👈 қаріп өлшемі 👉

  09.10.2021
  50


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Тақырыпты тауып қой

Бұл жөнінде ұдайы сәтті қадамдар жасап жүретін "Лениншіл жас" газетінен бірде "Жарқырайды шахта үстінде жұлдыздар" деген тақырыпты оқыдым. Қос бетті алып жатқан осы бас тақырып өзінің жылылығымен, әрі мәнділігімен бірден назар аударды. Ол беттерде берілген жеке-жеке мақалаларға үңіле бастадық. Міне, "Ай лаваға сығалайды" деген жақсы атау алдымыздан тағы шықты. Мақаланы оқымай өте шығу мүмкін емес. Тақырыптар бірінен бірі өтеді. "Көзсіз батырлар", "Ағынды арна", "Жер астындағы жел". Сонымен берілген материялардың атауының өзін - ақ шідерлеп жібермейді. Бір ғана емес, мақалаларды бірінен соң бірін қарап, бүкіл екі бетті тұтас оқып шығасыз. Сонда бұл ненің күші? Әрине, мақаланың мазмұны өз алдына, сіздің алғаш көзіңізді тоқтатып, көңіліңізді аударған тақырыптар, сол тақырыптардың қуаты. Тақырыбына қарап оқитын материалдарды талғау — әр оқушының әдеті. Тақырып — мақаланың бірінші жаршысы.


Бұл мысалды "Лениншіл жас" газетінен алып отырғанымыз тегін емес. Өйткені бұл газет тақырып қоюға жауапты қарайды және оны өнер санайтын, бір тақырыпты екіншісіне ұқсатпауға тырысатын, сонысына жұрт қатты қызығатын республикадағы оқушысы көп басылымдардың бірі. Әдетте сәтті тақырып сәтті материалдарда болады.


Қазақ ұғымында «тақырып» деген сөздің екі мағынасы бар. Бірі кең көлемде, орысша «тема» деген ұғыммен тектес. Мысалы, ауыл шаруашылығы тақырыбына, сауда тақырыбына, саяси тақырыпқа десек, онда белгілі бір аумақты мәселені түсінеміз. Ал екінші ұғымы бір ғана хабардың, мақаланың, очерктің, фельетонның, әңгіменің аты жайлы. «Мына фельетонның тақырыбы жақсы екен» деген сөзді жиі естисіз. Сонда сөз сол фельетонға қойылған ат жайлы болып отыр. Яғни, бұл ұғым орысша «заголовок» деген ұғыммен тектес.


Біздің әңгіме етпегіміз осы екінші ұғым — жеке газет материалдарына қойылатын тақырыптар туралы болмақ. Кейінгі жылдары орталық газеттерден бастап аудандық газеттерге дейін тақырып қоюға талап күшейе түсті. Бір кезде кездесетіндей сүреңсіз, тартпайтын, оқушы көңілін оятпайтын, бір номерден екінші номерге көшіріп жүре беретін тақырыптар мүлде азайды. Мұның өзі жалпы газет материалдарының қызықты, тартымды болуымен өмірге қатар келген құбылыс.


Кейбіреулер хабарды немесе мақаланы, очеркті мен алдымен тақырыбын қоймай жазамын, тақырыпты ең соңынан ойланып қоямын дейді. Бұл дұрыс емес. Тақырыпсыз жазылған мақалада ой шашырап, адам белгілі бір бағыттан айырылып қалады. Әр нәрсенің басын бір шалып, оқушыға қажет мәселеден ауып кетеді. Тақырыпты күні бұрын ойланып қойып алу, бір сөзбен айтқанда қысқа жоспар секілді. Сен басқа жаққа ауытқымай мақаланың мазмұнын сол тақырыпқа сай етуге тырысасың. Яғни бұдан шығатын қорытынды тақырып газет материалының аты ғана емес оның қысқаша мазмұны да деген сөз. Тақырыпқа қарап ол материалда нендей мәселенің сөз болатынын оқушы бірден аңғаратындай болуы керек.


Жаңа жазып жүрген талапкерлердің ішінде мақаланы жазып болған соң, оның атын таба алмай дал болатындар жиі кездеседі. Бір атқа мақаланың бас жағы келгенімен орта және аяқ жағы келмейді. Екінші атқа аяқ жағы келгенімен бас жағы келмейді. Міне, бұл жаңағы жоғарғы айтқан нені жазу керек екендікті білмеудің салдарынан.


Тақырып қою жөнінде жас талапкерге болсын, тіпті төселген қаламгерге болсын үйренетін ұстаз көп. «Правда», «Известия», «Советская Россия», «Комсомольская правда» газеттерінде бұл ретте ізденудің, тапқырлықтың небір жақсы үлгілері бар. Тақырыпта аз сөзбен көп ұғымды беру, көкейге бірден қонымды болуы, айқайлап, адыраңдап тұрмай, ұстамды, жылы, тартымды болуы бұл газеттерде қатты ескеріледі.


Бір кезде партия тұрмысына жазылатын мақалаларда жаттанды тақырыптар көп болушы еді. Бұған революция жасаған «Правда» газеті. Бүгінгі оның бұл тақырыпқа берген материалдарын тебіренбей оқу мүмкін емес. Қайта құрудың тегеурінді рухын алдымен байқататын осы газеттің осы бөлімнің материалдары. Бұл тақырыптағы мақалаларды жандандыру, сырлы ету жөніндегі дәстүр жалғасқан үстіне жалғаса түсуде.


Газет, журнал, жалпы баспасөз — үлкен трибуна. Сен әдетте белгілі аудиторияда сөйлегенде, алдында ары кеткенде мың адам болуы мүмкін. Ал газет бетінен сөйлегенде аудиторияң өте үлкен болады. Сенің жазғаныңды мыңдар, миллиондар оқиды. Сол мыңдар, миллиондар сынайды. Ендеше, әрбір ойға, әрбір жолға жауапты қарау керек. Ал бүкіл жазғаныңның жаршысындай болып тұратын тақырыпқа тіпті жауапты қарауға тура келеді. Кейбір жақсы мақаланы сәтсіз қойылған тақырыптың өзі-ақ оқытпауы мүмкін. Ал кейбір орта қол жазылған мақалаға жақсы қойылған тақырып көңіл аудартуы мүмкін.


Бірақ бұдан тек тақырыпқа назар аудартып, бар күшті тақырыпқа сал деген ұғым тумаса керек. Тақырып пен мазмұн бір. Біздің баспасөзде көптеген жылдар бойғы тәжірибеден қалыптасқан, сіңіскен тақырып қоюдың мынадай негізгі принциптері, оған қойылатын талаптар бар:


Тартымдылық. Қандай тақырыптар тартымды болады? Ойы бар, көркемдігі бар тақырыптар тартымды болады. Барлық тақырыпты тартымды ету мүмкін емес деп дауласушылар да кездеседі. Бұл пікірге қосыла алмаймыз. Тағы да «Лениншіл жас» газетінен мысал. «Аялы алтын бесік» деген тақырыппен өскен ауылды сыйлау, оның мүддесін көздеу жөнінде үлкен мәселе көтерілді. Осы атаудың өзінде қандай жылылық бар. Сенің өскен ауылың алтын бесігің, ол бесікті әрдайым қастерле, сол бесік болмаса, сен ержетер ме едің, өсер ме едің, ендеше ержеткенде де оны әрдайым есте ұста деген ұғым тұрған жоқ па? Дәл осы тақырыпты «Ауыл мүддесін әрдайым есте ұстайық!» деп беруге де болар еді. Бірақ мұның жылылығы жоқ, жүрекке «Аялы алтын бесік» дегендей, әсер етпейді. Көрдіңіз бе, бір мәселені, бір мақаланы екі түрлі атауға болады. Бірақ екеуінің оқушыға ететін әсері екі басқа.


«Заманды тыңда суреткер!». Дәл осындай тақырыпты «Комсомольская правда» газетінен оқылық. Айналасы үш сөзде қаншама қуатты үн жатыр. Мұндай тақырыппен берілген мақаланы қалай да оқып шығуға асығасың. Бүгінгі суреткердің борышын, парызын білуге тырысасың. Бұл тақырып тек суреткерлерді емес, бүкіл оқушы қауымды «мені оқы» деп шақырып тұрғандай. Тақырып күші, тартымдылығы деп осыны айтады.


Енді бір газеттен «Көңілдің шынысы сынбасын» деген тақырыпты көрдік. Атауының өзінде лирика, айтылар ойдың нәзік бір тізбегі жатыр. Шыны — тұнық нәрсе. Оны сындырып алу оқыс қимылдан ғана болуы мүмкін. Ал көңіл үшін сондай оқыс қимылды жасап, оспадарлық етуге бола ма? Көңілдің шынысы күнделікті шыныдан да тұнық, оданда нәзік болса керек. Ал оны сындырып алу орны толмас олқылық. Осындай әрі әдеби, әрі Философиялық үлкен мәні бар жайды тақырыптың аңғартып тұрғаны, ондығымен тартып тұрғаны қандай ғанибет. Атаудың өзіне қарап-ақ көңіл шынысын сындыратындарға реніш білдіре бастайсың. Бұл мақаланы оқырдан бұрын келетін ой саған. Ал оқып шыққаннан кейін?


Тартымдылық жөнінде көптеп мысалдар келтіруге болар еді. Өйткені баспасөз бетінде бұған ерекше назар аударылады. Әсіресе, көркем жанрлар — очерк, әңгіме, фельетон, новелла, памфлет, өлең жанрларында тақырыптың тартымды болуы — ең басты шарт.


Мақаламыздың бас жағында: «Советская Россия» газетін тақырып қоюға өте жауапты қарайтын газеттің бірі дедік. Соның бір-екі мысалын айта кету артық болмас. Алдыңызда сын мақала. Бұрын кездестірмей жүрген тақырып. Ұғымның қиысуы, сөздің іріктелуі мүлде басқаша. Бұл берілу жаңалығымен де назар аударады. Қойшы, сонымен қандай тақырып дейсіз ғой. «Несиеге берілетін алғыс». Бұл тақырыпты оқысымен ойланасыз. Ойландыратын не? Тегінде алғыс ардақтыларға беріледі. Ардақтылар ешқашан қарыздар болмайды. Өйткені өздерінің Отан алдындағы болсын, коллектив алдындағы болсын парызын кіршіксіз өтегендіктен де ардақты олар. Ендеше алғыс пен несиенің арасында қандай жақындық бар? Материалдың осылай аталуының өзі аса бір құпия сырға үңіл деп тұрғандай. Мұны саған білу керек сен мұндайдан аулақ бол деп ескерткендей. Сөйтсек, алғысты беріп алып, сол адамдардан ақы сұрайтын кейбір тайыз ойлы, парақор басшылар жөнінде екен әңгіме. Біздің қоғамымызға, біздің адамдарға жат мұндай әдеттен бүкіл мақаланың өнбойы емес, тақырыбының өзі-ақ сені жирендіріп тұр. Тауып қойылған, әрі оқушыны тартатын тақырып бұл.


Болмаса «Жастықпен алты ғасыр бірге» деген мақалаға зер салайық. Бұл Польшадағы көне қалалардың бірі Краков қаласы жөнінде. Бір кезде бұл қалада Ленин революциялық қызмет атқарған. Бұл қала тарихтың талай тауқыметін тартқан қала. Бірақ соның бүгінгі өмірі, сол қалаға деген жастардың бүгінгі сүйіспеншілігін беретін жоғарыдағы мақала мазмұны жағынан болсын, тақырыбы жағынан болсын тартып ала жөнеледі.


Бір сөзбен айтқанда, тақырып қоярда оның барлық бояуын — ұғымын, естілуін, жинақтылығын, дәлдігін, бәрін - бәрін ескеру керек. Сонда ғана тартымды тақырып таба аласың.


Нақтылық, өткірлік. Тартымды болумен бірге газет, журнал материалдарының тақырыбы нақты, өткір болуға тиіс. Жалпылама қойылған тақырып мәселенің үстінен дәл түсірмейді. Нақтылық, өткірлік тартымдылықтың жан серігі.


Міне, сіздің алдыңызда газет. Бірнеше жақсы тақырыптарды көріп, мақалаларды оқып шықтыңыз. Көзіңіз мына бір тақырыпқа ерекше түсті. «Ащы да болса, айтар шындық». Бұдан бірден аңғаратынымыз әңгіменің кемшілік жайлы екендігі. Және анау - мынау кемшілік емес, үлкен кемшілік, көптен орын алып жүрген, ет үйренуге айналған, ақыры үлкен дерт болған кемшілік. Осыны саған тақырып айтып тұр. Ар жағын оқымасыңа қояр емес. Шынында, шымбайға батар шындық екен. Мал мамандары фермаға келеді, кемшілікті көзімен көреді, блокнотына түртіп алады, орталыққа жеткіземін, көп кешікпей қарық боласың деп малшыға уәдені береді, сөйтеді де кетеді. Іс тынды, малшылардың арасында болдым, малдың халін көрдім деп орталықта өз бағасын арттырады. Бірақ соның жүрген жерінде қалған із жоқ. Осы бір маманның ғана емес, мал шаруалығында жүрген көп маманның әдетіне айналып кеткен жұмыс стилі. Барған жерде байыпты көмегі болмаса, көрген кемшілікті түзеуді колға алмаса — оның несі маман. Мал мамандарының осындай сүлесоқтығы ат үстінде жүріп қана ақша тапқысы келетіндігі, іске бел шешіп араласпайтындығы олардың сүйкімін алып бара жатқан жоқ па?!


Автор осындай - осындай пікірлер қозғайды. Және бипаздап, жай ғана айтады, жаны ауырған адамның жүрегімен қынжыла, қамыға жазады. Сол себепті де мақала жақсы оқылады. Жоғарыдағы кемшілікті көріп жүргендер де, көрмей жүргендер де тебіренеді. Көріп жүргендер «жаса азамат, жаның ашитын адам екенсің» дейді. Ал көрмей жүргендер «қап, мына жайды ескермеппіз ғой өзі» деп селт етеді. Мәселе де нақты, жазылуы да өткір, тақырыбы да өткір.


Бір кезде журналистер арасында сын мақалалардың тақырыбын аса ашулы қоймау керек деген пікірталасы болды. Ашынатын, ашық айтатын жай болса, оның тақырыбын жұмсартқаннан не ұтамыз? Әсіресе қазіргі қайта құру кезеңінде журналистерге үлкен сенім білдіріп отыр, халықтан кемшілікті жасырмауға үйретеді. Ендеше кемшілік жайлы өткір тақырып қоюдан қорқуға ешбір негіз жоқ.


«Салтанат үшін емес, сабақ алу үшін!» Осындай тақырыпты тағы да «Советская Россия» газетінің бетінен оқыдық. Жиналыстардың шақырылуы, онда айтылатын ойлардың мәртебелі болуы жайлы әңгіме қозғалады. Жөнсіз, уақыт алатын жиналыстардың не керегі бар. Жиналысты жұрт сағынып тұруы керек.


Қандай мәнді мәселе. Жиналысқа жұрт алтын уақытын қиып келеді. Ендеше ол уақыттың пайдамен өткеніне, сабақ болғанына не жетсін.


Осы газет «Директордың уақыты» деген тақырыппен бір мақала берді. Ондағы айтылатын ой: совхоз директорларында, бір жағынан, уақыт жетпейді, бір жағынан, уақыттары босқа кетіп барады. Осы кереғарлықтың орын алу себебі не? Біз директорлардың жұмыс стилі, адамгершілігі, іскерлігі жайлы материалдарды жиі оқып жүрміз. Ал директорлардың уақыты жайлы мәселе мұндай өткір қойылған емес. Біз ысырап атаулыға қарсымыз. Бірақ уақыт ысырабын, әсіресе басшылық жұмысындағы кадрлардың ысырабын неге көрмейміз.


Нақтылық, өткірлік — тақырыпқа әрдайым ажар береді, бедел әкеледі.


Қысқалық. Тақырыпқа үшінші бір қойылатын талап - қысқа болуы, аз сөзбен көп жайды аңғартуы. Қысқа тақырыптар баспасөз бетінде полиграфиялық жағынан да қолайлы. Оларды жақсы әріптермен көрнекті беруге болады. Қысқалық, сонымен бірге жеңіл оқылады, тез қабылданады.


Еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуының он екінші бесжылдыққа арналған Негізгі бағыттарына сәйкес мынадай тақырыпқа көзіміз түсті: «Алып жоба — ақиқат шындық». Небәрі төрт сөзден тұрса да, осында терең ұғым бар. Соңғы кезде баспасөз бетінде тақырыпты қысқа берудің жаңа бір түрі қолданылып жүр. Бұрын мұндай форма газет үшін қолайсыз секілді көрінуші еді, енді сіңісіп кетті. Айталық «Ой. Тәжірибе. Міндет», «Іздену. Еңбек. Жаңалық », «Қайта құру: Ізденістер, проблемалар», міне осындай өз алдына жеке-жеке айтатын мәселелерді жинақтап, бір тақырыпқа қана сыйғызу өмірде өзін ақтады. Бұрын мұндай тәсілге бірен-саран газет эксперимент жасаса, енді жаппай көше бастады. Жақсы жаңалық қашанда өзіне кең өріс ашады.


«Абайла! Алдында адам тағдыры». Бұл да ұзақ тақырып емес, қысқа тақырып, сыйымды, сыры мол тақырып. Тегінде журналистің өзге қалам иелерінен өзгешелігі қысқа жазуға шеберлігі. Азғана көлемде көп жайды көрсете алатын қабілетін ол шындай беруі керек.


Біздің — журналистердің бар ойы оқушыға қызмет ету. Оны ұзақ оқытып жалықтырмау, қисынсыз ойды айтып қинамау, жаңалықты айтып жанын жадырату. Тіпті тақырыптың қаріптерін іріктегеннің өзінде «осы оқушыға жеңіл оқыла ма, жоқ па» деген сауал тұрады. Текстегі тым ұсақ қаріптер қинайды, оқылуға қиын болады деп жататын сөздерді жиі естиміз.


Ұстамдылық. Бұл жалпы баспасөздің табиғатына ажар беретін принцип. Мәселені көтеру, жазу барысында қандай ұстамды болсақ, тақырып қоюда да сондай ұстамдылық керек. Мақаланың да, тақырыптың да ұстамды болуы сауаттылыққа, парасаттылыққа байланысты. «Әйтеуір бір шу болсыншы» деп жазылған дүние абырой әпермейді. Түптеп келгенде, ол баспасөздің беделін түсіреді.


Дегенмен, кейбір тілшілердің иә бір қуаныштың, иә бір реніштің үстінде отырып, мақаласына ақылға сыймайтын ат қойып жіберетін жайы бар. Сүйікті газеттердің бірі болғандықтан атын атамай-ақ қояйық, мынадай бір тақырыпқа кез болғанымыз бар: «Шындыққа ілеспейді қиял бүгін!» Совет ғылымы ғажайып жеңіске жетті, Айды былай қойып, Шолпанның сырына да үңілдік. Бұл шындық. Бірақ осы шындықтан қиял кейін қалды деуге бола ма? Қиял әрқашан шындықтан ілгері ғой. Біз Айда не бар екенін, Шолпанның қандай екенін егжей-тегжейлі білдік пе? Ал қиялымызда соған жеткіміз келеді. Яғни қиялымыз ілгері. Газеттің қиялдың шындыққа ілеспей қалды деуі ұғым жағынан да, ұстамдылық жағынан да дұрыс емес. Мұндайды ет қызуымен тартып жіберу дейді. Ал біздің оқушыларымыз білімді, пайымды, қиялдың қандай кезеңде, шындықтың қандай кезеңде екенін жақсы біледі.


Кейде мынандай жағдай болады: адамның өз ойы өзіне қатты ұнайды. Тапқан тақырыбы да тартымды секілді боп тұрады. Бірақ сол ойды қоғамдық биіктен өлшегенде қандай болады? Бір қатарымыз осыған назар аудара бермейтін болсақ керек. Ал газет, журналдың қоғамдық трибуна екенін ескерсек, оған жеке ойды, жеке пікірді таңа беруге ешбір болмайды.Тақырып таңдаудың ең жауапты тұсы осы ұстамдылығын өлшеуде. Әдеби жағынан әдемі, қысқа, естілу жағынан тартымды болуы мүмкін. Бірақ ұстамдылығы жетпей тұрса, ол тақырыпты тағы да ойлану керек.


Әлі есімізде: сонау бір жылдары Алматыда шығатын газеттердің бірінде бүкіл бетке берілген мынадай тақырып болды. «Жүгері - сүт, жүгері - ет, жүгері - құт, жүгері - ек! Былай алғанда жаман тақырып емес. Әсерлі естіледі, тіпті өлең боп та өріліп те тұр. Ал ұстамдылық жағынан ше? Біздіңше бар жақсылықты бір ғана дақылдың - жүгерінің басына үйіп-төге салуға бола ма? Өмірде жүгеріден де дарқан, одан да бағалы дақылдар бар. Соны біле тұра бұлай деу, әрине, әділдік емес, әрі науқаншылыққа ұрыну. Бұл бір кездегі айқайға үйірілу кезеңінің табы секілді.


Сауаттылық. Біздің бұл жерде айтпағымыз стиль сауаттылығы жайлы. Кейде сөз тіркестері бір қарағанда білінбей, жап-жақсы болып тұрады. Ал үңіле келсек, ұғым жағынан қарама-қайшылық, болмаса үйлеспеушілік аңғарылады. Республикалық газеттердің бірінде «Жайлау көктемі» деген очерк шықты. Сырт қарағанда сөздері қысқа, очерк тақырыбы сияқты. Ал ұғымына үңілсек, халықта жазда болатын жерді жайлау, қыста болатын жерді қыстау, көктемде болатын жерді көктеу, күзде болатын жерді күздеу дейді.


Ал сонда жайлаудың көктемін қалай түсінуге болады? Біздіңше очерктің авторы да, редакциядағы қызметкерлер де тақырып қоюға салақтау қараған. Әңгіме адамдар жөнінде. Жайлауға да, көктемге де телімей-ақ тіпті сол очеркке басқа ат қоюға да болғандай екен.


Немесе мына бір тақырыптағы сөз тіркестеріне зер салайық: «Сыр арнасы ақ толқыны ырыстың, сырдың бойы ақмаржаны күріштің». Осындағы екінші сөйлемде атауы басқа болғанымен ақмаржан мен күріш бір ұғымды білдіретін сөздер. Ырғақтың ығымен ұғымдық салмақты ұмытып кетушілік байқалады. «Ырыстың» дегенге «күріштің» деген ұйқас керек болсын дейік. Бірақ «ақ маржанның» орнына басқа балама табуға болатын еді. Және оны ұғымдық жағынан күшейтетін етіп іздеу керек-ті. Бұлай болмай қалыпты. Сол себепті де өлеңдетіп тұрған әдемі тақырып ұғымы жағынан шойқаңдап, ақсап тұр.


Қазақстанның мол астығы жолындағы күрес кезінде бір беделді газетіміз «Дән жорығы — ел ырыздығы» деген рубрикамен материалдар беріп жүрді. Сырттай сыңғырлап-ақ тұр бұл рубрика. Ал ішіне үңілсең мағынасыздық бар. Айтайын деп отырғаны дән жолындағы жорық ел ырыздығы үшін күрес деген ұғым болса керек. Ал мұны бұлдырлатпай, дәлірек неге бермеске?!


Кейде ел аралап жүргенде «тура газеттегіше сөйлейді екенсің» деген ілме сөзді естіп қалатын жай бар. Сонда сірескен, стильдік жағынан кірікпейтін сөздерді әжуалайтын болса керек. Міне, мұның өзі қалжың болса да, журналистерге айтылған үлкен сын, газет бетінде өзіміз байқамай қалатын салақтығымыз үшін жағымызға тиген шапалақ. Газетті жұрт құрметтейді. Оның жазғанынан ұдайы үйренуді мұрат тұтады. Белгілі бір мәселе жөнінде толғанғанда баспасөз не деді екен деп алдында жатқан басылымдарды ақтарады. Стильдік салақтық оларға берілген теріс сабақ. Ендеше бұл жағына сақ та, мұқият та болу керек.


Қорыта айтқанда, тақырып қоя білу - үлкен өнер. Оған қойылатын негізгі, талаптарды берік ұстану журналист шеберлігінің өлшемі, журналист қабілетінің таразысы.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы