Өлеңдер ✍️

  22.09.2021
  116


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Әйелдің мүшкіл халі көзге ұрады

Әйелдің мүшкіл халі көзге ұрады.
Мүсіркеп үлкен-кіші сөз қылады.
Әрекет етер деген оны ұғып,
Бітелген биліктілер көз-құлағы.
Опасыздық көп көрдім,
Сенбей тұрам ешкімге.
Жетім қонжық орманда,
Тәрізді өмір кештім де.
Үмітшіл көңілің ілгері қозғайды.
Өрбігіш арманың бітпейді, тозбайды.
Сол үшін аспанға үш, жерге түс, тау төңкер
Бәрібір ешкім де жазмыштан озбайды.
Жарамайды селқостық,
Жасау керек әрекет.
Бойындағы кетеді,
Сонда ғана пәлекет.
Парықты парықсызбен егеспейді,
Ақылды ашу жеңсе, не деспейді.
Кез болса талайына тағдыр жазып,
Басынан пәнда адам не кешпейді.
Баянсыз, алдамшы бақ қонғанменен
Жақсыға жаман әсте теңеспейді.
Тұрлауы, тұрағы жоқ бұл пәниден
Жаралған жанды-жансыз не көшпейді?
Тек қана әр кеудені байыздаған
Халыққа мирас, нақыл сөз өшпейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу