09.10.2021
  120


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Жолды жүрген өндіреді

Жаңа ғана тылсым жатқан айналадағы аппақ қар жан біткендей жыбырлай бастады. Әпсәтте жаяу борасын күшейіп, жолдың үсті ала құйын болды да кетті. Батыс жаққа қарасақ көк түнеріңкіреп, күн бұзылғалы тұр екен. Колхоз председателі Эдвин Эдуардович Фоос оның бірін елеместен әңгімесін әдемі жалғастырып келеді. Бүгінгіден гөрі оның ойы ертеңгіге көбірек ойыса береді. Шоқақ - шоқақ еткен машина жүрісі ғана председательдің дауысын анда - санда үзіп - үзіп қояды. Қанша бірге жүрсе де жүргізуші де Эдвин Эдуардовичей сөзін бүгін бірінші рет естіп отырғандай, үздігіп тыңдап қалыпты. Қолындағы машинаның ролінен айрылып қала ма деп те қорқасың. Бірақ отырысында қыр жолына менен мықты ешкім жоқ дегендей паңдық бар. Зуылдатып айдап келеді. Бір орайда Эдвин Эдуардович колхозда ипподром болатынын айтты, тандана қараған бізге:


— Себебін түсіндірем, ол асқандықтан емес, керек, керек болғанда қандай, — деді. Сөйтті де шоферіне оңға қарай қолын шошайтты. Ол жылқы қораға тарт дегені екен. Омбы қарды қайықтай жарған күйі машина көз көрім жерде қарауытқан тоғайдың бер жағындағы үлкен қораға қарай беттеді. Әлде нені көруге асыққандай, жүргізушінің қуанышы қойнына сыймай, мына жолсыздың өзімен машинаны манағыдан да көңілді айдап келеді. Бұл да ат десе ішкен асын жерге қоятынның бірі болса керек. Қарды бората - мората "Газ-69" машинасы үлкен қақпаның алдына ышқына келіп тоқтады.


Жылқы жануар қандай сезімтал, құлақтарын елеңдете келгендерге осқырына қарады. Жүндері жылт-жылт еткен ылғи бір күйлі сәйгүліктер. Әрқайсысы өзіне тиісті шарбақта тұр. Астылары, айналасы тап-таза. "Театр ілгішектен басталады" демекші, күтімін тегі қорасынан - ақ байқауға болады. Колхоз председателі қасындағы облыстан, республикадан келген қонақтарды да ұмытып кетіп, әрбір аттың сауырынан, алқымынан сипап жүр. Шарбақтың қол жетер биік тұсында сәйгүліктердің аты, жасы, «өмірбаяны» жазылған. Оны дауыстап, мақтана оқып келе жатқан да жанағы өзімізді әкелген шофер — Георгий Генрихович Фейдер.


— Балалар барма бүгін? — деді председатель қора иесіне.


— Бар, ашық аланда жаттығып жүр.


— Жаттықтырушы келді ме?


— Ол қашанда осында ғой.


Қорадан шықсақ, борасын бұрынғысынан да күшейген сияқты. Бірақ қары тазарған, кіші-гірім ипподром секілді ашық аланда он бес атты жүр. Бәрі де сар желіске салып, қаздай тізіліп алдымыздан зуылдап өтіп жатты. Іштерінде 4-5 қыз бар. Бұлар колхоз мектебіндегі жоғары класс оқушылары екен. Сабақтан шыға салысымен осында келіп, ат спортымен шұғылданады, жаттығады. Еттері қызған ба, әлде таңырқап тұрған біздерге көрсеткен сесі ме, біраз аттар ауыздығын шайнап, ойнақтай бастады. Жігіт көрсе сылаң қағатын қыз секілді жылқы жануарда сырт көзге сұлу көрінуге тырысатын мінез болады. Мынау көріністің өзі де әдемі - ақ. Жеңіл ер тоқым үстінде тізгіндерін кәдімгі жөкейлерше ұстаған балалар дүниенің бәрін ұмытқан, есіл-дерті астындағы аттарының қилы - қилы жүріске, желіске, шабысқа көшуін бақылау.


Ұзақ қарап тұрып, тоңып қалғанымызды біз де байқамаппыз.


— Ана сәйгүлік үстіндегілер колхоздың болашағы. Ат спорты¬мен шұғылданғысы келіп өтініш білдіргендердің кезегін көрсеңіз, мектеп оқушыларының тең жартысы, — деді Эдвин Эдуардович машинаға келіп отырған соң. — Жылқы бізде көп емес, 460 бас қана. Асыл тұқымдысы аздау, әзірге соның 25-ін сатып алсақ па дейміз.


— Бара-бара мүмкін халықаралық аукционға қатысармыз, — деді көңілді Георгий Генрихович.


— Аукционный ауылы қашық шығар, бірақ жастарды колхозда тұрақтандыруға қызмет етсек, онда бұл жоспарымыздың жолы болғаны.


Колхоз председателінің манағы себебін түсіндірем дегенінің мәні енді белгілі болды. Бір орайда стадион, балалар үшін ертегілер қалашығын, бөгеттер каскадын, фин моншасын салу жөніндегі ойларын да жасырып қала алмады. Және де оны да жаңағы жылқы жөнінде сөйлегендей аса бір ықыласпен, ынтызар сезіммен айтты.


Бұған дейін аралаған үш сиыр фермасындағы көріністер де көз алдымызға келді. Азықтандыру, сүт сауу, кең шығару процесінің бәрі механикаландырылған. Қоралардың іші тап-таза, сауыншылардың, бұзаушылардың, бақташылардың үстінде кәдімгі завод, фабрикаларда жүмысшылар киетіндей арнаулы киім. Бұзаулар туған айларына қарай клетка - клеткаларда тұр. Олар тұратын қораның температурасы бір басқа да, сиырлар тұратын қораның температурасы бір басқа. Далада тағы ашық алаң бар, малдың күн ашықта бір уақ шығатын серуен алаңы.


Эдвин Эдуардович кездескен жерде әр малшыны атымен атайды. Бала - шағасының халін сұрайды.


— Председательдер әдетте, кеше қанша сүт саудың, малыңа қанша қосымша салмақ қостың деуші еді. Сіз бала - шағасынан бастайды екенсіз, — дедік біз қалжың - шыны аралас.


— Мұндағы жұмыс үйдегі көңіл-күйге байланысты. Еңбектегі табыс ошақ басынын амандығынан басталады, — деді председатель соңғы сөздерін созыңқырай, қадаңқырай айтып.


Бұдан кейін ол біраз үнсіз отырып қалды. Біз де көргенімізге ой жүгірткендейміз. Көңіл-күй дегеннің де төркіні байқалып тұр. Әрбір фермада әдемі жабдықталған қоғамдық малшылар үйі, онда малшылар шешінетін, үй киімін жұмыс киіміне ауыстыратын арнайы бөлме, жақсы асхана, демалыс бөлмесінде телевизор, кітап, газет-журналдар, отыратын диван - орындық, дойбы, шахмат. Медициналық пункт, жуынатын душ өз алдына. Қант-шайын да алысқа бармай, керек адам осындағы буфеттен сатып алады екен.


№2 фермаға келгенімізде құрылысшылар ақырғы жұмысты жасап жатты. Асхананың, коридордың едені кәдімгі көкала мрамор. Бөлмелердің ішкі сәндігін көргенде фермада тұрғаныңызды ұмытып кетесіз. Қабырғалар фанельденген, әдемі люстралар ілінген, аквариум, сайрағыш құстар тұратын орын өз алдына бір бөлек.


— Мына мраморыңызбен өзге фермадағыларды өкпелетіп алмайсыз ба?


— Оның да сыры бар. Бұл ферма барлық көрсеткіштен жақсы, әрі малшылардың қоғамдық үйі жаңадан салынды. Осыны пайдаланып, мраморды да ынталандыру мақсатында қолданып жатқанымыз ғой. Қызықсын, ұмтылсын. Амандық болса, қайда кетеді дейсіз, мрамор басқаларға да барады. Бәрі солар үшін емес пе. Өкпелей алмайтын тағы бір себебі: бәрі колхозшылардың жиналысында келісілген. Осында не істеліп, не қойылып жатыр, оны түгелдей колхоздағы әрбір адам біледі десе болғандай. Жасырып ештеңе істемейміз. Бәрі жұрттың көз алдында.


Мана алғаш танысқанымызды Эдвин Эдуардович қызу қанды, тіктеу сөйлейтін адам секілді көрініп еді. Колхозшылармен кездескен сайын жайдарыланып, жайсаң мінезділігін танытты. Кейбір тұйық көрінетін актерлердің сахнаға шыққанда жайнап кететіні, болмаса қатулы деген ұстаздың балаларды көргенде мүлде жайдарылана түсетіні бар ғой. Бұл да солар секілді өзінің жан пердесін тербететін аудиториясына тап болғандай өзгеріп сала берді. Мұның колхозшыларға, колхозшылардың бұған деген құрметі айтпай-ақ көрініп тұр. Құрмет тілімен сөйлесіп, құрмет жүрегімен ұғысатындай. Мен бастықпын, мен бағыныштымын деп тұрған арабагештің ізі де жоқ.


Осы орайда жаңағы фермадан шыға берістегі бір кездесу біраз ойға мегзеді. Өмірдің өзі новелла демекші, ол аса бір мәнді сырды аңғартқандай. Негізгі тақ-тақ жолға жеткенше едәуір жер. Ферма мен екі ортада еңіс бар екен. Біз төмен түсуіміз керек. Ал қарсы алдымыздан егістікке көң тартып жүрген тіркемесі бар бір «Беларусь» тракторы шыға келді. Жолдың екі жағы да омбы, кім бұрылса да біраз машақаттанатыны сөзсіз. Председательдің машинасын көріп, «Беларусьтегі» механизатор не істерін білмей сасып қалды.


— Сен шық жолдан, ол өрге қарай келе жатыр ғой, — деді Эдуард Эдуардович шоферіне өктем үнмен.


Машина биік жалды жара - мара бұрыла бергенде председатель есікті ашты да «Беларуське» тоқта деп белгі берді. Ол түтінін будақтатқан күйі басқарманың келуін күтті.


— Сіздер кешіріңіздер, мен ана жігітпен бір ауыз тілдесіп келейін. Келіншегі ай -күніне жетіп отыр еді, босанды ма екен?


— Босаныпты, ұл тауыпты, сүйіншіге жығынды болдым, — деп Эдвин Эдуардович машинаға күле отырды.


Артқа қарасам «Беларусь» те өрге қарай зырылдай көтеріліп бара жатыр екен. Иесінің көңіл-күйі тракторының жүрісінен - ақ көрініп тұр. Мен сыртынан бейтаныс механизаторға бір, қасымда отырған председательге бір қарадым. Екеуін көрінбей тұтастырып тұрған сезімді тереңірек ұққым келді.


Сәйгүліктерді неге жақсы көрдіңіз деген манағы бір сұрағымды да қайталай қоймадым. Себебі түсінікті болған сияқты. Мініп келе жатқан машинамыз аудан орталығына қарай тарта берді. Колхоз орталығы да сол Бородулиха селосында.


— Эдвин Эдуардович, Сіз басқарған колхоз биылдан бастап толық шаруашылық есепке көшкен, өзін-өзі қаржыландырады. Жүрексінбейсіз бе? Қыр-сыры әлі көп мәселе ғой бұл.


— Жоқ. Жүрексінбеймін. Оған толық негіз бар. Бұл бір ғана мен емес, бүкіл колхозшылардың ұйғарымы. Сан талқылап, сан екшедік. Бұл істі сеніммен қолға алған облыстағы үш шаруашылықтың бірі екенімізді де түсінеміз. Яғни жол көрсетушілер сапындамыз. Жол бастаушы сенімсіз болса, онда жағдай қиын.


Эдвин Эдуардович ары қарай нығырақ сөйлеп кетті. - Шаруашылық есепке көшіп, өзін-өзі қаржыландыру үшін екі көрсеткіш мықты болу керек. Бірі — жыл сайын алынған таза пайда, екіншісі — рентабельділік. Осы екі көрсеткіш бұл коллектив еңбегінің айнасы іспетті. Шаруашылық есеп табысты жүріп, өзін - өзі қаржыландыруда қиналмас үшін рентабельділік кемінде 25-30 процент болуға тиіс. Ал одан төменгі рентабельділікпен шаруашылық есепке көшем деу көз жұмбайық.


Бізде рентабельділік он бірінші бесжылдықта орта есеппен, 30,8 процент болса, 1986 жылдың қорытындысында 36,3 процентке, ал 1987 жылы 57 процентке жетті. Алынған таза пайда он бірінші бесжылдықта 1206 мың сом, 1986 жылы — 1781 мың сом болса, 1987 жылы — 3213 мың сом болып отыр. Яғни батыл қимыл жасауға барлық жағдай бар деген сөз.


Түсініктірек болу үшін әрі қарай тағы да талдау жасап көрейік. Мысалы, 1986 жылғы 1,781 мың сом таза пайданы біз қалай жұмсадық дейсіз ғой. Белгіленген мемлекеттік төлемді бюджетке 100 сом аударылды; сүт комплексін салған кезде мемлекеттен алған қарыз үшін 15 мың (одан артыққа рұқсат етпейді) сом өтедік; бөлінбес қорды толықтыруға 298 мың сом кетті. Қалғандары төмендегіше жұмсалды: өндірісті ұлғайтуға (шаруашылық мақсаттағы объектілер салу, техника, асыл тұқымды мал сатып алу, жаңа өндірістік учаскелер ашу, тағы басқалары) 826 мың сом, материалдық ынталандыру қорына 323 мың бөлінді. Сонда жиынтығы 1761 мың сом болды. Қалған 20 мың сом әлде қандай тосын шығын үшін. Ал 1987 жылғы 3213 мың сом таза пайда бұдан да кеңге көсілуге мүмкіндік береді. Көріп отырсыз, он екінші бесжылдықтың алғашқы жылымен салыстырғанның өзінде таза пайда 1432 мың сом артық болды. Біздің банкідегі расчетімізге әр жылдан артылып қалған қаржы бір-біріне қосылып жатады. Күні кеше онда 1515 мың сом бар еді. Ал 1987 жылғы мол таза пайда мұны тағы да көбейте түседі деген сөз. Яғни өзімізді өзіміз қаржыландыруда жалтақтайтын ешнәрсе жоқ. Түйіп айтар болсақ, қажырлы еңбегіміздің нәтижесі өндірістік негізгі қорды ұлғайтуда да, материалдық ынталандыру қорын молайтуда да, әлеуметтік мәселелерді шешуде де батыл қимылдауға болады деп отыр. Осы бір үш фактордың бірлігі, қол жеткен табыс, тиімділік социалистік өндірістің сипатын анықтайды.


Бұл сапарымызда біраз адамдармен жүздескенбіз. Солардың айтуы бойынша біздің көз алдымызға Эдвин Эдуардовичтің алғашқы қадамы келді. «Заветы Ильича» колхозына председатель болғанда ол небәрі 28 жаста еді. Өмірлік жолы да аса бай емес. 12 жасында әкеден жетім қалды, мектеп-интернатты бітірді, әскерге барды, теңіз матросы болды, осы Бородулиха ауданындағы «Путь к коммунизму» колхозында комсомол ұйымын басқарды, партия мектебінде оқыды, осы колхозда 5 жыл партия ұйымының секретарь қызметін атқарды. Өмірлік мектебі міне осы — «Путь к коммунизму» колхозында алған тәжірибесі ғана.


Неден бастау керек? Қандай басшының болса да, алдынан шығатын алғашқы сұрақ қой бұл. Эдвин Эдуардович ақсақалдарды жинады. 13 ұлттың өкілі тұратын бұл шаруашылықта үлкендердің бәрін «ақсақал» деп құрметпен атау әдет болып кеткен екен. Олардың ішінен өзіне дейін колхозды басқарған 17 адам шықты. Бір жағынан он жеті ақылшы болғанымен, екінші жағынан он жеті тәжірибелі сыншы деген сөз ғой. Әлде кімдердің өзіне дейінгілерді бөгет жасайды деп түртпектейтінін де білетін Эдвин. Бұл — үзілді - кесілді олай еткісі келмеді. Мықтылығыңды ісіңмен көрсет. Оның үстіне әкесі Эдуардтың ұдайы айтатын сөзін есіне алды.


Қарты бар ел — қазынасы бар ел. Үлкенді сыйлағаның — үйінді сыйлағаның. Сырың мен сыйынды халқыңнан бүкпесең, ол да солай жауап береді.


Ақсақалдармен де, жастармен де болған ашық әңгіме көп жайдың бетін ашты. Біріншіден, жүмысшы күші жетпейді, оны қалай тоқтатады? Екіншіден, құрылыстың жүргізілуі шабан, колхоз әрі аудан орталығында, тұрғын үй жетпейді, бұл проблеманы шешудің көзі неде? Бір ақсақалдың мынадай сөзі Эдвин Эдуардовичтің күні бүгінге дейін есінде.


— Балалар өскен соң бөлек тұрғанды, өз қотырын өзі қасығанды жақсы көреді. «Алыстағы балаң — аяулы балаң» деп халық бекер айтпаған. Әке-шешесімен үйіліп-төгіліп бірге отырғандарды бол алдымен.


Мұны құрылыс программасын кең жаса деген аманат іспетті қабылдаған еді. Үшіншіден, жемшөп базасы сенімсіз, көп жылдық шөптің түсімі төмен. Яғни негізгі бағыт мал шаруашылығының болашағын мықтап ойлау керек. Қиналған кезде шөпті сонау Қостанай облысынан тасиды екен, тоннасы 80-120 сомнан, қып - қызыл шығын. Төртіншіден, масылдық, енжарлық басым, бұл адам қабілетін тұсайтын дерт. Бергеннен гөрі алғанды, қанағаттықтан гөрі қармап қалғанды жақсы көреді кейбіреулері. Оның кесірлі ісіктей кеулеп кетпегені жөн.


Сырттай әлді шаруашылық сияқты көрінгенімен жас председательдің алдынан осындай проблемалар шықты.


— Содан бергі өткен тоғыз жылды күнделік ретінде жазып отырсаң, том-том шежіре болар еді, — дейді Эдвин Эдуардович


— Бірақ оған бізде уақыт қайда. Қазір көп деталдар есте де қалған жоқ. Бірақ негізгі ұстаған бағыттарымыз көкейде әлі сайрап тұр.


— Бәрін ашық жасау керек, — деді Эдвин Эдуардович біртүрлі нұрлана сөйлеп. — Колхозшылардың өз ақылына салып, өз күшімен істеген жөн. Осы мақсатпен цехтық жүйеге көштік. Бізде қазір төрт цех бар: егін шаруашылығы, мал шаруашылығы, механизация, құрылыс пен қосалқы кәсіпорындар цехы. Егін шаруашылығы цехына үш трактор егіс бригадасы мен орталық қырман кіреді. Мал шаруашылығы цехына үш товарлы сүт фермасы мен күс фермасы, сүт блогы және орталық жемшөп цехы жатады. Механизация цехы — машина-трактор шеберханасы, автопарк, машина жасау ауласы, электроцех, мұнай базасы, еңбекті көп қажет ететін жұмыстарды механикаландыру бригадасы. Ал төртінші цехтың — құрылыс цехының құрамына ағаш өндеу шеберханасы, орталық қойма, наубайхана, қонақ үй кіреді. Әрбір цехтың бастықтары, ондағы фермалар мен бригадалардың меңгерушілері, бригадирлері бар. Негізгі қорды цехтарға бөліп тастаймыз. Олар қай жұмыстан пайда, қай саладан зиян келетінін өздері есептейді. Яғни өз участогінде өзі қожайын. Колхоз орталығынан бәрін тәптіштеп соқырға таяқ ұстатқандай көзеп отыруды қойдық. Шаруашылықты тиімді жүргізудің жолын іздеп басын ауыртсын, ізденсін, қанатын сабаласын. Алғашқы жылдары бұл жүйе, әрине оңайға соққан жоқ. Орталыққа қарай, жалтақтап қалған ескі әдет етектен тартты да. Бірақ экономикалық тұтқаның ғажаптығы да сонда, аюға намаз үйреткендей, жұртты есептеуге дағдыландырады. Қазір бригадалар, фермалар, цехтар бір тиын жібермеуге тырысады. Олар өз мәселелерін ферманың, бригаданың, цехтың советтерінде қарайды. Колхозда мұндай 10 совет бар. Оның айтқаны заң. Экономикалық мәселе де тәртіп мәселесі де, әлеуметтік мәселесі де сонда шешіледі. Өзін-өзі басқару, демократия дегеніміз осы емес пе. Кейінгі кезде бригадирлер, ферма меңгерушілері, цех бастықтары сайланып қойылатын болды. Бұл да төменнен бақылаудың, көпшілік пікірінің рөлін күшейтті.


Бізде колхоз бойынша экономикалық талдау бюросы бар. Оның мүшелері бас мамандар. Айына бір рет өтетін өз мәжілісінде бұл бюро бригада советтерінің есебін тыңдайды, оларға бағдар беріп отырады. Ал ағымдағы мәселелердің бәрін төменгі коллективтердің өзінде шешкіземіз. Тоқсан сайын өтетін колхозшылардың жалпы жиналысының күн тәртібіне ауқымды, келелі мәселелер қойылады. Аралықтағы ұйымдастыру жұмыстары колхоз басқармасы мен тексеру комиссиясына жүктеледі, міне бұл құрылымдық жағы. Басқаша айтқанда басқару механизмі. Оның икемді, тиімді түрін таптық деп білеміз.


Сосын бізде күштеп міндеттеме алғызу деген жоқ. Бригада, ферма, цех өзі шешеді. Ал олар әрбір адамның мүмкіндігін ескерді. Мынадай бір оқиғаның куәсі болғаным бар. Вера Ильичина Воровьева деген сауыншылар звеносының жетекшісі өткен жылы әр сиырдан 3500 килограмм сүт алуға міндеттенеміз деді. Оған дейінгі көрсеткіштері 3200 килограмм болатын.


— Бір жылда әр сауын сиырдың сүттілігін 300 килограммға көтермек пе? Мүмкін емес?


Бұған бәріміз де күмәндандық. Бірақ Вера Ильичина болмай қойды. «Есебім бар, жолын табам, сөзімде тұрмасам жауап беретін өзім, звено үшін жауап беретін мен, бәріміз ақылдастық, мүмкіндік бар» деп отырып алды. Амал не көндік. Ақыры оныкі дұрыс боп шықты, көздеген межесіне жетті. Яғни іс қасында жүргендер сенен гөрі көреген. Көзін ашса, халық қайраты таусылмас қазына деген осы ғой. Меніңше ол көзді ашып отырған шаруашылық есеп.


— Сіз алғаш келгенде алдыңыздан шыққан төрт проблеманың соңғысын бастадыңыз. Былайша айтқанда адамдармен жұмыс істеуден. Жем шөп мәселесін қалай шештіңіздер? Одан соң құрылыс жайлы кадрларды тұрақтандыру туралы айта кетсеңіз.


— Байқап қалған екенсіз ғой, әдейі солай етіп отырмын. Мәселенің мәселесі — адам факторы, адамдардың бойындағы қуатты ояту. Бұл өнерді игерген басшының бағы қашанда жанбақ. Демократия дегеніңіз жұрттың пікірін тыңдау, халықпен ақылдасу деген сөз. Ал жариялылық — ол ешнәрсені жасырмау. Сонда ғана ақылшың көп, жанашырың көп деген сөз. Әрі бұл екеуі ұйымдасуға, топтасуға бастайды. Енжарлық, масылдық өз -өзінен ығысып береді.


Ал енді жем шөп базасы жайлы. Мал өсіріп отырып, жем шөпті молайтпау, оның түр-түрін көбейтпеу — орға жығылу. Бізде жер аса көп емес, барлығы 49644 гектар, оның ауыл шаруашылығына жарамдысы — 41797 гектар. Осыдан егістік 18120 гектар да, жайылымдық — 22523 гектар, ал пішен шабатын жердің көлемі бар болғаны — 637 гектар. Бізде қой жоқ. 4300 бас ірі қараны, оның ішінде 1450 бас сауын сиырды, 17000 құсты, 460 бас жылқыны қалай асырап, олардың өнімін қалай арттыруымыз керек, бұл саланы қалай тиімді жүргізуге болады? Бірден-бір жол жерді жақсылап пайдалану, оның он мың гектардан астамын дәнді дақылдар алса, қалғанын жем-шөптік дақылдарды егу — жүгеріні, бір жылдық, көп жылдық шөптердің көлемін ұлғайту, өсіруді игеру. Оныншы бесжылдықта жем-шөптік дақылдардың көлемі 5000 гектар болса, қазір 7000 гектардан асып түсті. Ең қуаныштысы әр гектардан алынатын өнімді ұлғайттық. Сосын жайылымдарды жақсартуды мықтап қолға алдық. Көп жылғы михнатымызды тәптіштеп айтып жатпай-ақ қояйын. Қазір бізде жем-шөп жөнінде қиыншылық жоқ. Көп жылдық шөптің тұқымын әуелі өзгеге сататын болдық, оны пайда табудың көзіне айналдырдық. Мысалы, екпе жоңышқа тұқымының бір пайдасы 12 мың сом. Ал оны біз 300 гектарға егеміз. Оныншы бесжылдықта оның әр гектарынан 9 центнерден ғана өнім алынса, қазір 19 центнерден өнім аламыз. Сөздің қысқасы, егер біз қазір әрбір 100 сиырдан 99 бұзау өсіріп, ірі қараның етке өткізу салмағын 480 грамға жеткізіп отырсақ, бұл ең алдымен жемшөп мұқтаждығын шешудің арқасы. Оныншы бесжылдықта 393 килограмм еді, қазір етке өткізілген малдың 95 проценті жоғары қондылықпен қабылданады. Колхоз үшін бұл ағып тұрған пайда.


Шаруашылық есепте есте мықтап сақтайтын тағы екі көрсеткіш бар. Олар - өнімнің өзіндік құны және өнімге жұмсалатын шығын. Бұл көрсеткіштер неғұрлым төмендеген сайын тиімділік соғұрлым арта түседі. Айтарлық, 1986 жылы бір центнер ірі қара етінің өзіндік құнын 183 сом 70 тиын болады деп жоспарласақ, ол 177 сом 10 тиын болады. Бір центнер қосымша салмақ алуға жоспар бойынша 23,4 адам – сағат жұмсау көзделсе, ол 20,3 адам-сағат болады. Өткен мерекелі жылы, яғни 1987 жылы, сүттің әр центнерін 29 сом 25 тиынға (бұрын 33 сом 05 тиын болатын), ірі қара етін 169 сомға түсірдік. Ал оныншы бесжылдықта бір центнер ірі қара еті 221 сом 39 тиынға, он бірінші бесжылдықта 192 сом 43 тиынға түскен-ді, сүттің әр центнері 43 сом 07 тиынға дейін барған еді.


— Бұл цифрларды сөйлете берсең, олардың айтары көп, — деп бір күліп қойды Эдвин Эдуардович. — Біз экономистерден, коллектив жетекшілерінен тап осы цифрларды «сөйлете білуді» талап етеміз. Қарапайым еңбеккер қалың цифрдің арасында малтығып қалмай, керегін, тиімдісін білсін. Бұл да жақсы жұмыс істеу жолындағы күрестің бір түрі сендірудің, сергітудің, көзін жеткізудің, алға ұмтылудың таптырмас құралы. Істеген ісінің не бергенін, не берерін біліп отырса, еңбеккер өз еңбегінің бағасын терең ұғады, ойланады, толғанады. Бұл да адам факторы ғой, оны еш мәселеде айналып кете алмайсың.


Сонымен алынатын табыс жыл сайын өсіп отырса, өзіндік құн арзандай берсе, аз шығын жұмсап, көп өнім өндіруге жұрт дағдылана бастаса, колхоз экономикасы нығаймай қайтеді. Ол колхозшылардың жағдайын жақсартады, жалақысын көбейтеді. Жалақысы көбейген адам көңілді болады, туған жерінен кете де қоймайды. Мысалы, біздің сауыншылар жаз кезінде айына 300-400 сомға дейін табыс табады. Бұл сіздің кадрларды қалай тұрақтандырдыңыздар деген сұрағыңызға жауап. Қазір бізде еңбекке жарамды 720 адам бар. Ал мен келгенде солардың саны 500-ден аспайтын. Шүкіршілік, қазір жүмысшы күшінен аса тапшылық көріп жүргеніміз жоқ. Бірақ жұмыс көлемі өседі, адамдар қашанда керек болады. Жалпы біздің колхозда 1852 адам тұрады. Оның 260-ы пенсионерлер, қалғандары мектеп оқушылары, жас сәбилер деген сөз ғой. Алайда колхоздың ертеңгі болашағы солар, олар жөніндегі қамқорлық - стратегиялық мәселе. «Ұрпағын ойламаған ұмыт қалады» демей ме халық. Тегі біз бүгінгіден гөрі болашаққа көбірек жұмыс істеуіміз керек деп білемін мен. Жай өмірлік көріністі алайық. Тіпті әрбір әке-шешенің өзі бәрін балалары үшін жасамай ма. Балалары үшін мектеп жоқ жерден кетіп те қалады, қысқасы олардың жолында отқа да, суға да түсуге әзір. Осы қарапайым ақиқатты колхоз көлеміне аударып көрсек ше. Сол балаларды да колхозда қалай ұстау керек. Колхоз ісіне, яғни жерге, шаруа мамандығына деген сүйіспеншіліктің ұрпақтан — ұрпаққа берілуін немен қамтамасыз ете аламыз. Менің бұл стратегиялық мәселе деп отырғаным сол. Міне мұның бір ұшы құрылысқа, тұрғын үйге келіп тіреледі.


Қысқарта айтайын, мен мұнда келгеннің келесі жылы — яғни 1979 жылы жылына 10-11 үйден ғана салсақ, одан кейін 17 үйден қазір жылына — 24-26 үйден салуға жеттік. Біз шаруашылық адамдары цифрларға кете береміз. Өйткені ол дәлелдірек. Тағы бір цифрды айтайын. Егер 1976 жылы колхозымызда жалпы тұрғын үй көлемі 2888 шаршы метр болса қазір ол 9620 шаршы метрге жетті. Яғни үш еседен астам өсті. Бірақ мұны да әлі жеткіліксіз деп есептейміз.


— Сонымен, — деді Эдвин Эдуардович алдындағы колхоздың экономикалық паспортын жаба беріп, — біз толық шаруашылық есепке, өзін-өзі қаржыландыруға едәуір дайындықпен келдік. Бұл істі 1983 жылдан тереңдеп қолға ала бастаған едік. Бүкіл мамандарымыз да, колхоздың экономикалық талдау бюросы да, төменгі барлық коллективтер де экономикалық сенімді жүйеге жауапкершілікпен кірісті десек, мақтанғандық емес. Бұл экономикалық тұтқа өзінің правосына еніп, тағы бір биік белеске көтерсе дейміз.


— Эдвин Эдуардович, сіздер өткен жылы колхозда ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесін ұйымдастырыпсыздар. Яғни өздеріңіздің «ВДНХ»- ларыңыз болды деген сөз. Ондағы көзделген мақсат не?


— Біз былтыр ғана емес, алдыңғы жылы да ұйымдастырдық. Былтырғы көрмемізге көрші аудандардың шаруашылықтарынан да көруге адамдар келді. Мақсат не? Мақсат — барымызды сарапқа салу, көрнекі күйде көру дейме, міне сол. Шаруашылық есепке толық көшуге әзірліктің бір жолы десе де болар құсы. Ал оны ұйымдастыру, жасау үлкен мектеп болды. Барды қалай көрсете білу керек. «Көрмеге қойылады» дегеннің өзі қандай қамшы болғанын білсеңіз... Асыл тұқымды мал, әдемі өсірілген бұзау, сүтті сиыр, күс тұқымының әлденешеуі, өнімнің түр-түрі — бидайдың сорттары, көп жылдық шоп, жүгері, түсімді учаскілердің дақылдары, күтімді техника — бәрі-бәрі болды. Сауыншылардың, өгізше семіртушілердің өз әукім - әукімдердің баптағанын көрсеңіз. Кәдімгі бәйге атындай мәпелеп, жұтындырып әкелді. Көз көп жерде кімнің жаман көрінгісі келсін. Цехтардың, фермалардың жасаған диаграммалары, экономикалық көрсеткіштерін сөйлетуі жұрттың бәрін қызықтырды. Төменгі коллективтер бірін-бірі тереңірек біле түсті, бірінен бірі үйренді. Өзімізді өзіміз байқау, өзімізге өзіміз есеп беру сияқты болды. Әсіресе мектеп оқушылары көп мағлұмат алды, өз колхоздарының бүгінгісі мен келешегін көз алдынан өткерді, ата - аналарының жетістіктеріне сүйінді. Ауыл шаруашылығына дегем ықыластары артты. Тап осы көрме кезінде маған бір ой келді: колхоздың осу жолын бейнелейтін музей неге ашпасқа? Тарихты құрметтеуге, дәстүрді жалғастыруға тәрбиелеудің тамаша бір орны болар еді - ақ. Ең бастысы идеялық тууы, жақсы идея қашанда игілікті істерге бастайды.


— Эдвин Эдуардович, «Жолды жүрген өндіреді» деген халық мақалы бар. Біраз істі тындырып тастапсыздар. Бірақ тоқ мейілі бізге жат қой. Тағы да қандай игілікті қадамдар жайлы толғаныстарыңыз бар?


— Тындырып тастадық деген сөзден қорқам, өз басым. Ол мақтануға әкеп соғады. Осы орайда ойыма өткен жылы болған соңғы партия жиналысы түсіп отыр. Онда колхоздың парткомы қайта құруға қалай басшылық етіп жатқаны туралы есеп берді. Өзге шаруашылықтардан, тіпті республикадан тыс жерлердегі колхоздар өмірінен деректер келтірілді. Сол деректермен көрсеткіштерімізді салыстырды. Иықтассақ мықтымен иықтасайық, бүгінгі билігімізді жаңа белестің — жеделдету белесінің басы ғана деп есептейік, ашылмаған резервтер әлі баршылық, ең үлкен резерв адамдар бойында, солардың ашылмаған қуатына кілт табайық деген пікірлер айтылды.


Үсті-үстіне төпелеп жиналыс өткізе беруде әдетімде жоқ-ты. Бұл жұртты ығыр қылады, әрі алтын уақытты көне - көрнеу ысырап ету ғой. Төменгі коллектив басшыларының құлағына құятынымыз да осы. Жиналыс дәмді болсын, керек уақытында шақырылсын, Әлде біреулердің «не шара қолдандың» дегенде шұбыртып, өткізілген жиналыстарды тізе жөнелгенше жыным келеді. Жиналыстың керек уақыты бар. Жағдай талап етеді, сонда шақыр. Жоқтан өзгені жиналысқа салып мылжыңдай бергенді біз жек көреміз.


Экономикалық білім — бүгінгі тандағы ең зәру міндеттердің бірі есебінде қойылды. Мұнсыз шаруашылық есеп, өзін-өзі қаржыландыруды білу жоқ. Басшыдан бастап, әрбір колхозшының талдау қабілетін ұдайы іспен сынап отыруымыз қажет.


Рухани биіктік деген не? Моральдық - психологиялық ахуалдың басты көрсеткіші бұл! Керек десеңіз экономикалық та, әлеуметтік те болмысымыздың айнасы. Біздердің «домалақ» арызды қарауды ұмытқанымыз қашан, — деді колхоздың бас бухгалтері Любовь Арнольдовна Митрованова. — Өйткені бәрі ашық айтылады, адал талқыланады. Әркімнің тағдырын оған етене жақын коллективі шешеді. Ал коллектив сол адамды қай басшыдан болса да жақсы біледі. Оның, алдында ешкім тырп ете алмайды. Мысалы, өткен жылы дәлелді себептерсіз мал қыстатуға әзірлік кезінде жұмысқа шықпай қалған бес адамға заттай ақы алу шектелді. Ал алдыңғы жылы мал шаруашылық цехында 13 адамнан 1648 сом ұсталған болатын. Осылардың біреуінен арыз түсті ме, мені жәбірледі деп, не колхоз басқармасына, не парткомға келді ме? Жоқ, келген жоқ. Неге? Осының бәрі коллектив ұйғарымымен болған. Бригадалардың, фермалардың, цехтардың, ондағы партия топтарының тәрбиешілік ролін көтеріп жақсы істеп жүрміз. Ең сөзі өтімді ең қатал төрешісі солар. Әділ шешім, әділ сөз жүргізген жерде рухани биіктік болады. Осы биіктікке өрлеуіміз қажет. Көп табыстың кепілі сонда.


Біз соңғы жылдары егістікті құрғақшылықтан қорғайтын орманды алқап өңірін кеңейтуді мықтап қолға алдық. Жылына 25 гектар жерге ағаш отырғызамыз. Оны күтіп баптаймыз. Қазір сондай алқап көлемі 480 гектарға жетті. 1986 жылдан бері су бөгеттерін сала бастадық. Ондағы ойымыз — қар суының да шып - шырғасын шығармау. Осы бөгеттердің тұтас бір каскадын жасау ойымызда бар. Ол ұзындығы 12 километрге дейін созылмақ. Яғни суландыру мәселесіне жаңа бетбұрыс жасау ниетіндеміз. Мұнсыз егіншілікті өрге бастыру, одан тұрақты өнім алу, оның тиімділігін жоғары ету мүмкін емес. Істеліп жатқандарға қоса интенсивті технологияны дамыта түссек, әрбір танаптың құнарын арттырып, берерін көбейтсек, таза парға күш салсақ. Осының бәрін тайға таңба басқандай көрсетіп тұратын танап паспорттарын жасауды жолға қойсақ... Қысқасы егіншіліктің біресе өрге, біресе ылдиға тартуын тоқтатқымыз келеді. Тек өрге тартуымыз керек. Мақсат осы.


Ал мал өсірудің проблемасы түгел шешіліп болды десек, ол адасқандық болар еді. Ғылымға, ғылыми негізге біржола көшу керек. Бізде қазір әр сауын сиырдан жылына алынатын сүт 3232 килограмм. Осыны 4000-5000 килограммға жеткізуге бола ма? Болады деп есептейміз. Біз төлдейтін бір сиырдан бір бұзау алуды шештік деп есептейміз. 1987 жылы 100 сиырдан 99 бұзау алдық. Ал өткен бесжылдық қорытындысына ол 89 болатын. Колхоз орнында, жайылым орнында, ферма орнында. Сонда өзгерген не? Күтім күшейді, қоғам байлығына, қоғамдық еңбекке деген адамдардың көзқарасы өзгерді.


Енді сиыр тұқымын асылдандыруды интенсивті түрде колға алмаса болмайды. Аса бір үлкен резерв осында жатыр. Мен сізге бір қызық мысал келтірейін. Асыл тұқымды мүйізсіз тоқал сиырларды көбірек ұстасақ дейміз. Неге дейсіз ғой. Ғылыми информацияға қарағанда мүйіздің жетілуінің өзіне 16 килограмм ет алуға жұмсалатындай қорек кетеді екен. Пәленбай мың сиырға осыны көбейтіп көріңіз. Міне, шаруашылық есеп экономиканың қандай - қандай қуыстарын аралатады.


Біздің 22 мың гектардан астам жайылымдығымыз Абай ауданының территориясынан бөлінген. Оны мәдениеттендіру, шөбін шүйгін ету өз алдына бір қора мәселе. Табиғатқа да, көршіге де тәуелді болмауымыз керек. Осы жолда арқа сүйеріміз де — есеп, есеп тағы да есеп. Өнім молая берсін, өзіндік құн арзандай берсін.


Біз жүмысшы күші, жер көлемі, егістік, жайылымдылық мөлшері жағынан республикада, тіпті облыста ірі шаруашылықтардың қатарына жатпаймыз. Бірақ бүгінгі ерлікті өзгеден ізде. Осы ретте «мықтылармен» иықтасып көрсек дейміз. Бұл бәсекеден де абыроймен алып шығатын шаруашылық есеп. Бағалы терілер беретін мың фермасын ұйымдастыруды да жоспарлап отырмыз. Өсіретін құстарымыздың ішінде қаздарды 4 килограммнан сатқымыз келеді. Құс етінің бір центінерін өзіндік құны он бірінші бесжылдықта 200 сом болып еді, 1987 жылы 105 сомға түсірдік. Бұл да ферма меңгерушісінен бастап, әрбір құс өсірушінің есептей білуінің, есеп нәтижесіне сын көзбен қарауының жемісі. Бірақ бұл өзіндік құнды біз әлі жоғары деп есептейміз.


Эдвин Эдуардович әлеуметтік саланың болашағын тіпті қызыға айтты. «Үй мәселесі толык шешілді» деп рапорт берер күнді көрсем. 16 мың сомы төленіп қойылған «Ертегілер қалашығы» сәбилердің мәз мейрам болар орнына айналса, ипподром, стадион, колхоз музейі салынып бітсе, әрбір бөлімшеде магазин, балабақша, фин моншасы әдемі салынған коттедждер сап түзелсе... Иә, бәрінің де жобасы бар, көңілде сайрап тұр, қаржы да, күш те табылды, есебі бар, есебі. Көңіл шіркін қанша жүйрік болғанмен уақыт аясы деген өлшем де бар ғой. Сол әлі-ақ бәрін орны-орнына қояр. Ең қуаныштысы «Қысқа жіп күрмеуге келмейді» дейтін шаруашылық емес қой бұл, ақылмен, есеппен кең көсілуге мүмкіндігі әбден мол.


Әйтпесе... Басқаны былай қойғанда, 260 пенсионерді толықтай колхоз қамқорлығына алар ма еді. Олардың үй жанындағы учаскелерін өндеу, қора-жайларын жөндеу, отын-суын, қолда ұстайтын малдарын жем-шөппен қамтамасыз ету, кейбір қажетті жабдықтарын тауып беруден бастап, қажет болса жаңа үйге қоныс аударғанға дейінгі тілектерін толық орындау — колхоз мойнында. Бұл мақсатқа арнайы қаралған қаржы бар.


Ойлаған мақсатқа жету сағаты, біздіңше, әлі-ақ соғады. Мақсатсыз болудан сақтасын.


***


Эдвин Эдуардович Фоос биыл небәрі 38 жаста. Кейбір адамдарды ұзақ жылғы қарбалас жұмыс қажытады ғой. Бірақ ондай қажуды бұл азаматтың бойынан көре алмадық. Он жылға тақау председательдік жұмыс қайта өз қазанында оны мықтап шынықтырған секілді — ең алдымен іскерлік жағынан, рухани жағынан.


Ана сүтімен біткен адалдық, жан тазалығы, ата қасиеті дарытқан ұсынықтылық, қарапайымдылық. Тап осы қасиет әлде кімдер шалдыққан менменсуден де, қолымда тұр деп оңды-солды сілтеуден де, даңқ құмарлықтан да, даңғазалықтан да, жанды аздыратын жағымпаздықтан да аман алып қалған. Дәл осы қасиет оның бойында айтса орындайтын, қолға алса жетпей қоймайтын, адамды бағалауды ең асыл парыз санайтын, ойына келгенді ірікпейтін, өз тағдыры сынға түссе де, халық мүддесі үшін өрлік көрсете алатын сапаларды байытқан. Әділдігі, адалдығы, жаңалыққа жаны құмарлығы, жұмыс десе денсаулығын да ұмытып кететін еңбекқорлығы өмірдегі ең сенімді серігі екен. Осы сапалары үшін де елі өте құрметтейді екен оны.


Біздің әңгімеміз бітуге жақындағанда Эдвин Эдуардович қолына бір қалын папканы алды.


— Мынауыңыздың ішінде не бар?


— Бұл мектептегі класс жетекшілерінің балаларға жазған мінездемесі. Сол мінездемелер тұрғысынан ата-аналарға қарасам деп едім. Жұмыста қалай, үйінде қалай. Ұрпақтар арасында рухани жалғастық, ұқсастық бар ма екен?


— Мұныңыз үлкен бір зерттеу ғой.


— Керек қой, керек. Керек болған соң, оны да білгеннің артықтығы жоқ, — деп ұяла күлді.


Біз есіктен шыға бергенде мол денелі бәйбіше адамды көріп, Эдвин Эдуардович бәйек болды да қалды.


— Мария Егоровна, неге күттіңіз, кіре бермедіңіз бе, біз басқа бөлмеге көшетін едік қой.


— Председательдің үстіне қалай кірем. Оның үстіне қасыңызда кісі бар, дейді.


Мария Егоровна қулана күлді.


— Мен сізге председатель емеспін. Сіз менің анамдайсыз. Бұдан былай бүйтіп күтіп қалсаңыз, өкпелеймін.


Сосын ол кісінің бүкіл өмірбаянымен таныстырды. Колхоздың ардагері, пенсияға шыққан соң кеңседе үй сыпырушы болып істейді екен. Мынау ауладағы бүкіл гүлзардың сол кісінің қолымен бапталғанын айтты. Жұрт қалжыңдап болса да оны колхоздың емес, «Назарованың гүлзары» дейді екен.


— Гүлдері қандай сүйкімді, иісті болса, өзі де сондай сүйкімді адам. Бүкіл ісінен адамгершілік, парасаттылық аңқып тұрады.


Бәріміз де бұл кісіні анамыздай көреміз, еркелейміз. «Балаларым, жұмыс істесе, сендердей істесін» деп бізді де көңілдендіріп қояды.


Талайды көрген ана жүрегі тап басып танып, бұл сөзді тауып айтса керек. Біз де сол бір кездесуден үлкен ләззат алып, ұжымы жарасқан, ұтымды істері көп, істеуге деген құлшынысы тіпті зор коллективті, оның басшысын, дәлірек айтсақ қайта құрудың қаһарманын көріп қайттық.


Семей облысы, Бородулиха ауданы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу