Өлеңдер ✍️

  21.09.2021
  144


Автор: Серікзат Дүйсенғазин

Мұзайдында...


Жазайын бір сәт дертін деп,
Жанымның сәл-пәл сыздаған.
Жексенбі болса желкілдеп,
Жетемін саған мұз ғалам.

Аяққа коньки байлап ап,
Қалықтап құстай заулаймын.
Сары аяз беттен аймалап,
Санамнан өшер таудай мұң.

Айнадай мұзы жылтырап,
Алдымда жатар ақ айдын.
Шығады будай бұрқырап,
Салқындау тері самайдың.

Шалқиды көңіл мұндайда,
Балқиды бойда қызып қан.
Батса да суық шымбайға,
Байқалмас әсте қызықтан.

Қиялға қанат бергендей,
Демалыс дейтін тәтті ұғым.
Айналып қайта келгендей,
Ақ қардай таза пәк күнім.

Ойнақтап қайтам құлындай,
Келсем де мұнда мың рет.
Пышақтың ғана қырындай,
Зырлайды мұзда құдірет.

Осылай бір күн өтті әйбәт,
Сенбессіз оған бәлки сіз!
Тағдырдың жолы көктайғақ,
Жүргенбіз қалай конькисіз?!

Үйренсең мұзда демеушің,
Шабасың аттай айқанат.
Тағдырдан таяқ жемеу үшін,
Таймайтын жерде тайғанап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу