Өлеңдер ✍️

  22.09.2021
  88


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Сан-сала мазалайды ойлар небір

Сан-сала мазалайды ойлар небір,
Тозбайтын, тоқтамайтын жоқ мәңгі өмір.
Көз жұмсам дәмім бітіп ертең бір күн,
Жұрт келер кімге айтарын білмей көңіл.
Жасаған мұнша кәріп қылдың неден,
Жараттың әйел атаулыдан төмен.
Жақпады қай қылығым, не жазығым,
Шақырдың қаһарыңды неменемен?
Жақын жоқ, жанашыр жоқ туған-туыс,
Мен үшін мынау ғалам жәй бір қуыс.
Өтеймін деп алатын қарызымды
Салатын жаназалап топырақ уыс.
Жүруші ем тірек көріп Мәриямды,
Артымда иемденер деп ұямды...
Жан тәтем қайтқан күнгі қылығынан
Кеудемде сезім өлді, ар ұялды.
Қақырап ақау түсіп талабына,
Сенімді менен кейін қаларына...
«Артынды баға алмаймын маған сенбе» —
Қанықтай-ақ құдайдың хабарына.
Туғанда балаларын қуанып ем,
Тәубе деп тағдырыма уанып ем.
Атасы басқалығын бәрі ұқтырды,
Қайғымды бүгін қайда қуамын мен.
Арман қуып, жетпей біреу тоқырап,
Біреу жетіп ырысқа бөгіп отырады.
Сонда-дағы бақыттың ең үлкені
Уақытында алу депті Сократ.
Кешіріңіздер, көңілдерге дақ салғым
Кеп тұрған жоқ, болашағым-бақ балғын
Дей алам ба... кейінгіге аманат
Көңілімнің бір қалтарысын актардым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу