Өлеңдер ✍️

  21.09.2021
  262


Автор: Серікзат Дүйсенғазин

Сарыарқа, сары күз.


Сездіріп Сарыарқаға күз келгенін,
Жылы жаз үнсіз ғана үзген демін.
Күлімдеп шуақ төгер күн де күңгірт,
Тамырын кім жібітер мұз кеуденің?!

Көңілдің көк желегін қазан ұрған,
Көлдегі аққу жүдеп, қаз аңырған.
Сыздатып жүрегімді сазды әуені,
Құс қайтты құсаланып базарымнан.

Сұр аспан тұмауратса тұман сауған,
Жаралған мезгіл шығар мың аңсаудан.
Бұл шақта көкірекке шер байланып,
Жүректің басын ызғар қырау шалған.

Алыстан сығырайған білте күннің,
Мұңы ауыр салмағындай зілтемірдің,
Көшіне қарап тұрып күрсінемін,
Жөңкіліп бара жатқан бұлт-өмірдің.

Барады жаз ғұмырды жел көшіріп,
Мінезі салқын күздің бермес үміт.
Қураған жапырақтай қу тіршілік.
Жоғалып кетеді ертең жерге сіңіп.

Бұйығып жылайды аспан... нендей жалған?
Сарғайған тал-қайыңды тербейді арман.
Жетердей елеңдеймін жаурасам да,
Жылт еткен бір сәулеге сөнбей қалған.

Сездіріп тым ертерек күз келгенін,
Жылы жаз үнсіз ғана үзген демін.
Еркелеп күлімдейтін сен де жоқсың,
Тамырын кім жібітер мұз кеуденің?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу