс өзін оқытпады да. Жетінші бітіргелі қашан. Оқимын дегенмен енді кішкентай балалардың арасында сомадай болып қалай отырады? Әлде әкесі оқы дер ме екен?


Біраз демалып алды. Көйлегін шешіп тастады да, шалғыны қайта сермей жөнелді. Тап осы бір ойпаңнан бір шошақ шөп шығайын деп тұр. Қысқа жетіп жатыр. Ертең бұл базарға кеткенде шөп те кеуіп қалады. Бүрсігүні бірден үйге тартып алса... Колхоз өгіз-арба беретін шытар...


Әкімнің қозғалмаңыз дегеніне қарамастан, әкесі де көмектесуге шықты. Қораның үстінде баласы лақтырған шөпті жайғастырып жүр. Көзінің астымен ауық-ауық Әкімге қарап қояды. Кәдімгі жігіт бопты. Көкірегін удай ашытып, көзінен таса боп өскен тұла бойы тұңғышы. Жотасы қақпақтанып, бұлшық еттері ойнай бастапты. Қол-аяғы сап-cay, көзі-мұрны бүтін, жігіт күйінде өкімет шіркін мә деп ұстата салғалы тұр. Аман-есен жеткізген өкіметке, одан соң мына абзал кемпірге мың да бір рахмет. Үйдегі төртеудің құлағына «ағаларың бар» деп құятын да жүретін. Әйелі де мұның аты-жөніне қанық. «Әкімім-ай» дегенде ішкен асын жерге қоятын күйеуінің сыры да мәлім оған. Баласына қараған сайын мынау шоп үстінде тіпті биіктей түсетін сияқты. Өзімен әлі самарқау сөйлеседі. Он төрт жыл көрмеу оңай ма! Қайта Күлжәмиламен ашық-жарқын. Дегенмен алғашқыдай емес, туламайды, мойындап қалған секілді. Мына кемпірдің сөзі өзіне Алланың әмірі сияқты екен. Бірдеңе деп сабынша бұзылып жүрмесе... Сөзі, жүріс-тұрысы әнеукүннен бергінің өзінде салмақтанып қалды.


Әкім де ара-тұра әкесіне көз салды. Қимылында айыпты адамның абыржуы бардай. Бозғылданып, өңіне қан жүгіре қоймайды. Ішінде бір дерті бар сияқты. Әнеукүні кеудемде осколка бар деп еді-ау. Желке сіңірі ашаны көтерген сайын бадырайып, аяныш туғызады. Тамағының тамырлары да көгеріп, білеуленіп кетеді. Шамасы келмесе де тыраштанып, жақсы атанғысы келетін балалар болатын. Әкесінің мына кейпі тап сол сияқты. Ондай баланың мұрны да пышылдап, дамыл таппай су ағушы еді. Әкімнің әкесі де танауын тарта береді. Байқайды, бастырмалатып тастап жіберсе, әкесінің сасып қалатын түрі бар. «Сөйтші» деп бір шайтан түртіп қалды да, лезде жүрегіне аяныш сезімі ұялай кетті. Мынау бір бұрын-соңды болмаған күшті сезім. Әкесі екеуінің көздері де кездесіп қапты. Әкенің балата, баланың әкеге деген мейірімі от шашқандай. Дәл осы бір ыстық сәтті Күлжәмила да көріп тұр еді. «Ә, табиғат, күшті ғой сенің құдыретің» деді ішінен. Әкім тағы бір үлкен аша шөпті лақтыра бергенде теңселіп барып құлай жаздаған әкесін көрді. Манағыдан да бозарып, өңі қашып кетіпті. Сұлқ тұрып қалды. Ашаның сабы ғана демеу.


— Әке! — деді Әкім көзі шарасынан шытып. Басқышпен дереу төбеге тартты.


Манаты бір мейірлі жүзбен әкесі тағы қарады. «Жүрегің білді-ау бірдеңе. «Әке» дедің-ау, құлыным». Өңіне қан жүгіріп, бойы балқып кеткендей. Әлсіздігін ұмытып, құшағын жайды. Әкім қалай кіріп кеткенін білмей қалды.


— Жүріңіз, түсіңіз! Айттым ғой, шықпаңыз деп.


Баласы сүйреп, әкесі сүйеніп, басқышпен төмен қарай түсіп келе жатты. Төменде тұрған Күлжәмиланың көзіне жас үйірілді. Әкесі де баласына көрсетпей бір саусағымен ақырын ғана көзін сүртті.


Кешіне Әкім үйге Күлерді шақырды. Жарасы жөнінде қағазды оқып, әрі қарап, бері қарап Күлер дереу Сарқантқа апаруды ұсынды.


— Бұл кісіге ауыр нәрсе көтеруге болмайды. Осколкасы қозғалып кеткен. Және ол жүрегіне таяу екен.


Әкім боп-боз болып кетті. Күлерге бір, Күлжәмилага бір қарады. Әкесі баласының ішіндегі әлемтапырақ дауылды көріп тұр.


— Саспа, балам! Апаңның шөбін жинап, ұнын тартқызып бер. Мені дәрігерлерге сосын көрсетерсің.


Әкім сипалақтап көп жүрді. Бір кірді, бір шықты. Күлжәмиланың көз алдына сонау бір жылғы елесті әкелді. Әскерге кетерде Дәнекер де тап өстіп еді. Мына бейбақ та қимай жүр-ау. Бөрте серке сырт-сырт басып ауыз үйден далаға шықты. Есік алдында құмалақ тастап керілді. Әкімнің әкесі таңырқап қарап тұр. Кәдімгі таутеке дерсің. Үлкенін-ай, шіркіннің. Тұяқтары айырлығы болмаса, кенже туған құлынның тұяғындай. Қорадан шыққан өзге ешкілердің жамбасы салтақ-салтақ. Бөрте серке тап-таза. Ешкілердің ең паң ақсүйек тұқымынан жаралғандай. Қарағайдай мүйізбен ақырын ғана артқы санын қасыды да, құлағын едірейтіп, шығып келе жатқан күнге қарап тұра қалды. Күн нұрымен көзі жалт-жалт етеді. Сақалының бітімі де әдемі екен, күмістей жалтырап тұр. Әкім келіп мойнынан құшақтады. Бөрте ернін жыбырлатып, оның иығынан иіскеді. Әкімнің көзі жасаурап кетті. Тұмсығынан сипап кейін бұрылса, Күлжәмила бұларға көз алмай қарап тұр екен. Бөрте қозғалған соң өріске қарай өзге ешкілер де қозғалды. Құрық бойы ілгері кетіп барады. Арқасында бір адам шалқасынан еркін жатқандай. Жалтыраған жоны күйлі жылқының төңкерілген сауырын елестетсе, салбыраған бауыр және балақ жүндері арғымақ атқа жабылған әдемі жабудың шашағы секілді. Қарағайдай, тал беліне иіліп келген жуан мүйізі тіпті жарасымды.


Өзінің жүрісінде де аса бір пандық бар. Әкім әкесімен бірге таңырқап ұзақ қарап қапты.


— Үйге кірелік!


Екеуі үнсіз үйге кірді. Күлжәмила сандықты ашып жатыр екен. Арғы түбінен бір нәрсе іздегендей. Әлден уақытта әдемі қоржынды алды. Әскерге кетерде Дәнекер азық салған, жұрттың бәрі қызыққан қоржын. Әлінің бар кезінде бойындағы бар өнерін салып әдемілеп тоқыған еді. Дәнекер посылкамен қайтарып жіберген-ді. Содан тілектес бұйымның бірі болып жататын. Күлжәмила соны Әкімге бергісі келді. Қоржынды сілкіп еді, шашақтары сауылдап түсе бастады.


— Көтек, мынау не сұмдық?


Күйе қырыққан. Бір-екеуі арасынан домалап та түсті. Қоржынның екі басын абайлап қарап еді, шұрқ-шұрқ тесіктерді көрді. Күлжәмиланың көңілі де тап осындай шұрқ тесік боп кетті. Өңі бұзылып, Әкімге қарады:


— Қарағым, адал көңіліммен ағаңның заты деп бергім келіп еді. Күйе жеп қойыпты. Қанша шыдасын, ол кеткелі де талай заман бопты ғой. — Біраз үнсіз отырды да:


— Мен де осылай бір күні үгітіліп іске аспай қалатын шығармын, — деді.


Әкімнің әкесінің жүрегі тағы қысылып кетті. Біраз тыныстатты да, Күлжәмила екеуі сүйеп арбаға отырғызды.


— Алла алдарыңнан жарылқасын, рахмет!


Әкім Күлжәмиланы бас салды. Екі иығы бүлкілдеп ұзақ тұрды. Дәнекерді де осылай шығарып салған еді. Әкім ес білгелі бұлай құлазып көрген емес. Өзегі жылан жүргендей ашып, біртүрлі боп барады. Арба үстінде алқынған әкесінің даусы тағы естілді. Екі тізесі бірдей дірілдеп солай қарай бұрылды...


Күлжәмила Әкім үйген шөптің үстіне шығып, бұлардың соңынан ұзақ қарап тұрды. «Қасым баласын он төрт жылдан кейін тапты ғой» деп әлдекім құлағына сыбырлағандай... Он төрт жылдан кейін, ә! Дәнекердің кеткеніне қанша болды?..


ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ


Бұл ауылда әскерден келгендердің ішінде ең үлкен ғой Келбеттің тойы болды. Жұман ақсақал түгін де аянған жоқ. Бір «Алғабас» емес, Көкөзек МТС-тың табанындағы колхоздардың бәрінен — «Ағартудан», «Октябрьден», «Киров», «Ленин» атындағы колхоздардан, тіпті мына жаты Сарқант ауданынан да қонақ шақырды.


Ауылдың шет жатында үлкен ақ үйі болушы еді. Соның алдына бірнеше киіз үй тікті. Бірнеше жерден былқылдап, исі мұрныңды жарып, қазан асылып жатты. Ол күндері бұл ауылдың адамдары тұрғай, иттері де осы маңнан табылатын еді. Қайшыласқан бала-шаға, қатын-қалаш. Бәрі де қызыл танау. Әркім өз әлінше қызмет көрсетуде. Жұмыстың саябыр кезі ғой деп елді екі күнге колхоз басшыларынан Жүмекең сұрап алған. Пішен шабу мен егін орағының арасында осындай қалт етпе.


Алты жыл хабарсыз кеткен баласы аспаннан түскендей болған соң, Жұман шабылмағанда кім шабылады! Әрі осы ауылдың белді бір белсендісі. Нәшекеңнен кейін, Асқарбайға дейін, бірінші бригаданы басқарды. Соғыс заемының ауыртпалығын да өз иығымен көтерісті. Ел секілді Жұман да жұқарған-ды. Бірақ барлы-жоғын салып, бір мықты той жасағысы келгендей. Намыс та қамшыласа керек...


Жұман әулетінде ес қалмай мейлінше қуанып жүрген Уәзипа. Ол —Жұмекеңнің кейінгі әйелі. Алғашқы әйелінен Келбет, Қайша, Молдажан деген балалары бар да, Уәзипадан Қарабек қана. Уәзипаны өгей шеше деп ешкім айтпайды. Балалары да туған шешелеріндей көріп кеткен. «Көзайым болдың ба» деген кісіге «ойбу, несін айтасың, Келбетімді құдай төбеден тастай салған жоқ па» деп қалбалақ қағады. Үйде отырған баласын жұрттың көзінше сүйіп-сүйіп кетеді. Уәзипа жасап жүрген шаруа да жоқ. Құр дабырлап үй мен үйдің арасында шапқылауда әйтеуір. Алдымен кездесе қалған бала-шағаға екі қалтасын толтырып алған құрт, бауырсақты үлестіреді. Тіпті осы ауылдың иттері де қарық боп қалды. «Сенің де тілеуің дұрыс екен» деп Уәзипа оларға да тастап кетеді.


— Менде ес жоқ, менен ес сұрамаңдар. Келбетім келіп, құдайым жарылқады! — Уәзипаның екі сөзінің бірі осы.


Барлық істі жайғастырып, бүкіл тойдың тізгінін қолына алған Қайша. Ақсиып күліп, ақжарқын жүр. Атасы отырған үйге көп бармайды. Келбет әскерге кеткенде оқудағы қыз болатын. Бойжеткен соң әке-шешесі күйеуге берді. «Келбет келсін, алдымен сол үйленсін» дегенге болмай зорлап жіберді. Күйеуі осында бір колхоздың бастығы. Неше күн болды, аузы арақтан босаған жоқ. Қайша намыстанып, «аттың басын тартсаңшы» деп бір-екі рет ескертіп еді. «Бауырың келгенде, ақ түйенің қарны жарылып жатқанда менен арақ аяйсың ба» деп жеңіп кеткен. «Неғылсаң о ғыл» деп қойған сосын. Келімді-кетімді кісіден де артылар емес. Қайшаның туған шешесі өте ісмер, ғұмыры жүзінен күлкі үзілмейтін, ауылға сыйлы адамның бірі еді. Ертерек дүние салды. «Қайшаның жұғымды, байсалды, ақылдылығы өз шешесіне, ал кісі алаламайтыны, ақкөңілділігі Уәзипаға тартқан» дейді жұрт. Осы тойдағы бәрін байқап, бәрін жайғап жүрген жүрісін тұп-тура сол бұрынғы шешесі дерсің.


Ағасының не айтып, не қойғанын тыңдағысы-ақ келеді. Мауқын әлі баса да қойған жоқ. Бірақ ол жоқта күйеуге тиіп кеткені бетіне шіркеу секілді, кіре алмайды. Келбет келгелі қанша күн болды. Содан бері үш-төрт-ақ рет көрді өзін. Кейінгі күндері той жабдығынан сіңбіруге шамасы келмей кетті. Әкесі барлық шаруаны осыған тапсырып, осымен ақылдасып жүр. Уәзипа анда-санда «Күнім-ау, күнім-ау, рас па, өтірік пе» деп қасынан дабырлап жүгіріп өте шығады. Бірнеше күн болса да, баласының келгеніне әлі сенбей жүргендей. Осы ауылдағы үлкен-кішінің бәрінің бетінен сүйіп болды. Нәшекең Жұманнан үш-төрт жас үлкен-ді. Соған қарамастан, ол кісінің де бетінен сүйіп апты. Жұрт мұны қалжыңға айналдырып, «қайнағаңды қайтіп сүйдің, қайтіп сүйдің» десе, «ойбай-ау, ес жоқ басым, қайдан білейін, апыл-ғұпыл үйден шығып келе жатсам, бір шал кездесе кетті. Ай шайға қарайтын Уәзекең бар ма, бас салдым да сүйіп алдым. Сосын барып ес кіріп, «ойбу, Нәшекең екенсіз ғой» деппін. Ол кісі жымиып күлді де, қуанышта бола береді, қайырлы болсын, қайырлы болсын! Келіні сүйген қайнаға қартаймайды» деп күлді.


Келген күннің ертеңі. Қайша атасы отырған үйге бір кіргенде соғыс жайлы әңгіме жаңа басталған екен. Барлық шаруаны тастап тыңдай қалды. Оң жағында тізесіне тізесін тигізіп, Мұқатайдың келіншегі Асылжан отыр. Әскерге бірге кетсе де, Мұқатайдың Келбеттен екі-үш айлық үлкендігі барды. Әрі өздері аталас боп келеді. Сондықтан ба, Асылжан Келбетті қайны санап, «оқымыстым» дейтін. Өйткені сол кеткендердің ішіндегі ең білімдісі — осы Келбет. Тоғызыншы класта жүргенде шақырылған.


— Оқымысты-ау, ыңғайланып отырып айтшы, — деді Асылжан көзін төңкере сағынышты назбен.


— Сені құшақтап отырып айтсам қайтеді?


— Мейлің, сендердің құшағыңда өлсек арман жоқ еді.


Асылжан күрсініп жіберді. Келбет мұны түсінді. Мұқатай хабарсыз екен. Жеңгесіне бұрынғыдан да жақынырақ отырды да, әңгімесін бастады.


... Біздің тұрған жеріміз нағыз оттың аузы еді. Өзіміздің Лепсі секілді Буг деген өзен бар. Соның арғы беті Польша жері де, бергі беті біздікі. Польшаны немістер жаулап алған. Біздің әскерді олар көріп, оларды біз көріп жүрдік. Бірақ соғыс болады деген қаперде жоқ. Екі елдің арасында бітім бар. Сол бітімге өз басым құдайдай сендім. Дегенмен 1941 жылы біз тұрған шекарада өзіміздің әскер көбейе бастады. Ойын да бұрынғыдан қатты болды. Ауылдан бірге барған жігіттерден жалғыз жүрген мен едім. Брест деген, жалпы, үлкен қала. Оның төңірегінде әскер бөлімшесі көп. Шекарада, қаланың өзінде, Брест қамалында. Әсіресе, қамалда әскер көп тұрады. Мұқатай сол қамалдағы гарнизонда еді.


Кейін естідік, қамалда соғыс қырғын бопты. Жау ілгері кетіп қалса да, біздің жігіттер берілмепті. Немістердің жасамаған айласы қалмағанға ұқсайды. Көктен бомба тастап, жерден зеңбірекпен атқан. Сыртпен барлық қатынасты үзіп, қамалдағыларды ашықтырған да. Қасында ағып жатқан өзенге жібермей, судан да қатырған. Бірақ қамал көпке дейін берілмепті.


— Біздің жігіт қып-қызыл тозақта қалған екен ғой, — деді Асылжан жыламсырап.


— Иә, — деп күрсінді Келбет.


Дәнекер, Құрманәлі, Ерден, Төлеш қала жанындағы бөлімшеде болатын. Мен берірек едім. Соғыс басталардан бір күн бұрын бізді оқуға жібермек болды. Ертең жүреміз деп отырғанбыз. Қатты дүрсілден шошып оянсам, терезе салдырап қирап, төбенің сылағы түсіп жатыр екен. Сыртқа қарасам, көк те, жер де от болып жанып жатыр. Қаруға тұра-тұра ұмтылдық. Біреу киінген, біреу киінбеген. Күн шыға орманға қаштық. Белоруссияның жері батпақты, орманды келеді. Жанды сақтап қалған сол. Өзіміз тұрған бөлімшенің қайда кеткенін білмейміз. Қаңғырдық та қалдық. Не істеу керек? Жау алдымызды орап, ілгері кетті. Басқан қадамымыз қауіпті. Сандалып Полесье деген жерге жеттік, партизандарға қосылдық. Октябрьск атты поселке бар екен. Брест қамалы сияқты бұл жерді де жау 1942 жылдың мартына дейін ала алмады. Тайлы-таяғымен, кемпір-шалына дейін қару алып ұрысқа шықты. Біз де партизан болдық, теміржол бұзып, пойыз құлаттық, көпірлерді қираттық, тұтқиылдан жаудың шатын отрядтарына шабуыл жасап, қаруларын тартып алдық. Қойшы, орманнан орманға көшіп жүріп күн кештік. Немістер партизандардан зәредей қорықты.


Бір күні біздің күзетте тұрған жігіттер екі адамды алып келді. Қарасам, біреуі — өзіміздің Дәнекер.


— Дәнекер! — деді үйде отырғандар түгел шулап.


— Иә, иә, Дәнекер. Екеуміз жылап көрістік. Жүдеу екен. Екі-үш күн әлденіп алды да, бізге қосылып ол да партизан болды. Бұл 1943 жылдың қысы еді.


Соғыстың алғашқы түні Дәнекерлер де біздің кебімізді киіпті, кейін шегініпті. Бірақ олар бытырамай, Белобинск деген тоғайға топтана шегінеді. Құрманәлі мен Төлештен соғыс басталысымен-ақ көз жазып қалады. Шегінгендердің ішінде Дәнекердің қасында өзіміздің ауылдан Ерден ғана болады. Әлгі орманның ортасында үлкен тас жол екі айрылады. Бұл Дәнекердің өз сөзі, — деді Келбет. — Содан командирі Саша дейтін орыс жігітімен екеуін бір пулемет беріп, айырықта жауды бөгеуге бұйрық етеді. Сол жерде екі адам қаптап келе жатқан қалың қолды төрт сағаттай ұстайды. Алдымен Саша өледі. Жау қаумалап келіп қалады. Қолындағы соңғы гранатын лақтырады. Қолға түспес үшін өзін-өзі атам дегенше өкпе тұсынан гүрс етіп мина жарылады. Ар жағын білмейді... Көзін ашып алса, тұтқында, немістердің қолында. Былдырлап сөйлегенін естиді. Басы мәңгіп, оң иығы әкетіп бара жатады. Әрі контужен, әрі ауыр жаралы бопты. Немістер емдетіп, жазылғаннан кейін жауап алмақшы болады. Емдеуді тұтқындағы совет дәрігерлеріне тапсырады. «Осы солдатты өлтірмей жазып шығасыңдар. Өлсе, сендерді қоса құртамыз», — дейді. Әлгі айрықтағы қарсылыққа немістердің өздері қайран бопты. Төрт сағат бойы екі-ақ адамның ұстағанын білгенде ызадан жынданып кете жаздапты. Соның бірін тірідей қолға түсіргеніне қуанып, жазылған соң жақсылап жауабын алмақ болса керек. Дәрігерлер Дәнекерге бір сұмдықтың әзірленіп жатқанын айтады. Өздеріне де ой келеді. Қаһарман солдатты қайтіп құтқару керек? Мұның бәрі Польша жеріндегі Бяла Подляска деген лагерьде болған. Айнала тоқ жүргізілген темір қоршау. Күзет мықты. Дәнекердің жарасы да тез жазылмайды. Әсіресе, контузиясы қатты қинайды. Дегенмен бұрынғыдан оңалып қалады. Дәрігерлер сүзек болды деп, мұны сүзекпен ауырғандардың арасына апарып тастайды. Немістер, әсіресе, офицерлер сүзек ауруынан жұқпалы деп өлгенше қорқады екен. Қайтыс болғандарды лагерьден көп қашық жерде тұтқындардың өздеріне көмдіріп жүріпті. Бір сапар өлгендердің ішінде Дәнекер де кете барады. Әкелген тұтқынға тірі екені жайлы ол белгі береді. Әлгі тұтқын оны шала көміп кетеді.


Қойшы, содан шыға қашады, бұға-бұға өзіміздің жерге келеді. Партизандарға қосылады...


Осы кезде бір бала жүгіріп келді.


— Күлжәмила кемпір келе жатыр.


Келбет те, Асылжан да орнынан атып тұрды.


Ең алдымен таяғы, сосын кірлей бастаған кимешегі, төбесін шоқита байлаған көнетоз қоңыр шәлісі көрінді. Қаптап отырған жұртқа көзін көлегейлеп қарады да:


— Әлгі Жұманның ұлы қайда? — деді.


Әскерден келгендерге барғанда айтатын сөзі осы өзінің. «Пәленшенің ұлы қайда?». Сосын құшақтап сүйіп, «аман келдің ғой, әйтеуір» деп бажырая қарап алатын. Жұрт Күлжәмила бұл жолы да сөйтеді деп ойлады. Бірақ өйтпеді.


Әскер киімді, түрегеп күліп тұрған Келбетті көрісімен дауыс салды. Құшақтап тұрып жоқтау айтып зарлады.


— Қайта оралған қарлығашым-ау!


— Қайта туған құлыным-ау!


— Өксітсең де өз үйіріңе қосылған жарығым-ау!


— Жаныңды шүберекке түйіп, жапандағы ұяңа қонған жас қыраным-ау!


— Езілген еңсені көтеруге келген көгершінім-ау!


Сөйтіп, жұрттың сай-сүйегін сырқыратты. Үй іші толы адам түгел жылады. Келбет те көпке дейін көз жасын тоқтата алмады. Күлжәмиланы қайта бас сап көрісті. Бір сәт осынау шаңырақ кісісі келген үйге емес, кісісі өлген үйге ұқсап кетті. Келген де, күткен де сағыныштың ащы запыранын ақтара төккендей болды.


— Жә, — деді Күлжәмиланың өзі тоқтау айтып. Қолындағы таятының ұшы шошаң етті. — Сүйенген балдағың жоқ, екі қолың да орнында, басың бүтін, көзің бүтін, құлағың бүтін. Қайын жұртыңнан келгендейсің ғой өзің!


— Сіздей аналар жаман бала таба ма? Суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін ғып тумай ма! — деді Келбет те қалжыңдап. Отырған жұрт ду күлді. Екеуінікі де орынды, екеуінікі де жарасты шықты.


— Дәнекерің қайда? Бірге кетіп, бөлек келгенің қалай?


«Уһ» деп Күлжәмила үйді басына көтере бір күрсінді.


— Жаңа әңгімесі тап Дәнекерге кеп тоқтап еді. Иә, оқымыстым, ары қарай, — деді Асылжан.


Келбет Күлжәмила үшін әңгімені басынан қайта бастады. Дәнекердің қалай жауды бөгегенін, тұтқында болғанын, одан қалай құтылғанын айтты. Жаңағыдай емес, анасының алдында баласының көрген азабын айту оңайға түспеді оған. Өзі тұтқынға түскендей, өліктермен бірге өзі көмілгендей қиналды. Маңдайынан шып-шып тер шықты. Оның үстіне Күлжәмила да егіліп жылап отыр. Қостаушылар да көбейіп кетті. Ескі жараның аузы тырналғандай, өз денесі де қақсай жөнелді. Жүрегі сыздап, бойын от шарпыды. Ар жағын айтуға шамасы келе ме, келмей ме? Жұрт болса әңгіменің ақырын күтіп отыр.


...Сонымен, Дәнекер өз жерімізге келеді. Сосын басқа партизан бөлімшелерінде жүреді. Онда да көрмеген азабы жоқ. «Көппен бірге тартқан азаптың ауыртпалығы білінбейді» деген рас болса керек. Бір рет жараланыпты, жеңіл әйтеуір. Сөйтіп, екеумізді тағдыр 1943 жылдың мартында қосты ғой қайта. Сылпылдаған көктем, өзі батпағы қалың жерде, ой көресіні көрдік-ау. Бірақ бірімізге біріміз ес болғанымыз сондай, қасымызға ел көшіп келгендей боп жүрдік.


1944 жылдың басы. Күн суық. Біздің әскер немістерді ысқырып қуып келеді. Әне кездесеміз, міне кездесеміз деп тұрғанбыз. Үлкен бір елді-мекен еді. Немістер сол жерге әскерін төге бастады. Орман арасында жатқанбыз. Біздің бөлімшеге әлгі жерден тіл әкелуге тапсырма берілді. «Тіл» дегеніміз — немісті тірідей ұстап әкелу.


— Ойбай-ау, ол өлсе ұстата ма, — деді біреу.


— Бәлі, ұстағанда қандай. Қолға түссе, немісің өгіз секілді. Аузын тығындадың бітті, өңкендеп жүре береді.


Бұрын сан жасап жүрген ісіміз ғой. Кісі дәнігіп кетеді екен. Жорыққа шықсаң, «тіл» әкелем деп тұрасың. Содан кеттік. Қайда барсақ екеуміз бірге сұранамыз. Өлсек бірге өлейік дейміз. Бес адамбыз.


Кеш бата әлгі мекеннің тап іргесіне кеп жаттық. Байқаймыз, күзет күшті секілді. Түнге қарай фашистер қорқақ болады.


Үлкен гараж, одан әрі алаңқының шетінде терезеден шамы көрініп бір үй тұр. Үйдің ішінде он шақты еркек, әйел. Билеп жүргенге ұқсайды. Күзетте екі адам жүр. Бірі әрі жүргенде, бірі бері жүреді. Жақындау мүмкін емес. Бірі болмаса, бірі көріп қояды. Әлден уақытта әлгі үйден біреу шықты да, күзетшіге қарлыққан дауыспен бірдеңе деді. Ол үйге кірді. Далада жалғыз-ақ күзетші қалды. Өзі бүрсеңдеп тоңып жүр. Не де болса қимылдау керек. Гараждың түбіне келдік. Күзетші кері бұрыла бергенде Дәнекер мысықша атылды. Дереу аузын тығындадық та, шинелін, бас киімін шешіп алдық. Ішімізде бойшаң орыс жігіті болатын. Соны киіндіріп жіберіп, немістің орнына қоя қойдық. Ол салбырап әлгі күзетшідей болды да қалды. Әрі-бері жүре бастады. Аумаған құдды немістің өзі. Дәнекер тасада соны күтіп қалды. Біз әлгі «тілмен» біраз ұзаған соң өздері де қашпақ. Үш кісі тұтқынды жетектеп кетіп барамыз. Тоғайдың ішіне кіре артымыздан атыс естілді. Гранат жарылды. Немістер улап-шулап көбейіп кеткендей болды. Иттер арсылдады. Біздің жолымызды олар біледі, шығысқа қарай кетуіміз керек. Дәнекер мен Василий батысқа қашқан секілді. Ондағысы жауды соңымызға түсіріп алмау. Июда-қию бірдеңе. Тоғай шетіне олар да іліккен сияқты. Бірақ атыс басылған жоқ. Біз ұзап кеттік.


Әкелген «тіліміз» көп дерек берді. Жау үлкен шабуылға әзірленуде екен. Таң атқанша Дәнекер мен Василийді күттік, келмеді. Ертеңінде әлгі мекенді немістер тастап кетіп отырды. «Тіл» әкеткенге қарағанда, жақын жерде партизандардың үлкен отряды бар деп қорықса керек. Және майдан да жақын. Түндегі атыс болған жерге қайта бардық. Іздері жатыр, өздері жоқ. Партизандар тұрақтап тұрған ба, біз де көп ұзамай қоныс аударып кетіп отырдық.


— Жанағы жерде өлді десеңші! — деді Күлжәмила жылай-жылай қызарған көзін бажырайтып.


— Ой, шеше-ай! Сеніңіз, құдай біледі. Қанша сүзіп қарасақ та өлік кездестіре алмадық. Әсіресе, партизандарда не қилы жай кездесе береді. Мен де кейін өз отрядымнан адасып, Польша түстім, одан Югославиядан бір-ақ шықтым. Онда да партизандық тіршілік. Ақыры дәл соғыс бітерде контузия алып, ауруханада бір жарым жыл жаттым. Менде тіл де, құлақ та жоқ болатын. Кәдімгі тас керең мылқаудың өзі болатынмын. Көрмейсіз бе, сайрап отырғанымды...


Келбет жұртты иландырып тастады.


— Иә, періште қағып, бір жерде жүрген шығар.


— Тірідей көміп тастағанда да сақтаған құдай сақтамайды дейсің бе?


— Кім білсін, тағы да қолға түсіп, енді-енді бір жерден босап келе жатыр ма екен?


Мұның бәрі Күлжәмилаға айтқан жұрттың жұбатуы еді. Келбет ешкімге де қосылмай, тұнжырап қалды. Шиқаны сыздап отырған жан секілді қабағы кірбің тартты...


Есіктен Үміт көрінді. Әлдене еңсесін басып әйеншектене кіріп келеді. Босағадан аттай бере ернін жыбырлатты. Жұртқа амандасқаны ол. Безгектен жаңа тұрған адамдай жүдеу екен. Осыдан бір жыл бұрын енесі Бүкір кемпір қайтыс болған. Ерденнің жағдайын кеше Келбет естіген-ді. Байқайды, Үміт амандасудың өзіне жасқанып, жасып келеді.


Келбет орнынан тұрып, алдынан шықты. Екі бетінен кезек-кезек сүйді. Үміт жылап жіберді. Қолтығынан ұстап қасына әкеп отырғызды. Басынан сипап еді, шыты сырғып желкесіне түсті. Самайына ұрланып ақ кіріпті. Қыз күніндегідей бұрымы әлі жуан екен. Жүдегендіктен бе, ат жағы сорайып шығыңқырап тұр. Жалаңаш шашынан тағы сипады. «Сенде не кінә бар» дегендей.


— Жанар келе жатыр, Жанар! — деді есік жақта тұрғандар.


— Шалы қайтыс болған, көңіл айт, оқымыстым, — деді Асылжан.


Жанар кіре айқай салып көрісті Келбетпен. Түйдек-түйдегімен сағыныш зарын төкті дейсің. Кей сөздері Күлжәмиладан да асып кетті. Өзі де құмарынан шыға жылады, жұртты да жыл атты.


Келбет Дәнекер жайлы айтып үлгергеніне қуанды. Үшінші рет қайталау ол үшін өте ауыр еді. Төлеп ұстаның қазасына көңіл айтты. Жанар үндемей басын шұлғыды. Келбет оны көзімен бастан-аяқ шолып шықты. Кәдімгі салиқалы әйел болған. Қыз күніндегі жүдеуліктің ізі де жоқ. Мұңы да бар, нұры да бар. Ойлы көздерін Келбеттен алмай, әлі қиял құшағында отыр.


— Өңшең сұр бойдақтың арасындағы екі ару — Үміт пен Асылжан, сендер едіңдер. Үйлеріңе кезек-кезек барып, тамақ жасатып шаршатушы ек, естерінде ме? — деді Келбет Жанар келгеннен бергі үнсіздікті бұзып.


— Ондағы шаршадық дегеніміз — әншейін асқандық, еркелік екен ғой, — деді Үміт жаңағыдан гөрі жадыраңқырап. — Енді сендердің араларында күні-түні отпен кіріп, сумен шықсақ қыңқ демес ем. Ондай күн болса...


— Құлын-тайдай тебіскен қайран құрбы-ай. Үшеуінің ғана селтиіп отырғанын қарашы. Екі әйелге бір еркек...


Күлжәмила мырс-мырс күлді. Күлкісінде қасірет те, мысқыл да бар.


Келбет әңгімені басқа жаққа бұрып кетті.


— Ал, ауылдың жаңалығына көшейік. Майдан жайлы біраз айттым-ау деймін. Меніңше, келіншектер сол қалпында. Мына Үміт пен Асылжан, Жанар әлі үріп ауызға салғандай.


Отырған жұрт ду күлді.


— Кеше Теңге, Зылиқа, Әлиша, Жамиға, Бәтима, Жақиялар келіп еді. Жайнаң қағады.


— Атасының басы, — деді Күлжәмила. — Сол өзің атаған алтаудың үшеуінде бай бар, үшеуінде бай жоқ. Неменеге жайнаң қатады.


Жұрт тағы ду күлді.


— Анада бір Сыдық пен Нәшекеңе жолықтым. Мен қайбір сұрамай жүрем. Колхоздан бірдеңе сұрайын деп барғам. Не сұрағаным қазір есімде жоқ. — Күлжәмила санын бір салды.


— Сонда әлгі екеуі есептепті. Осы ауылдан кәрісі бар, жасы бар 110 азамат кеткен екен соғысқа. Соның мына сенімен 30-ы ғана оралыпты. Қалғанын соғыс жұтпай, мен жұтты ғой дейсің бе! Осы ауылда не көп, қысыраған қатын көп. Бірақ әділін айтсақ, осы ауылдың ауыл боп қалғаны да сол қатындардың арқасы. Мына, мына айналаңда отырғандардың бар ғой, — Күлжәмила саусағымен түгел шолып шықты, — тесік өкпе болмағандары жоқ шығар. Ой, мен бұл дүниеде қатыннан мықтыны көрмедім. Бұл шіркіндер не көрмеді, қарағым...


Бір-екі қыз арт жақтан сықылықтап күлді.


— Ей, неменеге жырқылдайсыңдар, — деп зекіді Күлжәмила.


— Сендер де қатын боласыңдар. Қайта бақыттарың бар екен. Соғыс бітті, біртіндеп болса да жігіттер келіп жатыр. Қол-аяқтарыңды байлап тұрып қосамыз осыларға.


Әлгі екі қыз үйден ата жөнелді. Жұрт ду күлді. Күлжәмиланың жыламай осындай әңгіме айтқанына мәз. Манағыдай емес, көңілі өрбіп отырған секілді.


...Ана жылы өзіммен өзім ерігіп отырып ойға қаппын: осы ауылдың баласы неге асық ойнамайды? Ессіз басым-ау, бала тумаса, ол қайдан ойнайды. Айтыңдаршы, шілдеханаға бармағандарыңа неше жыл болды? Асық ойнауға жарағандарды апарып жұмысқа салдыңдар. Е... бұл соғыс не көрсетпеді. Әке мен шеше баламнан құдай топырақ бұйыртсын, соның алдында ал сын дейді екен. Бұл — табиғаттың заңы. Ал қандай әке баламның артында қалайын, қолымнан оған топырақ салайын дейді.


— Астапыралла, бәйбіше, жоқ сұмдықты айтатыныңыз не? Шораби шалдан үйренгенбісіз? — дейді бір кемпір.


— Ей, жоқ сұмдығың не? Артында қалмағанда, сүйегімізді сүйретіп әкеміздің басына жүрміз бе? Өзіңнің күйеу балаң енді саған топырақ салады ғой деп пе ең? Дәнекер кеп мені көме ме? Пішту! Жұрттың бәрі аман қалса, онда ол соғыс бола ма? Әйтеуір біреу өлу керек қой. Ол сенің жарлылығыңа, жалғыздығыңа қарамайды, — деді әлгі кемпірге бұрылып. — Анау Қияхметтің үш баласы — Базарбай, Әзімбай, Асқарбай түгел келді. Әбдірахманның Құрманәлісінен басқасы түгел қайтты. Бәрі солай ма? Жоқ, олай емес, біреудің әкесі баласымен, қайнысы нағашысымен жоқ. Ана Қыдырбайға қара. Баласы да, өзі де аллауәкпар. Бір қарасса, құдай екеумізге қарасуы керек еді. Кәтке — сенің жалғыз күйеу балаң. Ол да енді өз балаң есепті ғой. Дәнекер — менің жалғыз ұлым. Осы жалғыздар жардан ұшпағанда тірі жүр ғой дейсің бе! Ешбір аяу, есіркеу деген жоқ қой құдайда. Құдай, құдай деп бекерге жалбарынып жүріппіз. Егер соғысты құдай ойлап тапса, «алжығансың» деп осының өзін жоқ қылса болар еді... Шораби шал дейсің! Елдің алдымен өліп ақылды сол Шораби тапты. Сөзі қисық болғанмен, оның сарайы түзік болатын. Қайғыдан кетті. Біле білсең, оны да соғыс өлтірді. Жаудың оғы тимегенмен, қайғының оғы тиді. Қисық адам морт болады. Еменше иілмей тұрады, тұрады да, шарт бір-ақ сынады. Өлексеңді сүйретіп жүргенше сол да жақсы өзі.


Келбетті мына сөздер түпсіз терең тұңғиыққа батырғандай. «Қандай әке баламның артында қалайын, қолымнан оған топырақ салайын дейді?». Сұмдық айтылған сөз ғой. Мына соғыс солай еткізді-ау...


Еңсені басқан ойлардан серпілгісі кеп басын көтеріп еді, жұрттың бәрі өзіне тесіле қарап отыр екен. Бір жол тауып әңгімені басқа жаққа бүру керек.


— Біздер кеткендегі кішкентай балалар жігіт бопты. Өтіп бара жатқан уақыт-ай, десеңші!


— Ана өзіңнің Молдажаның сен әскерге кеткенде қаншада еді?


— Он бірде.


— Он бірге алтыны қос. Он жеті деген сол емес пе. Тірінің аты — тірі. Ол өседі, ержетеді, қартаяды. Өмірдің өз заңы бар, — деді Күлжәмила тағы да өзі сөйлеп. — Өмірді өлім жеңе алмайды. Егер өлім жеңген болса, тіршілік болмас еді. Мың адам өліп, мың бір адам туатын көрінеді ғой. Сол бір адамнан тараған ұрпақ көрінеміз осы бәріміз. Ішеміз, жейміз, күлеміз, ұйықтаймыз. Тамақ арсыз, ұйқы арсыз, күлкі арсыз. Ашынғанда тіршілікке өкпелегенде айтар сөзіміз бұл. Ал шынында тамақ бар, ұйқы бар, күлкі бар жерде тірлік бар. Тірлік дегенің — өмір. Анау он жетіге келген Молдажандар сол өмірдің жалғасы. Құдай бақытына аспанын ашық қып, көздерін құрғақ қылсын.


Даладан алқым-жұлқым боп екі бала кірді. Біреуі — Қарабек.


— Атам артистермен келісіпті. Олар той күні келетін бопты.


Қарабек Жұмекеңді «ата» дейтін.


— Артистері қайсы?


— Ақсудағы ше!


— Әлгі Рақыштың Сағымбегі жүрген бе?


— Иә!


Рақыштың Сағымбегі Молдажанмен түйдей жасты. Әкесі ұста, бірақ ерте өліп қалған-ды. Шешесі Байза еркек кескінді, қарулы адам. Бүкіл егінді жалғыз өзі суарып, үшінші бригаданы сүйреп жүрген сол.


Сағымбектің артист болғаны да қызық. Қопаға шөп шабуға бара жатып, пішеншілер жолда бір колхозға аудандық театр ойынын көруге тоқтайды. Шөп машинасының басына мінуге тиіс Сағымбек те іштерінде. Оның өлең айтатыны бар-ды. Келіншектер шаршаған, зеріккен кезде ауық-ауық ән салдыратын. Бір жақсысы бәлденуді білмеуші еді, айт десе қоя беретін арзан айқайшының тап өзі болатын. Ерке боп өскен, қылжақбас-ты. Тілін шайнап сөйлейтіні үшін жеңгелері «сақау Сағымбек» деп кеткен. Сол сақау Сағымбек артист болады деген үш ұйықтаса ешкімнің қаперінде жоқ.


Пішеншілер орта жолда олжа ойынды көреді. Көптен көңілі басылып жүргендерге бұл да медеу. Ертесіне Қопаға қарай бет түзесе, қасқа өгіз бен Сағымбек жоқ. Ал ізде, жерден ізде, көктен де ізде, Сағымбек жоқ. Бала мен өгіз сұратып, ауылға хабар кетеді. Сағымбектің жоғалғанын естіп, Байза зар жылайды. Үлкен ұлы Ғалымбек әскерде, Қанабек деген кенжесі әлі кішкентай. Бар сүйенгені — он төрт жасар Сағымбегі. Ол да ұшты-күйлі жоғалып отыр. Шырылдаған ана колхоздан рұқсат алып, пішеншілер қонған мандаты қоға, қамыстың бәрін тінтіп шықты, таппады. Өлдіге санап, аһ ұрған күйі ауылға қайтты.


Сөйтсе... Сол ойын болған күні артистердің артынан еріп кетіп отырыпты. Қасқа өгіз мінген бір бала соңдарынан қалмайды. Кешіне жарбиып ойын көріп отырғаны. Ертесіне тағы ілеседі.


— Оу, сен неғылған баласың? Ауылың қайда?


— Ауылым «Алғабаста».


— «Алғабас» қайда, біреу қайда? Неге қайтпайсың?


— Артист болғым келеді.


Театрдың адамдары ішек-сілесі қатып күледі. Мазақ қылады өзін.


— Мына сен, боқмұрын, артист боласың, ә!


— Иә, болғым келеді.


Артистер мұны көзге ілмей, Сағымбек олардан қалмай, ел аралап кете барады. Байза баласымен қоса, колхоздың бір өгізіне жығынды болады.


Келесі бір ауылға келгенде Қозының рөлінде ойнап жүрген басты артист ауырып жатып қалыпты. Колхоздан ақша алынып, ел хабарланып қойған. Енді қайтті? Ауыстыратын адам жоқ. Артистер сасады. Сағымбек Айша деген ересек біреуіне келіп:


— Тәтетай, мен шығайыншы? — дейді.


— Сен қайтіп шығасың? Сөзін білмейсің!


— Білем!


— Ал, айтшы?


Ана актіден, мына актіден сұрайды. Жаман бала сайрап береді.


— Қайдан үйрендің?


— Сіздерге ілескелі жаттап алдым.


Амал жоқ. Енді осы баланы жіберу керек. Бойшаңдығының да көмегі тиеді. Қозы ғып киіндіріп, тәуекел деп көзді жұмады. Жап-жас, талдырмаш нағыз Қозының өзі. «Бұрын сахна көрмеген, бір жерінен жаңылып, масқара болар ма екенбіз» деп артистер жіберуін жіберсе де жүректері дүрсілдеп, шымылдықтың артынан қарап тұрады. Қозы боп ойнап келген артистің жасайтын қимылы, айтатын сөзі, салатын әні — бәрі тұп-тура, айнытпайды әншейін. Атылып ойнақ сап жүрген бала Қозының өзі. «Боқмұрын» деп менсінбей келген артистер үзілісте қуанғандарынан кезек-кезек бетінен сүйеді.


Сөйтіп, ұстаның баласынан бір-ақ түнде талантты артист шығады. Артист болғанда қандай, анау-мынау емес, басты ролде. Баласынан кейін хабар алып, Байзаның да құдайы жарылқайды.


...Келбет көз алмай қарап отыр. Жұртқа да назар салды. Осы ауылда бұл ойынға келмеген жан жоқ секілді. Басқа колхоздан келген қонақтардың астына киіз төселген.


Ауылдың өз адамдары көк майса шөптің үстінде. Түн де маужырап жанға жайлы. Қолдан жасаған сахнаның екі жағында екі шам, қақ маңдайында бір шам тұр. Үш шамның жарығы сахнада не боп, не қойып жатқанын түгел көрсетеді. Күні бойы құжынаған арадай болған киіз үйлер маңы да қазір тып-тыныш. Жер ошақтардың да оты сөнген. Келбетті бір ғана жай ыңғайсыздандырып отыр. «Баласы келгенде Жұман тіпті театр сатып алыпты» деп ертең ел шулайды-ау. Осыған несіне әуре болды екен, тойдың басқа қызығы да жетеді ғой. Жо... жоқ, әкесі мынау халықтың көңіл көтеруге шөліркеп қалғанын білген секілді. Ызың еткен маса даусы білінбейді. Жұрт құмарта қарап отыр. Көптен мұндай ойын көрмегені айдан анық. Өзінің де театр көрмегеніне талай заман болды емес пе. Артистердің сақылдаған даусы ғана маужыраған түнді селк-селк еткізеді.


Қозы шыққан сайын елмен бірге өзі де қол соғады. Рақыштың Сағымбегі! Басқа жерде көрсе танымас еді. Ойынында мін жоқ. Даусы қандай әдемі. Балғын да батыр, өжет те өткір жас Қозының өзі. Күндіз Молдажанмен бірге келіп сәлем берген. Әдемі боп өсіпті. Ауылдағы өз қатарынан мұның айырмасы жер мен көктей. Интеллигент. Көзімен тінтіп көптің ішінен Молдажанды тапты. Қасында қатар құрбылары, екі-үш қыз да бар. Сағымбек 14 жасында артист болса, Молдажан 15 жасында сотқа хатшы болған. Ерте есейткен уақыт-ай!


Өз шешесінің қасында Байза, Күлжәмила отыр екен. Сағымбек шыққан сайын шешесі айналып-үйіріліп есі кетеді. Біресе күледі, біресе орамалымен көзін сүртеді. Жұрт ду күлді, өзі де күлді.


Келбеттің есіне сонау жылдары осы ауылда өздері қоятын ойын, өз құрбылары түсті. Төлеген боп сұңқылдайтын Құрманәлі, өзінің Бекежан боп ойнайтыны көз алдына келді.


Төлегенді атқанда шешесі Уәзипа да «ойбу, қудың баласы, біреудің баласын өлтірдің ғой» деп айқай салған. Онда да жұрт Уәзипаның мұнысына ду күлген. Қандай ұқсастық.


Жастық шақ неткен ыстық ең. Қалайша бірақ қысқа болдың. Көрген түстей елес боп өте шықтың-ау. Адам айтқысыз апатын, азабын айтсаңшы. Қанша құрбысы қасында жоқ қазір! Жалғызсырап кетті. Сағымбек пен Молдажанга қызыққандай. Өз қатары, өз теңімен гүл-гүл жайнап шешек атып келе жатқан ұрпақ секілді. Осы гүлдер үсікке ұрынбаса екен.


Баянның зарына жандары жаншылып, Жанар, Асылжан мен Үміт ағыл-тегіл жылап отыр. Қодардай долы, дүлей күш бұлардың Қозысын да он екіде бір гүлі ашылмаған шағында қыршынынан қиғандай. Келбеттің қабырғасына Баянның көз жасынан гөрі қасында отырған үш жесірдің көз жасы батып бара жатты. Қозының анасымен қосылып, Күлжәмила, осында отырған кемпірлердің бәрі жылады. Озбырлыққа ана атаулы күңіреніп кеткендей болды. Жаңа ғана сезді, Бесбақсының жұмсақ самалы екпіндей соққан екен. Бұл жолы ол бірақ ызғарлы боп тигендей болды бетіне. Құлазыған көңілін жұрттың сартылдатып соққан қолы бұзды.


Ойын артынан шағын концерт болды.


— Жұман, құдай көңіліңді көтерсін!


— Бала-шағаңның игілігін көр!


Ең соңынан етек-жеңдерін қатып, шал-кемпірлер тұрып жатты. Дабыр-дұбыр, гу-гу сөздер, сылқылдаған күлкі жұрт көңілінің бір марқайып қалғанын аңғартқандай. Ән естілді. Әйелдер даусы. Сол дауыс көпке дейін ауыл үстінде қалқып тұрып алды...


Ертеңіне той асын жеп болған соң жұрт қызық көруге шықты. Аспанда оймақтай бұлт жоқ. Күн де нұрын молынан төгіп, бейілденген екен. Үй артындағы кермеде тізілген аттар.


Талай жыл болды, бұл ауыл мұндай кермені, мұнша атты көрген жоқ. Күннің ыстықтығынан ба, әлде жаңа ғана ішіп-жеп шыққан жас ет, жас сорпадан ба, елдің бәрі қызара бөртіп, жайнаң қағады. Кеше ойын көрсеткен артистер де жұбын жазбай осында жүр. Бала-шаға таңырқай қарап, олардың соңынан ұзақ ереді. Әсіресе, кеше ғана осы ауылдан шыққан Сағымбекке тесілген көз көп. Түндегі батыр киімінің орнына бүгін үйреншікті сұр костюмін киіпті. Бұл ауылда ондай костюмді адам жоқ.


Көкала атты ойнатып Сыдық шықты ортаға. Ескіден бар жөтелі кейінгі жылдары күшейіңкіреп, қайта-қайта жатып қалып жүр еді. Соған байланысты бригадирлікті әскерден келген Алдоңғарға беріп, парторгтік жұмысқа бірыңғай көшкен-ді. Өңі солғындау болғанмен, кешеден бергі той қуанышы оны да желіктіргенге ұқсайды. Осы тойдың аты Жұмандыкі болғанмен, қызығын колхоз көріп жатыр. Ел еңсесін бір көтеріп, неше жылғы соғыс зілін бір сәт серіпкендей.


Артистерді шақыру жөніндегі ойды да айтқан Сыдық болатын. Енді, міне, тойды өзі басқарды. Колхоз председателі Киізбаев келген қонақтармен бірге. «Сендерде осындай той болды ма» деп өзгелерге қыр көрсеткендей ол. Артистердің келуі оның да мерейін өсіріп тастапты. Екі сөзінің бірінде «осы тойға әдейі арнап шақырдық» деп қояды.


Сыдық ортаға шыққан соң оның көңілі орнына түсті. Жұрт Сыдықты жақсы сыйлайды. Көп жиналған жерде, әсіресе, той болған кезде ең керегі тәртіп. Сыдықтың атқа мінуінің өзі-ақ тәртіп.


— Кейін, кейін, шегін, шегін! — деп ортадағы көк майса аланды босатып жүр. Бұл арада күрес болмақ. Бала күрес, әйел күрес, еркек күрес. Күрестің үш түріне бәйге бар.


— Ал, қане, бригадирлер, балуандарыңды сайлаңдар!


Екі балтырды түрініп, екі жеңді сыбанып, белді буып, шапанның етегін мықынына қыстырып, ортаға Құлжабай шықты. Жаңа ғана жеген еттің бар майын жағып алғандай көмірдей қара шоқша сақалы мен мұрты жылт-жылт етеді. Ақсиып күледі. Күн жүр десең күн, түн жүр десең түн жүрген, анау терең құдықтың да түбіне түскен, егіннің бар суын мойнына алған, бірінші бригаданың қажымас қара нары атанған Құлжабайдың өзі. Ешкім шықпай, іркіліп қалды. Денесінің ірілігінің өзі-ақ жөбішенді адамды қорқытқандай. Асқарбай «шаппай алам бәйгемді» деп тұр. Бригадасының балуаны.


Бір топ адам Қалпангерді сүйреп келе жатты. Жұрт ду күлді.


— Сенен басқа кім шығады? Өзгені бойымен басса да жығады Құлжабай, — деп Алдоңгар зорлап жүр оны. — Қайтсін, екінші бригаданың намысы кетіп барады.


— Мен қазақша күрес білмейді, — деп күле береді Қалпангер.


— Жығылсаң жер көтереді, қорықпа!


«Ал қазір екі тау соғысады» деді біреулер мәз болып.


Құлжабай мен Қалпангер шартпа-шұрт ұстаса кетті. Қалпангер шу дегеннен Құлжабайдың белінен қапсыра ұстап көтеріп-ақ жөнелгені.


— Өй, мына немісің қайтеді!


У да шу балуандарды көтермелеген айқай: Құлжабай серең ете түсе жаздап, Қалпангердің уысынан әрең құтылды. Оны ішке жіберудің қауіпті екенін енді сезгендей. Екеуі тіресіп көп жүрді. Шынында да, тау мен тау соғысқандай болды.


— Әттең, он жамбасына келмей жүргені-ай!


Жұрт мұны Құлжабайға айтып тұр.


Жайымен жүрген екеуі тапыр-тұпыр жұлқыса қалды. Құлжабай лып беріп ішке кіріп, Қалпангерді оң жамбасқа салып-ақ жібергені. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, тау құлағандай гүрс ете қалды. Ел шу ете түсті. Екеуі де ақсиып күліп орындарынан тұрды. Ентіккенде екі иықтарынан дем алады. Бірін-бірі құшақтап келе жатыр. Құлжабай бәйгеге алған бір кез қызыл шытты Қалпангердің қызы Күлердің басына тартты.


— Тағы кім, тағы кім?


Бір топ әйел колхоз председателі Киізбаевты ортаға сүйреп шықты. Күреспеймін дегеніне қояр емес. Көпке не істейді, білегін сыбанып, тізесін бүгіп, кәдімгі балуандарша отырды дейсің.


— Басқармаға басқарма шықсын!


«Бастауыш» колхозының бастығы Қайшаның күйеуі Әлиге түсті жұрттың көзі. Ешкім зорламай-ақ ол өзі келе жатыр екен. Қызба жігіт деуші еді, шыдамаған болса керек. Садық Киізбаев оның қасында шал.


Басқармалардың тірескені қызық болды. Аяқтарында хром етік, галифе шалбарлары бар. Гимнастеркелерінің белінен жалпақ былғары белдікпен буынған. Екі колхоздың намысы сынға түсті. Күресуші балуандар да сезгендей оны. Белдескенше күліп жүргенімен, белдескен соң екеуі де қайратқа мінді. Садық жата қалып Әлиді басынан асыра лақтырды да, тырп еткізбей үстіне мініп алды. «Алғабас», «Алғабас», — деп жұрт ұлар да шу боп ұран салды.


— Қайнағамның тойында бәйгені өзім алам ба?


Әли бір қызарып, бір бозарып, осылай деп ақталған болады.


— Саған кім шық деді? Өзіңе де сол керек.


Күйеуін табалап Қайша да мәз боп жүр. Әлидің жығылғаны емес, тойдың қызық боп бара жатқаны қуантқандай оны.


Басқармалар күреске шыққан соң онсыз да еліріп тұрған жұрт тіпті желігіп кетті. Шешініп тастап ортада Мұқай отыр. Соғысқа дейін жауырыны жерге тимеген осы ауылдың ең мықты балуаны еді. Бір жақ қабырғасы түгел қирап, оның үстіне өкпесіне де зақым кеп қайтқан. Қызып кетсе керек. Сол бір төрт мүшесі түгел кезінде өстіп өзінен-өзі масаттанып отыратыны болушы еді. Ешкім батып шықпай, бәйгені күреспей алатын. Мұқайды күрестірмеді, бір жеріне зақым келер деп қорықты.


Бір қараса, тарамыстай қатып Имансерік отыр. Сақалын сипап, қолына түкіріп-түкіріп қояды. Шалдардың өкілі. Өне бойы егін суында жүргендікі ме, балтырларының тамыры білеу-білеу болып көгеріп кеткен. Егде әйелдердің ішінде Байзаға ешкім шақ келмеді. Жұлқып тастап, жұлқып тастап қарап тұр. Сағымбек шешесінің күреске шыққанына бір жаты артистерден ұялса, бір жағы түгел жыққанына іштей разы болып масаттанып тұр. Ерсі түгі де жоқ. Бәрі қуаныш, қызық үшін! Жас келіншектердің ішінде бас бәйгені Жанар алды. Қалпангері жығылғанмен, Жанарына тең түсетін ешкім табылмады. Алдоңғар соған мәз. Шалдардан Имансерікке де ешкім бата алмады.


Ең қызығы бала күрес болды. Балапан әтештердей бірі жеңіп, бірі жеңіліп жатыр. Қызып кеткендері сонша — бұлар, тіпті қояр емес.


— Анаң қара. Төлептің қуы тіпті шыдатар емес. Кәдімгідей шалады.


Жұрттың назары құйрығы бұлтыңдап жүрген Жеңіске ауған.


— О, құдайым, мынау да күресуге жарап қалған ба?


Жанар жалт қараса, Күлжәмила екен.


— Түкіріңіз, әпке. Сұқтанып қайтеміз.


— Менде адамға тиер көз қалды дейсің бе. Қорықпай-ақ қой.


Жұрт қаумалап айқайлап жатыр.


— Уа, уа, Төлептің аруағы, кәне, кәне. Іштен шал, іштен шал.


— Төлептің дейді. Бұл әлгі хабарсыз кеткен... — деп бетін жыртқан бір-екі әйелді Жанар байқап қалды. Күлжәмила да елең ете түсті.


Сол арада күресіп жүрген балалар ұмар-жұмар бола қалды.


— Жеңіс жықты, Жеңіс жықты.


— Мына Жанар баласымен екеуі бүгін бәйгенің бәрін алды-ау.


Екі танауы делдиіп, ентігін баса алмай тұрған баласының бетінен сүйді Жанар. Жеңген деген жақсы екен-ау, биіктеп қалғанын қарашы. Осынау той өз тойындай көңіл құсын қалықтатып жіберді. Келбетпен бірте көптен көрінбей кеткен сағыныш құсы қайта оралғандай ма, қалай?


— Күлжәмила өлең айтып жатыр.


Бұл сөз Жанарды елең еткізді. Жеңісті жетелеп, киіз үй жаққа қарай асықты. «Ой, байғұс-ай, ол да бір серпілейін деген екен». «Дүбір шықса кәрі дүлдүл тұра алмайды деген ғой».


Жалғыз атқа жегетін төрт дөңгелекті жеңіл арба. Соның үстінде күндігін төңкере тартқан қарт ана тұр. Ақ жаулығы үстіндегі қара шапанын кеудесіне дейін жапқан. Көк сәтен белбеумен белін үш орапты. Бір қолы белбеуінде, бір қолы таяғында. Даусы ашық, айқын естіледі. Жұрт лезде жинала қалды. Кәдімгі үлкен митингі болып, қақ ортасында шешен сөйлеп тұрғандай. Жайлы да сазды қоңыр үн келеді құлаққа:


Уа, жұртым, маған да бір желік келді,


Ән сал деп мына халқым ерік берді.


Шамамның келгенінше сөйлейін бір,


Кемпірдің желіккенін көріп пе едің?


Топқа сап неғылайын болмасты мен,


Жасымда жарқылдаған алмас тіл ем.


Бір тойлық содан сарқыт қалған шығар,


Ән-жырсыз тойдың орны толмас білем.


Бұл жылдар бейбақ көзбен не көрмедік,


Елеңдеп келместі де келер дедік.


Ал олар төбешік боп жатқан болар,


Ық жағы күрек бойы кемерленіп.


Көз тозды көруменен жесір өңін,


Ойымнан оны алай өшіремін.


Қуаныш ерітті ме қайғы мұңын,


Бұл тойда шерімді айтсам, кешір елім!


Көктем кеп көсілгенде қырқа, құмдар,


Жесірлер, зарлап жүріп, шырқадыңдар.


Несіне жасырайын, ей, ағайын,


Білмейтін шын әкесін ұрпағың бар.


Не кінә, жесір қалған қатындарға,


Мұны айтсам, жыламауға хақым бар ма?


Әйелдің жаны түгіл күте-күте,


Күйе жеп, шіріп кетті тоқымдар да.


Барында жасымаспын бойда демім,


Мен бұрын дәл осылай ойлап па едім.


Қуаныш жасытып тұр жұртым мені,


Айтыңдар, Дәнекерім қайда менің?


Әйелдің ана атанған бірі едім мен,


Бесікке білегімді сүйедім мен.


Анаға бала жүрек емес пе еді,


Мен қалай күдер үзем жүрегімнен?


Осы күн жан азабын көп тартамын,


Сарқылып бар қуаты кетті арқаның.


Аз ғана өрлігім мен сабырымды,


Жалғыздық жеп қоя ма деп қорқамын.


Бұл сөзді ашынбасам айтар ма едім,


Шерімді жұрт алдында шайқар ма едім.


Ей, тәңір, бар тілегім бір өзіңнен,


Ұлымды аман-есен қайтар менің!


Жарқ етіп шықсын да бір күнім жаңа,


Естиін «Апа» деген үнін ғана.


Содан соң жүрегімді жұлып алып,


Ризамын, итке таста, жырымда да.


Сан қиял қамап алып түнде мені,


Дел-сал ғып жаншыры бар мұң денені.


Сондай түн тұрмай қалсам төсегімнен,


Жұртым-ау, мен бейбақты кім көмеді?


Менің де мұңым бар ғой талайға тән,


Мұңайсам, үмітімді арайлатам!


Сөйткенмен жалғызым кеп жерлемесе,


Қу жерде қараң қалғыр қалай жатам?!


Ағайын, той үстінде өксіттім бе?


Ойлама зарлайды деп өстіп күнде.


Мен бүйтіп зарлау түгіл, той үстінде


Кеуденің күрсінгенін естіппін бе?


Жалғызым хабарсыз боп бара жатыр,


Мен жүрмін телмірумен далаға құр.


Туып ап, өсіріп ап жоқтар болса,


Несіне жаралды екен ана пақыр!


Қайтейін шерім көп-ау шерте берсем,


Уа халқым, ақ жуып көм, ертең өлсем.


Өлеңім мұңсыз асқақ шығар ма еді,


Келбет-ау, Дәнекерді ерте келсең!


Кеткені аман келіп жайғасқандар,


Кемпірдің бұл несі деп ойласпаңдар.


Мен-дағы қуаныштан сырт емеспін,


Халайық, той бастаңдар, той бастаңдар.


— Болды енді! — деді Күлжәмила әрі жылап, әрі күліп тұрып. Аяғын арбаның үзеңгісіне сап ақырын түсіп келе жатты.


Үлкеннің де, кішінің де жүрегі елжірегенге ұқсайды. Ағыл-тегіл болған шешесіне Жеңіс таңырқап қарап қалыпты...


Кермеден аттар шешіле бастады. Жұман той тарқауға көкпар бермек. Әсіресе, басқа колхоздан келгендердің дәмесі үлкен. Асқарбай бірнеше күннен бері қоңыр төбелді жаратып жүрген-ді. Бұл баяғы атақты қоңыр айғырдың баласы. Сыдық, Садық, Нәшекеңдер де «бір жараса, осы жарайды» деген.


Басы жоқ көк серкеш үймелеген аттардың ортасында домалап жатты. Бірін-бірі омыраулап, бірін-бірі қағып, көкпаршылар әлгі серкешті әр жерінен жұлқылайды. Сытылып кеткен ешкім жоқ. Көкпар қайта-қайта жерге түседі. Әлден уақытта «Ағартудан» келген тапал кер шықты-ау жырылып. Қиқулап жұрт сабап берді соңынан. Басқарма Садық «Самарды» ерттеткен. Құмай тазы секілді тым сымбатты ол шіркін. Шабысы, жүрісі сұлу болғанмен, топқа жоламайды. «Алғабастың» жылқысында сұлу құнандар пайда бола бастап еді. Осы «Самардан» екен ғой деп түйді жұрт. Орғып, ойнақшып тұр. Бірақ көкпардың маңына жуытатын түрі жоқ. Сыдық та көкаланы біраз төпеп көрді, байқайды, өзінің өкпесі күйіп барады.


Тапал кер ұзай берді. Үстіндегі енді кеткен шығармын деген кісіше артына мақтанып қайта-қайта қарайды.


— «Ағарту» әкетті, «Ағарту!» — деп жұрт шулап жатыр. Көбісі үй-үйдің төбесіне шытып кеткен. Қай аттының кім екенін айырып та болмайды.


Қою шаң сұйылып, шұбатыла бастады. Кейбіреулер аттарын текіректетіп қайтып келеді. Жете алмасына көздері жеткендей. Қоңыр белдің терістігіндегі қасқа жолға түссе, бітті, біржолата әкеткені.


Тапал кердің артында бір ғана қара қалды. Барған сайын жақындай түскендей. Бұл қоңыр төбелдегі Асқарбай еді. Жануар шабысын енді түзеген секілді. Тапал кер мен екі ара тіпті таяу. Бұл кезде ауыл көкпардан күдер үзген-ді. Жұрт гу-гулесіп үйді-үйіне тарай бастаған. Қоңыр төбел тапал кердің оң жағына бір, бұл жағына бір шықты. Асқарбай өңгерілген серкені жұлып алды. Анау сирақтан қайта жармасты. Екеуі едәуір жер таласты. Сөйтсе, Шөлтұмсықтың тұсына жеткен екен. Қоңыр төбел бір ойпаңнан ырғып кеткенде тапал кердегі көкпардан айырылып қалды. Асқарбай аттың басын ауылға бұрды. Тапал кер барған сайын ұзап қала берді.


Ауылдағылар қоңыр белден қайта бұрқ еткен шанды көрді. Қоңыр төбелді, Асқарбайды таныды. Алдында көкпар. Аттан түсе қоймағандар қиқулап тағы шапты. Кете алмаған қонақтар да бар еді онда. Таты көкпар, тағы талас. Еті қызған қоңыр төбел жуытар емес. Нәшекең қызыға қарап тұр. Жарықтық қоңыр айғырдың өстіп ойқастап шабатыны болушы еді. Тура аумаған өзі. Қоңыр айғырдың өлетінін білгенде мұны піштірмейтін еді-ау. Жақсы ат боп келе жатыр екен.


Асқарбайдың да бода-бодасы шыққан. Көкпарды ешкімнің ала алмағанына мақтанғандай. Ағаш аяғының өкшесімен қағып қойып, қоңыр төбелді ырғыта түседі.


Сытылып тағы шығып кетті. Беталысы — Күлжәмиланың үйі. Ол кісі той киімін ауыстырып, есік алдында күйбеңдеп жүр екен. Сатырлаған дүбірді естіп жалт қараса, ағызып келе жатқан Асқарбай. Серкені сылқ еткізіп тастай берді...


— Әпке, ырым болсын! Тойға жазсын.


— Әмин, қарағым, рахмет, мың жаса!


Қоңыр төбел ауыздығын шайнап, ойнақтай басып бара жатты. Басқалар да аттарының басын бұрып-бұрып кері қайтты. Асқарбайдың тауып кеткенін бәрі де іштен құптағандай. Күн де күле қарап ұясына кіргелі жымыңдап тұр еді. Кешкі азан-қазан шу ауылдағы бүгінгі тойдың әлі басылмаған желігіндей көрінді...


ОНЫНШЫ ТАРАУ


Күлжәмиланың есігінің алды бүгін ығы-жығы адам. Даладағы жерошақтан сыздықтап түтін шығады. Екі еркек күресіннің қасында күйбеңдеп жүр.


Бөрте серкені мана өрістен алып қалған кезде жақсылап қарап алған-ды. Қойға ере алмай жүргені болмаса, өзіне сол баяғы қалпы секілді. Далада тұрып керілді, әдетінше мүйізімен артқы санын қасыды. Туғалы мойнына жіп байланғаны осы шығар. Басқа ешкілер мұның мәнісін қайдан білсін. Артына қарап маңырайды. Бөрте серке де маңырады. Бір-екі рет жұлқынып еді, қыл арқаннан босап шығар түрі жоқ. Тыпырлай-тыпырлай тынышталған. Екі көзі өріске кетіп бара жатқан ешкілерде. Құлатын едірең-едірең еткізеді. Күндегісінен сергектеу секілді бүгін.


Күлжәмила бөрте серкені өзгеге ұстатты, өзгеге байлатты. Аса бір киелі затқа қол тигізуге қорқады ғой кісі, тап сондай бөрте серкеге қолы тисе күйетіндей тітіренді. Ең аз жасайтын ешкі екеш ешкі де биыл тоғызға кетті, иесін тоғыз жыл күтіпті. Қартайды, өзінен де арман сүйегі салдырап бара жатқан секілді. Мәңгі жасамақ малға да жоқ қой. Егер ешкіде пайғамбар жасы болса, бөрте серке соған келген шығар. Бір күні далада қалып арам өлсе қайтеді? «Осы серкенің етін тарат, балаң сонда келіп қалар» деген жұрт сөзінің де жаны бар сияқты. Баяғыда жолаушыға қойған асты жеп алса, жолаушы тез оралады деп жатпаушы ма еді! Дәнекерді бөгеп жүрген осы қу серкенің де ұзақ тірлігі ме екен.


«Бөрте серке екеумізде шандырдан басқа не қалды» деп көнбей жүруші еді, бүгін тәуекелге белді бекем буды. Дәнекерден артық па, айттым жолына. Бұрын тірідей айтсам, енді өлідей айттым. Бұ құдай тым болмаса бір ешкіні қимадың деп шынымен маған қыдиып жүрген шығар. Қидым! Анау-мынау емес, бөрте серкені қидым. Малымның басы, баламның көзі болса да қидым! Бәрі сол балам үшін. Ақ жүзін бір көрсет деп қидым. Одан кейін өзімді алсаң да ризамын!


Бүгін осы шешімге тас түйін боп келген, бөрте серкені сосын ұстатқан. Орынбай шалға бауыздап бер деп еді, ат-тонын ала қашты. «Түйе сой десең сояйын, бірақ бөрте серкені бауыздай алмаймын». Ол сөзінің орны да бар. Өзінен кейінгі лақ күнінен бері еркелетіп өсірушінің бірі осы шал. Өзге өзге, Орынбай екеуі бөртемен бірге жасап, бірге қартайып келе жатқан секілді. Орынбай мал бағудан қалса, бөрте серке қой бастаудан қалды. Қасқырдың тісінен де, Ерденнің оғынан да қорғап жүрген бөртені қалай ғана бауыздар? Өзі неге дірілдейді, Орынбай да солай шығар.


Имансерік пен Құлжабайды ертіп келген. Мал бақпайтын диқандар ғой. Орынбайдан гөрі аяныштары аз болар. Күресіннің түбінде күйбеңдеп жатқан солар болатын. Бөрте серкені бауыздағанды көруге дәті шыдамай, Күлжәмила үй айналып кетті. Өзінен-өзі сөйлеп, бүгжеңдеп жүрген Орынбайды көрді.


— Бөрте серкенің де дәмі таусылды, бәйбіше, ә!


Ешкінің жан даусы шығып бақырғаны естілді. Екеуі де құлағын тарс баса қалды. Одан кейін бақырды ма, жоқ па, оны естіген жоқ. Күлжәмила көзіне жас алды. Орынбайдың да көңілі бұзылды. Шұқырға қан-жынын төгіп, тапыр-тұпыр жүгіріскен әйелдердің аузында тыным жоқ.


— Жануардың қарны сиырдың қарнындай екен.


— Мүйізін төр алдына қағып қояр ма еді.


Мұндай сөздер Күлжәмиланың жүрегіне шаншудай қадалды. Қимас заты қирағандай өкінішті сезім осып өтті өзегін. Тап жүрегінің түбінен біреу қанжар сұғып алғандай болды. «Үһ, а» деп кеудесін баса қалды.


— О не, бәйбіше, бір жеріңіз ауырып кетті ме?


— Ескілікті шаншу ғой.


Қасындағы Орынбайды да көргісі келмеді. Жападан-жалғыз үйінен ұзап кеткісі келді. Таяғын беліне қыстырып, мәңгіріп бара жатты. Орынбай былшықтанған көзін уқалап қарап тұр. Бүгіліп-ақ қалыпты, байғұс. Оқ жыландай ысқырып, ханға сәлем бермей жүретін кемпірдің әзі еді. Осы кейінгі екі жыл жеп қойған ба, қалай? Келбеттің тойынан кейін елең етіп серпілгенін көрген емес. Төмендей берді, төмендей берді. Алыста жұдырықтай боп қарауытқан кемпірге тағы тесілді. Іші біртүрлі елжіреп кетті. Әйелдің перісі Күлжәмила ма деуші еді, оны да қайғы діңкелеткен екен. Қайтсін, соңғы далбасасы ғой. Келе ме деген есек дәме үмітпен ең ақырғы алданышы бөрте серкені де сойды. Ай, жаратушы-ай, әділеттігің жоқ-ау...


Үй іші гу-гу еткен адам. Күлжәмила көңілденсін дегендей, әркім әрнені айтады. Бәрі де оның отырса отырысынан, жүрсе жүрісінен көз алмайды. Қалжың айтысып, қағысып та қалады. Буы бұрқырап табақтар келді. Білегін түрініп отырған жұрт лап қойып, құнжыңдасып жатыр. Екі-үш шал бәкілерін алып, жалмаң қағысты.


— Баяғыда Дәнекер қарағым соғып беріп еді.


Имансерік жұрттың бәрін өзіне қаратты. Асығыстау соғылған дүние болса керек. Аса әшекейленбепті. Сабы да темір, жүзі де темір. Күтімінде мін жоқ секілді. Лып-лып етеді. Имансерік етті жапырақтап турай бастады. Дәнекердің өз бәкісі өз серкесінің етін паршалап жатыр. Мана бөртені бақыртқан да, бауыздаған да осы пышақ шығар. Күлжәмила теріс айналып кетті. Имансеріктің қолындағы пышақ тамағына тақалғандай тітіренді. Онысын бірақ жұртқа сездірмеген болады.


— Алыңдар, алыңдар!


— Бисмилла! Бисмилла! — деген дауыстар естілді. Сылп-сылп, сорп-сорп. Кейбіреулер тіпті қомағайлана асаған секілді.


— Алыңыз, бәйбіше, алыңыз! Құдайы тамақ. Өзіңіз неге алмайсыз?


Сонда барып Күлжәмила табаққа қарады. «Бисмилла» деп саусағының ұшымен ғана бір түйір етті ала беріп еді, қолы қалт-қалт етіп, аузына жете алмады. Біреу кеңірдегінен ұстай алғандай болды. Асағандарын енді ғана жұта берген жұрт та Күлжәмиланы көріп түйіліп қалғандай. Кейбіреулері ұрттары томпиған күйі сілейіп отырып қапты. Жаңа ғана гу-гу еткен жұрт құлаққа ұрған танадай тыныш. Кәдімгі меңіреу тыныштық.


Мана қайтып келгенде Күлжәмила жерошақ басында әлі үйітілмеген бөрте серкенің басын көріп еді. Көзі жұмылмастан көгілдірленіп жалтырап жатыр екен. Мүйізі әлі қағылмапты. Темір соқаның артындағы қос балағы құсап қайқайып тұр. Көзін жыбыр еткізіп, мүйізін шайқап қалғандай болды. «Ойбай» деп ыршып кеткен. Үйітуші әйел басты ескі қаппен жаба қойған. Күлжәмила кеткен соң қарағайдай ұзын мүйізден ұстап, үйіте бастаған. От қолын күйдірмек тұрғай, маңайлаған да жоқ. Әдетте бас үйіткенде тығатын істік ағаш та керек болмады. Кейін түбі босаған мүйізді де алу оңай болды.


Жаңа ет асағанда бөрте серке тап сондағыдай көзін жыбыр еткізіп, мүйізін шайқап қалғандай болды. Сонау таңертең тарсылдап, аузына тығылған жүрегі лоблып кетті. Саусағының ұшында тұрған ет те жыбыр-жыбыр етіп, жан бітіп келе жатқандай көрінді. Көзін тарс жұмып отырып қалды. Ет алақанына түсті. Жұмырығы жұмылып барады. Қолындағы еттің сорпасы саусақтарының арасынан шып-шып сыртқа шықты. Өз жанын да біреу осылай уыстап, сығып бара жатқан сияқты. Маңдайынан да шып-шып тер шықты. Отырғандар талып бара жатыр ма деп қалды.


— Бәйбіше, жүрегіңіз қысып отыр ма? — деді Нәшекең салмақты үнмен.


— Жей беріңдер. Әншейін. Үйреншікті сырқат қой. Өзін-өзі қыстап Күлжәмила әрең дегенде көзін ашты.


Қалқиып отыр, әйтеуір. Бірақ еттен татып алған жоқ, қолдан қолға көшкен бөрте серкенің басына да қарай алмады. Манағы жалтыраған көздің орны үңірейіп қапты. Тіпті үрейлі. Анау өзінің төсін түртіп, алпыс тамырын иітетін тұмсығы... Онда да ешбір сиық жоқ. Шегірткенің мұртындай едірейген үшкір екі сүйек қалыпты, оның арасында жықпыл-жықпыл кеңсірік. Біреу соған қорс еткізіп пышақты салып қалды. Күлжәмила селк ете түсті.


Жиналған жұрт сорпа ішкен соң қайтсақ дегендей қозталақтай бастады. Нәшекең қолын жайып бата қылды. Күлжәмила да қолын созды. Нәшекең аузын жыбырлатып әлі отыр, әлі отыр. Әлден уақытта барып «аллаху акбар» деді. Жұрт та бетін сипады.


— Дәнекерді құдайым аман келтіріп, дегеніңе жет! Күлжәмила үндеген жоқ. «Ойбай, ойбай-ай, белім-ай» деп кемпір-шалдар орнынан тұрып жатты. Күлжәмила жалғыз қалды, төрде ілулі тұрған баласының портретіне назары ауды. Әлгі бөрте серкенің көзіндей Дәнекердің көзінің тұсындағы әйнек те жылтырап кетті. Жыбыр ете түскендей болды. Күлжәмила шегініп қалып, әлі жиналмаған тапал үстелді салдыр еткізді. Далада асылған қазандарды, ыдыс-аяқты жууға қалған бір-екі әйелден басқаның бәрі тараған секілді. Асылжан үйге кіріп, үстелдің үстін тазалай бастады. Екеуінде де үн жоқ. Есіктен шыта беріп, Асылжан «ойбай» деп белін ұстай алды.


— Кілтілдейтінді шығарып жүргені.


— Кемпір болғансың ғой!


— Жасымызға жетпей қартайдық қой. Құдай туа кемпір болуға жазған соң, амал бар ма!


«Құдай! Құдай! Құлағы жоқ қу шұнақ, мейірі жоқ сұр шұнақ! Көз жасын да көрмейтін, тілекті де бермейтін сен бір тұрған жын шұнақ!».


Күлжәмила шұбырта жөнелгенде-ақ Асылжан осыны айтатынын білген-ді. Кейінгі жылдары намаз орнына оқитыны осы болатын. Асылжанның өзі де іштей Күлжәмиланың бұл қарғысымен келіскендей. Бірақ сыртқа шығарып айтуға әлденеден қорқады.


Асылжан үйге қайта кіргенде Күлжәмиланың есіне Мұқатай түсті. Тап осы есіктің алдында «айт, два», «айт, два» деп өз-өзінен арлы-берлі жүрген Мұқатай. Мың болғыр, ренжу дегенді білмейтін, ақжарқын неме еді. Дәнекер әскерге кетерде дауыл боп көтеріліп, тұлан тұтқанда сабасына түсірген сол болатын. Әскерге бармай жатып, аласұрғанына күлген-ді. Мұқатайдың сол қылығы есіне түсіп таты да мырс етті. Төрде Дәнекер екеуінің қатар тұрған суретіне қарады. Баяты жайсаң күйі... Ал мына Асылжан белін ұстайды, «кілт етпесі бар еді» дейді. Уақыт бұларды қартайтып, жігіттерді сол күйінде қалдырғандай. Мұқатай әлі уыздай жап-жас. Асылжанның бетінде андыз-андыз әжім. Келбеттің де өңі ескіріп қалған. «Ерте өлгендер қартаймайды», ә!».


«Өлген» деген сөз от боп басылды жүрегіне. Кеудесін таты ұстай алды. Асылжан шошып кетті.


— Апа! Немене, бір жеріңіз...


— Үйреншікті сырқат қой.


— Қисайып жата тұрсаңызшы.


Асылжан жастық әперді. Күлжәмила шынтақтап жатты.


— Асылжан, — деді Күлжәмила әр-берден соң салмақты үнмен, — сен неге боқ жеп жүрсің? Шешеңнен балаңды неге алмайсың?


Мұқатай мен Асылжан тұңғыш балаларын туысымен Асылжанның әкесі — Мұқанның бауырына салған. Асылжанды қазір ол тәте дейді, туған әпкем деп біледі. Күлжәмила бұл жағдайды жақсы білетін.


— Ойбай-ау, ол мені шешем екен демейді.


— Оттапсың! Туған шешеден бала ешқайда қашпайды. Мұқатайдың атын өшірме! Сен екеуің тұрғанда Мұқан шалдың аты өшпейді. Өлмеген Мұқанның ұрпақсыз қалғанынан, өлген Мұқатайдың ұрпақсыз қалғаны қиын болар! Ал балаңды!


Мұқатай өлді деп ешкім әлі айта қойған жоқ еді. Асылжан қалшиып қатып қалды.


— Неменеге қалшиясың? Өлмесе осы уақытқа дейін ай қарап жүр ме! Қайда? Келер жұрт келіп болды. Күдерді үзген де жақсы. Шиқанды мың күн сыздатқанша, бір күн жар демей ме!


Асылжан жыларын да, жыламасын да білмеді. Кеш болып қалса керек. Маңыраған малдың даусы естілді. Мойны салбырап үйіне кетіп бара жатты. Әдемі өрілген ұзын бұрымы арқасында былғақ-былғақ етеді... Сылаңдап жүретін-ақ шағы, байғұстың...


Әлі жерошақ басынан кетпей, ыдыс-аяқты жуып жүрген Жанар болатын. Күлжәмила кемпірдің бүгінгі күйі оған тіпті ұнамады. Оңашасын тауып тілдескісі келгендей. Осы үйге келуге бұрын әлденеден именетін еді. Кейінгі уақытта ол имену қалды. Жиі келіп-кетіп жүреді. Бірақ Күлжәмила кемпір екеуі кеп тілдеспейді. Ол да оқталып-оқталып әлденені сұрағысы келеді де, өзін-өзі ұстайтын секілді. Бұл да актарып тастағысы келеді де, айта алмайды. Сол бір құпияға екеуі де елжірейтін, бірақ екеуі де одан сескенетін сияқты. «Құдай білгенді анасы да білсін де» деп Жанар оқталып-оқталып тұрады да, бата алмайды. Білгеннен не пайда. Жанын артық жаралағаннан басқа не табады. Жанарды көрген сайын Күлжәмила ойлы жүзбен ұзақ қарайды да үндемейді. Екеуі жәй кәкір-шүкірдің төңірегінде сөйлеседі де қояды.


Бір күні Күлжәмила төрде ілулі тұрған Дәнекердің суретіне ұзақ қарап тұрған Жанардың үстінен шықты. Жанар ұялып қалды.


— Қара, қара. Қарағаннан басқа не қалды. Мен де қарай-қарай шаршадым. Екеумізді қарай-қарай қартайсын, екі көзі төрт болсын деп жаралған жан болды ғой ол.


«Екеумізді» дегенге Жанардың іші жылып кеткен-ді. Жақын тартқаны да. Одан артық не десін. Сонымен қоса аяп та кетті. Қартайғанда жалғыз қалу — қандай қиын. Жанардың өз тағдыры да осы адамға ұқсап бара жатқан сияқты. Жеңіс те жалғыз ғой. Ол да ертең әскерге кетіп қалса... Шүкір, міне, үшінші класқа көшті. Баланың қадірін балалы болғанда білерсің. Қандай керемет айтылған сөз. Күлжәмиланың жайын осы Жеңіс туғаннан бері тіптен ұға түскендей. Ет-жүрегің суырылып тұрады екен ғой. Сол қымбатың көз алдыңнан ғайып болса... Құдай-ау, сақтай гөр, мына Жеңіс те Дәнекердей жалғыз екен-ау. Ол да шешесімен қалған, бұл да шешесімен қалды. Осы ойлар келгенде Жанардың зәресі кететін. Келмеуге аяйды, келуге қорқады. Екі оттың ортасы. «Оның беті әрі болсын, құдай-ау, сақтай гөр» деп жалбарынады. Жеңісі, жалғызы үшін жалбарынады. Сонау бір Дәнекерге деген сезімді балаға деген аналық мейірім басып-басып кетеді. Күлжәмиланың сағынышын, қайғысын Жанар сөйтіп ұққан-ды.


Бірде Жеңісті осы үйге ертіп келгісі келіп еді. Бірақ жалғыз атаулыны жұтып қоятын табалдырық секілді көрінді. Өзі-ақ келіп-кетіп жүрсе де болар. Сол табалдырықтан Жеңісін аттатып қайтеді. Уақыт жақсарып келеді. Жеңісінің тағдыры, мүмкін, басқаша қалыптасар. Тыныштық болса екен. Бойда қайрат бар. Біреуден ілгері, біреуден кейін асырар, әйтеуір. Сонау Төлепті жұтқан қыс есіне түскенде тұла бойы тітіреп кетеді. Мықтап сақтады ғой. Сол жолы сақтаған құдай не бопты, әлі де сақтар. Мен байғұсты жасымнан зарлатқаның да жетер, бәріне де ризамын. Ендігі берер бар жақсылығыңды осы Жеңіске бер. Жанардың жатпай-тұрмай жаратушыдан тілейтіні — осы.


Бұл ойлар жерошақ басында тағы да қамалады. Күлжәмила өз баласымен әуре, бұл өз баласымен әуре. Бірі — іште, бірі — сыртта. Екі ананы екі бала туралы батпан ойлар ғана тұтастырып тұрғандай. Айырмашылығы — бірінің үміті өліп, бірінің үміті үдеп келе жатқанында.


Жанар кештің батқанын да білмей қалыпты.


— Мен кеттім ей, ұстаның қатыны,— деген Асылжанның сөзі селк еткізді оны.


— Жолың болсын, мен де қазір қайтам.


Апыл-ғұпыл қолын сүртіп, үйге кірді. Күлжәмила шынтақтап сұлқ жатыр екен.


— Әпке, шам жағайын ба, қараңғы ғой, — деді Жанар.


— Өшкен шамды қайтесің жағып. Үйіңе барып өз шамыңды жақ.


Жанар Күлжәмиланың қарсылығына қарамастан шам жақты.


— Ал, әпке, кеттім мен.


— Ей, Жанар, тоқташы. Мынаны әлгі балаңа берші.


Күлжәмила сандықтың ішінен бір дорба асық алды.


— Ішінде Дәнекер ойнаған сақа да бар.


Ешкілер маңырап бөрте серкені іздеді. Далада, босаға қасына қойылған екі мүйізін иіскеп, пысқырып-пысқырып қалды. Сағал ешкі жер тарпып едірең қақты. Бір сұмдықтың болғанын сезгендей. Айтарға тілі жоқ. Қасындағы шыбышқа қарғып асыла берген қара лақты мүйізімен қағып жіберді. Күлжәмила бәрін байқап тұр. «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық!». Бөрте серкенің барында көз салмайды екен, мына лақтың құтыруын. Кеудесінде орны толмас опық бардай. Еріне басып келе жатқан бөрте елестеді көзіне. Міне, міне, омырауына кеп тұмсығын тығады. Өз-өзінен кеудесін аша берді. Бөрте жоқ. Оның жыбырлаған жылы тұмсығының орнына қойнына суық жел кірді. Бойы да мұздап бара жатты. Өне бойын балбыратып, бір сәт мас қылатын сезім орнына сұп-суық жылан жыбырлап жүргендей болды үстінде. Қораның аузын жаба салып, үйге барып жатқысы келді. Енді ешкім келмесе екен. Осынау қараңғы қапас түнде шын жалғыздықтың не екенін көргісі келгендей. Ауық-ауық үйде пысқырып жататын бөрте серке де жоқ қой бүгін.


Жанар кеткен соң ыза боп шамды өшіріп тастаған. Сипалап келіп төсегін тапты. Көзі ілініп кеткен екен, шымыр-шымыр еткізіп, қап-қара қара ұйық тартып барады. Қарманар бір тал болсашы қасында. Кеңірдегіне жетті, аяғын қозғауға қорқады. Қозғаса ары қарай бата түсетін секілді. Енді бір толғанса болды, бітті. Кеңірдегінен қысып тұрып біреу лақтырып кеп жіберді. Қараса, қарағайдай мүйізімен суырып алған бөрте серке. Мойнынан құшақтап жылап жіберді.


Өз даусынан өзі шошып оянса, түсі екен. Бөрте серкенің бүгін сойылғаны есіне түсті. Өзегі өртеніп кетті. Айқай сап жіберді. Манаты бөрте серкенің бақырғанындай даусы ащы шықты. Өне бойы өртеніп, еті күйіп-жанды. Көрпесін лақтырып тастап тұрғысы келіп еді, буындары қалт-қалт етіп қайта құлады. Еңбектеп бөрте серке күнде жататын жерге келді. Етбетінен құлай тақыр жерді құшты. Ағыл-тегіл болып жылады. Күні бойы буып жүрген ащы сезім бұлқынып сыртқа шыққандай. Бөртенің орнында өзі жатыр.


Бәрі, бәрі көз алдына келді. Дәнекерді үш айналдырып, құдайы малың деп атағаны. Орынбайдың көк төбетінің қапқаны, сондағы шолтаңдап жүгіргені, сол үшін Орынбаймен араз болғаны. Қолынан қант, нан жейтіні. Жыбырлаған ерні, жыпыңдаған көзі...


Одан серке боп есейгені. Қой бастап оқ бойы алдында жүретіні. Қарағайдай боп өскен мүйізі, жылт-жылт еткен жүні, жұп-жұмыр болған жоны...


Орынбай адамнан есті ғып айтушы еді-ау мұның жырын. Қасқыр шапқандағы қайратын. Құлағында әлі сол сөздер:


— Ой-пой, жануарым-ай, мүйізін төсеп тұрып алды дейсің. Бір уақытта шегініп келіп періп жіберіп еді... Қаңқ ете қалды.


Күлжәмилаға үйге қаптап қасқыр келе жатқандай болды. Көлденең тұрған бөртені қорғағысы келді.


— Қайда, қайда? Қамшы қайда?


Төрде ілулі тұратын ақ қамшыны іздеді. Қабырғаға қолы тиді. Жоқ. Әкім ойына түсті. Соған берген екен ғой. Дәнекерден ешқандай белгі қалмапты-ау...


— Әкім, Әкім! Әкелші бері!


— О не, бәйбіше? Шам неге жоқ?


Үйге Нәшекең келді. Сипалап жүріп шам жақты. Ауыз үйде тақыр жерде жатқан Күлжәмиланы көрді. Шашы жайылып кеткен. Әбден шаршап жылаған. Қара жерді қапсыра құшақтап алған. Бөрте серкенің жататын жері. Қолтығынан сүйеп түп үйге төсегіне әкелді. Ортада аласа үстел, оның үстінде бір кесе, бір пышақ және бөрте серкенің мұжылған басы тұр екен. Нәшекең оны терезе алдына қойды да, ескі орамалмен жаба салды. Бір сойқанның боларын мана күндіз-ақ сезген-ді. Түсі бұзылып, қайта-қайта қаны қаша беріп еді. Аузына бір түйір ет те салмағанын көрген. Баладан қалған жалғыз белгі, ең соңғы үміт-ілгішегі бұл серкеден де айрылғанына күйзеліп отырғанын іші сезген еді. Іңірде әдейі соққан-ды, құлазып, жылап отырған жоқ па екен? Тап солай болып шықты.


Күлжәмила ұзақ үнсіз жатты.


— Нәшеке! Неге келдің? Өліміме бөгет болдың ғой.


— Тек! Олай демеңіз, бәйбіше! Дәм таусылмай өлмек жоқ.


— Дәнекер аман келіп...


Күлжәмила Нәшекеңнің сөзін бөліп жіберді.


— Айтпа, айтпа оны! Алдамаңдар мені. Қолыңнан келсе, ақ өлімді әкел маған. Құдайдан емес, сенен сұраймын. Құдай менімен егесіп алған. Өлімін де қиғысы келмейді.


Нәшекең бұл дүниеден күдер үзіп, ашынған адамды көрді. Алдандырмақ болды, ананы айтты, мынаны айтты. Колхоздардың іріленіп жатқанын айтты. «Бұл арадан көшетін болдық» деді. «Жаңа қоныста алдымен әскер семьясына, соның ішінде саған әдемілеп үй саламыз. Ой-хой, мынадай тоқал там емес, төбесі шифрлы, терезесі үлкен, алдында шыны бөлмесі болады».


— Қай мезгіл? — деді Күлжәмила жаңағы әңгімеде шаруасы болмай.


— Елдің алды енді жата бастады.


— Таң атып қалған екен десем... Қой, тынығалық. Шаршап қаппын. Менің қайбір ұстамай жүрген қояншығым. Нәшеке, алаң болмаңыз. Рахмет. Кіршіксіз пейіліңізге әрқашан ризамын. Құдай сені жылатпасын. Үйіңізге барып демалыңыз.


Бұл сөздерден Нәшекең «е, сабасына түсті» деп ойлады. Тыныш ұйқы тілеп, шығып кетті.


Нәшекең кетісімен жүрегі қайтадан тарсылдап соға бастады. Кеудесін тағы да үрей кеуледі. Үйде жанып тұрған шам ғана ес. Қабырғалар қозғалып көшіп бара жатқандай болды. Біресе бір-біріне жақындайды. Міне, енді-енді қысып қалады. Уықтар шатыр-шатыр еткендей болды. Күлжәмила сүріне-жығыла орнынан тұрды. Бөрте серке де қысылғандықтан, ауыз үйде бақырғандай болды. Жануарды далаға шығарып жібермекші. Нәшекеңді шақырып, жолдан қайтармаса болатын емес.


Аяғында қоңылтаяқ киген кебісі. Иығына шапанын желбегей жамыла салды. Қалт-қалт етіп есік жаққа әрең келе жатыр. Ауыз үйге шамның жарығы үзіліп қана түсіп тұр. Сыртқы есікті ашты. Күздің салқын желі шапанын желбір еткізді. Бөрте серке шалғайынан мүйізімен іліп қалғандай болды. Жалт қарады, қараңдап бірдеңелер жүгіріп өтті. Көзін сүртіп тағы қарады, енді ештеңе көрінбейді. Бұл бүкшеңдеп шыққанша, Нәшекең де ұзап кетсе керек. Көрінбеді. Ай бұлтқа бір тығылып, бір шығып тұр екен. Оның жүрісі де өзінің жүрегінің соғысындай шапшаң. Бұлтқа асығып кіреді, асығып қайта шығады. Шыққан кезде төңірек жап-жарық.


Қораның төбесіне көзі түсті. Жалтырап бірдеңе жатыр. Бөрте серкенің терісі. Көзін баса қалды. Үйге тұра қашқысы келді. Жалма-жан бұрылып еді, екі босағаға кезек соғылды. Біреу кеңірдегінен алып түйіп-түйіп жібергендей болды. Сасқанда адамның өз аяғы өзіне бөгет екен ғой. Оның үстіне бір кебісі түсіп қалды. Оны іздеуге мұршасы жоқ, апыл-ғұпыл үйге кірді. Босағада тұрған бөрте серкенің мүйізіне сүрінді. Ұшына қолы тиіп еді, шошып кетті. Салдыр етіп мүйіз жерге құлады. Сасқалақтап шам тұрған бөлмеге қашты. Қабырғаға сүйеніп әрең келеді. Тізелері дір-дір етіп, біресе суық қабырғаға соғылады, біресе шапанына оралады. Қолымен сипап жылжыған сайын, қабырғалар көрдей көрінеді. Өз денесі өз үйінен шошып тұр.


Жылжи-жылжи терезе алдына келді. Нәшекең жөндеп қондырмаған ба, шамның пөзірі қарайып барады екен. Сонау ұшынан басталған күйе түбіне қарай ұлғая түсіпті. Өз көңілі де тап сондай қарайып бара жатқан секілді. Оты өшер үйдің сөнер шамына ұқсайды. Бөрте серке кейде осылай шам жанып тұрғанда күйіс қайырып жарықтан көз алмай жатушы еді. Ауыр мүйізді басын шайқағанда салалы сақалы жалт-жалт етіп тербелетін. Дәнекердің кішкене кезінде бесігінің басында бір шоқ үкі болатын. Бөрте серкенің сақалы соны еске түсіретін. Тербегенде шайқалатын сол бір шоқ үкідей, күйсегенде бұл да әдемі, ақырын ғана қозғалады.


Шам қарайып барады, бөрте серке де күйісін тоқтатып көзін жұмды. Ақшылданып ауыз үйде бөлменің тең жартысын алып жатыр. Тізелері сыртылдап тұрайын деді ме қалай, арт жаты дөңкиіп көтерілгендей болды. Түннің бір уағында тұратыны болатын. Зор сындырғысы келгені ол. Күлжәмила өзіне үйреншікті тайпақ шөңкені астына қоятын. Тосып алған баладай зәрін далаға төгіп кеп жататын. Бұған бөрте серке де үйренген, Күлжәмила да үйренген. Сол мезгіл болып қалған ба, тұрайын деді ғой. Күлжәмила бұрыла беріп еді, қолы терезе алдында тұрған орамалға тиді. Орамал сырғып жерге түсті. Көз алдында күндіз мұжылған бас. Бөрте серкенің басы. Сойылғаны, ет болғаны есіне түсті.


Шошимын деп құлап қалды. Екі көзі терезеде. Қарайып бара жатқан шам сөнсе екен, көрмесе екен ештеңе. Қасақана үйдің іші жарық бола түсті. Кеңсірігі алынып, екі көзі ойылып, алды да, арты да үңірейген бас зәресін алды. Бөрте серкенің енді қайтып оралмасына көзі жеткендей. Көңілі құлазып кетті. Неге сойғызды, бүйтіп неге азапқа салды? Артында қалғаны-ақ жақсы еді ғой. Өзі өлгенше ес еді, Дәнекердің өзі болмаса да көзі еді!


Бөртені қолынан сойғызып, Дәнекерді де қолынан бауыздатқандай болды. Әлгі үңірейген бастан қорқып төрт тағандап төсегіне қашып келеді. Тарс бүркеніп басын жауып алды. Қараңғыда жатса да екі көзін жұмып алған. Пәле, үрей атаулыны қаптататын сол көзі секілді.


Шаршағаны ма, ұйқы ма, мең-зең әйтеуір. Денесі айнала түгел ине шаншып қойғандай тыз-тыз етеді. Шеке тамырларының соғысы ат шапқандай естіледі. Қазір тарс етіп жарылып кететіндей. Басын мәңгіртіп әкетіп барады. Өңі екенін, түсі екенін білмейді.


Екі қолы артына байлаулы, мектеп үйінде аласұрған Ерден жатыр. Балалар терезеден қарап сақ-сақ күледі. Оларды қуып жібермекке жетіп барды. Қараса, байлаулы жатқан — Дәнекер. Бетін көрсетпей теріс қарап бұға берді. Терезені періп жіберіп, қарғып ішіне түсті. Ар жағында омырауы толған орден, ақсия күліп Ерден шықты. «Апа, айыбымды өтедім. Тіпті орден де тақтым» деп көкірегін соғады.


— Дәнекер қайда?


— Әне, әне бұғынып тұр. Сіз қайтер екен дейді.


Төлеш екеуі ақсаңдап шыға келді. Арттарында арсылдаған көк шұнақ иттер. Таяқтарын сермелеп екеуі де жанталасып жатыр. Төлеш құтылып кетті, Дәнекер иттердің астында қалды. Сойыл алып тұра ұмтылды, иттер тоз-тоз боп қашты. Баласын бас салды, жым-жылас жоқ. Орнында бөрте серкенің жаңағы мұжылған басы жатыр. Үлкейіп барады, үлкейіп барады, әлгі бас дәу жартастай болды. Асты үрейлі үңгір. Қап-қараңғы. Ар жағында аю бардай жақындауға қорқады. Түбінен бір жарық көрінді. Аюдың жалтыраған көзі сияқты. Самаладай шам жанды. Асынған мылтықтары бар, қол ұстасып Келбет пен Дәнекер шықты. Аяқтарының ұшына дейін сүйретілген шинельдері судай жаңа. Бастарында салпаң құлақ шошақ қалпақ. Ауылға әскерден келіп жатқандардай емес, бұлардың киімі бөлек, қол-аяғы бүтін.


— Күнім, зарықтырған жарығым!


Құшағын жая ұмтылды. Келбет алдына бөрте серкенің терісін төсеп жіберіп еді, тайып құлап қалды. Тағы да жым-жылас, Дәнекер жоқ. Әлгі тері мұхит боп кетті. Сол мұхит жұтты ма, жоқ, әйтеуір... Келбет жағада тұрып сақ-сақ күледі. Дәнекер артында тығылып тұр. Шешесінің тұншыққанына ол да мәз.


— Әнеукүнгі өлеңіңізді айтыңыз. Сонда мына су тартылады. Балаңызға жетесіз.


Аузына түссеші. «Ой, сығыр, құдай-ай. Сен қайбір маған болысқансың. Тілімнің ұшында тұрғанын қарашы. Жіберші, байламашы тілімді!».


Көрпесін жұлып алса, қан сорпа боп терлеген екен. Шамның бір бүйірі әлі қараймапты. Соның өзінен үйдің іші алакөлеңке жарық. Тізесі дірілдеп орнынан тұрды. «Көрдім ғой, жарығымды. Айдын мұхит арамыздағы ұзақ жылдар ғой. Ауылға келген Келбеттің қасында жүр. А, құдай! Тіл-аузымнан тапқан екем. Келеді екен, тіпті қасына келдім. Кешір, Алла, есі кеткен пендеңді. Мың да бір құлдық өзіңе». Өз-өзінен сөйлеп жүр, сөйлеп жүр. Сандығын ашып, үстіне таза көйлек киді. Камзолын, жаңа байпағын киді. Күндігін тартуға көп уақыт кетті. Саусақтары дірілдеп, икемге әрең көнеді. Шапанын киіп белін буды. Дәнекердің суретінің жанында ілулі тұратын айнаға алакөлеңкеде көзі түсті. Жүзі нұрланғандай секілді. Айнаның қасында сурет. Өзінің Дәнекері. Жар дегендегі жалғызы. Күндей күліп тұр әншейін. Жаңағы түсіндегі түрі де тап осындай. Қолын соза береді.


— Жарығым, жалғызым! Зарықтырған құлыным! Өзіңсің ғой, өзіңсің ғой, күнім!


Портретті алып бауырына басты. Шөп-шөп еткізіп сүйді. Өз ернінің қызуы ма, сурет бетіндегі суық әйнек баласының ып-ыстық бетіндей боп тиді аузына.


— Апа, сүйінші! Бөрте серкені сойдың, Дәнекерің келді! Сүйінші! Сүйінші!


Соғыс біткен күні далбалақтап шауып келген Асқарбайдың өзі. Астында ауыздығымен алысқан қоңыр төбел.


— Ал, сүйіншіңді, жарығым. Мұны білгенде бөртені баяғыда-ақ соятын едім ғой.


Есікке қарай анталап келеді. Өйткені, Асқарбайдың даусы сол жақтан шықты. Бауырындағы Дәнекердің көзіне көзі түсті. Буыны құрып барады. Ойпырмай, бір сүюге де әлім келмей ме деп қорқады. Қазандыққа сүйене келіп шөкесінен отырды. Дәнекердің күлім қаққан көзі, қыр мұрыны, тіп-тік екі иығы... Өз баласы, езінің өзегін өртеген Дәнекері. Көктегі күні, аспандағы айы. Бүкіл өмірі, тіршілігі! Емірене сүйгісі кеп құшағын жайды...


— Сөзімде тұрдым. Бір көрсет деп ем ғой. Көрдім! Енді алсаң, Алла, ризамын.


Омырауын ашып, кеудесіне баласын қыса түсті.


Сағыныштан, зарыққаннан есі ауып кеткендей болды...


...Мал өріске шығар уақыт болса да Күлжәмиланың үй жағы тым-тырыс. Есік алдында ешкілер көрінбейді. Нәшекеңнің жүрегі зу ете қалды. Аман болса жарады. Кеше өте бір қиын халде көрген сияқты еді.


Ешкілер қораның есігін сындырардай тыпыршып тұр екен. Ашып қалғанда бірін-бірі кимелеп топырлай шықты. Жапатармағай шуылдап, маңырап қоя берді. Нәшекеңнің құлағы тұнып кетті.


Ауыз үйдің есігі шалқасынан ашық. Алдында сыңар кебіс жатыр. Кебіс жатқан жерге келгенде Нәшекеңнің көзі қора төбесіндегі бөрте серкенің терісіне түсті. Сиырдың терісіндей үлкен екен өзі. Жел қағып, күн тиіп, беті қабыршақтанған.


«Алтын апам! Менен хабар үзіліп, екі көзің төрт болып жүрген шығар. Аманмын, тірімін. Алдымен айтарым осы. Бұл соғыс кімді айырмады, кімді жылатпады, шыда! Тұтқында болдым, одан қашып шықтым. Қазір партизан боп жүрмін. Тұтқында, жау тылында талай сұмдықты көрдік. Ақ шашынан сүйреп, аналарды азаптаған ең жиіркенішті жауыздық екен. Сондай жаудың соңғы солдатына дейін құртқың келеді. Хабарсыз жүрсем де, қарап жүргем жоқ, кеудемде қайнаған кек.


Бұл хатымды аларыңа да көзім жетпейді. Өзіміздің елмен қатынас өте қиын. Дегенмен «үмітсіз шайтан ғана» демекші, бір қисыны келіп, жіберіп қалам ба деп жазып отырмын. Қайратты едің ғой, қажыма, шыда! Амандық болса, әлі-ақ көрісерміз, апа!


Жан анам, алтын анам, аяулы анам,


Тозақтың отында жүр туған балаң.


Бәрі де бір күнгідей болмас еді,


Өзіңді отбасынан көрсем аман!».


Міне, Дәнекердің аманаты дегенім — осы.


Келбет солқылдап жылап тұрған жұртқа қарады...


Жанар да жылап тұр екен. Өңі ескі тартып, мосқалданып қалыпты. Бір кезде ол дауыс салды. Сегіз-тоғыз жасар баласы шешесін аяп жаутаң қағады. Аумаған Дәнекер. Сойып қаптап қойғандай. Келбет өз көзіне өзі сенбеді. Ақжарқын, әдемі келіншек еді. Дәнекердің оған қызыққанын ешқайсысы айып санамайтын. Мына тағдырды қара. Өзі де көз жасына ие бола алмады. Келбет жылаған соң жұрт одан әрі елжіреді.


Күлжәмиланың сүйегін салған арба жылжи бергенде Келбет:


— Тоқтай тұрыңдаршы! — деді.


Манағы сарғыш тартқан хатты төрт бүктеп, арба үстінде ақ киізге ораулы жатқан ананың басының астына қойды.


Басында жазған хаты, қасында Дәнекерінің жансыз суреті... Ауыл болып аяулы ананы ақырғы сапарға шығарып салды...


ЭПИЛОГ


Нәшекең ерте тұрыпты. Өзі жатқан төсекті бүктеп, жиып қойыпты. Жуынып-шайынып алғанға ұқсайды. Бүгін қайтпақшы. Алматыға дәрігерге көзін қаратуға келген екен. Қолымнан келген жәрдемімді көрсеткем. Көзілдірігін киіп, газет қарап отыр екен. Аппақ қудай шал. Газет. Тосын, бірақ жан тебірентерлік көрініс! Фотоаппарат болса, қолма-қол түсіріп-ақ алатын. Өте сирек кездесетін этюд шығар еді. «Құмарлық» деп пе, «Әлем тамыры не деп соғады» деп пе, әйтеуір қалауыңша атауға болады. Аппарат болмаса да, жүрегіммен түсіріп алдым. Осы кісіні, осынау шүйкедей шалдың әңгімесін кеше жүрегіммен, аса бір ыстық ықыласпен тыңдадым.


Мені көрісімен тым тұқырып кеткен аппақ басын көтеріп алды.


— Құр кеуде, әйтеуір. Баяғыда сауатсыздық жойған кезде қара танып қалғанымыз бар. Ескіше біраз оқып ем. Сонымның пайдасы тиді. Тез хат танып кеттім. Соғыс кезінде оным әжептәуір әжетке жарады. Қойма ұстадық, завхоз болдық, бригадир... Әйтеуір, қарайып жүрдік қой. Қазір көз жөнді көрмейді, нашар. Мынаның бәрі бұлдырап тұтасып кетеді.


Нәшекең қолымен газетті көрсетті.


«Әйтеуір, қарайып жүрдік қой». Жоқ, бәрімен келіссем де, бұл сөзімен келісе алмаймын. Ол — сол бір қиын кездің ірі тұлғасы, сұңғыла шежіресі. Соншама жылдан соң қандай дәм айдап келді екен біздің үйге? Талай жыл ашылмай жатқан аса бір асыл кітапты оқығандай болдым-ау. Нәшекең айтпақшы. Бірге ере кеткім келді. Балалықтың осынау асыл да ауыр жылдары өткен жерді әр бұтасына дейін түгелдеп қайта көрсем... Ол бұталар ширек ғасыр бойы жаңарып, ширек ғасыр бойы қайта жасарып өссе де, мынау менің көңілім секілді сол бір жылдарды ұмыта қоймаған болар. Ширек ғасыр неше мәртебе шешек атса да, қырдың қырмызы гүлі сонау бір соғыс біткен жылдағыдай әлі әдемі ырғалып тұрған шығар. Қыр көріп, гүл керіп жүріп, сол бір жылғы әсем төскейді әлі кездестіре алғам жоқ. Мүмкін, ол көңілден шығар. Бала көңіл болса да сол суретті ұмытпастай есте қалдырған екен. Ерекше болатыны сондықтан шығар.


Нәшекеңмен бірге барып сол төскейді, сол жерлерді қайта араласам. Бұл кісідей кім айта алады, бұл кісі енді қанша жасайды?! Ой, қаншама уақытты бос өткізіп алғам! Нәшекеңнің кешегі қиссасын бұдан бірнеше жыл бұрын айтқызсамшы. Иә, қисса деп қателесіп отырғам жоқ. Қисса тыңдағандай сүйсініп, қисса естігендей тебіреніп отырдым. Өмірдің ол бір шағы ұрпаққа әлі-ақ қиссадай болады. Жоқ, кеш айтқыздым деп өкінбеймін. Кетейін бірге, көрейін тағы көзіммен. Нәшекеңдей шежіре енді кездесе ме, жоқ па?! Жұмыста екенімді де ұмыттым. Кеттім еріп Нәшекеңмен. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?». Ауылда жүрмін.


Әрине, бүгінгі ауыл — басқа. Кешегі тоқал тамдардың бірі де жоқ. Су тапшылығы «Алғабасты» ақыры Көкиірімнің қойнына қарай әкеп тығыпты. Төбесі шифрлы шағаладай аппақ үйлер. Бұрынғы мектеп, бұрынғы кеңсе емес. Олардың бәрі көп қатарлы болып кеткен. Самаладай электр шамдары, саңғырлаған радио. Ауыл бейнесі, адам бейнесі өзгеріп кеткен. Жеңіс атты жігіттер не деген көп.


Нәшекең өз үйіне тарт деді. Мана станциядан алдымыздан шыққан Мұқажан машинасын шеткі үйге бұрды. Сонау жылғы он бес жасар Мұқажан. Оқу бітіріп, мұғалім бопты. Былтырдан бері совхоз жергілікті комитетті басқаруды тапсырыпты. Мына жеңіл машина өзінікі. Нәшекең қоярда-қоймай алғызыпты. Мана ол кісі арт жақта қалғып отыр еді. Мұқажан екеуміз сөйлесіп келеміз. Ойға кетем. Бұл өмір қызық өзі. Сонау жылдары колхоздың бір жағын еңсеріп әкесі жүрсе, бүгін совхоздың бір жағын еңсеріп баласы жүр...


Менің алдымда өзімнің балам Нұртас отыр. Ауылды көрсін деп әдейі ертіп келем. Оның ойында түк жоқ. Станциядан шығысымен басталған шағыл-шағыл құмдарға таңырқай қарайды. Оған бәрі таң. Құм да таң, жолды кесіп өткен кесіртке де таң. Анда-санда аспаннан сорғалаған құс та таң. «Анау қандай құс?» деп сұрайды. Даладағының бәрі таң бұған. Қалада өскен бала ғой...


— Әне, түйе, түйе, — деп айқай салды.


Нәшекең оның даусынан оянып кетті. Машинаны әдейі тоқтатты. Түйелердің қасына бардық. Нұртас ботаны көрді. Оның жұмсақ жүнінен сипады. Нәшекең екі өркешінің арасына отырғызды. Нұртас ботамен, бота Нұртаспен ойнағысы келеді. Екеуінің көзіне көзім түсті. Ботаның да, Нұртастың да көзі мөп-мөлдір, тұнық. Алаңсыз, еркелік мол жанарлары жалт-жалт етеді.


— Сонау жылғы сары інгеннің ұрпақтары бұлар, — деді Нәшекең.


Сары інген, сарғайып өткен бір жылдар түсті есіме. Бойым дір ете қалды. Нұртас биыл он екіде. Соғыс басталған жылы мен де тура он екіде едім. Өз ойымнан өзім шошып кеттім. «Осылар көрмесе екен, осылар білмесе екен сондай сұрапылды...».


— Мына жол есінде ғой. Теңге үшеуміздің астық тартқан жолымыз, — деді Нәшекең.


Жаңағы бір суық ойды бөліп жібергеніне қуандым. Мұқажан машинасын зырлатып келеді. Алдымыздан машинаның екпінімен әдемі самал еседі. Сонау жылдары екі қонып жеткен жерге екі сағатта жетіп келдік. Жол қысқарған ба, жоқ әлде...


Нәшекеңнің қорасында бықынған қаз-үйрек. Гаражға дейін асфальт төселіпті. Ауланың түпкірінде баяғыда жылқы қора тұрушы еді. Шабдар бие тұратын. Енді тап сол жерде гараж. Мұқажан машинаны гаражға әкетті. Нәшекеңді «аталап» келіп төрт-бес бала бас салды. Немерелері... Нұртас солармен ойнап кетті.


— Осыдан екі үйден соң Төлеп ұстаның үйі. Әне, жұмыртқадай әдемі болып тұр. Жанарды білесің ғой. Бәрі соның еңбегі. Баласы да ержетті, оқу бітірді. Бірақ мұнда емес.


Ауыл шетіне көзім түсті. Шаңқандай ақ бейіт тұр. Күлжәмила кемпірдің бейіті. Анау жылдары студент кезімде көргенде де осындай аппақ еді. Сол қалпы.


Бөрте серке, Күлжәмила, Дәнекер... Сонау бір жылдардағы ауыл өмірі. Ақ бейіт бәрін еске түсірді. Сол бір кезеңдегі шыдамның, шыңдалудың, ауырлықтың, арманның, ақ ниеттің, тарытудың, зарығудың ескерткіші сияқты ол маған.


— Күлжәмиланың бейітіне қарап тұрсың ба?


— Иә,— дедім Нәшекеңе күрсініп.


— Әкім осы ауылға көшіп келген. Қазір үйлі-баранды. Жыл сайын ағартып, жаңғыртып тұрады. Ол бейіттің салынғанына да, міне, қаншама жыл, сол қалпы.


Іштей Әкімге риза болдым. «Зиратты жаңғыртпайды деуші еді ғой» қазақта. Әкім жыл сайын ақтап, жаңғыртып тұрады екен. Онысы өте дұрыс. Сол бір жылдар көнермесін көңілде.


— Папа! Папа! Анау үй кімдікі? Неге оңаша тұр? — деп сұрады Нұртас.


— Ол — зират, балам. Осы ауылда Күлжәмила атты ардақты ана болған...


— Жақында өлген бе?


— Жоқ, осыдан жиырма бір жыл бұрын...


— Бейіті жаңа ғой. Ол кісі қандай кісі болған?


Баламның білгісі келеді... Күлжәмила ғана емес, мына Нәшекеңді де білсін. Шүйкедей дәрменсіз шал деп ойлайды ғой ол қазір. Нәшекең кәрілікке берілсе, енді ғана берілді, ол кезде...


Ол кезде үлкен тұлға еді. Менің жүрегімде әлі солай. Баламның жүрегінде де солай боп қалсын. Осы ауылдың да өткенін білсін ол. Осынау дала да, далада орнап жатқан қала да дәл осы қалпында тұра қалған деп ойлар. Адамдар машинаға мініп туған деп жүрер. Өгіз, түйе, жылқы зоопарктің ғана түлегі деп ұғар. Олардың да кезінде қандай тұлға болғанын білсін. Жазайын! Мынау ауыл шетіндегі көнермей тұрған ақ бейіттің тарихын білсін. Менің көңілімде ол күндер қандай көнермесе, баламның көңілінде де сондай көнермесін.


Сол бір жылдар жүрегімде дәл қазіргідей суымай тұрғанда жазайын. Нәшекеңе, оның үйіме келгеніне рахмет. Ол кісіні көрген кездегі сезім, тыңдаған кездегі тебіреніс қайта оралып келе бермес. Шүйкедей шал шынымен шабытымды оятып кетті ме? Рас па? Жазайын онда, жазайын. Қайда қаламым? Сия құйшы сауытқа...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу