Өлеңдер ✍️

  21.09.2021
  140


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Қымбатыңмын

Ақында адамзаттан дос болмайды,
Жалғыз-ақ сыр сөйлейді қаламына.
Мағжан

Мен не қылдым япыр-ау бастықтарға
Олар желіп, біз еріп бастық алға.
Деп жүруші еш бастықтар өзі істеген
Ұшырайтын болдық қой қастықтарға.
Мен не қылдым япыр-ау «адамдарға»
Басқызғысы келмейді қадам алға.
Құйын сынды құбылған мынау пәни,
Заманына лайық амал бар ма!
Көріп, біліп әр істің жөн-жобасын.
Танып айтып қаласың дәл бағасын.
Әділетті аяусыз тұншықтырып,
Адалдарды арамза алдағансың.
Ауызыңнан сөз шығып алмағайып,
Жөн былай ғой деп қалсаң, ол да айып.
Әрбір күшті өзінше тиірмен тартып,
Іс түйіні кетеді құмға сайып.
Ала қойды жатқанын бөле қырқып,
Көріп қала қоясын түлен түртіп...
Осыдан соң елдікке шақырғанын
Не қыламын көлгірлік көзге бүркіп.
Әуре-сарсаң қулығын асыра алмай,
Қоя берсем еркіне басынардай...
Жымысқы істің жырынды шеберлері,
Жабылады жоңғарлық қасы бардай.
Жоңғар емен қанымда қосалқы жоқ,
Елім, жерім дегенде осалдық жоқ.
Мен қазақтың тап-таза тол қызымын
Ұлтым деген игі іске қосарым көп.
Мені кейін ендеше шынтақтама,
Mен жәйлі іске кіржиме, бұлтақтама.
Тақияңа тар келіп тұрғаным жоқ
Қымбатыңмын ұстайтын бұлдап қана.
Осал емен іргелі ауылданмын,
Білдік туын көтеріп ауырған мың
Арқалы қыз деп қосқан аруақтыға,
Киесі ұрып жүрмесін Бауыржанның.
Құдай маған қабілет бергеніне,
Бірқатар іс қолымнан келгеніне
Кінәлі емен, тартып мен алғаным жоқ,
Жарап жатсам, өмірдің өрнегіне.
Қайсысыңның ырысыңды қосып алдым,
Жібергенін Алланың тосып алдым.
Осыншама қастыққа баратындай
Кімнің ғана талап мен қосын алдым.
Алғаным жоқ. Ендеше, бауырларым,
Ұғынғайсың менен зор жауың барын.
Атақ, мансап, ақша емес, қорғайтұғын
Елдік намыс, жер-суын, тауың барын.
Ел тұтқасы қорғаның қосың бар-ды,
Талай тағдыр талқысын тосып алды.
Солар салған сара жол — түсерің сол
Ойлау керек даңқ қумай осыларды.
Пиғылыңды билесе келелі ой
Даңқ дегеннің өзі-ақ келеді ғой.
Нар азамат, жайсаң ұл дегізетін
Ел үшін еңбектің беделі ғой.
Жау іздеме ендеше отбасынан,
Арылып ал Шын жаудың ноқтасынан.
Қайқы қара болат бол тас шабатын,
Қаңылтырдай майырылмай жоққа сынған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу