Өлеңдер ✍️

  21.09.2021
  103


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Жауап сөз

Жеті асқар жеткізбестей жасыңда,
Жер түбі боп көрінетін тосынға.
Абайлатпай келіп қонар бақыттай
Айналады екен, достар, ғасылға.
Тәубе жұртым, мен де асыппын жеті асқар
Барлағанға бұл сөзімде кеп астар
«Жетім қозы ем түңіле жүріп отырған»
Деген емен дайын тұрған тек ас бар.
Талай ашы тата жүріп ер жеттім,
Жеті асқардың бесеуінде тер төктім.
Тірнектедім төккен терден абырой
Демессіздер деп ойлаймын кері кеттің.
Өзім жеттім демен айтсам таза, нақ,
Намысымды қамшылаған мазалап.
Қоғам, қауым, әріптестер, аға-іні
Бірде разы, бірде қойған жазалап.
Бірі тізе, батырып бірі бармағын,
Әлі де көп түпсіз шыңырау жан-жағым.
Осы жиын бұйырып тұрған болар да
Қаппағаным қасақының қармағын.
Шат-шадыман отырғанда жайғасып,
Жүре тұрсам дейсің көңілің айға асып,
Айналама кейіп қалған кезімде
Не күтемін дейтінім бар ой басып.
Өмір кешу оңай емес әрине,
Қарлығаш та ұя салмайды әр үйге
Бақыт құсын әркім өзі қондырады,
Тәубешілге қолдағының бәрі игі.
Бұл өмірдің қаталдыққа бейімін,
Кеше жүріп сергелдеңін, сейілін,
Ие боппын халық махаббатына
Қайда барсам күндей құйған мейірін.
Бұдан асқан бақыт жоғын білемін,
Осы — қалған өмірімде тірегім.
Зор құрмет деп танып осы жиынды
Баршаңызға сол бақытты тіледім.
Алға басқан бір қадамым күйігің
Күншілім-ай түсіп кетіпті иінің
Ыстық-суыққа төзіп, жәйіңмен жүрсең
Өмір езі ұсынады биігін.
Ел қамын айтсам,
Сен өз биігіңнен бойлайсың.
Өзгенің бәрін
Өзіндей өзімшіл деп ойлайсың.
Өзі үшін барып,
Мал да жайылып келеді,
Десем, Таласып,
Кеңірдектеп келіп қоймайсың.
Айтқаным осы.
Әлі де айтам мұнымды.
Ойымды бұрмалап,
Өкпеледің деп
Танытып бердің құныңды.
Аяқтан шаларсың...
Мысық жүріспен жырынды.
Білем ғой жымсық сырыңды.
Талайғы көрген құқай ғой
Соңды-бұрынды.
Қайталап жүрсің
Ыңырана ыңылдап
Сол баяғы ескі жырынды.
Ысырып тастадым деме, сен!
Өмір толқынының шетіне.
Ызғары биіктен соғар
Көңілдер желінің өтіне.
Жоқ, мен үрлегенге ұшар
Қысқа ғұмырлы гүл емен,
Шынармын Көк тасты қақ жарып
Қасқайып шыққан бетіне.
Нөсерді көргем,
Аязды, долы боранды.
Сан рет жаным
Дүлей дауылды оранды.
Онда өрімтал,
Жас едім жаңа кектеген
Қазір кәрі еменмін
Тамыры терең,
Түйнек томарлы.
Кейбір саздауда
Қабығына оның мүк тұрып...
Асқақ бойымен тұрады
Көпке мықтылық мәнін ұқтырып.
Сол шынар, яки
Сол емен сынды мен дағы
Жанға жағынбай,
Биік деп табынбай,
Осы қалпыммен
Өлермін деймін
Тік тұрып.
Өйткені мен —
Көшпенді дала нәсілі
Ақпанда киіз үйде
Еңбектеп өскен,
Ғасырлар кешкен
Қабағына әмісе
Боз қырау яки шық тұрып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу