Өлеңдер ✍️

  20.09.2021
  82


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Дарқандық тойы

Оралды наурыз араңа
Жақсылық басы сана да,
Мәнісін, жұртым, сарала,
Қосылар көп нәр санаңа.
Тілектер игі тілейтін,
Наурыз — нұрлы жыл басы.
Тазарып жаның түлейтін,
Дарқандық дәстүр жалғасы.
Береке-бірлік, достыққа
Мереке наурыз үндейді.
Ынтымақ сен де қос, құпта,
Өзгеріп өмір гүлдейді.
Қайырым, ізгі мейірім
Әмісе тізе бүкпесін.
Кеңейтіп адам пейілін
Көңіліне қынжыл іркпесін.
Балауса көктем бұралып,
Жаудырап наурыз тұр тұнып.
Жаңадан жаның нұр алып
Жасара берсін құлпырып.
Бақ-талай, жұртым, тілеймін,
Наурызға наурыз ұлассын.
Ұрпағың өсіп,мерейің
Тасытып, биік шың ассын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу