Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  120


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ардың құлы, елдің ұлы бол

Аяқты шалып басып, тәлтіректеп,
Әрнені ауызға ұрып дәмін тектеп.
Жүргенде-ақ үмітті едім мен өзіңнен
Қолынан бұл қыпшақтың келер көп деп.
Бүгін сен ол үмітімді ақтағандай,
Айтулы жігіт болдың мақтағандай.
Әкеліп қызыл диплом алдыма ұрдың
Тұлпардай озып келген қасқа маңдай.
Айдосжан, бұл айтулы сыйың маған,
Қол созған әркімге бұл бұйырмаған.
Тер төккен еңбегіңнің жемісі ғой.
Нарықта бүгінгі әр іс қиындаған.
Тілегім — әлі де алға оза бергін,
Айтулы азаматы болып елдің.
Ағылшын еліне енді дипломат боп
Алқынбай бәйгемізден тағы келгін.
Болса да бұл қолыңда құдіреттің,
Қамшылап әкеңді де ғалым еттім.
Енді сен дипломат бол халыққа әйгі
Орында, мен аналық әмір еттім.
Ақ батам — әр ісінде болсын қоным,
Әрқашан ойдағыңа жетсін қолын.
Ар құлы, халық ұлы азамат бол
Зиялылар ішінен алып орын.

21.08.2001 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу