👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  22.09.2021
  127


Автор: Жандарбек Бұлғақов

Кешірім

Заман дамып жатқанмен, мынаны аңғар
Мейірімнен жұрдай боп жүр адамдар.
Ең үлкенін сауаптың алады екен,
Бірінші боп кешірім сұрағандар.

Бірақ бүгін көп адам мұны ұқпайды,
Өзіне ешбір кінəні жуытпайды.
Сен ұмытып кеткенмен, ешқашанда,
Өкпелеген адамың ұмытпайды.

Көңіліне қойсақта жара салып,
Менен оның төмен ғой бағасы анық.
Деген оймен кешірім сұрамаймыз,
Тұрам ба деп алдында аласарып.

Айналдық па тас жүрек сорлыға біз,
Мейірімсіз боп кеттік сол кінəміз.
Кешірші деп келсе де бір бейшара,
Аяғыма жығыл деп қор қыламыз.

Ар ұяттың есігін күзеткендер,
Бір біріңе көңілді мұз етпеңдер.
Жақсы адам ол қатесіз адам емес,
Өз қатесін түсініп, түзеткендер.

Ерегеспен шығатын есі үнемі,
Кекшіл адам сауаптан кешігеді.
Кешіріңдер адамдар бір біріңді
Кешіргенді құдай да кешіреді

Көктен биік болғандай көкірегім,
Өкінемін көп сөйлеп көкіп едім.
Біліп білмей егерде ренжітсем,
Мен сіздерден кешірім өтінемін!


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз.
Жақсы