Өлеңдер ✍️

  21.09.2021
  415


Автор: Серікзат Дүйсенғазин

КҮЗГІ ЖАҢБЫР

Кеше көктен жаңбыр емес, күз жауды,
Жұмыр жүрек бастайды енді сыздауды.
Сұрғылт тартқан сұрқай бақтың әуені,
Құстар қайтып кеткеннен соң бізге ауды.

Кеше бұлттар төкті көл ғып көз жасын,
Бұлттың мұңын ұғынамын өз басым.
Көшкен жаздың жанарының моншағы,
Қатып қалған қолқамызды қозғасын!

Кеше аямай төпеледі көк нөсер,
Сол нөсермен кетсе дедім сор, кесел!
Мұндай сәтте жан-дүнием жабырқап,
Көңілімнің жайлауынан ел көшер.

Кеше жауды толастамай зор жауын,
Көрдім бұлттың көкжиекті торлауын.
"Биылғы қыс жайлы болар" деп қоям,
Дәл келсе екен сол сандырақ болжауым.

Кеше салқын сары ызғырық жел есті,
Тұман түсіп, аспан мен жер теңесті.
Қайтарам деп қаздың даусы қарлықты,
Жасыл киіп қаңғып кеткен елесті.

Қашқан жазды қимай анау қырды асып,
Құба жондар құлазиды мұң басып.
Кеше жаңбыр төгіп өткен бақта мен
Бүгін тұрмын жапырақпен сырласып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу