Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  147


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Семейге, бауырларыма

Ежелден қызын қазақ сыйлаған ел,
Жаманға, қиянатқа қимаған ел,
Үлгі етіп айдарлысын айналаға
Атағы аймағына сыймаған ел.
Тереңдеп ол жағына тоқтамаймын.
Ол әркім айтып өткен соқталы айдын.
Жазғанмын қазақ қызы монологін,
Жіберер жоғалтқанын жоқтамай кім.
Сондықтан даралаймын бүгінгіні,
Аймаққа жетіп жатқан дүбірлі үні.
Апамыз сегіз асқар асыпты деп,
Ерекше екпіндеген тұғырлыны.
Шақырып туған Семей той бастады.
Сонымен кеп көкірекке ой тастады.
Құзырын уақыттың қуып алыс,
Арнаған апасына айға асты әні.
Абайдың атындағы театрда
Шоқтығы биік тұрған әр ғасырда.
Жыр, өлең, толғауларын апасының
Төгілтіп әнші, артистер шың асырды.
Жармада айдынды қол жағасына
Еңселі ақ отаулар жарасуда.
Ән-шашу, жүрек жарды жыр-жоралғы
Шынынан Қалбатаудың әрі асуда.
Ақсақал, ақ жаулықты тұрғыластар,
Сонада құмда ойнаған жалбыршаштар.
Көз сулап, көңіл босап, күндер-ай деп...
Таңданып таңдай қағып жатыр жастар.
Үкілі домбырасын қолына ұстап,
Қарсы алған сал Біржанды Сараға ұқсап.
Ай маңдай ақ қыз шықты ақ отаудан,
Алардай асау болса, сөзбен тұсап.
Тұрсынбек көз тастады Сәбит жаққа,
Іркіліп тұрса керек Сәбит шаққа.
Әзілі қырғи тілді қыз-жігіттің
Көтерді сөз мәресін алтын таққа.
Дәстүрден айнымаған ауыл барын,
Танытты туған өлкем, бауырларым.
Анасын сексеніңде төркіндетіп,
Түлетті тұғырыңда өнер нарын.
Негізі мұның сонау көргенділік,
Үйренген ұясында көргенді іліп.
Алаштың азаматтарынан қалған үлгі
Өткеру іс төркінін тектеп, біліп.
Абайдың қазтабаны тиген өлке,
Қайырмақ қалай шолақ ойлап келте!
Өнерге табына бас иген елдің
Келеді өнер қуған қызы да ерке!
Ойлапты соны мықтап бауырларым,
Аяқтан тік тұрғызып ауылдарын.
Басшылық бас шұлғыту ғана емесін,
Танытты намыс қуған қауым барын.
Рақмет, бауырларым, ойлыларым,
Заманға бойлай білген бойлыларым.
Пір түту қазақтықты, ел дәстүрін,
Мызғымас болсын мәңгі бойтұмарың.

21.07.2002 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу