Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  145


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ұзақ ғұмыр дегенің

Ұзақ ғұмыр дегенің
Япыр-ай қалай қысқа еді.
Көрінетін ұзақ боп
Тәтті ұйқыдағы түс тегі.
Нарық атты заманда
Қылмыстан тұрады іс тегі.
Адамды ардан аздырып,
Азап пен сорды үстеді.
Ұлығы ұры, басшысы,
Аспаннан жерге түспеді...
Өзі қысқа өмірді
Қысқарта түсіп күштеді...
Киімің бар, тамағың тоқ,
Ал жанында бір тыным жоқ.
Басың аман, бауырың бүтін,
Неге сонша уайым көп.
Айналаңның бәрі үрей
Күннен-күнге барады үдей
Жалмауыздай жақындаған,
Жалмап келеді қандай дүлей.
Нарық-баға бәсекесі,
Өмір-өлім әр егесі.
Жеңілгеннің құлап туы
Керілмейді керегесі.
Күнде аспанға ұшқан баға,
Алар емес тұрақ таба
Түпсіз теңіз жұтып барады
Көрінер ме шығар жаға.
Уайымның басы осы
Не болар деп жастар қосы.
Болашақтан күдер үзбе,
Туар да бір адам досы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу