Өлеңдер ✍️

  20.09.2021
  112


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Өздерің

Ғайып бір таңдайын атқан
Пәк, сәби жанымды оятқан.
Кеудеме бұлбұл боп қонып,
Әсемдік алауын жаққан –
Өздерің әнім мен жырым.
Кіршіксіз жанымды аппақ
Сұлулық бағында баптап,
Тазалық, адалдық сыйлап,
Өшпейтін тұтатқан шақпақ –
Өздерің әнім мен жырым.
Өмірдің қиынында да,
Құбылғыш құйынында да,
Ақ жалын ұсынған маған
Ақ бозым – ылғиында да –
Өздерің әнім мен жырым.
Татымды тынған ісім де,
Бойымда қуат-күшім де,
Иықта ақ періштелерім,
Таяныш сүйенішім де –
Өздерін әнім мен жырым.
Өздерің табынарым да,
Іздерім, сағынарым да,
Жүгімді қалдырмас жолда
Өздерін қара нарым да,–
Өздерін әнім мен жырым.
Ертеңге жол ашарым деп,
Кейінгі болашағым деп,
Артымнан айғайлап шығар
Сендерсің жанашырым деп –
Көз жұмам әнім мен жырым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу