Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  206


Автор: Серік Боқан

БОСТАНДЫҚ және КӨКТЕМ

 


Нілі бар таңдайда кеппеген,


Сәулелер көгінде дән болып көктеген...


Көктемнің келуі бір үлкен оқиға,


Құстардың қайтуы арман ғой жетпеген...


 


Ізгілік өзекті жалғаған,


Жазу боп аспанға самғаған,


Құлан иектен бостандық әкелген,


Құлап барады


Күн шары таң қалам...


 


Тұтқындар барлығын уақыт,


Адамзат сәби ғой жыласа жұбатып...


Көктесе бір тал дән, құлайды бір емен,


Уақыт барады бұлттарын шұбатып...


 


Ақиқат байланған сенімге,


Бір сәуле келмейді екі рет сөнуге...


Өмірдің ақыры тас түнек,


Жарықты қуалап қараңғы желуде...


 


Бір музыкант тұтқында,


Жүрегі дір етер жылт еткен ұшқынға...


Бір жұлдыз ақса егер, қапасты қақ тіліп,


Бір сәуле оянар көзімнің ұшында...


 


Адамзат ер жетті кешегі!..


Оларды өсірген құдайдың төсегі...


Жер деген алып бір клетка қозғалып,


Көк теңіз толқыған ғарышты кешеді.


 


Адам сезіміндегі белгісіз заңды ұққан,


Ақиқаттағы парасат


Майданын жаңғыртқан...


Бостандық ядросы ақын қиялымен жырланып,


Адам жүрегіндегі белгісіз заңды ұққан...


 


Қанатын жайған...


Ақ үрпек еркіндіктерім қайран,


АСҚАЗАННЫҢ шыңырауынан ұшып өледі,


Топшысы жартасқа соғылып қан–қан...


 


Өктемдік қалай орнаса,


Солай күйрейді мезгілмен қолдаса...


Кеуделер ТҮРМЕГЕ, жүректер ЗЫНДАНҒА айналар,


БОСТАНДЫҚ сәулесі маңдайға қонбаса...


 


Көктемге кеткендей тіл шығып...


Жыр болып көктейді тіршілік,


Қайран адам-ай, сенде жоқ бостандық,


Саған ғибрат бүрлеген – Бір шыбық!... 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу