Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  143


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Рухына бас иемін

Жақсылық шарапаты тиген белгілі журналист Ләзизә Мешітбайқызы Серғазинаның сексен бес жас мерейтойына

Дала қызы ем жүректе көп нала, мұң,
Оқу, өнер еді көбіне алаңым.
Мамандық жоқ, білім саяз баланың,
Жүрісіндей тәлтіректеу қадамым.
Естісем де журналистік жайында
Бейімділік бар демеуші ем бойымда.
Қараңғы еді қою орман тәрізді
Тайталасты үміт, күдік ойымда.
Осы қалпым, редакция есігін
Имене ашып кірдім күтіп шешімін,
Не болар деп отырғанда, сәл сынап
Зейін қойсаң білмегеннің несі мін.
Дедің дағы, жылы жүзбен қарадың
Жүрегіме сенім күйді жамалың.
Содан былай ылғи сенен сезіндім
Қасиетті қамқорлығын ананың.
Себеп болдың қабілетімді ашуға,
Талаптанып тек ілгері басуға.
Құларман құз, кезіккенде қиын жол,
Жігер бердің, жібермедің жасуға.
Университет есігін де нұсқадың
Шын жанашыр ақылыңды ұстадым.
Аз кеңестің өмірде үлкен бет бұрыс
Жасайтынын сонда ұқтым, Ұстазым.
Дала қызы ем, жетілмеген жасыл ем.
Бүгін биік армандарым ғасыл ең.
Шарапаты деймін дағы жақсының
Ләзизә апай, РУХЫҢА бас ием.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу