Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  90


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Софыға

Арманның толтырып сан кезелерін,
Таңдапсың Софы бауырым, сөз өнерін.
Жетіпсің мақсатыңа шынды игеріп,
Еліңе арнап оның не кемелін.
Бұрқапты роман, өлең, әңгімелер,
Өзі кеп бас иген-ау әр күн өнер.
Балқытқан құрыш, болат пештеріндей
Соғыпсың сөз сарайын халқың енер.
«Оттарын Астананың» «Алаулатып»
Өлеңнен шырақ жақтың жалаулатып.
«Елім-ай» жер қойнынан күңіренгенде,
Толқытты төсекте елді сан аунатып.
Жана алаң қорым болған Желтоқсанда,
Тілегін үйде отырып ел қосқанда,
Колбинмен тайталасып шыққанында
Риза едім елмен ойын ұласқанға.
Бітем бе табысыңның санап бәрін,
Үмітін халқың артқан сан ақтадың.
Оу, жұртым, «тірлігіміз бірлікте» — деп,
Жақтадың еліңе шын таң атқанын.
Келімсек қылыш ұстап шыққан кезде,
Тұрғанда басынғаны ұрып көзге.
«Біз кімбіз? Құлмыз ба осы?» — деп сестеніп
Сүйсіндім сен суырылып шыққан кезде.
«Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды,
Ер туып жоқ елді бар қыла алмайды.»
Ризамын тәнті етіп тамсантыпсың.
Өлеңнің айтулысы Тұманбайды.
Софыжан, мерейтойың құтты болсын,
Ордаңа аруақ жебеп қызыр қонсын.
Жасай бер ел мерейін асқақтатып,
Деміңе дос жылынып, дұшпан тоңсын.
Сөйлеттім тілім безеп қаламымды,
Білесің халқым үшін алаңымды.
Сыйлаймын «Сөйле, қалам!» кітабымды
Сен толға ендігі айтар нала, мұңды.
Кітапқа қосып, сыйлап қалам берем,
Ел мұңын еркің десең тізіп терем.
Қанаты боп қарлығаштың су сепсін де,
Ашсын ол құлақтарды қалған керең.
Қаламға, халқыңның сен мұңын сөйлет,
Тергіле, көзге ұрған шынын сөйлет.
Қайнасын бойда намыс, алауласын
Заманның бүркемей шын сырын сөйлет.

23.06.2001 жыл.
Исадан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу