09.10.2021
  445


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Туған жер, түтінің де ыстық сенің

1. Күтпеген шақыру


Амангелді қолындағы қағазға қайта-қайта қарай берді де, келіншегі Зәуреге:


— Мынау ойда жоқ нәрсе, аудандық партия комитеті мен аудандық Совет атқару комитеті бізді есеп беруге шақырып жатыр, - деді.


— Қай аудандық партия комитеті? Қандай есеп? — деді Зәуре тандана.


— Өзіміздің туған Сарқан ауданымыз. Міне оқы. «Сарқан ауданы еңбекшілерінің алдында жерлестерінің творчестволық есебі». Күн тәртібін көрдің бе?


— Мынау жаңа нәрсе екен, — деді Зәуре.


— Болатқа, Хұсайынға телефон шалып көрейікші. Олар шақырылды ма екен? Амангелді әрі абыржып, әрі біртүрлі қуанғандай боп кетті. — Туған жердің мынасы жақсы инициатива ма деп тұрмын.


Болат пен Хұсайын да шақыру алғандарын айтты.


— Шеттемесін, елі, жері алдында әрқашан қарыздар екенін ұмытпасын дегені ғой.


Қызулау сөйлейтін Болат бұл пікірді бірнеше қайталады.


...Алматыда жүрген жерлестерінің келісімін алған соң енді «әбігердің» ауырлығы «Бакалы» совхозына түсті. Совхоз директоры Азамат Сәрсенбаев пен партком секретары Серік Ілиясов ауыл азаматтарын бірнеше рет жинады.


— Өзімізден шыққан түлектеріміздің басын қосып шақырғанымыз жақсы. Олар есеп берсін дейік, ал өз айтарымыз бар ма, көрсетеріміз қайсы?


— Оңаша келіп жүргенде байқалмайды екен. Міне бір ғана совхоздан жеті ғалым кандидаты, әйелдерімен тоғыз кандидат, екі профессор. Оу, бір жоғары оқу орнын ашып жіберуге бола ма деймін, — деп қалжыңдады Серік. Қалжың қалжыңмен, жақсылап дайындалу керек. Совхоз коллективіне бұл үлкен бір ой саларлық дүние болғалы тұр меніңше. Ешбір боямасыз, біз де барды бардай, жоқты жоқтай айтайық.


Айтпақшы, деді сөзге араласқан совхоз директоры, — жерлесіміз Амангелді Бекбаев жазушылар Бақытжан Момышұлы мен Зейнеп Ахметованы ерте келсем қайтеді, — депті.


— Зейнеп Ахметова Бауыржанның келіні емес пе. Әлгі «Шуақты күндерді» жазған сол ғой, деді отырғандардың бірі.


— Мен майдангермін. Бауыржанның өзін көрмесек те ұрпағын көріп қалайық. Келісім беру керек, — деді соғыс ардагері Әбдікәрім Серікбаев.


Аудандық партия комитетінде болған бір әңгімеде «біздің ауылдан шыққан оқығандар көп» деген сөздің мынадай үлкен идеологиялық шараға ойысатынын Серік алғашқыда аса байқай қойған жоқ еді.


— Ал ағайын, «тас түскен жеріне ауыр», ендігі әңгіме бізде.


2. Азаматына қарап, ауылын таны


Июль айының орта кезі. Совхоздың жаңадан салынған «кафесі». Алматыдан келгендер айналасына таңырқай қарайды. Астанадағы әдемі кафелерден ешбір кемдігі жоқ. Бүгінгі заманғы «Бар» дегені де бар, музыкасы да ойнап тұр. Мұнда соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесу болмақ. Ауылдың кешегі тарихы, ары олар. Кафе көп кешікпей келгендерге лық толды. Кездесуді Сарқан аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі секретары Перелевская Любовь Борисовна ашты.


— Бүгінгі бас қосуды «қымыз басындағы қызықты әңгіме» десек те болар. Алдарыңызда осы совхоздан әр жылдары түлеп ұшқан өз балаларыңыз. Олардың не істеп жүргенін біз білейік, біздің не істеп жатқанымызды олар білсін. Келіндеріңіз де келіп қапты. Көбіңіз көріп жүрсеңіздер де, келген жолдастарды таныстыру үшін сөз осылардың көбінің ұстазы, соғыс әрі еңбек ардагері Тоқбура Ахметовке беріледі.


Тоқбура Ахметов: Мен қатты толқып тұрмын. Осы келген азаматтардың сәби шақтары, мектепте оқып жүрген кездері менің көз алдымда өтіп еді. Алды осындағы мектептен соғыстың сонау ауыр жылдарында оқыды. Қазір бірі жазушы, бірі ғалым. Қандай ғанибет. Ұстаз бақыты — ұрпағында демекші, бұларды бүгінгі дәрежесінде кергеніме қатты тебіреніп тұрмын. Дауысымда да діріл бар ма, қалай. Дегенмен, келген түлектермен таныстырайын.


Тоқбура маған қарады. Мосқал тартқанмен, дауысында — сол баяғыда біздерге сабақ беріп жүргендегі өрлік, қадап - қадап, нық - нық сөйлеп тұр. Майданнан бір аяғынан ақсап балдақпен келіп, бізге математикадан сабақ берген еді. Осы кісіге қарап, көбіміздің математик болғымыз келетін. Содан педагогика институтының математика факультетін сырттай оқып бітірді. Бұл күнде бес-алты баланың әкесі, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, «ата» деген атқа да ие болған. Алпыстың алтау да ие болған. Алпыстың алтау келсе де, ұстаздықтан қол үзгеніне бір жыл ғана болыпты. Аяулы ұстазды мектеп те көпке дейін жібергісі келмейді ғой.


Ұстазым ғана емес, мына отырған қарттардың басым көпшілігі маған таныс. «Ызғар» романындағы жастық осылардың жастық шағы, бейнет осылардың бейнеті болатын. Басты кейіпкер Нәшеннің баласы Мұқажан да қарттар қатарына қосылып қапты. Әне ол да отыр. Көз алдыма осы ауылдың болат тірегі сияқты болған Нәшекең елестеді. Бірақ ол қазір бұл дүниеде жоқ. Еркектен Нәшекең, әйелден Теңге маған сол бір жастық шақта қартаймайтын, оларды кәрілік ала алмайтындай көрінуші еді. Соғыс жылдары шындаған майыспас емендей елестейтін. Теңге де міне сексенге келген. Ауыл түлектерімен жүздесуге ол да жетіпті.


Біраз уақыт бұл маңда болмағаныма қысылғандай. Қат-қабат жұмыс, үш мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына сайлаған халық сенімі басқа жерлерде көбірек болуға, аманат атты жүкті адал арқалауға мегзеп, туған ауылдан жырақтау ұстапты. Мынау шақырудың бағасы мен үшін арта түскендей. Соғыс жылдары қайыспаған емендердің мәуелі бұтағын көрудің, олардың тірісі мен жүздесудің сәті түсіпті. Ұстазымның жаңағы қарасы маған соны аңғардың ба дегендей.


— Сөзімді одан әрі жалғайын, — деді Тоқаң біраз тебіреніп алғаннан кейін. Келініміз Орынша Қарабалинаның ұстаздық жазбаларымен де таныспыз. Амангелді Бекбаев — техника ғылымының кандидаты, доцент, технология институтының автоматика және есептеу техникасы кафедрасының меңгерушісі, ол үйдегі келініміз Зәуре Сариева Алматы медицина институтының доценті, медицина кандидаты, Хұсайын Рсалдинов - филология ғылымының кандидаты, Алматы шет тілдері институтының кафедра меңгерушісі, доцент, Болат Болсамбеков — экономика ғылымының кандидаты, Алматы Жоғары партия мектебінің доценті, ол үйдегі келініміз Күләш Болсамбекова С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде істейді, химия ғылымының кандидаты, доцент, төрт ғылым кандидаты Болат Ысқақбаев, Тұрсын Сыдықов, Өркенбек Құрманғалиев, Тілеуқажы Ғалиев, профессорымыз — Ақтөбе педагогика институтының ректоры Мұхтар Арынов жұмыс бабымен келе алмай қалыпты. Ал енді менің жыға танымай отырғаным — Сәкен Дәрженов, тарих ғылымының докторы, профессор. Бақытжан мен Зейнепті де жерлесіміз деуге толық хақымыз бар. «Ызғар» романы Бақытжанның аудармасы арқылы орыс қауымына жетті. Олардың арнайы келуі бұл кездесуімізге ажар беріп тұр деп айтар едім.


Сәкен Дәрженов: Құрметті ағайындар, жаңа Тоқаңның мені жыға танымаймын дегені дұрыс. Мен төрт жасқа толмастан әкем осы өңірден майданға кетіп, содан қайтпай қалыпты. Шешемнің соғыс жылдары көрмегені жоқ. Ақыры Қырғызстаннан бір-ақ шықтық. Сонда оқып, сонда тәрбиелендім. 27 жасымда ғылым кандидаты, 32 жасымда ғылым докторы болдым. Қырғыз ағайындарға ол тәрбиесі үшін мың да бір рахмет. Бірақ туған жер сағындырып тартты да тұрды. Ақыры жетпісінші жылдары өз республикама келдім. Жаңа далада қарттармен әңгімелескенде қатты тебірендім. Ақсақалдардың біразы менің әкем Базылбайды, атам Құттыбайды білетін болып шықты. Олардың туып, өскен жері, басқан топырағы осы Сарқан, Бөрлітөбе өңірі. Мен тарихшымын. Тарих деген ұрпақтар жалғасы. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі кездесудің үлкен мәні бар. Аудандық партия комитеті өте дұрыс ойлап, тапқан. Бүгінгі бас қосудың мына біздер — шеттеу жүргендер үшін мәнісі тіпті баға жеткісіз. Тамыры солған ағаш алма бермейді. Ал бізге мәуелі бақ керек.


Осы бір ой ұрпақтар сабақтастығына, бүгінгі жастар тәрбиесіне, жастар үшін ақсақалдардың жауапкершілігіне ойысты.


Хұсайын Рсалдинов: Мен жоғарғы оқу орнында істеймін. Әр жақтан, әр мектептен келген жастармен кездесеміз. Олардың біліміне баға қоямыз. Баға қоя алмайтын бір көрсеткіш бар. Ол адамның парасаты. Ал парасат бесіктен бала-бақшадан, мектептен қалыптасады. Сіздер еңбектің процентімен, біздер үлгерімнің процентімен жүре берсек, еш процентке сыймайтын адамгершілік, рухани байлық дегенді естен шығарып алуымыз мүмкін. Ол байлықты мына сіздерге қарап, мына біздерге қарап анықтайды. Ауылға келе жатқанда, мені осы бір ойлар көп мазалады. Бар процентті жасайтын басты көрсеткіш — адамдыққа қылау жуытпағанға не жетсін. Егер ауыл еңбекқор ма, қарттары қартша, жастары жас сұлу мінез көрсете ме, болмаса тентегі көп, тегін табысқа бейім, ауырдың үстін, жеңілдің астын қалай ма, қит етсе, «домалақ арызға» үйір ме, ұйыған татулықтан гөрі ұрыс-жанжалға әуес пе — осының бәрі сол көрсеткішке келіп тірейді. Ауылына қарап адамын таны деген сөз бекер айтылмаған. Өзіміз де ойланып, өздеріңізге де сол қырдан көз тастауға келдік.


Яков Артемович Левченко: Бұл жиын мені қатты қызықтырып отыр. Мазмұны жағынан ешбір жиналысқа ұқсамайтын бас қосу ма деп тұрмын. Көкөзек МТС - і болғаннан бері осы өңірдің өмірі, адамдары көз алдымда. Мына Амангелді мен Хұсайынды бала кездерінен білем. Біздер механизатор болып дүрілдеп жүргенде бұлар мектеп оқушылары еді. Енді ғылымның жалынан мықтап ұстапты. Сендердің қатарларың үлкен адам кездессе, қалпағын алып, сәлем бермей өтпеуші еді. Өзіміз солай тәрбиелеп алдық па, қазіргі жастар сол сәлем беру жағына жоқ-ау. Мына бізге, кәрілерге енді не керек, «ата, амансыз б?а» десе, соған семіріп қаламыз ғой. Өздеріңнің әрі сәлем бере келдік дегендеріңе, әрі бүгінгідей салиқалы әңгімелеріңе қатты өсіп отырмын. Қарттарға ұрпағының өскенін көруден артық бақыт жоқ. Сонымен бірге сол қарттықтың жауапкершілігі бар екенін ұмытпасақ болар еді.


Жұмағали Әбішев: Сөзді сөз, ойды ой қозғайды. Яков Артемович, сен өте құнды пікір айттың. Бұрын ауылда ақсақалдардың жүріс-тұрысына жастар қараса, жастардың әр қадамын ақсақалдар да қалт жібермейтін. Содан барып ауыл абыройы, ауыл даңқы құралатын. Қарттары шебер жерде ұсталық, әдемі шана жасау, қарттары бапкер жерде ат ұстау, ат жарату, қарттары бағбан жерде ағаш егу, алма өсіру өріс алушы еді. Осында анау Ерғалидың Қанабегі отыр. Әкесі айтары жоқ жылқышы еді, өзі де сол мамандықты қуды. Бүгін мына өзіміз қатарлы пенсионер. Бірақ бір үлкен өнердің ұясын ұстаған әулет. Осындай дәстүрлерді дамытуда біздің ақсақалдық жауапкершілігіміз жеткілікті болып жүр ме? Мына бүгінгі әңгіме маған осындай ой салып тұр.


Бұрынғы шалдардың «сақалымнан ұяламын» деген сөздерін жиі естуші едім. Ол қарап отырсаң, өзіне өзі ұдайы есеп беруі екен ғой. Сондай дәстүрлер ешбір заңсыз - ақ, бұйрықсыз - ақ, жиналыссыз - ақ ықпал етіп жатушы еді. Шалыс басқандарды шалдардың өзі-ақ жөнге салатын. Бірақ ол үшін өздері мінсіз жүретін. Мұны қарттықтың бұлжымас заңы деп есептейтін. Ал бұл күнде кейбір шалдардың өзі «ақаңды» қағып жібереді. Арақ жүрген жерде жақсы ой да келмейді, жақсы өнеге де ұсталмайды. Яков «қарттықтың жауапкершілігі бар екенін ұмытпасақ болар еді» дегені осындай ойлармен сабақтасып жатыр ма деймін.


Қыза-қыза әңгімеге келіндер де араласып кетті. Бүгінгі ата-ананың бала тәрбиесі жөніндегі жауапкершілікті мектепке аударып салып, өздерін бұл міндеттен тыс ұстағысы келетіні бір ұдай сөз болды. Семья — мектеп — еңбек! Тәрбиенің осынау үш тағанын бір -бірінен ажыратуға болмайтыны біраз пікір туғызды. Әңгіменің арнасын Әбдібаев Мұқатай қарт оқыс сұрағымен өзекті бір мәселеге бұрды.


— Өз түлектерімізден білгім келетін бір жай бар. Осы қазақ мектебін бітіргендер көр бола ма? Жұрт балаларын орысша оқытуға әуес болып барады.


— Оған жауап осы отырған түлектеріміздің өзі, — деді Тоқбура Ахметов. — Бәрі де осында мектепті қазақша бітірген. Орысшаларының да ешкімнен кем емес екеніне күмәнім жоқ. Бәрі адамына, оның алға қойған мақсатына, сол мақсатты орындау жолындағы табандылығына байланысты. Табанды ететін тағаны соғатын мына біздер.


— Әншейінде зорлап сөйлете алмаушы едік. Мына қарттарымыздың тілінің тиегі ағытылды - ау өзі, — деді совхоз директоры аудандық партия комитетінің секретарына.


— Жақсы әңгіме жан жадыратады. Жадыраған жанда айтар сыр көп болады екен, — Любовь Борисовна өзі де ойға қалып. — Бүгінгі кездесуде көбімізді мезі қылған қара дүрсіндік жоқ қой. Сол себепті де тілдің тиегі ағытылып тұр.


Тілден өзек тартқан сыр біразға созылды. Алматыдан келгендерден бұл мәселеге ат қоспағаны жоқ. Ана тілін білу ардың ісі екені, қос тілді білудің ғаламат күші, көп тілді білгеннің көкірегі кең, парасаты жоғары болатыны, тіл ұстартудағы ұшқан ұяның, ұстаздардың көтерер жүгі жайлы ойлар бірін бірі толықтырып жатты.


3. Жаңарудың жақсы нышандары


Күндізгі әңгіме қарттардың жас ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілігі жайлы болса, кешкі әңгіме жастардың заман жүгін лайықты көтеруіне, қайта құрудың қадамын шапшаңдатуға ойысты. Бес жүзге тарта орны бар Мәдениет үйінің үлкен залына келген жұрт сыймай, екі бүйірден ашылған есіктен көп адамның сыртта тұрғаны байқалды.


Алматыдан келгендер кешкі бас қосуға дейін Черкасс қорғанысының мемориалын көріп қайтқан-ды. Бүгінгі бақытты өмір үшін жанкешті ерлік көрсеткен бабалар аруағының алдында бас иіп, гүл шоқтарын қойды. Еліміздің тарихы үшін бұл ерлік қандай биік болса, ескерткіш - мемориалдың қойылған жері де сондай биік, әрі өте ойлы жасалған, қорғаныстың үш кезеңі сәулет тілімен сәтті бедерін тапқан екен. Сарқан ауданына келгендер бұл қасиетті орынға соқпай кетпейді.


Кешкі кездесу тізгінін қолға алған аудандық партия комитетінің бірінші секретары Георгий Павлович Сумин қайта құруға қосып жатқан үлесіне қысқаша тоқталды. 1988 жылды аудан еңбекшілері жақсы аяқтаған. Астық сату жөніндегі бесжылдықтың үш жылының жоспары 133,7 процент, сүттен - 105,4 процент, овощтан — 109,3 процент, картоптан — 122,6 процент орындалыпты. «Тұрғын үй — 91» программасының аяқ алысы да ойдағыдай. 1988 жылы тапсырмада белгіленген 8,632 шаршы метрдің орнына 13,728 шаршы метрлік жайлы пәтерлер салынған. Селолық жерлерде тұрғын үй салу жоспары 185 процент орындалған.


— Кездесу өтіп отырған «Бақалы» совхозы негізінен қызылша өсіруге мамандандырылған, — деді Сумин жолдас одан әрі. - Өткен жылы совхоз коллективі мемлекетке қызылша өткізудің жоспарын 121 процент орындап, озат қызылшашылар әр гектардан 360 центнерден 472 центнерге дейін өнім алды. Мұндай көрсеткіш республикада сиреп барады.


Біздің мақсат жерлестерімізге табыстарымызды айтып, мақтану емес, — деді одан әрі бірінші секретарь, кемшіліктеріміз әлі кеп. Соны жою жолындағы адам факторының шешуші ролін ескере отырып, бүгінгі рухани түлеу бағытындағы ойларыңызды тыңдағымыз келеді. Адам жаңармайынша, оның ойлау машығында қайта құру талабына сай өзгеріс тумайынша ілгері басу қиын. Осы ретте бұл кездесудің, сіздердің творчестволық есептеріңіздің септігі тисе, ол сіздерге де, бізге де ортақ қуаныш.


Кешкі сырласудың ауыр салмағы осы жолдардың авторына, жазушылар Бақытжан Момышұлына, Зейнеп Ахметоваға, ғалым Амангелді Бекбаевтың үлесіне тиді. Ұрпақтардың сабақтастығы, жақсы дәстүрлерді жалғастырудың қартқа да, жасқа да зор аманат екені, үлкен Отанға деген сүйіспеншіліктің әркімнің өз ошағына, өз ауылына деген ыстық ықыластан, ынталы еңбектен көрінетіні, әр ұрпақтың үлкен қасиеті сол ұрпақ өмір сүріп отырған дәуірдің, кезеңнің жауапкершілігін түсінуден байқалатыны, мейірім, қайырым дегеннің таптырмас қазына екені, қайырымның баланың — атаға, келіннің — енеге, коллективтің — өз коллективіне деген кіршіксіз қатынасынан көрінетіні, осы қатынастарда сұлулықтың жату керектігі, ата-баба дәстүрінің сұлулығы, бүгінгі зиялы жандар мінезінің сұлулығы болуға тиістігі, соның бәрі құралып, бүгінгі заман келбетін, бүгінгі адам келбетін құрайтыны тебірене айтылды.


Пікір алысқандар осы совхоздың өз өмірінен жарқын мысалдар келтірді. Звено жетекшісі Қанат Тұңғышбаевты алыңыз. Әр гектардан 472 центнер қызылша алған өткен жылғы рекордтық көрсеткіш осыныкі. Еңбекке бұлайша көзқарастың төркініне үңіліп көрейік. Қанат — ұстаз семьясынан шыққан алты баланың бірі. Үлкен ағасы Саят — М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрында белгілі артист. Әпкесі Сәуле екеуі қызылшашы, ал Жанат болса, Москвада құрылыс институтын бітіріп, сонда құрылысшы -инженер болып қалды. Марат халыққа қызмет ету саласында жұмыс істейді, Мұрат ұлы мәртебелі жүмысшы табының ортасынан орын тепті. Бұлардың әкесі Мереке мен шешесі Түскен ғұмыр бойы адал енбекке табынуды семьяда берік салт етіп ұстаған жандар. Әкесі марқұмның қайтыс болар алдында айтқан бір сөзі балаларының әлі көкейінде.


— Маған қойған үлкен ескерткіштерің, еңбекпен алған абыройларын болсын, — депті.


Анасы Түскен бұл сөзді қайталаудан жалықпайды, бұл күнде оны немерелерінің құлағына құюда, әрі айналадағы сол абырой иелерін пір тұтып, әрі балаларына да пір тұттырады. Содан да болар, Қанаттың өз қолымен салған үйі бұл совхоздағы сәулетті жайлардың бірі. Оның есік-терезесін жасау, бөлмелерін әдемілеу, жылу трубаларын жүргізу, тіпті әр бөлмеге қаладағыдай люстра қондыру Қанат үшін ысылу мектебі іспетті болыпты. Бармағынан бал тамғанның өзі дегенге тұрғандай. Түздегі қызылшаға да осындай ықыласпен қараған соң, ол да жайқалып өскен.


— Қайта құрудың нағыз қаһарманы, — дейді Қанат жайлы совхоз директоры Азамат Сәрсенбаев. — Соның өнегесінің өзімен талай озаттарды тәрбиелеп отырмыз. Тілеубай Абдолдин, Сағатқали Қалденов, Хұсайын Мағазов, Бәдігүл Қаймолдина, Қаламқас Кәдікова, Сәуле Абдуллина, Оңдалсын Мұқанова секілді қызылшашылар жөнінде көп жайды айтуға болар еді. Әрқайсысының өзіндік бір сыр сандығы бар. Ырғалбек Құрманбеков сияқты шопанның, Тұрсынбай Кәдіков секілді жүгерішінің табыстары өз алдына бір төбе.


Жалпы, Сарқан өңіріне «құдайдың оң көзі» түскен сияқты. Басты байлық — жер мұнда құнарлы, күн шуақты. Береке басы — су да жеткілікті. Тек бір ауданның үстінен үлкен Басқан, кіші Басқан, Лепсі, Тентек — төрт өзен етеді. Табиғат берген осы байлықтарға адамның аялы алақаны қосылса, Еңбек деген құдіреттің мейірі төгілсе, жетіп жатыр.


Ауданның бірінші жетекшісінің де, колхоз, совхоз басшыларының да бүгінгі арманы осы. Бес-алты озаттың көлеңкесінде жүрмей, жаппай жаңа белеске көтерілсек дейді олар. Қайта құру әкелген жақсы нышандарды көптің игілігіне айналдыруға ынтық. Ең үлкен нышан деп сарқандық халықтың серпілуін, жасқанбай, жасырмай кемшілікті айтуын, бүгінгі қол жеткенді аласа санауын, ол сыни көзқараста ілгері ұмтылу, жаңаша ойлау, жаңаша жұмыс істеу ниетінің барлығын айтады.


Көркемөнерпаздардың күшімен берілген кешкі концерт те бұл түйінді бекіте түскендей болды. Ауданда олардың 96 үйірмесі, талапкерлердің 26 бірлестігі мен клубы, 23 үгіт бригадасы бар екен, мына өнер көрсеткендер солардың бір ғана тобы. Фольклорлық -этнографиялық ансамбль, бишілер тобы, әншілер, орыс хоры, «Бабули» ансамблі деп, бірінен соң бірі суырылып шықты.


— Осы бір ансамбльді құруымыз әжелерді ширатып жіберді, — дейді Сумин жолдас. — Олардан тәртіпті ешкім жоқ. Концерттерге дайындықты ешқашан қаза жібермейді.


Жас жүргізушілер Қарлығаш Әбдібаева мен Әлия Құрманғалиева жиналғандарды дән риза етті. Жүргізуші ғана емес, әнді де әдемі орындайды екен. Әлия сол «Бақалы» совхозының орталығындағы емхананың дәрігері болып шықты. Үзіліс кезінде Әлия Алматыдағы медицина институтының доценті Зәуре Сариева ұстазымен құшақтасып көрісті.


— Сен өнеріңді жақсы дамытқан екенсің, Әлия, — деді ұстазы.


— Ауыл көркі біз, жастар емеспіз бе, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысуға уақыт табуға тұра келеді. Өзіңнің де рухани толысуыңа үлкен жәрдемі бар. Ағалардың творчестволық есебіне тартқан сыйымыз бұл. Концерт ұнады ма?


— Ұнағанда қандай! — деді Зәуре. — Талай жақсы нышандарды көріп, толқып тұрмыз.


4. «Макеткөлге» барасыздар


Творчестволық есеп өзінің шырқау деңгейіне Антоновка селосында жетті десе де болғандай. Бұл село Орта Азиядан шығып, Батыс Сібір мен Қытайға өтетін көне керуен жолындағы бір кездегі бекет еді. Ежелгі оның аты Қойлық болатын. Черкасс қорғанысы кезінде партизандардың оқ-дәрі қоймасы, қару шеберханасы осында орналасқан. Оның тұрғындары сол бір ұмтылмас шайқастың қақ ортасында жүрген. Мұндағы Ұлы Отан соғысының ерлеріне салынған ескерткіштің де өз алдына шертер сыры көп. Осы арадан майданға 1418 адам аттанса, соның 714-і туған ошағына оралмаған. Ескерткішке қайтпағандардың аты-жөні қашап жазылыпты. Есімі ел жадында қалған ерлерге жерлестері тағзым етті. Соғыс кезіндегі бірнеше ұсақ шаруашылық қосыла келе В.И.Ленин атындағы колхозды құраған.


Әдемі Мәдениет үйіндегі кітапхананың кең залы. Мұндағы ұсын нақтылықпен, білгірлікпен қойылған кітап сөрелеріне, колхоздың жетістіктерін насихаттайтын диаграммаларға көптеген аудандық, облыстық кітапханалар қызыға қарай алады. Халықты баурайтын әдемі тәрбие орны екені бірден көрініп тұр.


Жалпы экономика ғылымының жайы, бұл салада өзінің істеп жүрген жұмыстары жөнінде айтқан Болат Болсамбековке сұрақтар жауып кетті. Оны берушілердің СССР Халық депутаттары съезін, СССР Жоғарғы Советінің сессиясын телевизордан жібермей көріп, отыратыны айқын сезілді. Сұрақтары қисынды да терең. Экономистердің бүгінгі ісіне көңілдері толмайтынын бірден айтып салды. Әрі сөздерінде ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайына деген үлкен алаңдаушылық жатты.


Сәкен Дорженовтың атеистік тәрбиенің міндеттері, дінге деген гуманистік көзқарастың шын мәнінде орныға бастағаны туралы әңгімесі отырғандарға көп ой салды.


Жастарға білім берудің бүгінгі міндеттері жайлы айтқан Хұсайын Рсалдинов пен Амангелді Бекбаевтың сөздерін жұрт ықыластана тыңдады. Әсіресе Амангелдінің тамақ өнеркәсібіндегі компьютердің, оның бұл саладағы технологияны жаңартудағы рөлі жайлы әңгімесі қызықты болды. Өндірістегі компьютер, тұрмыстағы компьютер, бүгінгі таңда оны мектептегі оқу программасына енгізудің практикалық жолдары, Жапонияның дүние жүзінде неліктен күрт ілгері басып кеткені, бұл саланың ондағы жайы — бәрі-бәрі сырласу тұрғысында отырғандарға көп ой салды.


Қазақ әдебиетінің бүгінгі жайы, соңғы жылдары Одақ көлемінде шығып жатқан іргелі шығармалар туралы жазушыларға қойылған сұрақтар село оқырмандарының биік өресін танытты.


— Мен өзімнің ауылдастарымды, колхозшыларымды басқа қырынан көріп отырмын, — деді колхоз председателі Болат Нәбиұлы Мәкетов. Мұнда шаруашылықты басқарғаныма он бір жылдан асты, мұндай кездесу, шынымды айтсам, болған жоқ. Бұл кездесудің идеясы басына келген адамға рахмет. Бір-бірімізге деген рухани сынақ, бір-бірімізді рухани толыстыру ғой бұл. Мен өзі ептеп өлең жазатын адаммын. Жүрегімнің пернелері қазір тіпті күй шертіп тұр.


Болат Мәкетов өзінің ғана емес, өзгенің де жүрегіне күй шерттіре алатын адам екен. Бірнеше жыл шопан, көптеген уақыт бойы механизатор болып істеген. Әкесі майданнан қайтпай қалған жетім бала өмірдің небір қыспағынан, қиын жолдарынан өткен. Орта білімді кешкі мектепте, жоғары білімді сырттай оқып алған. Ауыл шаруашылығының қазанында қайнап өскендігі әрбір сөзінен аңғарылады. Ақындығына қоса, әдемі әңгімешілдігі келгендердің бәріне ұнады. Ең алдымен еңбек адамдарына көңіл бөлетін, олардың бабын таба білетін қасиеті қайта құруға дейін де қалыптасып еді, енді тіпті алуан қырлана түскен сияқты. Ұтымды сөйлеу, бетің бар, жүзің бар демей айтып тастау ана сүтімен келген сапаға ұқсайды.


Бірде жоғарыдан болған жиі тексеру колхозшылардың да, өзінің де мазасын алса керек. Сонда облыстың жиынның мінбесінен айтқан мына сөзі жұрт арасында аңыз боп кеткен.


— Осы көп тексерудің пайдасы өте зор болып тұр. Әуелі қойларымыз да тәртіпке үйрене бастады. Екі «уазик» машинасының басы қосыла қалса, олар тізіліп, кезекке тұра бастайды. Өйткені тағы да саналуы керек екенін жақсы біледі.


Әсіресе қойшы қауым осы бір уытты сөзді сүйсіне айтады. Бұл колхоздың шопандары колхоз басқармасы тарапынан болып жататын қамқорлыққа дон риза. Әрбір көктем сайын өздеріне келетін «Мәкетовтың жолдамасын» асыра күтеді. Председательдің жүрегінен шыққан бір шумақ өлең олар үшін бір жылға рухани азық сияқты. Міне соның бірі:


Қазақта кім білмейді Елеместі,


Салады еңбек десе ерегесті.


Атақты Куләштайлар, Мариялар,


Жанында Елеместің тук емес-ті.


Күләштай, Мария — облысқа белгілі шопандар. Солармен теңестіріп, қарапайым еңбек адамын, өз шопанын бір көтеріп тастаған. Елемес Жұмағұлов — бұл колхоздағы озат шопан. Тұрмысы жақсы, балаларымен түн ұйқысын төрт бөліп, қоғамдық мал десе, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүреді. Бір «Волга», екі «Жигулиі» бар. Сатып алған, сыйлыққа алған. Председательдің дем берер, бұлардың еңбегін ерекше қастерлейтін өлеңдері олар үшін бұл байлықтың бәрінен де қымбат.


Жылы сөздер ұмтылдырар өрге тек,


Жылы сөзде жүрек тербер перне көп.


Жылы сөзбен қопарасың тауды да,


Жылы сөйле, жағымды бол елге тек.


Бұл шумақ, Болат Мәкетовтың өзінің өмірлік позициясын аңғартқандай.


— Бұл кісі өлеңімен де өрге сүйреп, қалжыңымен де қағытып, қамқорлығымен де тебірентіп жіберетін адам. Осыдан біраз жыл бұрын колхозда шофер болып істедім. Бір күні жүк машинамды от алдыра алмай, қатты қиналып жатқам.


— Ей, бала, — деді колхоз председатель - Сен тым шолжаңдау екенсің. Шоферлік саған көл емес. Шофер деген апай төсті, алып денелі болуы керек. Сен оқуға бар, — деді. Қалжыңы екен деп жүргем. Жоқ, шыны болып шықты. Жоғары білім алу үшін тездеп институтқа тартып отырдым. Бітірген соң қайтып келдім, тиісті қызметін берді. Қамқорлығы үшін аянғам жоқ. Қазір колхоз председателінің орынбасарымын. Міне, бұл кісінің стилі осындай.


— «Мәкеткөлге» барасыңдар, — дегенде, «бұл не қылған көл» деп жұрт таңырқап қалған-ды. Сөйтсе, ол да осы колхоз председателінің оқыс бір идеясының нәтижесі екен. Бір кездегі уезд орталығы болған Лепсі бекетінің төменгі жағында, жайлаудың әдемі жерінде бірнеше бұлақтардың босқа ағып жатқаны Болатқа ой салады. Бөгет жасап, сол суларды неге жинамасқа, неге таудың мөлдір суынан көл жасамасқа? Ойға алғанын орындамай тынбайтын әдетімен бұл жолы да қызу кірісіп кеткен. Дүркіреп жұмыс жүріп берген. Мұны бос әуре санағандар да болмай қоймапты.


Бұл күнде жайлаудың көз жауын алатын әдемі бір жерінде тұп-тұнық көл. Шоршып форельдер жүзіп жүр. Тізіліп «Туған жер» атты қайықтар тұр. Арнаулы үйде көл жағасында демалғысы келетіндерге қызмет көрсететін адамдар бар.


Мәкетов жасатқандықтан оны халық «Мәкеткөл» атандырып жіберген. Жуырда колхоз председателі мұнда ардагерлерді арнайы алып келіп демалдырған. Олар екі күн бойы қайықпен жүзіп, қармақ салып мөлдір тұнық ауамен демалып, рахаттанып қайтқан.


Бұл колхозда барлық салада жұмысшы күші жетеді, олардың орта жасы — 45. Жастар ауылын тастап кетіп жатқан жоқ. Бүгінгі жобамен салынған орта мектеп, балабақша, Мәдениет үйі, кітапхана, өлкетану музейі, тұрмыстық комбинат, сауда орталығы — бәрі-бәрі сайма-сай. Өзіміз айтып жүрген әлеуметтік бағдар, әлеуметтік жағдай деген осы. Әрине, мұның бәрі бір күнде тұра қалған жоқ.


— Мәкетовтың халық қамын қатты ойлайтын қасиеті бізге өте ұнайды, — дейді осындағы еңбек және соғыс ардагерлері Советінің председателі Ващенко Борис Васильевич. —Мына біздер колхоз өмірінен өзімізді ешқашан тысқары санамаймыз. Қартайған шағымызда жігер беретіні де сол. Көбіміздің үйімізге телефон орнатылды. Колхозшыларда бұрын небәрі 15 телефон бар еді, қазір 100-ден асты. Қамқорлыққа қалай жауап беруіміз керек? Адамдарды осы ойдың төңірегінде ұйыстырса, ұтымды ұйымдастыру деген сол емес пе. Қайта құрудың да қажет етіп отырғаны сол ғой.


Иә, көпті көрген қарттың бұл сөзінде ризашылық та, алдағы күнге деген зор үміт те жатыр.


Антоновкадан, В.И.Ленин атындағы колхоздың әсем жайлауынан аттанғанда, творчестволық есеппен келгендер творчестволық нәр де алып қайтты. Олардың құлағында күні бүгінге дейін әнші десе әнші, күйші десе күйші Әбдікәрім Кішкенебаевтың үні тұр. Ол Болат Мәкетовтың «Сарқаным менің, Сарқаным», «Туған жер, түтінің де ыстық сенің» деген термелерін сан мәрте құйқылжыта орындаған еді. Домбыраның шанағынан да, оның өзінің үнінен де осынау өңірді сағындыратын да, ондағы қарапайым адамдардың қасиеттеріне табындыратын да сезім төгіліп тұрғандай еді. Бар ұрпақты осындай сезімнің тұтастырғанына не жетсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу