Өлеңдер ✍️

  21.09.2021
  220


Автор: Серікзат Дүйсенғазин

Қараша айы және мен


Аспанын бұлт торлаған алашабыр,
Қабарып қабақ ашпас қараша бұл.
Құлазып құмайт дала, құба белдер,
Қуарып қуаң тартқан жаңаша қыр.

Қылаулап ұшқындаған қырбақ қары,
Ұйытқыған сырғыма жел сырғақтады.
Алмасқан қара жаңбыр, қарлы боран,
Мінезі бұл мезгілдің жұмбақ бәрі.

Жұмыр жер ала көрпе бүркеп алып,
Көрінер күн көзінен күлте жарық.
Қиырға қанат қаққан құспен бірге,
Төбемнен бара жатыр Үркер ауып.

Түнерсе көктің жүзі секпілденіп,
Ызғырық ызаланар өткірленіп.
Қараша қаздарыма қол бұлғаймын,
Менің де жылы жаққа кеткім келіп

Басқанда сардаламды қалың тұман,
Төгілер жүрегімнен зар ынтық ән.
Ұғар ма қатал уақыт бұл күйімді,
Шығарма ма табиғаттың заңы ырқынан?

Қатулы қас-қабағы қауыс айын,
Қаламай тұрсам да енді қауышайын.
Құмыққан қар астында сезімімнің,
Зілмауыр мұңын қайтіп тауысайын?

Қылығы қарашаның салқын неткен,
Ызғары жер-әлемді қарпып жеткен.
Қар ерте түскенге тек үміттендім,
Ертерек келер ме деп бәлкім Көктем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу