Өлеңдер ✍️

  07.10.2021
  1047


Қош келдің 16

Бүгін міне, толдым тағы бір жасқа,
Өмірді мен бастаймын ба тым басқа?
Он алты жас—бала емес, шала емес,
Не істеу керек айтыңдаршы бұл жаста?
Бүгін міне, бір жасқа мен есейдім,
Алайда, мен өсіп кеттім демеймін.
Кішкентаймын, өскенім жоқ əлі де,
Біреу келіп өстің десе сенбеймін.
Өзімді мен өстім деуге қимаймын,
Дүниеге балалықсыз симаймын.
Жай ғана мен бір-ақ жасқа есейдім,
Өз-өзіме естілікті сыйлаймын.
Естілікті сыйлап тұрып өзіме,
Ып-ыстық боп жас келеді көзіме.
Дегенменен, жыламаймын, өйткені,
Жыламасқа серт еткенмін өзіме.
Я Жаратқан, тағы бір жас сыйладың,
Маған қандай тосынсыйды арнадың?
Қандай болсын көнеміз ғой, көнеміз,
Бір өтініш...сөнбесінші иманым.
Он алты жас—есейгендік белгісі,
Болдық па, біздер де білдей "бір кісі"?
Есейдік қой, есейдік қой, дегенмен,
Бала жанның келмейді ғой көнгісі.
Жə, жарайды, көп жазып мен созбайын,
Жазсам да мен тек жақсыны жазайын.
Адамдықтан айырылмай өлгенше,
Қанша жасқа келсем де мен тозбайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу