Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  94


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Көлеңке көңіліме түсірмеп ең

Жар жолдасым Ғаббас Сәдуұлының рухына

Білген не өмір сырын білмеген не!
Өнерің асып топтан дүрлеген не!
Данышпан болса да әйел адам емес,
Қасында бір бөрікті жүрмегенде.
Ат мінсе, қайдан мінді нендей сыр бар!
Ac ішсе, қайдан ішті, берген кім бар?
Тер төгіп, несібесін тауып жүрсе,
Көрінбес, көзге ілінбес әйел мұңдар.
Жүргенде осы халде ризық теріп,
Рахымы түсіп Алла аян беріп, 
Басыма ақ сәуледен үкі тақтым,
Қолыма алтын жүзік киіп көріп...
Кез болдың осыдан соң қайран Ғабам,
Тұрақтап басыма бак баяндаған.
Шақ кештім, Еңселі орда Отағасы,
Сен болдың бәйтерегім саялаған.
Көлеңке көңіліме түсірмедің,
Көрмедім өңім түгіл түсімде мұң.
Сабырлы, кең пейілің арқасында
Әсте бір болғаны жоқ ісімде мін.
Кеңесшім, кең қолтығым, ақылдасым,
Сен барда домалады өрге тасым.
Атамай атымды да Жантайым деп
Асырған мәртебемді абзал досым.
Боздағым, жаны дарқан, жайсаңым-ай,
Маңғазым, мамыражай май таңындай.
Салмақтым сабырын еш сарқымаған,
Түгеспен қадіріңді айтсам ұдай.
Сен едің ойлайтұғын баста миым,
Ұғып ем тәңір өзі берген сыйым.
Өзің де риза боп, ақ жарылып,
Мен деп ең келтірген жан сенің күйің.
Өмірде жоғары ұстап адам атын,
Өтеміз деген қайран азаматым.
Күнәсіз нәрестедей көзің жұмдың,
Жандай-ақ ертең үйге оралатын.
Белгі жоқ өміріңнің соңын күткен,
Демінде қиналыс жоқ бір үф еткен.
Қиылып, қимай қарап жүре бердің
Адамдай ақырын үйден шығып кеткен.
Бұйырып тәңір өзі берсе кімге,
Сәтті күн атады ғой ел сенді де,
Иманды екеніңе иландырып,
Көз жұмдың қараған күн бейсенбіге.
Жамбасың жұма күні жерге тиді,
Ақ шуақ, әсем күнді тәңір иді.
Жасадың тоғыз асқар арып-ашпай
Ғұмырды Алла мұндай кімге қиды!
Алдың ғой парасатың ақылыңмен
Жатыңа бірдей сыйлы жақыныңмен,
Отырмын саған ұқсап көзім жұмып,
Түйсем деп өмірімнің ақырын мен.
Бұйырды сәтті күні көптен топырақ,
Жүрмейтін қабақ шытып, әсте тоқырап,
Тектім-ай тең келері, теңдесі жоқ
Жантайың сенсіз үйде қалай отырады!

08.04.1998 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу