Өлеңдер ✍️

  09.10.2021
  725


Автор: Ермек Қайратұлы

Қазіргі заман сипаты


Кітап көп – ұғары жоқ,
Тағам көп – құнары жоқ.
Ақша көп – береке жоқ,
Той көп – көңілде мереке жоқ.
Әйел көп – ақ жаулық жоқ,
Дәрі көп – денсаулық жоқ.
Заң көп – көмек жоқ,
Салдар көп – себеп жоқ.
Уәде көп – тұрақ жоқ,
Нала көп – құлақ жоқ.
Бала көп – балалық жоқ,
Айту көп – саналық жоқ.
Туыс көп – туыстық жоқ,
Туған көп – жұғыстық жоқ.
Келісім көп – тыныштық жоқ,
Сұхбат көп – ұғыстық жоқ.
Жолдас көп – сыйластық жоқ,
Бауыр көп– қимастық жоқ.
Жемқорлық көп – құрықтау жоқ,
Дәстүр көп – ұлықтау жоқ.
Арыз көп – шешім жоқ,
Жиналыс көп – кесім жоқ.
Құрылыс көп – үй жоқ,
Байлық көп – күй жоқ.
Ұсыныс көп – қолдау жоқ,
Озбырлық көп – қорғау жоқ.
Сөз көп – дуасы жоқ,
Ұрлық көп – куәсі жоқ.
Өнер көп – өресі жоқ,
Көз көп – көресі жоқ.
Әже көп– әлдиі жоқ,
Әнші көп – ән-күйі жоқ.
"Бықсыма" көп – жалын жоқ,
Жастар көп – арын жоқ.
Жер көп – жайылым жоқ,
Есер көп – қайырым жоқ.
Келін көп – ибасы жоқ,
Тастанды көп – қимасы жоқ.
Ысырап көп – обал жоқ,
Бассыздық көп – "доғар!" жоқ.
Маман көп – білімі жоқ,
Сақалды көп – ілімі жоқ.
Ата көп– батасы жоқ,
Өнім көп – сапасы жоқ.
Момын көп – "дымы" жоқ,
Ақын көп – үні жоқ.
Арман көп – ұмтылыс жоқ,
Бөсу көп – бір тың іс жоқ.
"Майда" көп – "ірі" жоқ,
Әйел көп – "пірі" жоқ.
Құлақ көп – жиғаны жоқ,
Пенде көп – иманы жоқ.
Дүние-ай, тұрағы жоқ,
Өмір бұл – сұрағы көп




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу