Өлеңдер ✍️

  21.09.2021
  150


Автор: Серікзат Дүйсенғазин

Желтоқсанның...


Желтоқсанның ысқырған ызғары бар,
Ызбарланса ызадан мұз жарылар.
Өткен шақта жүректі мұнар шалған,
Сол мұнардан күн бар ма бізге арылар?

Желтоқсанның үскірген аязы бар,
Бура шайқап, бұрқанса мая жығар.
Көкейіме қонбай жүр бүгінгі әуен,
Құлағымнан кетпей жүр баяғы зар.

Желтоқсанның ақшұнақ бораны бар,
Ұйытқи соқса қойныңа толады қар.
Бозінгендей боздаса сұр аспанның,
Сора-сора көзінен сор ағылар.

Желтоқсанның сұрапыл суығы бар,
Сумаңдаса шыбын жан қуырылар.
Әділеттің қай кезде әні қалқып
Қасіреттің қай күні туы құлар?

Желтоқсанның желі бар, желігі бар,
Өкпек соқса өкпеңнің демі жылар.
Шыншылдықты шығарып шың басына,,
Күншілдікті күн бар ма кері бұрар?

Желтоқсанның қары бар, қатқағы бар,
Дауыл тұрса ақ түтек ақтарылар.
Жатырыңнан тараған жас ұрпағың,
Жаутаң-жаутаң неліктен жатқа құмар?

Желтоқсанның қар-мұзы жабық шығар,
Күн келерін күтумен халық шыдар.
Қар астында көктеген қарғалдақтай,
Ақиқаттың ақ гүлі жарып шығар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу