Өлеңдер ✍️

  20.09.2021
  70


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

О, дүние!

О, дүние!
Азамат берген уәде
Тәуліктен аспайтын болды.
Екі айтып, екі сөйледім-ау деп
Ол әсте саспайтын болды.
Аймақтан алар ғибрат жоқ,
Талпынған сана қоспайтын болды.
Адамгершілік бұл күнде
Ақшасыз аяқ баспайтын болды.
Қоғамдасын қолдайды,
Қауыммен қатар басқанға дейін.
Әріптесің қолдайды,
Өзімен қатарласқанға дейін.
Бұдан соң,
Бәрі жасқауға бейім,
Іздейсің, достым,
Бас сауға кейін.
Арғы да бергі өмірден
Тап өнер мәңгі көмілген.
Сен мені жерлеп қойсаң да,
Ән-жыр боп өтем өмірден.
Қарғалардың арасында
Бұлбұл сайрап әні болмас.
Көлсіз жерде шаңқылдаған
Шағаланың сәні болмас.
Топас, тобыр арасында
Ақын сөйлеп мәні болмас.
Ақымақтар арасында
Ақыл сөйлеп ары қалмас.
Жүрегіңді зар жайласа,
Жеген балдың дәмі болмас.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу