Өлеңдер ✍️

  20.09.2021
  201


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Наза

«Ізгілер» күндеп мені қақпайлаған,
Найза ұшы, оқ аузына тақ байлаған.
Ісіңе өкінбеймін өмір уын
Бұйырып тұрса қалай татпайды адам.
Қазақтың бір қызы едім ортаңдағы,
Жазылмас жараң боппын қолқаңдағы.
Жабылып қара жасақ қалтарыстан
Қурайдай сындырмақсың сортаңдағы.
Ақындар қашан оңай жол таңдады?
Өмірден қай үлесін мол қармады?
Өнердің бұрын-сонды тағдыры осы,
Алдында талай шоқпар шолтаңдады.
Қырсыққа, қисық жолға бастамаған,
Өтер ме ұлы Абайдан асқан адам!
Қасақы, қаскөй топ қара шоқпар,
Оны да қай тозаққа тастамаған.
Біржан сал, Мәди, Ақан, Қанапия
Тауып па бұл өмірден жаннат ұя!
Жапалақ жарға, бақа басқа шығып,
Болыпты асу бермес қара қия!
Бұларға жауыққандар надан еді,
Белгілі арғы-бергі надан кебі.
Менімен қастасқандар бүгінгінің
Атақты «зиялысы, тамам бегі».
Алыптар тобы сонау жақсың қайда?
Болып еді қандай күйде, қандай жайда?
Қыршыннан қиған сендей қасақы топ,
Күтем бе келеді деп маған майда.
Соларға жұтқызған соң өмір уын,
Шығандап биікте тұр бүгін туың.
Дәлелдеп шықтың тағы машығыңды,
Төресін айтар әділ келер буын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу