Өлеңдер ✍️

  21.09.2021
  170


Автор: Серікзат Дүйсенғазин

Көкшетауда...

Көкшетауда күн аяз, аспан ашық,
Кербез таулар қоршаған - тас қалашық.
Айнакөл мен Күміскөл мөлтілдейді,
Мұз астында мұңайған қос қарашық.

Қалың қолдай қаптаған шыңға қарай,
Қар жамылған қара орман, мың қарағай.
Сағым болып ойнайды шағылысып,
Биік құздың басына тұнған арай.

Жағасында шер кешкен талай дана,
Бурабай көл ұқсайды шарайнаға.
Сыбдыр қағып талдардың жапырағы,
Сөйлеп тұрған секілді бар айнала.

Сұлулықты жаратқан сұмдық шебер,
Пенде жасап Құдайға құлдық — сенер.
Аңыз болып кетер ме ақтарылып,
Тау мен тасқа бір сәтке тіл бітсе егер!

Қолын жайып сұраған көктен медет,
Қарайлаймын таңданып өткенге көп.
Бабаларым қалдырған тарлан тарих,
Табиғатпен тұтасып кеткен бе деп!

Қанжорықтан оралып, қанмайданнан,
Батқан күннің шапағын маңдайға алған.
Қарауылда отырған Жекебатыр,
Қалғып кетіп қапыда тауға айналған.

Ой тоқтатып қарадым әр төбесін,
Оқшау тұрған Оқжетпес - мәртебе шың!
Ұмыт тастап кеткендей бір заманда,
Суға түскен сұлу қыз сәукелесін.

Жүз ғасырдай, бәлкім ол мың ғасырдай,
Тылсым уақыт тұра ма сыр жасырмай?
Күміс тостақ ішінде Жұмбақтас тұр,
Жас арудың жоғалтқан сырғасындай!

Кім тоқтатқан заманның озбыр заңын,
Ғасырларға жасырған өз жұмбағын.
Білезікке жалғанған сақинадай,
Үш шоқының көркі алар көздің жауын.

Қиясы да ғажайып, қырқасы да,
Бір көруге бұлқынған бұлт асыға.
Әсемдікке қойылған бар ескерткіш,
Бура таудың тати ма бір тасына!

Тұнығына ақ жүзін бір жуған жан,
Орнағандай болатын мың жылғы арман.
Сен аман бол, кеңпейіл қазағымның,
Тағдырына жазылған інжу-маржан!

Серікзат Дүйсенғазы
02.01.2021




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу