09.10.2021
  185


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Күнделік беттерінен

Кисловодск


8-май, 1962


Саттар, Женя, Орынша үшеуі шығарып салғаннан кейін бір жолдас тауып алдым. Академияның қызметкері. Уақатов Бекмұрат.


Дұрыс жігіт екенін бұрыннан білетінмін. Әңгімелесіп жақсы келдік. Минводыдан 4 адам таксиге мінген едік. Сонымыз жақсы болды. Электричкада солқылдамай жақсы жеттік.


Қарағандыда 4 сағат тұрып қалғанымыз болмаса, жалпы жол жаман болған жоқ. Келісімен 3 кісілік палатаға орналастырды. Келген мерзім сол Алматы уақытымен сағат 12 (түнгі) шамасы. Душқа түстім, тамақ іштім.


Мүлде бөлек ауа. Самал, өзім жақсы көретін ауам. Түнде терезені ашып қойдық. Біртүрлі тыныс кеңейіп, сарайың шайдай ашылғандай. Климатическое лечение дегені ауаның осы әдемі қасиетінен шыққан болу керек. Оның өзі бір дәрі іспетті.


Таңертең тұрысымен өлшеді. 77.300. Бұрынғыдан 9 кг. кеміген екенмін. Әлі де 3-4 кг. артық. Бірақ ол керек те. Қандай ем екені белгіленген жоқ. Қазір сағат 12.30 дәрігерге барам. Фамилиясы — Сучкова.


Алматыдан біраз адам бар екен. Бір - екеуімен танысып та үлгердім.


Жалпы санатория осы арадағы ең тәуірі екен. Тәртібі, тазалығы, адамдарының мәдениеттілігі жақсы. Жер жағдайы өзіміздің Андреевка ауданындағы қоңыр жоталардай. Сай - сайы өскен ағаш, жота басы жалаңаш. Сол сайларға салынған бес курорт қаласы бар: Кисловодск, Пятигорск, Железноводск, Ессентуки, Минеральные воды. Бесеуі бір-бірімен жапсарлас. Ставрополь өлкесіне қарайды. Солтүстік Кавказ.


Өзіміз жақсы көріп ішетін «Нарзан» суы осы Кисловодскіден шығады екен. Арнайы завод бар.


9-май, 1962


Бұл күн негізінен дәрігерлерге көрінумен кетті. Анна Ивановна Сучкова деген дәрігер қарады. Ашық мінезді кішіпейіл адам екен. Өзінің қазақтарды жақсы көретінін де айтты.


Маған олардың мінезі ұнайды. Жұмсақ, жайлы.


Жүздері біртүрлі мейірімді келеді. Осында екі колхоз председателі болды. Қонаққа шақырып бесбармақ асқызды. Дәмі аузымнан кетпейді. Әлі...


Өз ұлтың жөнінде сырт адамның мұндай пікірі қандай жақсы. Ауыл дәмі ғой деп ала шыққан бір қазы, бір «Қазақстаным» бар еді. Алғаш қарсы алған дәрігер ғой. Осыған берсем бе деген ой да келді. Тұра тұрайын, ертең туған күнім ғой. Бір қисыны болар.


Қасымдағы екеудің бірі азербайжан, бірі - орыс. Орысы атан түйенің етіндей бір оңбаған. Ұрлап, қасында бір екі қуы бар, арақ ішеді де жүреді. Палатаның ішін сасытып жүргені. Алғашқы екі күннің өзінде-ақ осындай көңіл қалдырды ол.


Бір топ адам Пятигорские кетті. Барған жоқпын. Алғашқы күндері тынығайын дедім. Міне, осы жолдарды жазғанда палатада жалғызбын. Санаторий ең биік жерде. Вершина десе вершина. Балконнан қарағанда бүкіл қала көз алдымда. Міне, бәрін көріп отырмын. Тұрған жерім өзі биік, шоқынын үсті. Оның үстіне 3- этаждан көрген соң, қаланың бәрі көрінбей қайтсын.


Шіркін-ай, өз жерімізді бағаламайды екенбіз - ау. Осы дүние жүзіне белгілі курорттың жер сұлулығы Алматыға астар да болмайды. Бірақ, санаторийді салып тастаған. Соның өзі өңірге өзгеше ажар беріп тұр. Осы бір мен көріп отырған өзекте әзірше естуім бойынша Орджоникидзе, Киров атындағы «Россия», «X лет Октября», «Красный шахтер», Совмин т.б. санаторийлер бар. Біріне-бірі тиіп тұр. Өзекте деп отырмын. Шынында да өзек. Ал Алматының жанынан 100 санаторий жасауға болар еді. Әттең... іш қазандай қайнайды - ау. Қайран жер. Алтынның қолда барда қадірі жоқ деген осы. Бүкіл Алатаудың бауыры таптырмайтын курорттың жері екенсің ғой.


Алатау көркі екенсің жұмыр жердің,


Қоймасы таусылмайтын қазына - кеннің.


Айтшы деп жер сұлуын билік күтсе,


Іркілмей, бас бәйгені саған бердім.


Ақындығым тасып айтылған шумақ емес, ар жағымдағы азаматтық арымның айдап шыққан ойы. Құрылысың жоқ. Қаптап жатқан санаторийің жоқ, жалаң, жаңғыз қабат көйлегіңмен осынша сұлусың. Егер киіндірсе, адам қолымен салынар ажарлы құрылыстармен көркем ше?! О... онда сен ғажап болар ең!


10-май, 1962 ж.


Алғаш циркулярный душ алған күн. Жанға жайлы, денеге майда. Судан келер шипаны осыдан күткендейсің.


Сағат 10-нан асқан соң «Красный шахтер» санаторийіндегі Уахатовқа бардым. Кешегі уәде бойынша ол маған қаланы аралатпақ. Бірақ таба алмадым. Сол арада бір партия бильярд ойнап жіберуге тура келді. Көптен ойнамаған дүние, кібіртіктеп жүріп, әйтеуір ұттым.


Содан қаланы аралауға шығып едім, сіркіреп жауын жауып тұр екен. Сонда да біраз жерді көрдім. Ленин проспектісі деп аталатын үлкен көше. Екі жағы толған санаторий. Магазин. Көп ешнәрсе жоқ. Жай аралап көріп, біраз шаршадым. Қайтарда Ленинградтық инженер Яков Захарович екеуміз таксимен келдік.


Дәрігердің айтуынша маған әзір алысқа шығуға болмайды. Мана қалаға кірерімде сұрағанмын ғой, сонда қайтарда таксимен кел деген.


Бильярдтың қызығына әбден түстім. Ұтылсам да ойнай берем. Міне, грузиннің жақсы бір жігітін тауып жолдас болдым. Отар Харитонович. Сымбатты, сұлу жігіт. Дене де, ажар да бар. Орысша таза сөйлейді. Оның қасындағы татар шалы Алматыдан болып шықты.


11-май, 1962


Ерте тұрып температура өлшеуден дәрігерлік байқау басталды. Бірнеше жерге қан тапсырдым. Алғаш нарзан ваннасына түспекпін.


Бұл араның негізгі емі — осы ванна мен ауасы. Кәдімгі жер астынан шығатын нарзан суына түседі екенсің. Алғашқысы маған 6 минут болды. Жүрекке әсер еткіш екен. Дәрігер қаста. Жүректің соғуын, тамырды дамыл-дамыл көріп тұр. Нарзан ваннасын қабылдаған соң 1,5 сағат демалып жату керек. Ол күні көп ешқайда шығуға да болмайды. Түске дейін жатуға тура келді. Түстен кейін бильярд ойнадым. Сол арада Харитонович кездесіп, ұзақ әңгімелестік. Ауа-райы ашылып, қыдырудың қисыны келді.


Үйден ала шыққан қазы мен «Қазақстанды» ашатын сәт осы шығар. «Красное солнышко» деген биік жотаға ала келдім. Бұл арадан бүкіл қала жақсы көрінеді. Үлкен қала. Биіктеген сайын әсемдене береді. Содан «Храм воздухаға» тарттық. Ол бөлек бір төбе. Төрт жағы сай. Сол сайдан соққан жел тура төбенің басына тіке шығады. Әдемілеп көмкеріп тастаған. Қасында кафе.


Бір тамашасы, әр төбеге айналдырып, шығуға оңай жол әкелген. Әр бұрылыста қанша метр биіктікте жүргенің белгілі, бәрі жазулы. Сонда бүгінгі шыққан ең биік жеріміз — «Красное солнышко» — 1062 м. Жота ғой, әрине.


Қазы мен «Казахстан» туған ел дәміңдей жолдастарды разы етті. Қазыны да, виноны да мақтап - мақтап ішті. Жақсы болды, мерейің үстем боп қалады екен ондайда. Кавказ шашлығын жеп те көрдік. Тәуір әзірлейтіні көрініп тұр. Жақсы қыдырыс болды.


Алғашқы күндері жаңғыз сұстиып жүрген едім. Бұл күні дабыр, әңгіме дұрыс болды. 2 орыс, 1 татар, 1 грузин, 1 қазақ — бесеуміз. Ең ұнайтыны — грузин жігіті. Әңгімешіл - ақ өзі.


Ақылы суретке түспеді. Фотоаппаратты алып шықпаймыз. «Халықтар достығын» бір түсіріп алу керек еді.


Осы кеште эстраданың өте қызық концерті болды. Конферансье Владимир Леоновтың сатирасы тамаша.


Аудиторияны осылай билеу керек. Нағыз арулардың көкейіндегі көп нәрсені айтып ішек-сілемізді қатырды.


Атап айтқанда, кейбіреудің курортта өзін бойдақ санайтыны. Аурумын деп келіп, арақ ішетіні.


Жалпы бұл күн мазмұнды күн болды.


12-май, 1962


Талай қазақ келіпті бұл қалаға. Күндіз Бекмұратқа барып, соны ертіп қалаға шыққанда 6 қазақтың басы құралып қалды.


Паркте бір ауылымыз көшіп келгендей бөлек жүрдік. Ешнәрсе іше алмаймыз. Бәріміз ауру. Іш қазандай қайнайды. Дегенмен екі шампан аштық. Алғашқысын мен алдым. Жігіттердің басы қосылғанының құрметіне.


Түстен кейін күні ұзаққа паркте болып, өз тілімізде дуылдасып, жақсы боп қалдық. Анекдоттың неше түрі айтылды. Суретке түстік.


Кешіне өзімізде би болды. Көптен билемей тосырқап қалыппын. Дегенмен «кәрі жүйрік шаппаса да делбені ала қашады» демекші, бірлі-жарым бір қыздардың білегінен ұстауға тура келді.


Ойыны, күлкісі, биі. Сағат 10-ға барды. Сыйлық та алып жібердік. Ысқыруың екен. Нұртасыма деп қойып қойдым.


Бұл арадан телефонмен сөйлесу қиын екен. 9Д-алған разовыйға түнгі сағат 1-де сөйлесесің деді. Білгім келетіні — Нұртастың халы. Ойлағандықтан ба, алдында бір түс көрдім де сөйлескенше асықтым. Жақсы естіледі екен. Орекеңнің өзімен сөйлестік.


13- май, 1962


Бүгін күн демалыс. Ванна алу керек. Көп жүруге болмайды. Пятигорскінің жанында скачка бар. Мықты аттар жүгіреді. Барғым - ақ келді. Бірақ ванна бар. Уақыты 11.40. Түскеннен кейін бір жарым сағат демалу керек. Сонымен обед болады.


Сағат 3-те қазақтармен кездесем деп қойып едім. Ваннадан кейін көңіл жақсы болса, барам. Әнеукүні алғашқы ваннаны ауырлаған едім. Бүгін қайтер екем. 8 минут жату керек.


Міне, ванна. Жылылығы 36 градус. Жатырмын. Қоңыр салқын. Қызығы, көпіршіп денеңе соғып жатқандай болады. Шым-шым етіп әр клетканы әр көпіршік өзі іздеп тапқандай. Сүйсіну керек. Ал менде тітіркену бар. Жай ғана қозғалуға болады. Оқыс қозғалмау керек.


Бәрін жасап қайттым. Келіп жатсам ұйықтап қалыппын. Түскі астан қалып қоя жаздадым. Бірақ тұрған соң ауырлау болды.


Қазақтарға бармайын десем, кеше уәделесіп қойдық. Ұят қой. Ауырлау болса да кеттім. Бірақ, олар табылмады. Содан өзім кеттім стадионға. Күрес, футбол. Ойға әр нәрсе келеді. Жүректің құдай атқан кезінде сөйтетін әдеті. Стадионда отырғанда тіпті жаман болды. Көптен валидол жеген жоқ едім, амалсыздан жедім. Алдымнан көлеңке, артымнан құн. Қыздырды. Содан ба екен. Әйтеуір бір сағаттай нашар отырдым. Қайтқым да келді. Ақыры футболдың аяғына қарамай кетіп отырдым.


Бері шыққан соң дұрысталды. Көңілім көтерілді. Таксимен келемін. Келсем, Матвей Васильевич, Отар күтіп отыр екен.


— Базардан ет әкеліп, «Храм воздухтағы» аспазға заказ бердік, сені күтіп отырмыз деді.


Отаридің Грузиядан әкелген бір коньягі, екі виносы бар екен. Қасымызда 4 орыс әйелі бар. Отаридің жерлестері. «Храм воздухқа» келе жатырмыз. Жолда бір ағаштың түбінде қазақтар секілді бір той адам отыр. Бұрылып сәлем бере кетейін деп қастарына келдім.


Қазақтар екен. Орталарында бір әйел. Фамилиясы Өтепова. Москва санаторийінде екен. Қалған алтау ер. Шұрқырасып қалдық. Ішіп отырғандары коньяк. Ал құйсын.


— Іше алмаймын, — десем болмайды.


— Бәріміз де аурумыз. Іш, ештеңе етпейді, — деп ал қыстасын. Алғаш көрген адамдар. Бәлсініп тұр ма деп айтады екен деп қысыласың. Сырт пішіні құрғыр да ауру адамға ұқсамайды.


— Отыр да отыр, іш те іш.


— Жолдастарыңнан бөлініп қал. Өзіміз апарып тастаймыз. Ақыры қойшы бір рюмке коньяк ішкізді. Әсіресе орталарындағы әйел тақылдаған бір пәле. Қырықтың ішіндегі сары қарын әйел. Суырылып тұр, тіпті. Өзі сірә ірі қызметте болу керек. Мәдениетті, суырылғанда беталды сүйкімсіз суырылу емес, нағыз тілді, қазақы, алды - артынды орап, аттап бастырмайтын мықтының өзі.


Сол арада отырған еркектерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында әбден билеп апты. Шайт десе өреді, жат десе жусайды. Тақымдап іш - іштің астына алған сол.


— Бүгін ванна алдым десем де болмайды. Бір уақытта:


— Алматының қазақтары өстеді. Біз қырдың қазағымыз, — деп бір соқты. Не керек ішуге тура келді.


— Ал енді кетпеуге басты. Ұят қой.


— Төбелеріңді көргенге бір жасап қалдым. Рахмет, — деп мен де түлкі бұлаңға бастым. Жібермейді. Амал жоқ, өкпелесе де кетуге тура келді. Әйтеуір қайдан екенімді айтпадым. Дегенмен тәкаппар деп қалды. Жіберіп алған олқылықты бастарын қосып түзеу керек пе. Әттең, іше алмай жүргенім - ай! Бастарын қоссаң ішу керек. Мендей емес, бәрі де ішіп отыр, тіпті қызып отыр. Ал ішсең, бәрі к черту кетті. Емің де, ваннаң да түкке аспайды. Жазыламын деп келіп, ауырып қайтсаң жақсы ма!


— Іше алмаудың өзі де кемістік екен-ау, — деген ой келді.


Уақасы жоқ, денсаулық түзелсе, ешқайда қашпас. Өз компаниямызда да солай болды. Ішу болды, көп емес. Бұлар бірақ манағы қазақтардай зорламады.


— Қайран, қазақ - ай. Пейілің кең, көңілің дархан ғой. Іш дегенде шын көңіліңді көріп отырмын. Ағыңнан ақтарылған көңілің. Бірақ осы мырзалығың кейде өзің үшін ауырға соғады ғой. Көңіліңе, пейіліңе қаяу түсірмеймін деп қисынсыз, тіпті қиын сәтте өзіңді қинап аласың. Емделемін деп келдің, ішіп отырсың, кездескен құрметіңе ішіп отырсың. Ертең ауырасың ғой. Қинау деген сол емес па.


Бірді-екілі көріп таныс болсам, біразға ұрсар едім. Амал не, алғаш көріп отырып ақылшы бола қалғаным саған да ұнамайды. Оған өзім де бармаймын. Бірақ сен мен туралы басқа ойда қалдың. Жақсы ой емес.


Құдай білсін, соңынан «шіреніп қалған», «қылтиып қалған», «ыздиып қалған», «әлде қандай боп» дедің бе, әйтеуір осының бірін айттың. Мен сондаймын ба. Адамды, алғаш көргенде - ақ айнадай танытатын аспап болса, әрине, мені түсінер едіңдер. Әрине, ол аспап әлі жоқ. Мен сендерге жұмбақ.


Ең болмаса, екі кездессек, таныр едіңдер. Иә, бұл кеш осы жолдарды жазғызды. Оған да рахмет. Пайдасыз емес қой, әйтеуір.


Екі рюмке коньяктан түнімен қорқып жаттым. Жоқ, әйтеуір аман. Стадиондағыдай да мазаламады, құдай оңдағанда.


Таңертең жақсы тұрдым. Циркулярный душ қабылдап, электракордиограммаға түстім. Нәтижесі кейін белгілі болмақ. Ал енді бұл күнді осымен аяқтап далаға шығайын.


14-май, 1962


Бұл күн - дүйсенбі. Таңертең циркулярный душ болмай қалды. Өте ұнайтын еді өзі. Кейін қабылдарсыңдар деді. Бірақ қабылдадық. Нервті жайландыратын жақсы нәрсе.


Бөтен жоспар жоқ, не істеу керек. Түстен кейінге Кислодовск бойынша экскурсияға жазды. Қаланы әлі жөнді аралап көрген жоқ едім, жазылдым. Бүкіл жолы 40 тиын. Осы сәтте Бекмұрат келді. Оны да ала кету керек. Экскурсияға шыққанша бір рет бильярд ойнап жібердік. Ұттым. Жақсы ойналды.


3 сағат экскурсияда. Көретін көп жері бар. Аралап жүрміз. Бұл арада ертеде горцылар тұрған. Кабардин. Баяғы Шамильдің соғысатын жері осы. Әрине тарихынан бері жазу күнделік бойына шақ емес. Кейбір елеулі сәттерін ғана атап өтейін.


Мұнда су сонау XVIII ғасырдың өзінде табылған екен. Шындап колға алынғаны 1894 жыл. Негізгі қайнарды Ольховканың тасуынан сақтап жақсы қоршау салған. Қазір ол жер Нарзан - галерея деп аталады. Қаланың орталығы десе де болғандай.


Қазір мұнда 35 санаторий бар екен. Көбі Совет өкіметінің тұсында салынған. Әрқайсысы өзінше ерекшелігімен. Нарзан деген сөз кабардин тілінде батыр, алып су деген екен. Олай деп неге қойылғаны белгілі (Нарз. сан).


Терренкур деген не? Үш терренкур бар, яғни үш маршрут. Аурулардың сипатына қарай дәрігер әркімге осы маршруттарды белгілеп береді. Маған белгіленгені бірінші маршрут.


Әр санаторийдің өзінің тарихы, айтуға жетерлік өйткені, келері бар. Бір ғана атап өтейін өзіміз жатқан «Горные вершины» санаторийінің авторы 1950 жылдары Сталиндік сыйлықтың лауреаты болған екен.


Дәл бізді алып жүрген экскурсоводтардай мақтай білсін. Алматы төңірегін жер-көкке сыйғызбауға болады екен, шіркін.


Бірнеше суретке түстік. Память болсын. Өзім де түсірдім.


Кешкі астан кейін бимен кетті. Көп билеп жіберсем керек, жүрегім ауырлап қалды соңынан. Бірақ дәрі ішіп ұйықтап қалдым.


Ауасы. Ауасы жақсы енді. Негізгі емнің өзі де сол.


Нұртасымды ойлай берем. Аурудың не екенін көріп жүрмін ғой.


Кішкентайынан кіріптар болса, не болды. Бала кезінде баладай ойнап өткені жақсы ғой. Ремизовкаға жіберсе, онда бір нәрсеге шалдыққаны ғой. Жастық па, салақтық па. Көпе-көрнеу өзімізден болды ғой. Қайтейін, көнесің де. Әрине, адам әдейі жасамайды. Оның үстіне өз баласына кім қастық ойлайды.


Бірақ кісі бойына қалыптасып, қанына сіңіп қалған салақтық сол қастықтан да жаман ба деймін. Ал сол салақтықты елемеу, адамның өзі көрмеу, тіпті ол былай тұрсын соны өз бойына кемшілік дарытпау мақсатымен қорғау, бүркеуге тырысу онан да жаман болу керек.


Менің Орынша жаман адам емес. Оның адалдығы, шын берілгендігі, өмірге үстірт қарауды сүймейтіндігі — тамаша! Әттең осыған мұқияттылық, сезімталдық қосылса.


Сондықтан да ашуға ашумен, ренжуге ренжумен жауап беру жиілеп келеді. Әсіресе, мұғалім болғалы бері. Шаршайтын шығар, қажитын шығар. Мүмкін ол жағдайды мен ескере бермейтін шығармын. Әрине, менің де көп кемшіліктерім бар.


Оны кейде өзім де қатты айыптаймын. Басқасын түзесем де салақтыққа деген төзімсіздігімді түзей алмаспын. Төзімсіздік деген сөзді қайталап айтам. Именно, төзе алмаймын.


Иә, қиял құшағына біраз кетіп қаппын. Аттың басын тежейін. Не десем де енді маған одан бөтен адамның керегі жоқ. Ол — өзімдікі.


15-май, 1962


Ванна. Бүгін барлық анализдің қорытындысы шығатын күн. Сағат 2-ге дәрігер шақыртыпты.


Дәрігерім жақсы адам. Келгеннен үйіріп, асты-үстіме түсіп, ықыласымен қарап жүр.


Жалпы қазақтарға деген өзінің мейірі бөлек болу керек. Бүгін палатаға да келіп кетті. Күле кіріп, хал-жайдың бәрін сұрап жатыр. Егде тартқан адам. Жүзінде бөлек бір жылылық бар. Дәрігерге лайық, ауруды айықтырар жылылық секілді.


Сағат екіде барғанда өз давлениесі төмен түскендей давлениеңіз қалыпқа келіпті деп қуанып жатыр.


Жүректің тынысы да жақсы деп жайраң қақты. Бұл сегізінші күн. Олай болғанына өзім де қуандым. Бірақ ваннадан кейін ауырлап жүргенімді айттым.


— Күнге шықпаңыз, үйренесіз, — деді.


Сөз арасында Алматы жақсы қала ма деп сұрайды. Мен жатып кеп мақтаймын.


— Алматы апортын жегенім бар. Дәмі әлі аузымнан кетпейді, деді.


Осы арада амандық болса, алма піскен соң бір посылка жіберсем бе екен деген ой да келді. Айта жүрсін. Тіпті кішіпейілдігінің өзі бір посылка емес-ау, сан жақсылыққа тұрарлық.


Нұртасым осындай дәрігердің қолына түссе жазылар ма еді. Томпаңдап шауып жүретін кезінде көрдің бе.


Жалпы осы арада балалар санаторий бар екен. Ой сан-саққа кетті.


Түстен кейін уақыт Бекмұратпен болды. Паркте жүрдік. Пленкамыз жақсы шығыпты. Абырой болды. Бірнеше кадрды жасауға бердім.


Бекмұрат та көп анау-мынаумен шаруасы жоқ, биязы ғана жігіт екен. Күледі де тұрады. Артық сөз де, артық әдет те жоқ. Сол тұрған бойы сыпайылық. Жас басынан гипортониядай ауру айналдырғанына аяйсың. Бірақ, байқаймын, өзіне талабы, өз тәртібі (самодициплина) күшті. Ондай адам ауруды жеңуге тиіс. Паркте көп жүрдік. Суретке түстік.


Кешкі уақыт екі қазақ, бір қырғыз жігітінің әңгімесімен өтті. Еріккен соң қай-қайдағы күлдіргі дүниелерді шатып-бұтып отырдық.


Бұл арада әйелдер қыдырту мода екен. Кей жігіттер зерікпес үшін сөйтеміз дейді. Ал, қазақ әйелдері жоқ, орыс әйелдерімен жақындасуға, одырайып, ыңғайымыз келмейтіндей. Аты жоқ, жөні жоқ не дейсің. Онсыз да әңгімемен жігіттер ішіңді кептіреді. Көпшілік емес пе. Қай-қайдағыны шығарды. Бұл күнде әйгілі ешнәрсе бола қойған жоқ.


16-май, 1962


Бүгінгі күн сәрсенбі. Бильярдный жұмыс істемейді. Демалыс. Таңертең душ қана бар. Күн бостау. Не істеу керек.


Жүру керек. Түстен кейін «Храм воздухқа» барып вино іштік. Осы вино өте ауыр тиді. Екі күн ауырдым. Соның салдарынан да осы күннен бастап күнделікті жаза алмадым. Міне алты күн өткен соң жазып отырмын. Көп жайдың нақты жағдайы ұмытылып қалды. Сондықтан осымен тоқтауға тура келеді.


17, 18, 19, 20-май, 1962


Бейсенбі күні ванна болған соң ешқайда шыққам жоқ. Ванна күн шынында маған ауыр тиіп жүр. Жаттым. Санаторийдің төңірегінен шыққам жоқ.


18 май күні «Медовый водопад» деген жерге экскурсия жасадық. Жаман емес, күн салқын. Маған жайлы. 18-20 шақырым жерде екен. Бұл жердің тауының қалыптасуы қызық. Тас дейтін тас емес. Тастан жұмсақ, құмнан қатты. Доломит дейді екен. Құрылысқа жақсы материал болар. Қашауға, өндеуге оңай берілетін болар.


Әрине біздің жақта одан күшті водопад бар. Бірақ көрмеген жұртқа бұл да таң.


Бұл жақта малды көбінесе Горцылар (карачай, чечен, ингуш, кабардин) бағады екен. Сол экскурсия болған жерде шәлі, орамал сатып жүр. Мен де алдым.


Сенбі күн ванна. Демалыс. Кешіне би болды. Көрмедім. Қарап тұрдым да қайттым.


Демалыс күн сурет түсіру, қалада болумен кетті. Бұл күндерді қысқа жазып отырғаным, уақытын өткізіп алып, көп деталын ұмытып отырмын.


21-май, 1962


Бұл күннің ең елеулі оқиғасы Пятигорскіге саяхат болды. Бұл қаланы Лермонтовтың қаласы десе де болғандай. Өйткені көп жері Лермонтовтың есімімен байланысты.


Осы қалада Мартыновпен дуэльде 27 жасында өлген. Міне, музейіне кірдік. 7-8 бөлме. Әр бөлме ақын әмірінен сыр шертеді. Жаңа туған орыс поэзиясындағы жарық жұлдыздың қалай сенгенін көз алдыңнан өткізгенде ақын болмасаң да бойыңды әлдебір сезім осып өтеді.


Неткен жабайы тәртіп. Бір кештегі болымсыз келіспес үшін екі жас жігіт бірін-бірі елімге шақырады.


Дуэль. Өткен заманның өзі секілді қатал, өзі секілді топас, өзі секілді пасық әрекет. Сол әрекеттің құрбаны болған талантқа бас иесің де, басынды шайқайсың. Қысқа өмірінде халқына қанша даңқ әкелді Лермонтов. Осындай ұлын өз қолынан өлтіруге қайтіп қана дәті барды халықтың. Әрине халық деген сөз бұл арада артық. Бірақ ойлап тұрып, өз арасындағы қанды қолға қалай қаһарын төге алмады екен деп қапаланасың. Қайтсын, халық қанды жасымен көмді, ол кезде соған ғана шамасы келді. Халық атаулының бәрінде де сондай қара қолдар болды ғой.


Адам! Атың қандай аяулы. Қаншама асыл қасиет бойында. Дүниеге тек жақсылық үшін келдің бе сен. Кереметің бар емес пе алуан.


Қайдан келеді сенің бойыңа арамдық. Қалай ғана жүре алады маңында. Алып жүрек, алып күшің тұрғанда неге ғана дарыттың, неге ғана жуыттың.


Өз тәніңе өзің дарытып алдың да, қанша ғасыр алыстың онымен. Әлі алысып келесің. Бұған кеткен күшіңді игілікке жұмсасақ, бүгінгі биік ісіңе қаншама асқар қосылмақ.


Асқақ қой сенің ұлы атың! Бақыт қой сенің мұратың! Тасқа тиген қайладай тәніңе жаттың баршасы неге серпіліп қалмайды. Дарытпа тәніңе иттіктің адам бәрін де!


Сенен сұлу, сенен ұлы, сенен күшті, сенен алып, сенен нәзік, сенен ғарып не бар екен дүниеде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу