Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  181


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ақ халатты абзал жан

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, Байғара-Ақтайлақ би қоғамдық, қорының Президенті Мұхтар АЙТХАЗИНГЕ

Тәңірінің жазуымен мынау ғалам —
Ғажайып түрлі мәнге толы Алаң.
Әуелде маңдайына Алла жазып
Қойғанды сол Алаңнан алады адам.
Бұйырады ол біреуге ақыл болып,
Өнер деп біреу риза мақұл болып.
Ғылым деп біреу көпке ризық етіп,
Құр қалмайды жан атаулы ғапыл болып.
Атайды мұны ризық — несібе деп,
Еңбегі, енді бірдің кәсібі деп.
Жер басқан ғаламдағы пәндә адамның
Әйтеуір несібесіз нәсілі жоқ.
Мұхтаржан сенен Алла аямаған,
Ерекше нұрын төгіп аялаған.
Ақындық, әншілік һәм ғылым беріп,
Жаратқан жан ғып еңбек саялаған.
Азамат ақ халатты аққан терім,
Тәнті боп еңбегіңе мақтанды елің.
Әр жанға денсаулықтай байлық үлеп,
Адамға өмір сыйлап жатқан керім.
Алпысың — мерейтойың құтты болсын,
Басыңа түгесілмес бақыт қонсын.
Айтқазин Мұхтар атың әлемді алып,
Аймағыңа ақ ордалы ауыл қонсын.
Сырбазы ер жігіттің ақ саңлағы,
Қолдасын Ақтайлақтай би аруағы.
Ұл-қызың, немерелер оза самғап,
Гуляңмен қоса ағар бақшаңдағы.
Екі қырық, бір жиырмадан жасың ассын,
Ырызық, ырыс-несібең толып тассын.
Бүгіннің өнер сүйген Сал-серісі
Ғұмырың болашақпен мәңгі ұлассын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу