Өлеңдер ✍️

  20.09.2021
  176


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Жиырма бес

Құзырын уақыт
Алмай қаперге еш,
Опық жермін-ау
Демей қалып кеш,
Оздырып алып
Оралдыра алмай,
Өкініп өткен,
Қайран жиырма бес!
Шалдығу әсте
Шаршауды білмес,
Ыстық-суығың
Қаперге кірмес,
Жүгірсе – бөкен,
Желсе – желмая
Шабыста – тұлпар
Қайран жиырма бес!
Әр күнді тойдай
Өткеріп бойлай,
Қызықты қуған
Құмай жиырма бес.
Аялдау болмас.
Боркемік борға
Өтетін мойын,
Бұрмай жиырма бес!
Бар мен жоқ, ертең
Ойға келмей еш
Жастық буына
Піскен жиырма бес.
«Шапқанда байдың
Ұлы боп есіп,
Тоқтағанда еске
Түскен» жиырма бес.
Құзырын уақыт
Алмай қаперге еш,
Опық жермін-ау
Демей қалып кеш,
Оздырып алып
Оралдыра алмай,
Өкініп өткен
Қайран жиырма бес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу