Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  203


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Інілерге

Үйренбеген ештеңе ағасынан,
Ағасының алғандар жағасынан,
Өз ортаңды қойғанда, көрші елдердің
Сақтансаңдар болмас па табасынан.
Халқымыздан ғибрат қалған сез мол,
«Әкеңе не істесең, алдыңа сол...»
Деген бар ғой, не дер ең аға болып,
Інілеріңе айтқаның боп жатса қор?
Тоқтар едім сөзінде негіз болса,
Аға орнын басарың теңіз болса.
Көлге айырбас қақ суын өткің келеді,
Ойында тек «өз жемім семіз болса».
Таста дейсің қолыңнан қаламыңды,
Терме дейсің жайқалған лала гүлді.
Кім көнеді. Оларда топты жарып,
Іні кезде үлесін ала білді.
Тұрғаным жоқ ағалар бұлдап жасын,
Берген бейіл ініге ықыласын.
Тай ғұрлы тер төкпестен күреп тағы
Алсам дейсің ағаңның сыбағасын.
Ағаң мұны түсінбей тұра ала ма?
Әділеттен ат басын бұра ала ма?
Шеттен алған үлгің ол, сен көркемдік
Деп ақылға сыймасты сыналама.
Сол ағалар сөзінің асылын ал,
Өнеріңді олардан асырып ал.
«Айдағаны бес ешкі, ысқырығы
Жер жарғанның» кеудеңде тасыры бар.
Ақын болсаң, арам ой қарақтама,
Отыз екінші жыл жоқ, жалақтама.
Өлсең рухани өлерсің кедейліктен,
Санаң болса, өлсең де ар аттама.
Жармаспа сен, үлкеннің жағасына,
Жайма уыңды ұрпақтың санасына.
Тұлпар туған мәрені сұрап алмайды,
Жігерің жек, күшіңді сал ашына.
Кеше үлкен ағалар көзі барда
Келген Сырбай, Жұбандар бүгін нарға
Баланғандар немесе Олжас, Қадыр
Ізет бұзған солардың кезі бар ма?
Алмайсыңдар неге үлгі осылардан,
Тек еңбекпен болады ғасыл арман.
Абыройға жетпейді айғайменен,
Менмен кеуде өз арын шашып алған.
Халқымыздың ежелгі үрдісі бар,
Адастырмас ақ жолдан үлгісі бар.
Үлкен сыйлау ұққанға соның бірі,
Зерделі ұл, зейінді қызды сынар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу